Міндеттерді бөліп берді

1689
0
Бөлісу:

Елбасының Жолдауын жүзеге асыруға дербес жауап беретін жауапты тұлғалар анықталды. Ел Үкіметінің жаңа жылдағы алғашқы отырысы Мемлекет бас­шысының «Төртінші өнеркәсіптік револю­ция жағдайындағы дамудың жаңа мүм­кіндіктері» Жолдауында берілген тапсырмаларды іске асыру мәселелеріне арналды. Жиынға төрағалық еткен Премьер-министр Б.Сағынтаев Үкімет мүшелеріне Жолдауды іске асыруға бағыт­талған нақты міндеттерді бөліп берді.

Жолдауда Елбасы Н.Назарбаев Үкіметке негізгі он бағыт бойынша мін­деттер жүктегені мәлім. Премьер-министр Бақытжан Сағынтаев солардың негізінде бірқатар нақты тапсырмалар берді.
Біріншіден, индустрияландыру және жаңа технологияларды енгізу тұрғысынан Инвестициялар және даму министрлігіне өнімдерді экспорттау мен технологияларды трансферттеуге баса назар аудара отырып, отандық кәсіпорындарды жаңғыртуға және цифрландыруға бағытталған жаңа құралдар әзірлеу, сондай-ақ бірқатар өнеркәсіптік кәсіпорындарды цифрлан­дыру бойынша пилоттық жобаларды анықтау және оларды іске асыруға кірісу тапсырылды. Бұған Инвестициялар және даму министрі Жеңіс Қасымбек жауап береді.
Сонымен қатар оған цифрлық техноло­гияларға баса көңіл бөле отырып, индустрияландырудың «үшінші бесжыл­дығы» жаңа мемлекеттік бағдарламасы жобасын әзірлеуге кірісу тапсырылды.
– Ақпарат және коммуникациялар министрлігіне Назарбаев университеті, Астана халықаралық қаржы орталығы және Ақпараттық технологиялар стар­тап­тарының халықаралық технопаркі базасында цифрлық және инновациялық шешімдер әзірлемелерін дамыту бойынша, сондай-ақ венчурлік қаржыландырудың жеке нарығы қызметінің шаралар кешенін жасауды және сәйкес заңнамалық түзету­лерді әзірлеуді қамтамасыз ету қажет, – деді Премьер-министр. Бұған министр Дәурен Абаев жауапты болады.
Елбасы экономиканы цифрландыруға байланысты жұмыспен қамту мәселелеріне ерекше назар аударды. Сондықтан Бақытжан Сағынтаев Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіне әкім­діктермен және мүдделі министрліктермен жұмыскерлерді жұмыстан босату тәуекел­дерін бағалауды және жұмыстан шы­ғарылған жұмыскерлерді еңбекпен қамту бойынша келісілген саясатты анықтауды, жалпы еңбек ресурс ағымдары бойынша жұмысты жылдамдатуды тапсырды. Мұның жауапкершілігін Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенова арқалайды.
– Екіншіден, «ресурстық әлеуетті одан ары дамыту» бағыты бойынша Инвести­циялар және даму, Энергетика министр­ліктеріне кешенді ақпараттық-техноло­гия­лық платформаларды белсенді енгізу арқылы пайдалы қазбаларды алу тәсіл­дерін жақсарту шараларын қабылдауды тапсырамын, – деді Үкімет жетекшісі.
Инвестициялар және даму, Энер­гетика, Ауыл шаруашылығы министр­ліктеріне өнімдер өндіруге шығындалатын энергияны тұтыну нормативтерін бекіту мәселелерін пысықтау тапсырылды. Энергетика ми­нистр­лігі энергияның жаң­ғыратын көздері саласына инвестициялар тарту үшін жағдай жасау бойынша ұсы­ныстар енгізуге мін­деттелді.
Б.Сағынтаев Энергетика министр­лігіне өңірлердің әкімдерімен бірге, бір айлық мерзімде қатты тұрмыстық қалдық­тарды кәдеге жарату және қайта өңдеу жүйесін құру бойынша жол карталарын, сондай-ақ Экологиялық кодекске және басқа да заңнамалық актілерге түзетулерді әзірлеуді тапсырды. Бұл міндет министр Қанат Бозымбаевқа артылды.
Үшіншіден, Премьер-министр жолдау бойынша еліміздің агроөнеркәсіп кешенін дамыту бойынша бірқатар нақты тапсыр­малар берді. Атап айтқанда, Ауыл шаруа­шылығы министрлігіне «мүдделі мем­лекеттік органдармен және облыстардың әкімдерімен бірге, 1 наурызға дейін АӨК-ті дамытудың мемлекеттік бағдар­лама­ларының мақсатты индикаторларын қайта қарау, оларға жету бойынша шаралар кешенін әзірлеу және Үкіметке нақты ұсыныстар енгізу» тапсырылды. Мұның сыртында, ведомство Білім және ғылым министрлігімен, облыс әкімдерімен тізе қоса отырып, аграрлық ғылым мен аграрлық университеттердің рөлін қайта қарауға, олардың басты міндетін заманауи білімдерді трансферттеуге және бейімдеуге бағдарлауы тиіс.

АШМ өңірлер әкімдерімен бірлесіп, «Бір айлық мерзімде ауыл шаруашылығы кооперацияларын дамыту және қолдау шаралары бойынша тұжырымдамалық тәсілдер ұсынуға» міндеттелді. Осы ба­ғытта министрлік мүдделі мемлекеттік орган­­дармен бірге, тиімді емес субсидия­ларды АӨК-ті мемлекеттік қолдау тиімділігін арттыру мақсатында банк несиелерін арзандатуға қайта бағдарлау мәселесін пысықтауға тиісті. Бұл блокқа жауапкершілік вице-премьер – ауыл шаруашылығы министрі Өмірзақ Шөкеевке жүктелді.
Жолдаудың төртінші бағыты көлік-логистикалық инфрақұрылымның тиімділігін арттыруды қарастырады. Бұл ретте Инвестициялар және даму ми­нистрлігі Ақпарат және комму­ника­циялар, Қаржы министрліктерімен және «ҚТЖ»-мен бірлесіп, «жүктерді онлайн-режимде мониторингтеу және кедендік рәсімдерді жеңілдету үшін блокчейн мен Big Data сияқты заманауи техно­логияларды енгізуді зерттеуі және қам­тамасыз етуі», «жергілікті маңызы бар автожолдардың сапасын жақсарту үшін жыл сайын бөлінетін бюджет қара­жатының жалпы көлемін орташа мер­зімдік перспективада 150 мил­лиард теңгеге дейін жеткізуі», «Интел­лектуалды көлік жүйесін кезең-кезеңмен енгізуді қам­тамасыз ету» керек. Мұның да жауап­кершілігі – министр Жеңіс Қасымбектің еншісінде.
Бесіншіден, Үкімет құрылысқа және коммуналдық секторға заманауи техноло­гияларды енгізеді. Сондай-ақ салынып жатқан және пайдалануға берілген нысан­дарды интеллектуалды басқару жүйе­лерімен жабдықтау тетіктері әзірленбек. Жауапты ретінде Ж.Қасымбек белгіленді.
– Инвестициялар және даму министр­лігіне Мемлекет басшысы қойған міндеттерді ескере отырып, бір айлық мерзімде қазақстандықтарды баспанамен қамтамасыз ету көрсеткішін 2030 жылға қарай 30 шаршы метрге дейін жеткізу бойынша нақты ұсыныстар енгізу тап­сырылады. Қажет болса, «Нұрлы жер» бағдарламасын түзету бойынша ұсыныстар енгізіңіздер – деді Бақытжан Сағынтаев.
Ауыл шаруашылығы министрлігіне Инвестициялар және даму, Ұлттық эко­номика министрліктерімен және өңір әкімдерімен бірлесіп, ауылды сапалы ауызсумен қамтамасыз етуге барлық көз­дерден кемінде 100 миллиард теңгені жыл сайынғы бөліп отыру бойынша шаралар қабылдау тапсырылды. Бақылау вице-премьер Ө.Шөкеевке жүктелді.
Жолдаудағы қаржы секторын «қайта жүктеу» бойынша мәселелердің алтыншы бағыт міндеттерінің негізгі бөлігі Ұлттық банкке қатысты. Осыған байланысты жолдауды іске асыру бойынша әзірленіп жатқан «Жалпыұлттық жоспарға» ҰБ басшысы Данияр Ақышев өз ұсыныстарын енгізетін болды. Жеке тұлғалардың банкрот­тығы институтын енгізу мәселесі бойынша Қаржы министрі Бақыт Сұлтанов биылғы сәуір айының соңына дейін Үкіметке сәйкес заң жобаларын енгізуі қажет.
Ұлттық экономика министрі Тимур Сүлейменовке мүдделі мемлекеттік орган­дармен бірге, қор нарығын одан ары дамытуды қамтамасыз ету, оның ішінде «Самұрық-Қазына» тобындағы ұлттық компаниялардың акцияларын IPO-ға табысты шығару тапсырылды.
Жетіншіден, «Адами капитал – жаңғырту негізі» бағыты бойынша білім беру және денсаулық сақтау салаларында, сондай-ақ әлеуметтік блок бойынша бірқатар тапсырмалар берілді. Нақтырақ айтсақ, Білім және ғылым министрлігі Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау, Ұлттық эко­номика, Қаржы министр­ліктерімен тізе қосып, «жаңартылған мазмұнға көшкен мұғалімдердің лауазым­дық қызметақысын 2018 жылғы 1 қаң­тардан бастап 30%-ға арттыруға», «жаңа жүйе бойынша бекітілген құзыреттілікке байланысты мұғалімдердің жалақысын 30-дан 50%-ға дейін арттыруға» мін­деттелді.
Бұдан бөлек, БҒМ басшысы Ерлан Сағадиев «мектеп оқушыларының оқу жүктемесін азайту бойынша ұсыныстар енгізуге», «балаларды ерте жастан дамыту бағдарламаларын жетілдіруге және оларды 2019 жылғы 1 қыркүйектен бастап енгізу бойынша ұсыныстар енгізуге», «педагоги­калық ЖОО-ларда кафедралар мен факультеттерді дамыту бойынша шаралар қолдануға», «білім берудің барлық дең­гейлерінде математика және жараты­лыстану ғылымдарын оқыту сапасын арт­тыруға», «мектептерді кеңжолақты ин­тернетке қосуға», сондай-ақ «барлық өңірлерде оқушылар сарайларының базасында балалар технопарктері мен бар­лық қажетті инфра­құрылымы бар бизнес-инкубаторлар желісін құру бойынша шаралар қолдануға» жауапты.
Үкімет басшысы Бақытжан Сағынтаев әліпбиді латын қарпіне көшіру мәселесіне қатысты да тапсырма берді.
–Елбасы қазақ тіліндегі терминология мәселесіне де ерекше назар аударды. Қалып­тасып қалған халықаралық термин­дерді аударып, қазақ тілін қиындатудың қа­жеті жоқ. Қайта біз латын қарпіне көшу жағ­дайында халықаралық терминдерді тілі­мізге ыңғайлы, ұтымды пайдалану жағын қарауы­мыз керек, – деді Премьер-министр. Осыған байланысты Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы жалпы жұрт мақұлдаған әлемдегі терминдерді аударудың тәсілдерін қайта қарауға тапсырма алды.
Денсаулық сақтау блогы бойынша министр Елжан Біртановқа осы жылдың мамыр айының соңына дейін «Денсаулық сақтауды дамытудың мемлекеттік бағдар­ламасы» мен «онкологиялық аурулармен күрестің кешенді жоспарының» жоба­ларын әзірлеп, Үкімет қарауына жіберу туралы тапсырма берілді. Ол биыл «Халық ден­саулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» кодекстің жаңа редакциясын әзірлеп, Үкімет қарауына енгізуі қажет.
– Пилоттық пайдаланудан кейін «элек­тронды денсаулық паспортын» ендіруді жеделдету қажет. Азаматтардың өздерінің денсаулық жағдайы туралы ақпаратқа онлайн режимде кіруін қамтамасыз етіп, түрлі мобильді технологиялар арқылы денсаулық сақтау қызметтерін алу мүм­кіндігін кеңейту керек. Ол үшін өңірлердің әкімдіктері биыл барлық медициналық ұйымды ақпараттық жүйелермен 100% қамтамасыз етуге тиіс, – деді Бақытжан Сағынтаев.
Ол министр Тамара Дүйсеноваға Үкіметтің келесі отырысында өзін-өзі жұ­мыспен қамтыған азаматтарды рәсімдеу туралы, сондай-ақ осы жылдан бастап атаулы әлеуметтік көмек көрсетудің жаңа форматын енгізу туралы есеп беруді жүктеді.
– Биылғы 1 шілдеден бастап базалық зейнетақыны тағайындау жүйесі өзгереді. Әлеуметтік қорғаудың барлық органдары азаматтарымызға олардың еңбек қызметін заңдастыруға барынша көмек көрсетуі тиіс, – деді Б.Сағынтаев.
Сегізіншіден, Премьер-министр «тиімді мемлекеттік басқару» бағыты бойынша «кәсіпкерлікті дамыту – Үкімет жұмысының негізгі басымдықтарының бірі» екенін атап өтті және Ұлттық экономика министрлігіне бірқатар тапсырма берді. Әділет министр­лігіне, Астана және Маңғыстау әкімдіктеріне Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігімен бірлесе отырып, факторлық-балдық шкала негізінде мемлекеттік қызметкерлерге еңбекақы төлеудің жаңа жүйесін енгізу тапсырылды. Мұны бақылау вице-премьер Ерболат Досаевқа жүктелді.
– Тоғызыншы, «жемқорлықпен күрес және заңның үстемдігі» бағыты бойынша барлық мемлекеттік органдар жемқор­лықпен күресу жұмыстарын жалғастыруы керек. Ақпарат және коммуникациялар министрлігі азаматтардың өтініштерін қарастыру процесіне қолжетімділігін қамтамасыз ету мақсатында қолда бар ақпараттық жүйелерді пысықтау қажет. Жауапты министр – Дәурен Абаев, – деді Б.Сағынтаев.
Ішкі істер министрі Қалмұханбет Қасымов құқық қорғау органдарын гу­манизациялау бойынша жұмысты жал­ғастыруы керек. «Ішкі істер министрлігі мүдделі мемлекеттік органдармен бірге көшелерде және азаматтардың жаппай жиналатын орындарында бет-жүзді тану және бейнебақылаудың, жол қозғалысын бақылаудың заманауи интеллектуалдық жүйелерін жаппай енгізу бойынша қосымша шаралар қабылдауы керек» деді Б.Сағынтаев.
Оныншы міндет – «ақылды ұлт үшін ақылды қалалар» бағыты аясында Премьер барлық әкімдерге типтік тұжырымдама мен қалаға көшіп жатқан адамдардың құзырет­тілігін дамыту негізінде «Смарт Сити» технологияларын кешенді енгізу бойынша өз жұмыстарын жалғастыруды тапсырды.
Сөзін қорытындылай келе, Бақытжан Сағынтаев Ұлттық экономика министр­лігіне осы жылдың 13 қаңтарында сағат 12.00-ге дейін Үкіметке «Мемлекет басшысының «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» Жолдауын іске асырудың жалпыұлттық жоспарын бекіту туралы» Президент Жарлығының жобасы туралы» ел Үкіметінің қаулысы жобасын енгізуді тапсырды.
–Мемлекет басшысының тапсырма­ларын орындау барысы туралы есепті біз тұрақты негізде Үкіметте қарайтын боламыз, – деп уәде етті Үкімет басшысы.
Жиыннан шыққан Қаржы министрі Б.Сұлтанов мұғалімдердің жалақысын көтеруге шамамен 60-70 миллиард теңге жұмсалатынын журналистерге хабарлады. Оның мәліметінше, бұл іске Үкімет резервіндегі еркін қалдық қаражаттар пай­даланылмақ. Тиісті есептемелер жүр­гізілген соң, бюджет нақтыланатын болды.

Айхан ШӘРІП

 

Бөлісу:

Пікір жазу


*