Білім жүйесі бейімделеді

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде Қазақстан Президентінің «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» Жолдауы талқыланды. Мемлекет басшысы белгілеген негізгі басымдықтарды назарға ала отырып, университет ұжымы цифрлы экономика жағдайындағы адами капиталдың қалыптасуына бағытталған шешуші қадамдарды бағдарлады.
Университет қоғамдастығы мүшелері Елбасы Жолдауын Қазақстанның одан ары жаңғыруы бойынша жүйелі шараларды айқындап берген бірегей бағдарлама ретінде үлкен құлшыныспен және ықыласпен қабыл алды. Мемлекет басшысы алға қойған цифрландыру және цифрлы технологияларды өмірдің барлық саласына енгізу ғалымдар талқылауында басты тақырыпқа айналды.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ ректоры Ғ.Мұтанов Жолдау алдағы қызметте және дамудың жаңа мүмкіндіктерін іздестіруде маңызды нұсқаулық болып табылатындығын атап өтті.
– Университеттер адами капиталдың қалыптасуындағы маңызды субъектілер ретінде оның жаңа сапасын қамтамасыз етуі керек және қазақстандық қоғам жаңғыруының қозғаушы күшіне айналуы
тиіс, – деді ол.
Сондықтан осы маңызды міндетті сезіне отырып, оқу орны Al-Farabi University smart city жобасы аясында 4.0 университет жаңа ұрпақ университетінің үлгісін жүзеге асыруда.
Аталған үлгі Президент Жолдауында қойылған тапсырмаларға толықтай жауап береді. ҚазҰУ алғаш рет ТМД көлемінде «Цифрлы Қазақстан» республикалық бағдарламасы аясында цифрлы университет үлгісін жасады және ЖОО қызметін автоматтандыруда ұлттық технологияларды, кампус инфрақұрылымын басқаруда Smart технологияларды әрі талдамалы жүйе қалыптастыру үшін Big Data технологияларын енгізді. Бағдарламалық жасақтаманың ірі өндірушісі – Microsoft компаниясының жоғары білім берудің IT тұғырнамасы дамуының инновациялық векторын қалыптастыруда әріптес ретінде ҚазҰУ-ды таңдауы кездейсоқ емес.
ҚазҰУ Қазақстанда тұңғыш рет жаппай ашық онлайн курстарын бастады, бұл өз кезегінде ашық білім берудің ұлттық тұғырнамасын іске қосуға мүмкіндік берді. Аталған тұғырнама қазақстандық ЖОО-лардың бәсекеге қабілеттілігін арттыруға ықпал етеді.
«E-кампус» жобасы базасында университеттің технологиялық тұғырнамасының қалыптасуына Hewlett-Packard, Cisco, Koniсa Minolta, Fujitsu, Samsung, Alcatel, Касперский зертханасы, Microsoft, Intel, Huawei сынды ғылыми-білім беру орталықтары тың қарқын берді. ҚХР Ғылым академиясының Қашықтықтан зондтау және цифрлы Жер институтымен (RADI) бірге Жерді зондтаудың цифровизациялық орталығы құрылған. Гонконг политехникалық университетімен бірлесе Технолофт Индустрия 4.0 – ғылыми-білім беру зертханасын құру бойынша жұмыс басталды.
Биыл ҚХР Үкіметінің гранты – суперкомпьютер базасы аясында Жібек жолы университеттер альянсының халықаралық ІТ технопаркі іске қосылады. Жоғары өндірістік суперкомпьютер ІТ-технопаркінің ядросы болады.
Бұл – ғылыми зертханалар жұмысы, дизайн зертханалары, 3D принтинг, инновациялық шеберханалар, коворкинг-орталық пен IGeneration бизнес-инкубатор шоғырланған бірыңғай кластер. Бұл өндірістік индустрияның университеттермен жоғары өндірістік ақпараттық-коммуникациялық технологияларды құрастыруды шешу мен қолдану саласында табысты бірігуін қамтамасыз етеді және Силиконды дала сынды жоғары технологиялар аймағын құруға мүмкіндік береді.
Президент атап өткендей, цифрлы дәуір жағдайында елдің жаңа индустриялизациялануында басты маңыздылық кадрлық қамтамасыз ету болмақ. Осыған орай, ҚазҰУ-да ағымдағы оқу жылының екінші семестрінен бастап-ақ ақпараттық технологиялар факультеті құрыла бастайды. Жаңа факультет құрылымы аясында Суперкомпьютерлік технология базасында мәліметтерді өндеу орталығы, Big Data салааралық зертханасы және Блокчейн зертханасы қарастырылған. Жолдауды жүзеге асырудағы университеттің жол картасы аясында 3D принтинг, онлайн-сауда, мобильді банкинг, денсаулық сақтау және білім берудегі цифрлы қызмет – келешегі зор өнеркәсіптерді дамытуға кадрларды дайындауға бағытталған жаңа білім беру бағдарламаларын енгізу қарастырылған. Бұл цифрлы дәуір жағдайында елдің жаңа индустриялизациялану қажеттілігіне білім беру жүйесін бейімдеуге қосқан ҚазҰУ-дың нақты үлесі болмақ.
Қаншайым БАЙДӘУЛЕТ