Жолдау: пікір

1946
0
Бөлісу:

Бірғаным ӘЙТІМОВА, Сенат депутаты:

ХАЛЫҚҚА ДЕГЕН ҚАМҚОРЛЫҚ

– Елбасының «Төртінші өнер­кәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» Жолдауы Қазақстандағы орнықты даму саясаты дәйекті түрде жүргізіліп келе жатқанын тағы бір мәрте паш етіп отыр. Парламенттің және Үкіметтің алдына қойылған міндеттер әлемнің ең дамыған отыз елінің қатарына ену жөніндегі қарқынды қадамын қамтамасыз етуі тиіс.
Мемлекет басшысы еңбек етіп жатқан тұрғындарды және халықтың әлеуметтік әлсіз топтарын қолдау саясатын жалғастырып келеді. Еліміздегі ұстаздар қауымын нақты қолдау – бұл еліміздің алдағы ондаған жылдағы саналы және білімді ұрпағына деген қамқорлықтың көрсеткіші. Мұғалімдер беделін көтеру және оларды материалдық тұрғыда қолдау олардың лауазымдық еңбекақысын ұлғайту ғана емес, оқытушы мамандығының абыройын көтеруге, ең алдымен мұғалім біліктілігін жетілдіруге ынталандыруға, өзін-өзі жетілдіруге және оқытудың үздік әдістерін меңгеруге ықпал етеді.
Жолдауда белгіленген әлеуметтік сала бойынша мақсат-міндеттер – Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың өз халқына деген шынайы қамқорлығының көрінісі.
Ерлан СЫДЫҚОВ,
Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің ректоры, ҰҒА академигі:

МАҢЫЗДЫ ЖОЛДАУ

– Елбасы Жолдаулары елдің жүрегінен – Астанадан жолданады. Сондықтан осыған дейінгі және осы жолғы Жолдауда да елорда құндылығы сөз етілді. Біз, жоғары мектептің өкілі және елорданың халық қалаулысы ретінде «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктеріне» байланысты Елбасы Жолдауын зор шынайы сезіммен қабылдадық. Бағдарламалық маңызы терең, тұжырымдамасы анық бұл Жолдау нәтижелі жұмыстарға бастайтынына сенімдіміз.
Президент әлемдік сын-қатерлерге төтеп беретін даму мен жаңаруды күн тәртібіне қоюы – бәрімізге елеулі міндет жүктейді.
Білім мен рухани жаңғыруға байланысты осыған дейінгі ізденістерімізді Елбасы нұсқаған дамудың жаңа мүмкіндіктері сапаландыра түседі деп санаймыз.
Жолдауда адам капиталына байланысты жаңа ұсыныстар айтылып, тың бағыттар көрсетілді. Соның ішінде педагогика саласы мен мамандықтарын сапаландыруға байланысты тұжырымдар, білім мазмұнын замана талабына сай құруға қатысты ойлар, жаратылыстану ғылымдары мен ақпараттық технологияларды озық жүйе аясында дамытуға қатысты байыптамалар сала мамандарының көкейінен шығып отыр.
Елбасының «білім беру саласын экономиканың жеке саласы ретінде дамыту керек» деген ойы да – жаңашыл және өзекті. Сондай-ақ университет ғылымына, жас ғалымдарды қолдауға қатысты маңызды тұжырымдар зор мүмкіндік туғызады деп сенеміз.
Жолдауда «жастарды жаңа технологиялық қалыпқа дайындау» тезисі ерекше айтылды. Сондай-ақ балалар технопаркі мен бизнес-инкубаторын қалыптастыруға байланысты Елбасы бастамасы елордадан өңірлерге дейінгі білім жүйесіне жақсы ықпал етеді деген пікірдеміз.
Барлық салада, әсіресе білім саласында отаншылдық, бәсекеге қабілетті білім, тәжірибе қай қиындықтан болсын алып шығады. Жолдаудағы мемлекет тілі бастаған үш тілді терең меңгеру жайы, орта мектептің білім мазмұны, кәсіптік білімнің әлеуеті, цифрлы білік, оқу жүйесін сапаландыруға жеке капитал тарту т.б. елеулі тұжырымдар саланың жаңа жағдайдағы дамуына кең жол ашады деп ойлаймыз.
Смағұл ЕЛУБАЕВ, жазушы:

Мемлекеттік тілге басымдық беру керек

– Елбасының биылғы Жолдауы және тіл мен мәдениетке қатысты айтылған мәселелері назарымызды аударды. Инновациялық технология жөнінде айтылғандардың бәрі ешқандай шүбә келтірмейді. Өйткені ол экономикалық дамудың көрсеткіші екені сөзсіз. Өздеріңіз де білесіздер, инновация саласынан Қытай сияқты алпауыт елдер алдыңғы қатарға шықты. Экономиканы дамыған инновациялық технологиясыз елестету мүмкін емес. Сондықтан бұл – өте дұрыс көтерілген бастама.
Бізді көптен алаңдатын нәрсе – мәдениет, тіл, әліпби мәселесі. Осы мәселе төңірегінде қазақ қауымы қатты алаңдап отырғаны белгілі. Мысалы, жаңалыққа негіздейтін реформаның бірі – мектеп реформасы. Мектепте бірінші сыныптан бастап оқушылардың үш тілде білім ала бастайтыны баса айтылған. Қазірдің өзінде Қазақстан мектептерінде қазақ – орыс – ағылшын тілдері бірінші сыныптан бастап, оқытылып жүрген сыңайлы. Үш тілді 1-сыныптан бастату – ертелеу енгізілген бастама секілді. Негізінен, 1-сыныптан емес, өзге тілдерді 5-сыныптан енгізу дұрыс шешім болатын еді. Әлі әліппені дұрыс тани алмай отырған балалар үшін өзге тілді қосымша меңгеру ауырлау тиеді.
Дамыған елдердің тәжірибесіне сүйенер болсақ, Жапония мен Түркия 5-сыныптан кейін ғана өзге тілді үйретуге күш салады. 6-7-сыныптан бастап-ақ, түрік лицейлерін бітірген балалар ағылшынша сайрап тұрғанын көзіміз көріп жүр. Осы тәсілді пайдалануға болар еді. Жолдауда тағы бір жақсы ұсыныс айтылған. Орыс мектептерінде балалар да үш тілді, оның ішінде қазақ тілін үйрену жөнінде реформа болады делінген. Бұл – өте тамаша нәрсе. Мұның ар жағында, дәл осы реформаға бару үшін Қазақстан балабақшаларын толығымен қазақ тіліне көшіру қажеттігі. Неге? Бірінші сыныпқа барғанға дейін бес жыл ішінде балабақша балалары мемлекеттік тілде сайрап шыққан болар еді. Елімізде тұратын қандай да бір өзге ұлт өкілі болмасын, кез келгені мемлекеттік тілді меңгеріп шығар еді. Тілге басымдық берген балабақшалардан шыққан балалар мектеп табалдырығын аттағанда қиындық көрмес еді. Мектептен алатын білім көкжиегі де кеңейер еді. Балабақшаларды толығымен мемлекеттік тілге көшіру – ең өзекті мәселелердің бірі. Өйткені мектептегі реформаны балабақшадан бастау қажет. Білім саласын қолға алатын болсақ, дәл осылай реформа жүргізгеніміз дұрыс. Сонда келесі он бір жылдан кейін тіл мәселесі өз-өзінен шешімін табар еді. Бүкіл ұрпақ ұлтына қарамастан, мемлекеттік тілде сайрап тұрар еді. Ұлтына қарамастан, қазақ – орыс – ағылшын тілін еркін меңгерсе, ғажап емес пе?
Елбасы Жолдауында ұлттық біртұтастық туралы айтылған екен. Білім беру саласында ұлттық біртұтастық болмай, оған қалай жетеміз? Білім саласында тілдік реформа дұрыс жасалмай, нәтиже болмайды. Қазақ мектебін бітірген балалардың өзі тілді дұрыс меңгермесе, біз одан қандай келешек күтеміз? Сондықтан да қазақ – орыс мектебі деп бөлінбей, тұтасымен біртұтас мектептерге айналуы қажет. Мектептердегі басқару жүйесі мемлекеттік тілге басымдық берсе, жоғары сыныптарға көшкеннен кейін белгілі бір пәндер өзге тілде оқытылса, онда біз ұтпасақ, ұтылмаймыз. Сонда Қазақстан мектептерін бітірген балалар қазақстандық біртұтас ұлтты қалыптастыратын болады.
Бағдат ТЕЛТАЕВ,
«Қазақстан жол ғылыми-зерттеу институты» АҚ президенті, техника ғылымдарының докторы, профессор:

Көлік пен логистика – өзекті сала

– Орасан зор аумағы бар Қазақстан секілді елге көліктік-логистикалық инфрақұрылым – экономиканың маңызды саласы. Сондықтан Мемлекет басшысы Н.Назарбаев көлік пен логистикаға ерекше назар аударып келеді.
Өткен ғасырдың ауыр 90-жылдарының соңында Елбасының ұсынысы бойынша «Алматы – Астана» жылдамдықты автомобиль жолы қайта салынған болатын. 2001 жылы Қазақстанда автомобиль жолдарының жылы деп жарияланды. Сол жылы республиканың автожол саласын дамытудың тұңғыш мемлекеттік бағдарламасы әзірленді. 2015 жылы Қазақстанның көлік стратегиясы жүзеге асырыла бастады. «Нұрлы жол – болашаққа бастар жол» стратегиялық бағдарламасында көлік жобаларын жүзеге асыруға үлкен назар аударылды. Осы «Төртінші өнеркәсіп революциясы жағдайында дамудың жаңа мүмкіндіктері» Жолдауында Елбасы тарапынан алдымызға көліктік-логистикалық инфра­құрылымдың тиімділігін арттыру туралы міндеттер қойылып отыр. Белгілі болғандай, өткен жылы жүк транзиті 17%-ға артты, 2020 жылға дейін транзиттен түсетін кірісті 5 млрд долларға дейін жеткізу жоспарлануда. Бұл әрине, еліміз арқылы өтетін көлік дәліздерін алдағы уақытта дамытуды талап етеді. Бұл орайда жаңа технологиялар мен инновацияларды жасауға және оларды енгізуге ерекше көңіл аударылуы қажет.
Жергілікті автомобиль жолдарының желісін жөндеуге және қайта салуға арналған қаржыландыру көлемін 150 млрд теңгеге дейін арттыру туралы да айтылған. Біз көлікті мультипликативті әсері бар экономиканың маңызды саласы ретінде жетілдіру еліміздің алдағы уақыттарда үдемелі дамуына үлкен серпін беретініне сенімдіміз.

Бөлісу:

Пікір жазу


*