ҚАЗАҚ ДИПЛОМАТТАРЫНЫҢ КӘСІБИЛІГІ ЖОҒАРЫ

1304
0
Бөлісу:

Қазақстанның БҰҰ Қауіпсіздік кеңесіне төрағалық етуі айрықша маңызды. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде БҰҰ Бас хатшысының көмекшісі Мирослав Енча мәлімдеді. Нью-Йорктан тікелей байланысқа шыққан ол, еліміздің Қауіпсіздік кеңесіне төрағалық етуінің жай-жапсарын баяндады.

Мемлекет басшысы Н.Назарбаев қаңтар айының 16-18 аралы­ғында Америка Құрама Штаттарына ресми сапармен барып, Ақ үй басшысы Дональд Трамппен кездеседі. Сондай-ақ Елбасы АҚШ-тың ресми және іскер топтар өкілдерімен жүздесіп, БҰҰ Қауіп­сіздік Кеңесінің отырысына қатысады. Бұл сапардың ең басты ерекшелігі Қа­зақстанның БҰҰ Қауіпсіздік кеңесіне төрағалық етуімен тұспа-тұс келіп отыр.
– Өздеріңіз білесіздер осы айда Қа­зақстан БҰҰ Қауіпсіздік кеңесіне төрағалық етеді. Аталған кеңеске төраға болу – аса маңызды. Өйткені Қазақстан Қауіпсіздік кеңесінің төрағасы ретінде оның отырысын ша­қырып, күнтәртібін ұйымдастырады және Қауіпсіздік кеңесі атынан сөз сөй­лейді. Келесі аптада Қауіп­­­сіздік кеңесінің өте маңызды бір­неше отырысы өтеді. Оның ең біріншісі – Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысуымен ядролық қарусыздану, сенім шаралары мәселелеріне арналған отырыс. 19 қаң­тар күнгі екінші отырыс Орталық Азия мен Ауғанстан мәсе­лелеріне арналып отыр. Сонымен қатар Сирия қақтығысын шешу мәселесінде Қазақстан айрықша рөл атқаратынын айтып өткен жөн. Қазіргі таңда елордада Астана процесінің 8 раунды өтті. Бұл процестің Сириядағы қақтығыс проб­лемалары шешімін іздеудегі үлесі – өте үлкен. Бұл шиеленісті төмендету, деэска­лация аймағын құру және ең маңыздысы аталған процесс БҰҰ Бас хатшысының арнаулы өкілі Стеффан де Мистураның жетекшілігімен Женевада өтетін саяси процеске қолдау көрсетеді, – деді ол.
Сондай-ақ ол Қазақстан Орталық Азиядағы бейбітшілік пен тұрақтылықты нығайтуға қосқан маңызды үлесін тиімді пайдаланып отырғанын тілге тиек етті. Бұған ядролық қарусыздану мен Семей ядролық полигонын жабу шешімі айрықша дәлел бола алады. Бұдан бөлек ол Ауғанстан мәселесін шешуде Қазақ елі айрықша рөл атқарып отырғанын мәлімдеді.

– Қазақстанның бастамасымен Ха­лықаралық ядролық сынақтарға қарсы іс-қимыл күнінің негізі қаланды. Бұл бағытта Қазақстан қызметін жалғастырып, көптеген елге үлгі болып отыр. Сонымен қатар Ауған­станмен мәселесін шешуде Қазақстанның айрықша рөлге ие екенін айтып өткен жөн. Ауғанстан проблемасын тек қана әскери жолмен шешу мүмкін еместігі барлығына да түсінікті. Қайта өңірлік ынтымақтастықты, инфрақұрылымдық жобаларды қолдау қажет. БҰҰ-ның штаб-пәтері Қазақстанның Ауғанстанға қолдау көрсетіп отырғанын, оның ішінде кадрлар дайындауға жәрдем беріп жатқанын жақсы біледі. Кезінде Орталық Азиядағы превентивті дипломатия өңірлік орталығының басшысы болып жұмыс істеген кезімде Алматыдағы ауған жастары білім алып жатқан университеттерде дәріс оқыған едім. Бұл қадам Ауғанстанның бейбіт болашағын қолдауға және Орталық Азиядағы ынтымақтастықты дамытуға қосылған нақты үлес. Осы әрекеті арқылы, Қазақстан жаһандық бейбітшілікті қамта­масыз етуге үлес қосып отыр, – деді Енча.
Сөз соңында Мирослав Енча қазақ дипломаттарының кәсібилігіне жоғары баға берді. Оның айтуынша, Қауіпсіздік кеңе­сінің мүшелері мен БҰҰ Бас ассамблеясы қазақ дипломаттарының жұмысын жоғары бағалайды.

Серік ЖОЛДАСБАЙ

Бөлісу:

Пікір жазу


*