Орындалуы тиіс он міндет

1125
0
Бөлісу:

Сарапшылардың байламынша, бүгінде әлемдік технологиялық тұғырнама түбегейлі ауысуда. Бұл ретте Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты халыққа Жолдауы елімізді жаһандық үрдістерге бейімдеп, анағұрлым озық әрі тартымды «жаңа әлемге» кіріктіруді көздейді. 

Сонымен бірге, мұның күрделі әрі ұзақ перс­пективаға есептелген үдеріс екенін ес­керген жөн. Бірақ ол жолдан айнымаған, анық басқан ел – Елбасы айтқандай, «жаңа әлем көшбасшыларының қатарынан» та­былады.
Жасыратыны жоқ, дөңгеленген дүние бастан кешіп жатқан бұл ғаламат өзгерістерге бағдарын таппай, абдырай еніп жатқан елдер қарасы көп. Қазақ елі жан-жақты дайын­дықпен келді. Жолдауда атап көрсетілгендей, біз жаһандық өзгерістер мен сын-қатерлерге дайын болу қажеттігін ескеріп, «Қазақстан – 2050» даму стратегиясын қабылдадық. Алды­мызға дамыған отыз елдің қатарына кіру мақсатын қойдық. Сондай-ақ «100 нақты қадам» Ұлт жоспары жүзеге асырылуда. Оның 60 қадамы қазірдің өзінде орындалып болған. Қалғандары, негізінен, ұзақ мерзімге арнал­ған және жоспарлы түрде жалғасын табады. Өткен жылы Қазақстанның Үшінші жаң­ғыруы бастау алды. Индустрияландыру бағ­дар­ламасы табысты орындалуда. Былтыр «Цифрлы Қазақстан» кешенді бағдарламасы да қабылданып, іске қосылды.
Осылардың барлығы Н.Назарбаев жария­лаған он басымдықты жүзеге асырудағы же­тістіктің мықты ұстанымын, берік негізін қа­лайды.
Қазіргі кезде еліміз озық өркендеген елдерге қарап, бой түзеуде. Жолдаудағы бар­лық басымдықтар іске асқаннан кейін Қазақ­станның өзі заманауи даму үлгісіне айналып, дамушы елдерге тағылым көрсетеді, өнеге болады. Бұл үшін елдер Елбасының жолдауын да өздеріне бағдар етіп, онда белгіленген он міндетті шешуге жұмылуы ықтимал.
Ең алдымен, Қазақстан Президентінің айтуынша, «Индустрияландыру жаңа тех­нологияларды енгізудің көшбасшысына айналуға тиіс». Еліміз бұл бағытта табысты қадамдар жасады және оның нәтижелері мұнай бағасы күрт құлдыраған 2014-2015 жыл­дардағы дағдарыс кезеңінде «экономика­мыздың негізгі тұрақтандырушы фактор­лардың біріне» айналды. Осыған орай, Мемлекет басшысы жолдауда 2018 жылы «цифрлық дәуір» өнеркәсібін қалыптастыруға арналған индустрияландырудың үшінші «бесжылдығын» дайындау туралы Үкіметке тапсырма жүктеді.
«Индустрияландыру 4.0 жаңа техно­логиялық қалыптың барлық мүмкіндіктерін пайдалана отырып, мейлінше инновациялық сипатқа ие болуға тиіс. Кәсіпорындарымызды жаңғыртуға және цифрландыруға бағыт­талған, өнімнің экспортқа шығуын көздейтін жаңа құралдарды әзірлеп, сыннан өткізу қажет. Бұлар, бірінші кезекте, техноло­гия­лардың трансфертін ынталандыруға тиіс. Еліміздің бірнеше өнеркәсіптік кәсіпорнын цифрландыру жөніндегі пилоттық жобаны іске асырып, бұл тәжірибені кеңінен тарату керек», – деді Н.Назарбаев.
Екіншіден, Елбасы «ресурстық әлеуетті одан ары дамыту» міндетін қойып отыр. Бұл жерде Президент «шикізат индустрияларын ұйымдастыру ісін, табиғи ресурстарды бас­қаруға қатысты ұстанымдарды сыни тұрғыдан қайта пысықтауды» жүктеді. Кешенді ақпа­ратты-технологиялық платформалар белсенді түрде енгізіледі. Қазақстанда жұмыс жасайтын кәсіпорындар «энергия тиімділігі мен энергия үнемдеуге» иліктіріледі, энергия өндірушілер жұмысының экологиялық тазалығы мен тиімділігіне қойылатын талаптар күшейтіледі. Осы мақсатта заңнама өзгертіледі.
Үшіншіден, «ақылды технологиялар» агроөнеркәсіп кешенін қарқынды дамытуға» серпін береді. Енді аграрлық саясат еңбек өнімділігін түбегейлі арттыруға және өңделген өнімнің экспортын ұлғайтуға бағытталуы керек. Елбасы 5 жыл ішінде АӨК еңбек өнімділігін және өңделген ауыл шаруашылығы өнімінің экспортын кем дегенде 2,5 есеге арттыруды тапсырды. Мұнда аграрлық ғы­лымды дамыту мәселесі басты назарда болады және аграрлық университеттердің рөлі қайта қаралады.
Төртіншіден, «көлік-логистика инфра­құрылымының тиімділігі арттырылады». Жолдауда жүк қозғалысын онлайн режимінде бақылап, олардың кедергісіз тасымалдануы үшін және кедендік операцияларды жеңілдету мақсатымен блокчейн сияқты цифрлық технологиялардың ауқымды түрде енгізілуін қамтамасыз ету, Big data-ны пайдалану мін­деті белгіленді. Осы мақсаттар үшін Интел­лек­туалды көлік жүйесі енгізіледі. Президент ауыл-аймақтар арасындағы қатынастарды жақсарту үшін автожолдардың жергілікті желісін жөндеп, қайта салуға арналған қаржы көлемін көбейтуге тапсырма берді.
Бесіншіден, «құрылысқа және комму­налдық секторға заманауи технологияларды енгізу» ілгерілетіледі. Оның аясында баспа­намен қамтудың әр адамға шаққандағы көрсеткіші қазіргі 21,6 шаршы метрден 2030 жылы 30 шаршы метрге дейін жеткізілмек. Сондай-ақ ауылдарды сапалы ауызсумен қамтамасыз ету үшін Үкімет бұл іске барлық қаражат көздерінен жыл сайын кем дегенде 100 миллиард теңге бөліп отыруға міндеттелді.
Алтыншыдан, қаржы секторы «қайта жаңғыртылады». Елбасы банктік порт­фельдерді «нашар» несиеден арылту ісін аяқтауды жүктеді. Ол үшін банк қожайын­дарына өз шығындарын мойындай отырып, экономикалық жауапкершілік арқалауға тура келеді. Мемлекет «қарапайым азаматтардың мүдделерін қорғауға одан ары кепілдік береді». Ұлттық банк халыққа 2016 жылдың 1 қаңтарына дейін берілген валюталық ипотекалар проблемасын толығымен шешуге міндетті.
Жетіншіден, жолдауда Елбасы жаңғыру негізі – «адами капиталды» да­мытуға баса көңіл бөлді. Бұл ретте білім берудің озық жүйесін құру жедел­детіледі. Үкімет 2025 жылға дейін білім берудің барлық деңгейінде латын қар­піне көшудің нақты кестесін жасауға кіріседі. Денсаулық саласында жастар­дың репродуктивті денсаулығын қорғау­ға және нығайтуға ерекше назар ауда­рыла бастайды. Осы басымдық аясында әлеуметтік саясат пен еңбекпен қамту мәселелері бойынша жеке-жеке мін­деттер белгіленіп отыр.
Жолдаудың сегізінші және тоғы­зыншы басымдықтары өзара астасып, үндесіп жатыр, олар «тиімді мемле­кет­тік басқаруды» және «жемқор­лықпен күрес пен заңның үстемдігін» нығайтуды қарастырады.
Оныншы басымдық «ақылды ұлт» үшін «ақылды қалалар» құруды көз­дейді.
Елбасы белгілеген он басымдықты іске асыру еліміздің қолынан келеді және «ол үшін Қазақстанда қажетті нәр­сенің бәрі бар». Ел Президентінің жаңа жолдауы жаһандық жаңа сын-тегеуріндерге жауап бере отырып, мем­лекеттің ғана емес, әрбір қазақ­стан­дықтың қорғалуын және замана сынына беріктігін күшейтуді, әл-ауқа­тын артты­рып, әлеуетін жүзеге асыру үшін жаңа мүмкіндіктер тудыруды қарастырады. Демек, оны іске асыруға қоғам өкілде­рінің белсене, білек сыбана араласуы, жүгін жұмыла көтеруі ма­ңызды.
Елдос СЕНБАЙ

Бөлісу:

Пікір жазу


*