Елбасы елшілерді қабылдады

1086
0
Бөлісу:

Ақордада Елбасы бірқатар мемлекеттердің жаңа елшілерінен сенім грамоталарын қабылдады. Рәсім барысында Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевқа Швеция Корольдігінің елшісі Матс Фойер, Куба елшісі Эмилио Певида Пупо, Үндістан елшісі Прабхат Кумар, Ұлыбритания және Солтүстік Ирландия Құрама Корольдігінің елшісі Майкл Джон Гиффорд өз елі атынан сенім грамотасын тапсырды.
Мемлекет басшысы рәсімге қатысу­шыларды Қазақстандағы дипломатиялық миссияларының ресми түрде басталуымен құттықтап, олардың жауапты әрі мәр­тебелі қызметтері елдеріміз арасындағы ынтымақтастықты жан-жақты дамытуға септесеріне сенім білдірді.
– Сіздердің жұмыстарыңыз қызықты және жауапты кезеңге тұспа-тұс келіп отыр. Бүгінде әлем жаһандық өзгерістер жолына түсті. Технологиялық революция жаңа сын-қатер әкелумен қатар, кез кел­ген елдің дамуында серпіліс жасауға мүм­кіндік береді. Сондықтан Қазақстан хал­қына «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкін­дік­тері» атты жолдауымды жарияладым, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Қазақстан Президенті әлемнің озық дамыған 30 елінің қатарына қосылуды же­делдету үшін қажетті заманауи техноло­гияларды пайдаланудың маңыздылығын атап өтті. Сонымен бірге, биылғы жол­дауда экономиканы, әлеуметтік саланы, сондай-ақ мемлекеттік басқару ісін дамытудың негізгі бағыттары бойынша нақты он міндет қойғаны туралы елші мырзаларды құлағдар етті.
– Бұл міндеттерді шешу заманауи технологияларды пайдалануды көздейді. Жаңа цифрлық дәуірге табысты бейім­делу, озық дамыған 30 елдің қатарына қо­сылу мәселесіне көмектеседі. Сол үшін бізде «Цифрлы Қазақстан» мемлекеттік бағ­дарламасы қабылданып, іске асыры­луда. Ол экономика мен тіршіліктің бар­лық саласын қамтиды, – деді Н.Назарбаев.
Мемлекет басшысы Қазақстанның халықаралық аренада белсенді позиция ұстанып келе жатқанын айтып, бұл бізге ең өзекті жаһандық және өңірлік пробле­маларды шешуге мүмкіндік беретініне екпін түсірді. Соның ішінде тұрақтылық пен қауіпсіздікті нығайтуға, өркениеттер диалогын ілгерілетуге ерекше үлес қосуға жағдай жасайды.
Елбасы 2017 жылы Астанада өткен бір­қатар ірі іс-шараның нәтижелеріне назар аударды. Олардың қатарында имидждік тұрғыдан ғана емес, сондай-ақ экономикалық тұрғыдан оң әсері болған халықаралық EXPO – 2017 мамандан­дырылған халықаралық көрмесі, Шанхай ынтымақтастық ұйымы саммиті мен Ислам ынтымақтастығы ұйымының Ғылым және технологиялар жөніндегі тұң­ғыш саммиті аталды.
– Сирияаралық қақтығыстарды рет­теудің жаңа тетігі ретіндегі Астана процесі аясындағы оң нәтижелер біздің елдің дер­бес және бейтарап алаң ретінде таңда­луының дұрыстығын көрсетті және оны әлемдік қоғамдастық мойындады, – деді Қазақстан Президенті.
Мемлекет басшысы биылғы қаңтар айында Қазақстанның БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің төрағасы рөліндегі тарихи қыз­метіне кіріскеніне назар аударта келе, төраға ретінде қарастыратын мәселелеріне жан-жақты тоқталып, жаһандық орган­ның барлық мүшелерінің өзара ымыраға келуі үшін белсенді түрде күш жұмыл­дырудың маңыздылығын айтты.
– Осы маңызды органның күнтәрті­біндегі барлық мәселелерге сай жұмыс жүргізіліп жатыр. Биылғы 18 қаңтарда БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің «Жаппай қы­рып-жою қаруларын тараптау: сенім шаралары» атты брифингіне қатысуды жоспарлап отырмын. Бұл тақырып кез­дейсоқ таңдалған жоқ. Біз таратпау режимін дәйекті түрде нығайту мен кеңейту арқылы ғаламды ядролық қарудан азат ету, сондай-ақ жаһандық соғыс қаупінің алдын алып, оны толық жою үшін әлемдік қоғамдастықтың күш-жігерін жұмылдыра беруге ниеттіміз, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Қазақстан Президенті экономикалық бағыт еліміздің шетелдік әріптестермен ынтымақтастығының басты өзегі болып саналатынын атап өтті. Бұл үшін іскерлік ахуалды жақсартатын жұмыстар жалға­суда. Осыған орай, елшілерді Н.Назарбаев олардың елдерінің кәсіпорын­дары мен инвесторларын Қазақ­стан экономикасын индустрияландыруға және цифрлан­дыруға, инфрақұрылым бағдарлама­ла­рына қатысуға шақырды.
Осыдан кейін Елбасы дипломатиялық миссияларын жаңартып отырған әр елмен ынтымақтастыққа жеке тоқтала кетті.
– Елдеріміздің ынтымақтастығы өзара құрмет пен сенімге берік негіздел­ген. Бүгінде Ұлыбритания Қазақстанның ірі инвесторларының және сауда әріп­тестерінің бірі болып саналады, – деді Мемлекет басшысы Ұлыбритания ел­шісіне арнаған сөзінде.
Нұрсұлтан Назарбаев Швециямен ынтымақтастықты дамытуға айрықша мән беретінін нықтап, Швеция Риксдагы­ның спикері Урбан Алиннің елімізге сапары өткен жылдың басты оқиғасына айналғанын айтты.
Қазақстан Президенті елші Прабхат Кумарды Үндістанның ШЫҰ-ның толық мүшесі болуымен құттықтап, Қазақстан Үндістанды маңызды сыртқы саяси және сауда серіктесі ретінде қарастыратынын мәлім етті.
– Елдеріңіз Шанхай ынтымақтастық ұйымының жұмысына тың серпін беріп, мәртебесін арттырады деп сенемін, – деді Мемлекет басшысы.
Сонымен қатар Нұрсұлтан Назарбаев соңғы жылдары Қазақстан-Куба қарым-қатынастары айтарлықтай жанданғанын жоғары бағалап, елдеріміздің сауда-эко­номикалық және саяси ынтымақтастығын нығайту үшін нақты жұмыстарды жал­ғастыру қажет екенін жеткізді. Елбасы 2017 жылдың сәуірінде алғаш рет Кубаға ресми сапармен барған болатын.
Сөз соңында Қазақстан Президенті шетелдік дипломаттардың Астанадағы қызметтері қызықты әрі жемісті бо­луына тілектестік білдіріп, алдағы жұ­мыстарына табыс тіледі.
– Миссияларыңыз табысты болып, мемлекеттеріміз арасындағы қарым-қа­тынастарымызды жан-жақты дамыта түседі деп сенемін. Қазақстанда өткізетін күндеріңіз өздеріңіз үшін де, жақын­дарыңыз үшін де жайлы болсын. Ол жа­ғынан біздің министрлік те, Үкімет те барлық жағдайды жасайды, – деп түйін­деді Нұрсұлтан Назарбаев.

 

Айхан ШӘРІП

 

Бөлісу:

Пікір жазу


*