Дамудың даңғыл жолы

1170
0
Бөлісу:

«Қазақстан елдің тұрақты дамуын қамтамасыз ететін кең көлемдегі инновациялық индустрияландыруды жүргізуде. Алғашқы бесжылдығында (2010-2014 ж.ж.) индустрияландыру картасы аясында 3 триллион теңге тұратын 770 жоба жүзеге асырылды. Екінші бесжылдықтан (2015-2019) бастап 2,5 триллион теңгенің 310 жобасы іске қосылды, 25,5 мың тұрақты жұмыс орны ашылды (2017 ж. қыркүйек)».

Инновациялық-индустриялан­дыруды жүргізу тақырыбына Елбасының «Тәуелсіздік дәуірі» кітабының 13-тармақ­шасында орын берілген. Дамыған 30 елдің қатарына ену мақсатында «Қазақ­станның индустрия­ландыру кар­тасы» бекітіліп, 2010 жылдан бастап «Үдемелі индустриялық-инновациялық даму» бағдарламасының негізінде қаншама өндіріс орындары бой көтерген еді. Соның арқасында жұмыссыз жүргендер үшін екі қол­ға бір күрек табыла қойды. Бү­гін­де сол дәстүрді жал­ғау мақсатын­да 2016-2019 жыл­­дарға арналған Үдемелі индустрия­ландырудың Екінші бес­­жыл­дығының жобасы жасалды.

Оның нәтижесіне Индус­трияландыру күндері өткізіле бастаған 2011 жылдан бастап, жылына екі рет – шілде мен желтоқсанда индустриялды даму бағдарламасының қорытын­дылары шығарылғанда көз жеткізіп жүрміз. Яғни, жалпы­ұлттық телекөпір форматында аймақтардың есебі тыңдалып, жобалардың тұсауы кесіліп, қаншама жаңа өндіріс ошақтары іске қосылды. Мәселен, 2017 жылғы 6 желтоқсанда Индус­трияландыру күні шеңберінде Мемлекет басшысының қаты­суымен өткен Телекөпір режі­мінде «Тез балқытылатын автомо­биль доңғалақтарын өндіру» («КиК Павлодар» ЖШС) және «Павло­дар» АЭА аумағында қоспалы алюминий өндірісі («Giessenhause» ЖШС) жобалары ресми іске қосылған болатын.
Бұл тұрғыда Елбасы еңбегінде: «2003 жылдың сәуіріндегі Жолдауымда мен минералды шикізат жаңғыртылмайтын ре­сурс сана­латынын, ал кен орын­дарының көп ұзамай сарқы­латынын ескерт­кен болатынмын. Бола­шақта бұл мәселе эконо­микалық тәуелсізді­гімізден айырылуға апарып соғуы да мүмкін еді. Жағдайдың осындай сипат алуын болдырмас үшін Үкіметке Қазақ­станның Индус­триялды-иннова­циялық даму стратегиясын жасау тапсырылды. 2003 жылдың 20 мамырында стратегия бекітілді. Ол елдің тұрақты дамуын, ұлттық эконо­миканың жаңғыру, әрта­раптану және жоғары бәсекеге қабілетті болу арқылы шикізат бағытынан индустриялды-ин­новациялық даму тарапына қарай өтуін көз­дейді. Стратегия аясында мына­дай маңызды мін­деттер белгілен­ді: экономика құрылы­мын өзгер­ту және шикізаттық емес экспортты ұлғайту, еңбек өнім­ділігін арттыру және энер­гияның жұмсалуын азайту, ин­дустриял­ды дамуды кадрлар­мен қамтама­сыз ету; қаржы жүйесінің мығымды­ғы, отандық өндіруші­лер үшін қо­лайлы кәсіпкерлік климат пен инфрақұрылым қалыптастыру, өнеркәсіп пен ғылыми-техника­лық саланы өзара байланыстыру, мемлекеттік стандарттарды ха­лық­аралық талаптармен үйлес­тіру. Индус­триялды-инновация­лық даму стратегиясы шикізат эко­номика­сынан әртараптанды­рылған экономикаға көшудің алгоритмін анықтады» дейді.
Расымен де, соның негізінде Қазақстанда жаңа өндірістер, тіпті тұтас салалар пайда болды. Мы­салы, 2011 жылы Астана қаласын­дағы «Тұлпар-Тальго» жолаушылар вагондарын өндіру зауытының, Алматыдағы метро­по­литеннің, Балқаштағы «Сары қазына» ка­тодты мыс зауытының, Жамбыл облысындағы «Супер Фарм» медицина бұйымдары зауытының, Семей тері-былғары ком­бина­тының, Алматы облы­сында «Байсерке Агро» ет өңдеу ке­шенінің, «Шымкент-Ка­шемир» тоқыма өндірісінің тұсауы кесілді. Сондай-ақ Шарын өзенінде Мойнақ ГЭС-і, «Жетіген – Қорғас» және «Өзен – Түрік­менстан шека­расы» теміржол желілері және ұлттық цифрлы телерадио хабар­ларын тарату желілері және жаңа қазақстандық «24.kz» телеарнасы іске қосылған еді.
Индустрияландырудың 6 жылы ішінде елімізде 900 жаңа кәсіпорын қатарға қосылған. 2010 жылдан бастап, өнім өндіруші секторға салынған инвестиция 26 миллиард доллардан асқан. Тікелей шетелдік инвестицияның әрбір бесінші доллары өнім өңдеуге жұмсалады. Соңғы 7 жыл ішінде Индус­трияландыру кар­тасы аясында 5 жарым триллион теңгеге мыңнан астам жоба қолға алынып, 101 мың тұрақты жұмыс орны құрылды. Соңғы 9 айда 800 млрд теңгеге 52 жоба іске қосы­лып, 4 жарым мың азамат жұ­мысқа орналасты.
Қазіргі таңда қазақстандық өнімдер 112 елге экспортқа шыға­рылады. Өңдеуші сектордың эко­номиканың дамуына қосқан үлесі 2017 жылдың бірінші жарты­жыл­дығының қорытындысы бойын­ша, шамамен 12 пайызға, өнер­кәсіпте 9 айдың қорытын­дысы бойынша 41 пайызға, экспортта 8 айда 33 пайызға дейін өсті.
Мысалы, Астана әкімдігі ин­дустрияландыру картасы аясында 2010-2016 жылдар аралығында елордада жалпы сомасы 232,6 млрд теңге болатын 24 жоба іске асырыл­ғанын және соның арқасында шамамен, 3 мың жұмыс орны құ­рылғанын мәлім­деген болатын. Сол сияқты, рес­публи­камыздың әр аймағында көптеген жобалар қолға алынып, іске қо­сылып, өңір тұрғындары жұмыс­пен қамтылды.
Айта кету керек, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев индустрия­лан­дыруға қажет жаңа мамандар даярлауды да тапсырған болатын. Себебі, өндірістік-технологиялық мәселелерді шешу үшін ин­женерлер мен зерттеуші маман­дар қажеттілігі туындады. Елбасы Жолдауында техникалық кадр­ларды дайындау жүйесін барынша дамыту қажеттігін, Германия, Канада, Австралия және Синга­пурмен бірлесе алдыңғы қатарлы орталықтар құру керектігін ескер­ді. Мамандарды даярлау мақса­тында білім берудің дуальді жүйе­сінің «Жол картасы бекітілгенін, 2014 жылдан бастап «Серпін – 2050» бірегей көші-қон оқу бағ­дарламасы жүзеге аса бастағанын, «Нұр Отан» партиясының баста­масымен 2016 жылы жастардың Nurintech инно­вациялық жобалар байқауы­ның ұйымдастырылып келе жатқанын ерекше айтуға болады.
Тоқ етеріне келсек, мақсатты түрде қолға алынған Қазақстан­ның индустрияландыру картасы­ның халқымыз үшін жемісі мол болды дей аламыз, сондай-ақ ал­да­ғы жылдары да берері көп­тігіне сенім зор.
Нұрай РАХЫМ

Бөлісу:

Пікір жазу


*