Мақсат Сәрсембай: Шарж – менің жанрым

Карикатура өнері қоғамдағы сан түрлі құбылыстардың қисынды-қисынсыз тұсын бір арнаға тоғыстырып, әзіл-оспақ жанрын негіз ете отырып жасалады. Ол көбіне қағаз бетіне түсіп, бейнелеу өнерінің беделін арттырған. Соңғы уақыттары карикатуралық мүсіндер де пайда бола бастады. Егер бір адамның карикатуралық портреті жасалса, оған шарж деген атау берген. Елімізде бұл саланың жілігін шағып, майын ішкен маман ретінде Еркін Нұразханды атауға болады. Соңғы уақытта бұл саланың жалғастырушысы, жаңғыртушысы бола алатын жастар да бой көрсетуде. Солардың бірі – Мақсат Сәрсембай. Шебердің ерекшелігі – шаржды қағаз бетінде емес, мүсін өнері арқылы кескіндейді. Кейіпкерінің белгілі бір сипатына, мінез-құлқына, таңдаған саласына сүйене отырып ғажап туындыны өмірге әкеледі.
– Мақсат, өнердің осы түріне деген махаббат қалай басталды?
– Шарж бұрын қағаз бетінде ғана бейнеленсе, қазір мүсін түрінде де көпшілікке ұсынылып жатыр. Бұл саланы жете зерттеп, жасап жүргендер көп деп айта алмаймын. Барынша стилімді ерекше, әдісімді өзгеше қылып туындылар жасауға тырысып жатырмын. Бейнелеу өнеріне деген махаббат кішкентай кезімнен басталған. Қағаз, қалам алып шимайлап, қиялыма келген бейнелерді түсіріп жүретінмін. Оны үйдегілер де байқап, арманыма қолдау танытты. Соның арқасында ойланбастан Алматыдағы Темірбек Жүргенов атындағы өнер академиясына тапсырдым. Сәтін салып оқуға түскеннен кейін, дизайнер деген мамандықты меңгеріп шықтым. Қылқаламды серік етіп түрлі суреттер сала жүріп, өз бетімше мүсін өнерін де үйрене бастаған едім. Мұным бекер болмапты. Қазіргі таңда мен жасаған туындылар арасынан әншілер мен бишілердің де, спортшы мен саясаткердің де мүсіндерін табуға болады. Әрине, жасаған өнімді саудалаймыз, қызығушылар немесе кейіпкердің өзі келіп сатып алады. Кейде әртүрлі туған күн, мерейтойларға байланысты тапсырыс беретіндер бар. Бірақ соған қарамастан кәсіптің осы түрінен табыс табамын деу әзірге қиын. Солай екен деп өнерді жарты жолда қалдырып кетуге тағы болмайды. Қазіргі бар мұратым – осы өнерді толықтай меңгеріп, тағы да түрлі деталь қосып, музей мен ерекше көрме ұйымдастырғым келеді.
– Бірнеше жыл бұрын біз сізбен шеберханада жолыққан кезде қасыңызда серіктесіңіз болған. Ал қазір жалғыз жұмыс істеп жатқан секілдісіз?
– Иә, солай деп айтуға болады. 2014 жылы Айдос Бүркітбаев екеуміз кәсіпті бірге бастадық. Бастапқыда эскиз сызып, нобайын ғана шығарып жүрдім. Сосын, оны досым әрі қарай жетілдіретін. Негізінде, мүсінді қиып, бөлшектеп жасап, оны сомдап шығуға Айдостың икемі бар. Себебі, ол бітіріп шыққан мамандыққа бұл жұмыс толыққанды сай келеді. Кейін Айдос өзі бөлек кетіп, үлкен ескерткіштер жасау ісіне араласты. Оның алғашқы жетістіктері де қоғам назарына ұсынылып жатыр. Соның бір көрінісі ретінде Алматыдағы қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарына арнап ашылған ескерткішті атауға болады. Өзім осы кішкентай шарж өнерінің мүсін өнеріндегі аясын кеңейтейін деген оймен кәсіпті жалғастырып жатқан жайым бар. Жалпы, бұл өнер шет елдерде кеңінен таралған. Іздеп қарасаңыз, Голливуд жұлдыздарының осындай мүсіншелерін табуға болады. Бұл жердегі ең басты мақсат – кейіпкерді келеке қылу емес, тек оның бір сипаты, мінезі, өнерін арқау етіп, әзіл араластыра отырып, сол адамды көпшілікке таныту.
– Жалғыз өзіңіз жасап жатқаннан кейін өнімділік азайып кетпеді ме?
– Осы уақытқа дейін жасаған мүсіншелердің саны 200-ден асып жығылады. Әрине, бір адам болған соң, қарқын баяулайды. Сосын, қазір көбіне жекелеген адамдардың тапсырысын орындаймын. Олар өз идеяларын айтады. «Көліктің ішіне отырғызып қой, ғимараттың төбесіне шығарып жасашы» деген сияқты. Кейде кейіпкердің қызығушылығына байланысты қасына ноутбук, доп, телефон сияқты заттардың мүсінін қосамыз. Мұндай қосымша заттар біршама ауырлық тудырады, бірақ іс біткен соң, соған қарап ләззат аласың. Негізі, шындап кіріссең, бір мүсінді 2-3 күнде бітіріп тастауға болады. Ол үшін кейіпкердің түрлі фотосы, қиялдағы образы, қандай киімде бейнелетіні және қажетті ресурстар – қуыршақ жасайтын материал, полимер балшығы, сан түрлі бояулар дайын тұруы керек. Сонда жұмыс тез әрі өнімді жүреді. Жұмыс біткеннен кейін, оны пешке қыздыру процесі күтіп тұрады. Шамамен 200 градустық температурада 20 минуттан астам қыздырғаннан кейін, оны бояп, кептіреміз. Енді, бұл ретте бір мүсінге жұмсалатын шығын көлемін де айта кетейін. Жобамен бір туындыны өмірге әкелуге 40 мың теңгеге жуық қаражат жұмсалады. Қазақстан бойынша осы бағыттың отымен кіріп, күлімен шығып жүрген жалғыз адам болғаныма қарамастан, дүниелерімді қатты қымбатқа бағалап жатқан жоқпын.
– Сізге кім мотивация сыйлайды?
– Маған мотивация беретін – тұтынушыларым. Бірінші кезекте олар разы болуы тиіс. Осы мүсіндерді жасау арқылы әрі рухани, әрі материалдық қажеттілікті қанағаттандырып жатқаннан кейін барымды саламын. Сосын, оны адамдар сатып алып, риза болып, алғысын жаудырған кезде, екі есе шабыттанып кетемін. Ойға тың идеялар келіп, дереу соны қағазға түсіріп, шығармашылықты үстемелеп жатамыз. Қазіргі кезде жолымды қуып, мүсін жасап жүрген студент балалар да бар. Бірақ олар жасаған өнімдер көбіне сапа тұрғысынан сыр беріп жатады. Жалпы, мен жасайын, басқа жасасын бұл өнер – елімізде қанат жайса, жақсы болар еді. Халықаралық деңгейде бізге жақын елдер ішінен Ресей мен Беларусь мемлекеті шарж мүсін өнерін дамытып отыр. Жоғарыда айтып өткендей ең бастысы жеке шеберхана мәселесін шешкім келеді. Бұл шебердің қолының жүріп, шығармашылығын дамыту үшін қажет. Сосын, қазіргі өнімдер бір данамен ғана шығып жатыр. Алдағы уақытта олардың электронды көшірмесін жасап, кез келген уақытта жасап шығара беретіндей еткім келеді.
– Әңгімеңізге рақмет!
Сұхбаттасқан Абай АЙМАҒАМБЕТ