Жолдаудың жалпыұлттық жоспары бекітілді

1221
0
Бөлісу:

Бақытжан Сағынтаевтың төрағалығымен өткен Үкімет отырысында Елбасы Жолдауын іске асыру жөніндегі Жалпыұлттық іс-шаралар жоспарының жобасы мақұлданды. Оған мемлекетті дамытуға қызмет ететін он негізгі міндет бойынша барлығы 87 іс-шара енді.

Ұлттық экономика министрі Тимур Сүлейменовтің айтуынша, құжатта «Индустрияландыру жаңа техно­логияларды енгізудің көшбасшысына айналуға тиіс» атты 1-міндет аясында еңбек ресурс­тарының ағынын басқа­руды, өнім экспортына, сондай-ақ тех­но­логиялар трансфертіне бағдар­ланған кәсіпкерлік субъектілерін жаң­ғыртып, цифрландыратын жаңа құралдарды жетілдіру мен әзірлеуді қарастыратын 8 іс-шара көзделген. Бұл шаралар тұжырымдаманы, одан кейін «цифрлы дәуір» өнеркәсібін қалып­тастыруға арналған Индус­триялық-инновациялық дамудың жаңа мемлекеттік бағдарламасын әзірлеу арқылы орындалатын болады.

«Ресурстық әлеуетті одан әрі дамыту» атты 2-міндет аясында «жасыл технологияларды» дамытуға, табиғи ресурстарды басқару бойынша тәсілдемелерді қайта қарауға бағыт­талған 5 іс-шара көзделген. Бұл ретте экологиялық заңнама, соның ішінде Экологиялық кодекс өзектілен­діріледі. Сонымен бірге, шағын және орта бизнес субъектілерін кеңінен тарта отырып, тұрмыстық қатты қалдық­тарды заман талабына сай утилиза­циялау және қайта өңдеу бойынша шаралар кешені әзірленіп, қабыл­данады.
– «Ақылды технологиялар» – агроөнеркәсіп кешенін қарқынды дамыту мүмкіндігі» атты 3-міндет аясында жаңа технологиялар мен бизнес-модельдерді енгізу, коопера­тивтерді дамыту, тиімсіз субси­дияларды қайта қарау, сондай-ақ АӨК-тің ғы­лымға негізделушілігін арттыру ар­қылы агроөнеркәсіптік кешенді да­мытуға бағытталған 6 іс-шара көз­делген. Осы мақсатта АӨК-ті дамы­тудың 2017-2021 жылдарға арналған мемлекеттік бағдар­ламасына өзгерістер енгізіледі, – деді бас эко­номист.
Жолдаудағы «Көлік-логистика инфрақұрылымының тиімділігін арттыру» атты 4-міндет аясында 3 іс-шара қарастырылыпты. Оларды жүзеге асыру үшін цифрлы техноло­гиялар қолданылатын Интеллек­туалды көлік жүйесін кезең-кезеңмен енгізу жөнін­дегі жоспар әзірленеді. Бұдан бөлек, ішкі өңірлік қатынас­тарды жақсарту үшін автожолдардың жергілікті желісін жөндеу мен қайта салуды қаржылан­дыру арттырылады, ол сома орта мерзімдік келешекте жылына 150 мил­лиард теңгеге дейін жеткізіледі.
«Құрылысқа және коммуналдық секторға заманауи технологияларды енгізу» атты 5-міндет аясында 5 іс-шара қолға алынады. Олар тұрғын үй заңнамасын, сондай-ақ табиғи моно­полиялар саласын реттейтін заңна­маны жетілдіруге, сәулет, қала құры­лысы саласындағы мемлекеттік нор­ма­тивтерді жетілдіруге бағыт­талған. Бұл тұрғын үйді қолжетімді ету үшін жағдай туғызады, электр энер­гиясын, жылуды, суды және басқа­ларын тұтынуды қысқартады.
«Қаржы секторын «қайта жаң­ғырту» атты 6-міндетке сәйкес, 8 шара қабылданады. Атап айтқанда, Ұлттық банк – банк секторын сауық­тыру бағ­дарламасын жүзеге асырады. Мұның сыртында, бизнесті ұзақ­мерзімді несиелендіру қамтамасыз етілуге тиіс. Жеке тұлғалардың төлем қабілетін қалпына келтіру және ипотекалық займ­дарды қайта қар­жыландыру бағ­дарламасына өзгерістер мен толық­тырулар енгізу туралы жаңа заң жобасы әзірленеді. Осы бағыт аясында Астана ХҚО алаңы ұлттық компаниялардың ІРО акцияларын өткізуге дайында­лады. 2018 жылдан «Самұрық-Қазына» әл-ауқат қорының жеке портфельдік компанияларының акцияларын кезең-кезеңмен жария түрде орна­ластыру басталады.
Ең ірісі – «Адами капитал – жаңғыру негізі» атты 7-міндет аясында 32 іс-шара көзделген. Білім берудің озық жүйесін жасау мақса­тында, білім беру үдерістерін жетіл­діруге, оқу бағдарламаларын жа­ңартуға, педагог беделін арттыруға бағытталған іс-ша­ралар барлық дең­гейде қолға алынады. Бұдан басқа, Білім беру мен ғылымның 2016-2019 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарла­масына цифрлы техно­логиялар мен ЖОО ғылымын дамытуға қатысты өзгерістер мен толықтырулар енгізілмек.
Денсаулық сақтау саласында аурудың алдын алу мен емдеуді жақсартуға, халыққа медициналық қызмет көрсету сапасын арттыруға, оның ішінде Онкологиялық ауру­лармен күрес бойынша кешенді жоспар әзірлеу үшін жаңа техноло­гияларды қолдануға бағытталған іс-шаралар жүзеге асырылады. Осы мақсатта «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» жаңа кодекс жобасы әзірленеді.
«Тиімді мемлекеттік басқару» атты 8-міндет аясында 10 іс-шара қарас­тырылды. Бизнесті жергілікті дең­гейде қолдаудың жүйелі шара­ларының жаңа пакеті, сондай-ақ цифр­лы тех­ноло­гияларды ендіру, мем­­лекеттік қызмет көрсе­тулерді және мемлекет­тік қолдаудың сапасын арттыру бойынша іс-шаралар әзірленеді.
Мемлекеттік органдарға қарасты ведом­стволық ұйымдар санын қысқарту және әкімшілік шығын­дарды азайту үшін ведомстволық бағынышты ұйымдарды біріктіру бойынша ұсыныстар әзірленбек.
«Жемқорлықпен күрес және заң­ның үстемдігі» атты 9-міндет аясында сот және құқық қорғау жүйелерін институттық тұрғыдан өзгертуге бағыт­талған 8 іс-шара жүзеге асыры­лады. «Ақылды қалалар» «ақылды ұлт» үшін атты оныншы міндет аясында «Смарт Сити» «эталондық» стандартын қалыптастыруға және оны қалалық ортаны басқару үшін енгізуге бағытталған 2 іс-шара қабылданады.
Министр Т.Сүлейменовтің айтуынша, Жалпыұлттық жоспарды жүзеге асыру «технологиялық және инфрақұрылымдық дамудың жаңа кезеңіне серпін береді». Бұл өз кезе­гінде «Төртінші өнеркәсіптік рево­люция жағдайында еліміздің өркен­деуіне негіз болады және халықтың әл-ауқатын жасқартады».
Үкімет отырысында сондай-ақ, мемлекеттік активтерді жекенің қо­лына өткізу науқанының барысы қа­ралды. Премьер Бақытжан Са­ғын­таев Елба­сы­ның «жекешелендіру жүргізу тапсырмасы 2018 жылдың соңына дейін орындалуы тиістігін» нықтады. Қаржы министрі Бақыт Сұлтановтың айтуынша, Жекеше­лендірудің ке­шенді жоспары 904 объектіні қам­тиды. 2 жыл ішінде соның 476 объектісі сауда-саттыққа шығары­лып, 367-сі сатылды. Одан Ұлттық қорға 164 млрд теңге құйылған. Инвес­торлар қызығушы­лық таныт­паған 255 объекті қазір қайта ұйымдастырылу және таратылу сатысында көрінеді. Осылайша, ке­шенді жоспар 71 па­йызға орын­далған.

Айхан ШӘРІП

Бөлісу:

Пікір жазу


*