Сот сараптамасында реформа басталды

1462
0
Бөлісу:

Сот-медициналық сараптама қызметінің 56 дәрігері, мейірбикесі және санитары жұмыс орнында – туберкулез, тағы 26 қызметкері вирустық гепатит жұқтырған. Бұл туралы кеше Мәжілісте вице-спикер В.Божконың төрағалығымен өткен Үкімет сағатында мәлім болды. Жиын Қазақстанның сот-сараптама қызметі мәселелеріне арналды және саладағы біраз қиындықтар сөз етілді.

Әділет министрі Марат Бекетаевтың айтуынша, сарап­тама қорытындысын ұзақ күту­ге тура келеді. Сонымен бірге, олардың сапасы төмен күйде. Сарапшылардың қорытын­ды­ларында жиі қарама-қайшы тұ­жырымдар болады. Ол Қазақ­станның тәжірибесінде са­­рап­тама нәтижелері анықты­лық енгізудің орнына қоғамда теріс резонанс тудырған жағ­дай­лар болғанын жеткізді. «Сараптама істі анықтауға және әділ шешім қабылдауға көмек­тесуге тиіс» деген ойда министр.
Сондай-ақ ол сараптама қызметіндегі сыбайлас жемқор­лықтың жоғары қаупі барын растады. Депутаттар айтқандай, салада 20 жылдай тәжірибесі бар мамандардың өздері 120-150 мың теңге жалақы алады. Оның үстіне М.Бекетаев «өзінің жеке пайдасы үшін сарапшы пікіріне әсер етуді қалайтындар табылатынын» ашық айтты.
– Сараптама жүйесі дағда­ры­сының себептері анық.
Бұл – төмен еңбекақы, әлсіз инфра­құрылым, біліктіліктің төмен­дігі, кәсіби кадрлардың кетуі. Мәселені шешу үшін тек жиі «қаржыландыруды ұлғайту» жолы таңдалады. Алайда егер орынды жұмыс істейтін модель бол­маса, кез келген қосымша ақша қаражаттары тиімді бол­майды. Осыған байланысты Әділет министрлігі сот-сарап­тама қызметінің моделін өзгер­ту туралы күрделі шешім қабыл­дады, – деген Әділет министрі салада реформа жүретінін хабарлады.
Министрліктің алдына сот-сараптама қызметін реформалау міндеті қойылған. Ол әлемнің ең үздік тәжірибелеріне сәйкес және жаңғыртылған құқықтық жүйенің басты элементі болуға тиіс. Сот сарапшыларының қо­ры­тындылары сот төрелігі ба­рысындағы дәлелдеменің негі­зін құрайды. Іс бойынша шы­на­йы фактілерді анықтау сараптама қорытындысының сапасына тікелей байланысты. Сондықтан сот сараптамасы институтының рөлі құқықтық мемлекет орнатуда ерекше орын алады. Тиісінше, қайта жаң­ғыртудың мәні – «жаңа тетік­терді құру және ескілерін өзгерту» болмақ.
Бұл өзгерістердің бірі тап­сы­рыс беру және сараптама қыз­метінің ақысын төлеу жүйе­сін жаңғыртудан да көрініс береді.
«Бұл жүйе дұрыс құрыл­маған. Басты кереғарлық сол, сараптамаға бір орган тапсырыс береді, ал оның ақысын басқасы төлейді. Соттар мен құқық қор­ғау органдары басы артық сараптамалар тағайындайды. Аяқталған зерттеулер әртүрлі себеп бойынша қажет бол­май қалады. Тергеушілер мен соттар тапсырыс бергенде, са­рап­таманың құны туралы ойлай бермейді. Әрине, мұнда олар­дың кінәсі жоқ. Нәтиже мен шы­ғыс өзара байланысты бол­майтын бизнес-процес кез кел­ген экономикалық моделді жарға жығады» деген Марат Беке­таев «соттар мен тергеу­шілер бұдан былай жүргізілетін сараптаманың құнын да еске­ретін тетікті» кезең-кезең­мен енгізуді жоспарлап отырған­дарын жеткізді. Бұл бюджет қаржысын ұтымды пайдалануға және басы артық сараптама санын қысқартуға әкелуге тиіс көрінеді.
Бұдан бөлек, реформа ая­сын­да «еңбекақының келісімді формасын ендіру» көзделуде. Министрдің пайымдауынша, бұл бірқатар кадрлық проб­лемаларды шешуге мүмкіндік береді.
– Бүгінде сот сараптамасы кадрлардың біліктілігінің төмен болуы проблемасына маңдай соғуда. Сарапшылар, штаттық қызметкерлер жалақысында оның жұмысының көлемі мен нәтижелері ескерілмейді. Мұндай жағдайда қызметкер кәсіби өсу үшін ынтасын жоғалтады. Еңбекақы төлеудің жаңа формасы нашар кадр­ларды ысырып шығарады да, тек нәтижелі қызметкерлерді қалдыруға мүмкіндік береді. Тұрақты емес штат форматына көшу бизнес ортада негізгі үрдіске айналуда, – деді ми­нистр.
Ол келісімді еңбекақы бо­лашақта «жеке сот сарап­тамасын дамытуға жол ашады» деп санайды. «Сонда сот проце­сіне қатысушылар сарапшылық қорытындыларды әртүрлі көз­дерден ала алады. Мемле­кеттік сараптама ірі капиталды және қайталама сараптамаларға назар шоғырландырады» деп түйді Марат Бекетаев.
Ол мүрделер сақталатын мекемелердің жай-күйіне де назар аударта кетті. «Сот-сарап­тамасы жүйесіне жылжымайтын мүлік қорын жаңарту қажет. Мәйітхана ғимараттары бел­гіленген стандарттарға сәйкес келмейді. Орталықтың кейбір филиалдары сот сарапта­ма­ларын жүргізуге бейімдел­меген ғимараттарда орналасқан. Мы­салы, Семей, Қостанай, Ақмола, Солтүстік Қазақстан, Батыс Қазақстан облыстары бойынша Сот сараптамалары институттарының жағдайы осындай» деді М.Бекетаев.
Министрлік бұл қиын­дық­тарды қолда бар мүмкін­діктер арқылы шешуге тырысуда екен. Жергілікті әкімдермен босап жатқан нысандарды беру және жаңа ғимараттар салу туралы мәселе пысықталуда. Өткен жылы Павлодар және Атырау облыстарында сараптамаға икемделген ғимараттар берілді. Ақтөбе облысында жаңа ғи­марат салу жоспарлануда.

Ерік ЕРДЕНОВ

Бөлісу:

Пікір жазу


*