Жасампаздық жолында…

1337
0
Бөлісу:

Алматыда Қазақстан Республикасы Президентінің архивінде Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың биылғы АҚШ-қа сапары және Қазақстанның БҰҰ Қауіпсіздік кеңесіне төрағалық етуіне орай көрме өтті. «Қазақстан және АҚШ: жасампаздық жолындағы ынтымақтастық» және «Қазақстан және БҰҰ: бейбітшілік және келісім бастамалары» көрмесіне тарихи құжаттар қойылды.

Көрменің салтанатты ашылу жиынына Сыртқы істер министрлігінің Алматыдағы өкілдігінің жетекшісі Руслан Бөлтіріков, АҚШ-тың Алматы қаласындағы Бас консулы Марк Муди, БҰҰ қоғамдық ақпарат де­партаментінің өкілі Властимил Самек, Қазақстан дипломатия сала­сының ардагері, ҚР-ның БҰҰ жа­нындағы тұңғыш тұрақты өкілі Ақмарал Арыстанбекова, Президент жанын­дағы Қазақстан стратегиялық зерт­теулер институты Алматыдағы өкілдігінің бас ғылыми қызметкері Леся Қаратаева, ҚР Президенті ар­хивінің директоры Борис Жапаров және БАҚ өкілдері, студенттер қа­тысты.
Көрменің «Қазақстан және АҚШ: жасампаздық жолындағы ынтымақ­тастық» бөлімінде екі ел арасындағы байланыстың тарихынан бастап, күні бүгінге дейінгі аралықты қамтыған тарихи құнды құжаттар, фотосуреттер қойылған. Елбасының АҚШ-қа ал­ғашқа сапары, тұңғыш рет екі ел арасында жасалған дипломатиялық келісімшарттардың көшірмесі, АҚШ-тың әр жылдардағы президенттерімен кездесу кезіндегі суреттер қойылған.

Мемлекет басшысы ең алғашқы АҚШ-қа сапары жайында «Тәуелсіздік дәуірі» кітабында арнайы атап өтті. «Қа­зақстанның көпвекторлы сыртқы сая­сатының басым бағыттарының бірі – АҚШ-пен екіжақты қарым-қатынас. 1992 жылдың мамыр айында Сауда байланыстары туралы келісімге, Қаржы салымдарын ынталандыру және өзара қорғау туралы келісімшартқа және екі ел Үкіметтері арасындағы өзара түсі­ністік туралы меморандумға қол қойыл­ған АҚШ-қа алғашқы ресми сапа­рымды жасадым. Біз АҚШ пре­зиденті үлкен Джордж Бушпен көп­теген саяси мәселеге байланысты ортақ пікірге келдік және осындай қарым-қатынас достық байланыстарға ұласты. Сол жылы АҚШ президенті Қазақ­станды тәуелсіздігінің бір жыл­дығымен құттықтап, маған мынадай сөздер жолдады: «Өткен жылдарда Қазақстан халықаралық мойындалу тұрғысында және саяси-экономикалық рефор­ма­ларды жүзеге асыруда үлкен прогреске қол жеткізді. Сіз осынау қиын кезеңдегі жетістіктеріңізбен мақ­тана аласыз».
1994 жылдың ақпанында біз АҚШ-тың жаңа басшысы Билл Клинтонмен Вашингтонда кездесіп, Демократиялық әріптестік туралы хартияға қол қойдық. Жаңа тәуелсіз мемлекеттер арасында Қазақстан ал­ғашқы болып АҚШ тарапынан тең­құқылы әріптес ретінде мойындалды» деп дипломатиялық қарым-қатынас­тың тарихи сәттеріне тоқталған.
Көрменің «Қазақстан және БҰҰ: бейбітшілік және келісім бастамалары» бөлімінде Қазақ елінің 1992 жылы БҰҰ-ға мүше болуы мен халықаралық ұйымдағы қызметінің тарихи сәттері қамтылған. Құнды құжаттар жоғары мемлекеттік органдардың, халықара­лық ұйымдардың құжаттары, Қазақстан дипломатиясының ардагері, ҚР-ның БҰҰ жанындағы тұңғыш тұрақты өкілі, тұңғыш елші Ақмарал Арыстанбекова­ның тарихи сәттерді қамтыған мате­риалдары қойылды. Жиында сол сәт­терді еске алған ардагер саясаткер Ақ­марал Арыстанбекованың материал­дары көпшілік назарына ұсынылды. Тұңғыш елші Президенттің тарихи кездесулерінің куәсі болған сәттерден естелік айтып берді. «Тәуелсіздік алған алғашқы жылдары Қазақстанның елшісі болған сәттерімді мақтан тұтамын. Отанымыз үшін қабылданған АҚШ пен Қазақстан арасындағы келісімдердің куәсі болған сәттер қа­зіргі күні тарихқа айналды. Елбасының тәуелсіз ел қалыптастырудағы еңбегі ұшан-теңіз» дей келе АҚШ пен Қазақ­стан байланысының тарихи жылдарын тілге тиек етті.
Көрмеге келушілер өткен тарих пен Қазақстанның жарқын болашағы үшін жасалып жатқан қадамдардың іске асуына үлес қоса бермек.
Майра ЖАНЫСБАЙ

Бөлісу:

Пікір жазу


*