Биікке самға, көк құсы!

646
0
Бөлісу:

Жаңа жылдың жаңа аптасы ұшақтарға қатысты жаңалықтармен ашылды. Инвестициялар және даму министрлігі алдымен 2018 жылы Қазақстанда 12 бағыт бойынша әуе рейстері ел бюджетінен субсидияланатынын жариялады.

Ведомствоның түсіндіруінше, бұл ретте халықтың Астана мен өңірлер арасындағы әуе қатынасына қажеттілігін өтеуге, сондай-ақ өңірлер арасындағы байланысты нығайтуға баса көңіл бөлінген. Бұған қоса, осы жылы туризмді дамыту және саяхат­шылардың туристік нысандарға қол­жетімдікке деген сұранысын қанағаттан­дыру мақсат тұтылады. Айтылғанды назарға ала отырып, биыл мынадай бағыттар субсидияланатын болады.
Біріншіден, бұл «Қарағанды – Қы­зылорда – Қарағанды» әуе бағыты: ол бойынша әуе компанияларының билет құны 18 000 теңгеден аспайтын тарифімен кем дегенде аптасына 1 рет ұшуына қаржылық демеу жасалады.
Екіншіден, «Өскемен – Қарағанды» бағыты да қолдау көреді, бірақ әуе тасымалдаушысының билет құны 20 000 теңгеден аспауға, ұшулары аптасына 2 реттен кем болмауға тиіс. Үшіншіден, «Көкшетау – Ақтау», «Алматы – Петропавл» және елордалықтардың да демалатын сүйікті орны Алакөл көліне апаратын «Астана – Үшарал» бағыттары да субсидияланады. Бұлардың барлығында тариф 20 000 теңгеден көп, рейстер саны аптасына 2 реттен кем болмауы шарт.
Бұлардан бөлек, осы жылы «Алматы – Көкшетау» (18 000 теңге тарифімен кем де­генде аптасына 2 рет), «Астана – Талдықорған» (24 500 теңге тарифімен кем дегенде аптасына 7 рет), «Петропавл – Шымкент» (20 000 теңге тарифімен кем дегенде аптасына 1 рет), «Астана – Петропавл» (14 300 теңге тарифімен кем дегенде аптасына 1 рет) бағыттары жатқы­зылып отыр.
Сонымен қатар, негізінен, демалыс маусымында және жазғытұрым уақытта сұранысы артатын «Алматы – Балқаш» (14 000 теңге тарифімен кем дегенде аптасына 1 рет), «Астана – Үржар» (Алакөл көлі, 19 500 теңге тарифімен кем дегенде аптасына 1 рет) және «Алматы – Үржар» (Алакөл көлі, 16 000 теңге тарифімен кем дегенде аптасына 1 рет) әуе бағыттары тек 6 ай ғана субсидия қаржы алатын болып бекітілді.
Министрлік барлық тарифтер тек бір бағытқа ұшу үшін көрсетілгенін ескертеді. Рейстерді субсидиялау бағдарламасы 2002 жылдан бері жұмыс жасап келеді және осы кезеңдерде 10-нан астам әуе бағыты ком­мерциялық негізге көшірілді. Қазіргі уақытта бағдарламаның негізгі басымдық­тарының бірі Қазақстандағы туристік бағыттарды дамыту болып отыр.
Көкте самғаған көлік құралдарына қатысты тағы бір қызықты жаңалық та осы ведомстводан келді. Кеше Инвестициялар және даму министрлігінің интернет ресурсында «Ұшуға жарамдылықта ұстау саласындағы мемлекеттік көрсетілетін қызметтер стандарттарын бекіту туралы»
министрдің 2015 жылғы 28 сәуірдегі №499 бұйрығына өзгерістер енгізу туралы» бұйрығы жарияланды. Оған сәйкес, Инвестициялар және даму министрлігі «Азаматтық әуе кемесі данасының ұшуға жарамдылық нормаларына сәйкестігі куәлігін беру» мемлекеттік қызметінің стандартын әзірлеген. Бұл қызметті меморганның Азаматтық авиация комитеті көрсететін болады.
Бұл қызмет тегін емес. Атап айтқанда, құжатқа жүгінсек, аталған куәлік «ұшақ үшін – алым төленетін күні қолданыстағы 10 айлық есептік көрсеткішке» тең болады. Демек, 2018 жылға белгіленген АЕК мөлшері 2 мың 405 теңгені құрайтынын ескерсек, 24 мың 50 теңге шығады.
Бұдан басқа, тікұшақ үшін алым 20 АЕК-ті, басқа ұшу аппараттары үшін – 5 айлық есептік көрсеткішті құрайды. Бұл қаржыны әуе компаниясы не жеке ұшағы, тікұшағы бар азамат екінші деңгейдегі банктер, банктік операцияларды іске асыратын қаржылық ұйымдар арқылы қолма-қол және қолма-қол ақшасыз нысанда, немесе «электрондық үкімет» (egov) порталының төлем шлюзі арқылы төлей алады.
Осы орайда жиналатын алымның ғаламат арзандауы таңдай қақтырады! Салыстырыңыз, бұрыннан қолданылып келген, қазір ғана өзгеріп отырған тәртіп бойынша «азаматтық әуе кемесінің ұшуға жарамдылық нормаларына сәйкестік куәлігін беру үшін алым мөлшерлемелері» ұшақ үшін – 1 000 АЕК-ті (яғни, қазіргі есеппен, 2 миллион 405 мың теңгені), тікұшақ үшін – 2 000 АЕК-ті, басқа ұшу аппараттары үшін 500 айлық есептік көрсеткішті құрайтын.
Азаматтық әуе кемесінің «ұшуға жарамдылық нормаларына сәйкестігін сертификаттау», бюджетке көрсетілген алым төленгеннен кейін тапсырыс берген компанияның орналасқан жері бойынша жүзеге асырылады.
Бұл ретте басқа да жаңалықтар өмірге жолдама алуда. Мәселен, сала толық цифрландырылмақ. Осы мақсатта егер бұрын аталған мемлекеттік қызметті көр­сетуге өтініштерді қабылдау және мем­лекеттік қыз­мет нәтижелерін беру мемор­ган­ның кеңсесі арқылы да жүзеге асырылса, енді бұған тоқтау салынды. Яғни, жеке және заңды тұлғалар Азаматтық авиация комитетінің кабинеттерінің арасында сенделмейді.
«Өтініштерді қабылдау және мемлекет­тік қызметті көрсету нәтижелерін беру тек www.egov.kz «электрондық үкімет» веб-пор­талы, www.elisense.kz порталы арқылы жү­зе­ге асырылады» деп нақты жазылған құжатта.
Мемлекеттік қызметті көрсету мерзімі де айтарлықтай азайтылып отыр. Нақтырақ айтсақ, бұрын «азаматтық әуе кемесі дана­сының ұшуға жарамдылық нормаларына сәйкестігі куәлігін беру, құжаттар топта­масын тапсырған сәттен бастап – 40 күнтізбелік күнді құрайтын». Бірақ бұл үлкен уақытты да созбалаңға салуға «соқ­пақ» қалдырылған. Қосымша зерделеу немесе тексеру қажет болған жағдайларда, қарау мерзімі тағы 30 күнтізбелік күнге дейін ұзартылатын еді. Аталған куәліктің телнұсқасын беруге 2 жұмыс күні кететін.
Бұған қоса, осы кезге дейін «көрсетілетін қызметті алушыға құжаттар топтамасын тапсыру үшін күтудің рұқсат етілген ең ұзақ уақыты – 20 минутты», ал «көрсетілетін қыз­метті алушыға қызмет көрсетудің рұқ­сат етілген ең ұзақ уақыты – 30 (отыз) минут­ты» құрайтыны туралы қосымша талап болатын.
Енді осының барлығы алып тасталып, жаңа мерзім шектері енгізілмек. Жаңа бұйрықта «мемлекеттік қызметті көрсету мерзімі қызметті алушы құжаттар топта­масын тапсырған сәттен бастап, порталға жүгінген кезде – 15 жұмыс күнін» құрай­тыны белгіленді. Яғни, екі еседен артыққа азайтылып отыр. «Қосымша зерделеу немесе тексеру қажет болған жағдайларда», бұдан былай қарау мерзімін небары он жұмыс күніне ғана ұзартуға рұқсат етіледі. Яғни, бірден үш есеге кемітілді! Сарапшы­лардың айтуынша, бұл сыбайлас жем­қорлыққа қорек болар шарттарды жоюға де септігін тигізуге тиіс.
Құжат шенеуніктердің қағазбастылығын да жоюды көздейді. Себебі, осыған дейін «мемлекеттік қызметті көрсету нысаны: ішінара автоматтандырылған электрондық немесе қағаз түрінде» деген норма болатын. Бұған енді жол жоқ: жаңа талап бойынша ұшақтар мен тікұшақтарға куәлікті беру тек «электрондық» түрде жүргізіледі.
Әуе көліктерін пайдаланатын бизнес­мендер тағы бір қолайсыздықтан арылғалы отыр. Бұрын куәлікті алу, ол үшін құжаттар тапсыру еркіндігі тиісті мекеменің жұмыс кестесімен шектелетін. Өйткені Қазақстан­ның еңбек заңнамасына сәйкес, жауапты мекеме дүйсенбіден жұма аралығындағы күндері тек сағат 13:00-ден 14:30-ға дейін және түскі үзілістен оралған соң, сағат 18:30-ға дейін жұмыс жасайтын. Соның ішінде сағат 13:00-ден 14:30-ға дейінгі түскі үзілісін қоса алғанда, таңғы 9:00-ден түскі 17:30-ға дейін ғана өтініштерді қабылдап, мемлекеттік қызметті көрсететін. Қабылдау және нәтижелерді беру «алдын ала жа­зылусыз» және «жеделдетілген қызмет көрсетусіз», «кезек күту тәртібімен» жүзеге асырылатыны да белгілі. Бұлардың барлығы қосымша қиыншылықтар туындататын.
Электронды порталдың «жұмыс кес­тесі» – тәулік бойының барлық сағат­тарын қам­титындықтан, азаматтар әлгі тауқымет­тен құтылады деп күтілуде.

 

 Айхан ШӘРІП

Бөлісу:

Пікір жазу


*