ЕСІМДЕ МЕНІҢ СОЛ ЖЫЛДАР

1410
0
Бөлісу:

Баққожа аға сырбаз, мінезі биязы, үйірсек азамат-тын. Өзіне ғана жарасатын жылы жымиғаны қандай жарасымды еді?! Бауырмалдылығы да ерекше болатын. Содан болу керек, мені өзі іздеп келіп, танысқаны бар. Ол тұста мен «Жалын» баспасында редакторлық қызмет атқаратынмын. 

Керемет психолог еді. Дида­рыңа барлай қарап, кейде жорыта сұрақ қоятын. Ондағысы «менің сөзімді тыңдауға құлықты ма?» деген ой көкейінде жататын болуы керек. Орайы келсе, әзіл де айтып қалатын. Ағаны қаламгер ретінде сыйлағандықтан шығар, алдында көп сөйлей бермейтін едім. Ондай кезде неге үндемейсің демей-ақ, бір ретін келтіріп қата­рына тартып, әдемі әңгіме сабақ­тайтын. Арасында: «Іркіле берме, ізет пен инабаттың да жөні бо­лады. Өзіңді өзің көрсетпесең, сені кім бағалай қойсын» деп қайрап алатын.
«Көлігің бар екен, қаланың сыртына шығып тұрайық. Таумен тағдырлас елдің ұрпағымыз ғой» деді тағы бір жолы. Сондай ой бөлісудің бір әдемі сәтін «Алма – Арасан» шипажайының маңында өткіздік. Алатаудың баурайы қан­дай айбынды, арайлы десеңізші! Алуан түрлі шөптің жұпар иісі та­науыңды қытықтап, сарайыңды ашады. Сол жолы өзен мен бұлақ бойынан түрлі өсімдіктерді жинап жүрген едәуір жасқа келген өзге ұлт өкілдерімен де тілдестік. Тәңірім-ау, базардан өзіміз еміне сатып алатын шөптеріміз осы сай-салада өсетін болып шықты. Әсіресе, су бойындағы жалбыз, беткейдегі шайқурай, қалақай – бәрі сыңсып тұрды. Жел соқса, жаужапырақ сыбдыр қағады.
Баққожа аға: «Бұл неткен керемет, а?!» деп ойланып отырды да, қоңырқай түсі балбұл жанып: «Е, қолда барда алтынның қадірі жоқ» деді.
Қазір дарқан даламыздағы шөптің қадіріне енді-енді жетіп келеміз. Шәйдің орнына шөп шәй ішетін болдық. Бірақ қазақ бұған толық көше қойған жоқ. Өзгелер байлықтың бір шоғыры осы деп шөбімізді де жинап әкетіп жатыр. Өткен жылы көрші ел – Қытай жұртына барғанымызда – Гуанчжоу өлкесінде Алатаудай биік болмаса да орташа тауды аралап көрген сәтімізде үлкен ба­за­рында болдық. Ол шөп базары екен. Сол таудағы адам ағзасына пайдалы алуан түрлі өсімдіктің шипалық қасиетін қағазға жазып қойыпты. Соған қарап алуға болады. Шіркін, Қазақ елінің алып тауларындағы шөптерден де сондай базар ашсақ, ауыл жұр­тына пайдасы тиер еді. Қарап отырсаңыз, шөпті ғана емес, қазақ байтағындағы шөңгенің де дәрілік қасиеті бар екенін ғалым­дар анықтап қойыпты.
Кержолмен сайға түсіп тау бұлағына бет жуып, қайнап шы­ғып жатқан тұнық бастаудан шөл қандырдық. «Қандай керемет, күнде бір сіміріп тұрсақ қой. Мейірің қанады» деді Бәкең. Осы сәт ойыма Сейдахмет Бердіқұлов ағаның мәңгі сапарға аттанар сәтте: «Әттең-ай, Қарақыстақтың (Жамбыл ауданы Алматы облы­сы) басындағы тау баурайында бір бастау бар еді. Талай рет қаталап барғанда, шөлімді басқан. Одан төмен бұлақ бар еді. Содан етпет­теп жатып сімірсем, іштегі кесел кесілер еді-ау!» деп айтып жатып көз жұмып еді. Оны белгілі азамат, ұлт жақсыларының бірі Уәлихан Қалижан ағаға да айтқан екен.
Қалаға қарай бет алған сәтте Баққожа аға: «Хантәңірдің бау­райында да осындай бұлақ пен бастау көп қой. Жас кезде ненің қадірін біле қойдық дейсің. Есей­генде бәрі есіңе түседі екен» деген.
Шынында, өткенге ой жібере отырып, алға ұмтылу қашанғы әде­ті­міз. Мұндай күйді біздің ал­ды­мыздағы ұрпақ та басынан өт­керген. Біз де сол сораппен келеміз.
Қаланың шетіне таяған тұста сәл тоқтауымды өтінді. Сыртқа шығып, артына көз тастады да: «Түтінсіз таза ауа жұтып, хлорсыз су ішіп бір серпілдік, сергідік. Осыны алда да жалғастырып тұрайықшы!» деген ағаның қоңыр үні әлі күнге дейін құлағымның тү­бінде бұлақ сылдырындай, жа­пырақ сыбдырындай естіліп тұрады.
Өткен ғасырдың 60-70 жыл­дар­дағы ұрпақтардың қолынан кітап түскен емес. Мектеп-интер­натта оқып жүрген кезімізде Мұхтар Әуезовтің «Абай жолын», Әбдіжәміл Нұрпейісовтің «Қан мен тер» трилогиясының алғашқы томын, Сәуірбек Бақбергеновтің «Қарға тамған қанын», Әзілхан Нұршайықовтың «Махаббат қызық мол жылдарын», өзге де қаламгерлердің кітаптарын жата-жастана оқыдық. Тіпті кей кітап­тарды оқымағандарға айтып беру үлгісі де бар болатын.
Баққожа Мұқай ағаның менің қолыма тиген алғашқы кіта­бы – «Өмір арнасы» еді. Одан кейін әдемі безендірілген «Аққу сазын» қызыға оқыдым. Ол «Ма­засыз маусымға» ұласты, «Дүние кезекке» жалғасты. Арасында мерзімдік басылымдардағы дү­ниелерін де үзбей қарап жүрдім. «Жалғыз жаяу», «Өмірзая» ро­мандары ағаның толысқанын көрсетті.
Қоғамның қасіреті демесек те, кеселін суреттеген «Құлдық ғұ­мыр», «Өмірзая» санаға екіұдай сәуле түсіргені бар. Ол жақсы де­ген қоғамда да осындай сұмдықтар да бола ма екенге саятын. Тоғы­шарлық пен пендешілік, даурық­па идея – енді қадағалап қарасақ, астарлы түрде суреттелген екен. Соны көркем шығарма арқылы ұқтырудың өзі нағыз таланттың еншісіне тисе керек. Біз ондай жат қылықтарды енді ұғып, жа­рыса жазып жатырмыз. Баққожа аға ондай ұлтқа зиянды, жұртқа пайдасыз істі Кеңес дәуірінде-ақ келістіре жазып кетіпті-ау! Бұл – қаламгердің өзі өмір сүрген қоғам­нан озық жүретінін, ой-өресінің биіктігін көрсетсе керек. Осы тұрғыдан келгенде Баққожа Мұқай ұлт жазушысы деуге тұрарлық қаламгер екеніне ешкім шүбә келтіре қоймас.
Ағамыз қазақ драматургия­сына да өзіндік қолтаңбасын қал­дырды. Пьесаларының ішіндегі сүбелісі деп «Тоят түні» мен «Өмірзаяны» ерекше атауға бо­лады. «Өмірзая» пьесасы 1987 жылдың көктемінде М.Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театрында тұсауы кесілді. Ол Желтоқсан көтерілісінен кейінгі кезең бо­латын. Жұрт екі жарылып жүрген. Баққожа аға премьерасы өтетін күні келетін-кететін кісілерге көлігіңмен көмектес деген өтініш айтты. Ағаның сөзі – ініге заң. Ертеңгісін шақырып алып, қойы­лымға Олжас Сүлейменовті әкелетінімді, арасында Инаш Шорманов ақсақалды да жеткі­зетінімді тапсырды. Инаш ақса­қалды театрға қарай қолтықтап келе жатқанымда, анандай жер­ден Асқар Тоқпанов көзге ша­лынды. Мұхтар Әуезовтің ес­керткішіне біраз қарап тұрды да ұлы режиссер, киелі шаңырақтың ішіне кіріп кетті. «Асекең ашулы ма, қалай? Мұхаңның тұлғасына неге тесіле қарады екен?» деді қария. Ол кісіні орнына отырғы­зып, Олжас Омарұлына телефон шалдым. Ақын спектакльге келе алмайтынын, бірақ жазушының үйінде жайылған дастарқанға баратынын жеткізді. Спектакль аяқталған тұста хабарласуымды өтінді. Баққожа ағаға екі тапсыр­маның жай-жапсарын айт­қанымда: «Олжекеңмен өзің сөй­лесіп, үйге әкелетін бол», – деді.
«Өмірзаяны» жұрт керемет қабылдады. Арасында Олжас Омарұлына телефон соғып едім, ақын өзі баратынын айтып, ағаның үйінің мекенжайын алды. В.Шукшин, А.Афанасьев, В.Бе­лов, өзге де деревня өмірін сурет­теген айтулы қаламгерлердің қатарынан табылған, спектакльге арнайы келіп қатысқан, орыстың белгілі жазушысы Владимир Личутинді, «Литературная газе­таның» бөлім меңгерушісі, сыншы, филология ғылымдары­ның кандидаты Юрий Бонда­ренконы, сол басылымның Қа­зақстандағы тілшісі Рүстем Жан­ғожинді алып, ағаның үйіне келдім. Ол кезде мұндай атаулы күнді бүгінгідей салтанат са­райын­да емес, өз дастарқанында атап өту үрдісі бар еді.
Орыс қаламгерлері «Өмірзая» туралы жақсы пікірлерін айтып, жазушының өзге де шығармалары туралы ой қозғап отырды. В.Ли­чутин Баққожа Мұқайдың ауыл өмірін жазудағы тәсілінің өзіне келетінін жеткізсе, сыншы өзі куә болған пьесаның тақырыбын, кейіпкерлерін тарата айтты. Рүс­тем де олардан қалыспай өзіндік байламын алға тартты. Айналып келгенде, үшеуі де әдебиет әлемі туралы тереңнен ой қозғап отыр­ды. Баққожа аға болса туындының қалай өмірге келгенін баян етті. Қызу әңгіме жүріп жатқан тұста Олжас Омарұлы келді. Айбынды азамат қой. Төрде отырған Вла­димир Личутин орнынан ұшып тұрды. «Қазақ қонағын сыйлаған, Владимир Владимирович, төр сізге тиесілі» деген ақын ілти­патына жазушы: «Сіз әлемдік деңгейдегі ақынсыз!» деп көне қоймады. Олжас қазақта: «Төре төрін бермейді деген осы ма?!» деп оның орыс тіліндегі мағы­насын қаламгерлерге ұғындырды. Бірақ олар ізеттерінен жаңыл­мады.
Желтоқсан көтерілісі тілге тиек болғанда Олжас ақын: «Тас атқанға, ас ат» деген мәтелді тілге тиек етіп, оның отырған қаламгер­лерге қатысы жоқ екенін алға тартты. Ол қазақ жұртының қа­дірлі қасиеттерін, аталы сөздерін алыстан орағыта қозғап, тыңдау­шыларына байыппен жеткізді. Ұлтымыздың ұлылығын да на­зардан тыс қалдырмады. Бір орайы келгенде орыс жазушысы Дінмұхаммед Қонаев туралы сұрап қалды. Олжас ұлт арысының жағдайы жақсы екенін айтып, таяуда ғана өзінің Мәскеуден оралғанын, Алматыдағы бюсті алынбайтынын атап айтты. Алакөздердің алыпқашпа әңгіме­леріне тосқауыл қойып, ұлт ұлы­ның беделін сақтап қалу жолында өзінің талай есікті қаққанына дәлел-дәйектер келтірді. КОКП Орталық Комитетінің идеология жөніндегі хатшысы Яковлевте болғанын, ол бюстті алып тастау мәселесі күн тәртібінде тұрғанын айтып, меселін қайтарып таста­ғанда, Шыңғыс Айтматовтай ұлы тұлға өзін Михаил Горбачевқа апарып, екеуі Димаш Ахметұлы­ның елге еткен адал еңбегін дә­лел­деп, бір ғана мысал ретінде Қазақ елінде 40-қа таяу қала бой көтергенін дәйектеп, ондай адамды қорлау емес, қорғау керек деген сөзін жеткізеді. Горбачев Колбинге телефон шалып: «Қо­наев­тың бюстіне тиісуші болма» деген сөзін естігенде Владимир Личутин орнынан жедел көтері­ліп, Олжас Омарұлының қолын алды. Баққожа аға екеуі құшақ айқастырды. Дастарқаннан кейін мәскеулік екі қаламгерді Құр­манғазы көшесінің бойындағы Достық үйіне апарып салдым да, Олжасты үйіне жеткіздім.
Біраз уақыт өткеннен кейін, Баққожа аға рақметін айтып: «Мен «Өмірзаяның» сәтті өтке­ніне де қуандым. Оған қоса, Ол­жекеңнің Димаш ағаның бюстін тұғырында қалдырғанын өз дастарқанымда есту мен үшін ерекше құрмет болған секілді. Жақсы сөз мені қанаттандырды» деп еді.
Болмысы бөлек қаламгер аға осылай ағынан жарылған. Содан бері де ондаған жыл өтті. Ардақты ағамыз да қазір арамызда жоқ. Бірақ рухани мұрасы ұлтқа қызмет етіп келеді. Өзі кеткенмен, сөзі қалды деген осы шығар. Осы арада Баққожа аға өмірден оз­ғанда, жыр дүлдүлі Тұмағаң, Тұманбай Молдағалиев арнау өлең оқығаны есте. Сол өлеңінде ақын: «Қазағың өнеріңмен қош­таспайды» деген еді. Иә, қазақ Баққожа Мұқайдың өзі бақи дүниеде болғанмен, артында қал­ған рухани мұрасымен ешқашан қоштаспайды. Толқын-толқын ұрпақ оның екінші өмірі болып есептелетін кітаптарымен сусын­дай берері хақ.

Сүлеймен МӘМЕТ,
Қазақстан Жазушылар
одағының мүшесі

Бөлісу:

Пікір жазу


*