АЗАМАТТЫҚ ҚОҒАМ ҚАЛЫПТАСТЫ

1386
0
Бөлісу:

Елбасының «Тәуелсіздік дәуірі» кітабындағы 33 басты нәтиженің 14-тармақшасы азаматтық қоғамға арналған. Тәуелсіздік жылдарында елімізде көппартиялы жүйе қалыптасып, 17 мыңнан астам ҮЕҰ құрылды. Сондай-ақ азаматтық қоғамның қалыптасуына бұқаралық ақпарат құралдары айрықша рөл атқарып отыр.

ПАРТИЯЛАРДЫҢ ПАЙДАСЫ МОЛ

Кеңес үкіметі тұсында елді тек қана коммунистік партия билеп-төстегені белгілі. Тәуелсіздік алған­нан кейін елімізде әртүрлі саяси ұйымдар құрыла бастады. Бұл жағ­дай тоталитарлық жүйеден демо­кра­тиялық қоғамға бет бұра баста­ғанымызды білдіреді. Бұл туралы Елбасы: «Кеңес одағының соңғы жылдарында саясат қоғам өміріне жаппай ене бастады, қоғамдық өмірдің саясаттандырылуы адам сенгісіз жылдам қарқынмен жүрді. 1990 жылдың нау­рызында ком­мунис­терге билік мо­нополиясын бер­ген КСРО консти­туциясы СОКП-ның жетекші және бағыт­таушы рөлі туралы 6-бабының күші жойылуы ішкі саяси өмірдегі көп­партиялы құрылымға жасалған ең маңызды қадам болды. Дәл сол жылы бүкіл Кеңес Одағы бойынша жаңа пар­тиялар құрыла бастады. Біздің елі­мізде алғаш болып «Алаш» ұлттық Тәуелсіздік партиясы, «Желтоқсан» ұлттық-демократия­лық партиясы және Қазақстанның социал-демо­кра­тиялық партиясы өзінің жұмысын бастағанын мәлім­деді» деп жазады.
Қазіргі таңда елімізде 6 партия жұмыс жасап жатыр. Олардың ішінде «Нұр Отан», «Ақ жол», ҚХКП, ЖСДП, «Ауыл», «Бірлік» партиясы бар. Міне, осы 6 партия 2016 жылы өткен кезектен тыс Мәжіліс сай­лауына қатысып, бақ сынаған бо­ла­тын. Аталған сайлауда «Нұр Отан» – 82,15 %, «Ақ жол» – 7,18 % және Қазақстан коммунистік-халықтық партиясы 7,14 % дауыс жинап, Мәжіліске өтті. «Бірлік» (0,29 %), «Ауыл» (2 %) және Жал­пы­ұлттық социал-демократиялық партиясы (1,18 %) 7 пайыздық ме­жені бағын­дыра алмады.

Елде азаматтық қоғам негізі қаланды: көппартиялы саяси жүйе қалыптасты, алуан түрлі бағыттағы 17 мыңнан астам үкіметтік емес ұйымдар жұмыс істеуде, 3 мыңнан астам (оның ішінде 80% үкіметтік емес) БАҚ жарыққа шығады.

ҮЕҰ-дан КҮТЕР ҮМІТ ЗОР

Саяси партиялардан кейінгі салмағы басым ұйым – Үкіметтік емес ұйымдар болса керек. Өйткені әр сала бойынша жұмыс атқаратын ұйымдарға жүгінетін азаматтардың қарасы қалың. Сондық­тан болса керек, қазіргі таңда елімізде 17 мыңнан астам ҮЕҰ жұмыс жасап жатыр. Жалпы, ҮЕҰ жұмысының жандануына Елбасының 2000 жылғы «Еркін, тиімді және қауіпсіз қоғамға қадам» Жолдауы түрткі болды. Аталған Жолдауда Президент «Бүгінде Қазақ­стан­дағы үкіметтік емес қоғамдық ұйымдарының құқық қорғау қызметінде де, тұрғындардың ерекше қызығушы­лықтарын дамыту саласында да, қоғам­ды әлеуметтік қалыптастыруда да атқа­ратын рөлі өте маңызды» деген болатын.
Міне, осы Жолдаудан кейін елімізде ҮЕҰ саны мен сапасы артты. Оның үстіне Үкімет азаматтық қоғамды қалып­­­тастырушы ұйымдардың белсенді жұмыс жасауына ерекше ықпал ете бастады. Мәселен, өткен жылы рес­пуб­ли­­калық, өңірлік және салалық мәселелерді шешуге үлес қосқан Үкіметтік емес ұйымдарға арналған сыйақы табысталды. Дін істері және азаматтық қоғам министрлігі ұйым­дас­тырған шараға Мемлекеттік хатшы Гүлшара Әбдіқа­лықова қатысып, өзінің жүрек жарды лебізін жеткізді.
– Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Азаматтық қоғам, оның ішінде Үкі­меттік емес ұйымдар – демокра­тия­ның ажырамас бөлігі» деп айтып өткен болатын. Мемлекетіміздің өсіп-өркен­деуі, қоғамдық сананың жаңғы­руы азаматтардың белсенділігі арқылы жүзеге асатыны анық. Осы ретте әлеу­меттік маңызды мәселелерді шешуде елеулі үлес қосқан отандастарды ынта­ландыру үшін бүгін тұңғыш рет сыйлық­ақы тапсырыл­мақ. «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасы аясындағы осынау игі-шарамен бар­ша­ңыз­ды шын жүректен құттықтаймын, – деді Гүлшара Әбдіқалықова.
Мемлекет хатшысының айтуынша, Қазақстанда үшінші сектор өткен ғасырдың 80-жылдары дами бастаған. Сол кездегі белгілі қоғамдық бірлес­тік­тердің бірі «Семей-Невада» болып саналады.
– Тәуелсіздік алғалы бері қазақ­стандық Үкіметтік емес ұйымдар зор тәжірибе жинап, бүгінгі таңда елімізде 19 680 ҮЕҰ тіркеліп отыр. Олардың көбі Астана мен Алматыда, ОҚО, Қарағанды, Қызылорда өңірлерінде белсенді жұмыс жүргізіп жатыр. Үкіметтік емес ұйымдар құрамында 29 мыңға жуық адам жұмыс жүргізіп жатыр. Соңғы екі жылда мем­ле­­кеттік тапсырыс аясында Үкі­мет­тік емес ұйымдар құны 26 млрд теңгелік 14 мыңға жуық әлеуметтік жобаны жүзеге асырған», – деді Гүлшара Әбдіқалықова.

БАҚ БӘСІ БАСЫМ

Азаматтық қоғамның қалыптасуына саяси партиялар мен ҮЕҰ ғана емес, сонымен қатар БАҚ айрықша ықпал етеді. Мәселен, Тәуелсіздік алғаннан кейін елімізде көптеген тәуелсіз БАҚ қалыптаса бастады. Бұл туралы «Тәуел­сіз­дік дәуірі» кітабында Президент «Тәуелсіздікке қол жеткізу мен қоғам­ның демократиялануы бұқаралық ақпа­рат құралдарының дамуына айтарлық­тай ықпал етті. Егер 1990 жылы елімізде 500-ге жуық БАҚ тіркелсе, 1992 жылы олардың саны екі есе өсті. Теледидар эфирінде оған дейін күніне небәрі бірнеше сағат хабар тарататын «Қазақ­стан» арнасы орталық мәртебеге ие болды. Енді ол елдің бүкіл аумағын ­қам­тып, толыққанды хабар тарата бастады. 1995 жылы қысқа­ мерзімде өз аудитория­сын жинай алған «Хабар» мемлекеттік телеарнасы жұмыс істей бастады. «Егемен Қазақ­стан» мен «Казахстанская прав­да» беделді күнделікті газеттер ретінде бұрынғыша қазақ­стан­дықтар үшін сенімді ақпарат көзі болды» деп жазады.
Қазіргі таңда елімізде БАҚ саны артып, әртүрлі бағытта қызмет етуде. Оның үстіне соңғы жылдары елімізде дәстүрлі БАҚ орнын сайттар мен әлеу­меттік желілер алмастыра бастады. Бұл әрине, азаматтық қоғамның одан сайын мық­ты болуына әсер етіп жатыр. Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні, Тәуелсіздік жыл­дары елімізде азаматтық қоғамның негізі қаланды.

Серік ЖОЛДАСБАЙ

 

Бөлісу:

Пікір жазу


*