Заң қолдану тәжірибесі талқыланды

699
0
Бөлісу:

Бас прокуратурада ведомство басшысы Қайрат Қожамжаровтың төрағалығымен жиналыс өтті. Оның жұмысына бас прокурордың орынбасарлары, орталық аппарат қызметкерлері, сондай-ақ бейне­байланыс арқылы облыс прокурорлары қатысты.

Шарада «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне құқық қорғау қызметінің процестік негіздерін жаңғырту мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» жаңа заң аясында атқарылған бір апталық жұ­мыс­тың тәжірибесі мен туындаған пробле­малық мәселелер талқыланды.
Бас прокурор Қайрат Қожамжаров заң талаптарын бұзудың алдын алу мақсатында ұйымдастыру шараларын қабылдағанын атап көрсетті. Атап айтқанда, барлық құқық қорғау органдары басшыларының қатысуымен жиын өткізілді. Облыс прокурорларына заңды қолдану тәртібі мен жеке құрамды оқыту бойынша нұсқау жолданды, сондай-ақ әдістемелік құралдар әзірленді.
Облыс прокурорларының есебін тыңдаған Қ.Қожамжаров қылмыстық қудалау саласында азаматтардың конс­титу­циялық құқығын бұзу фактілеріне жол бермеу керектігін, себебі бұл адамның жеке бас бостандығын шектеумен, ұстау мен қамауға алумен байланысты екендігін атап өтті.
«Прокурор – заңдылықтың сақталуы­ның кепілі. Сондықтан өңірлік прокурор­ларға уақытылы әрекет етулеріңізден азамат­тардың қорғалу деңгейі әсер етеді» деді бас прокурор.
Жиналыс қорытындысы бойынша Қ.Қожамжаров бірқатар нақты тапсыр­малар берді.

 

Айхан ШӘРІП

Бөлісу:

Пікір жазу


*