ЕЛБАСЫНЫҢ САПАРЫ ЕЛ МЕРЕЙІН ӨСІРЕДІ

1070
0
Бөлісу:

Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев АҚШ-қа жасайтын ресми сапары барысында Дональд Трамппен кездеседі. Бұл сапардың маңызы туралы Қазақстанның xалықаралық қатынастар кеңесінің төрағасы Ерлан Қарин жан-жақты түсіндіріп берді.

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың Америкаға жасайтын ресми сапары еліміздің мәртебесін асқақтатады. Өйткені Трамп шетелдік көшбасшылар арасында бірінші рет Қазақстан Президентін Ақ үйде қарсы алады. Сондай-ақ Елбасы қырып-жою қаруларын таратпауға арналған жоғары деңгейдегі тақырыптық брифингке қатысады. Ерлан Қариннің айтуынша, Қазақстан мен АҚШ-тың президенттері алдымен Ауғанстан мәселесін талқылайды.
– Америка Нұрсұлтан Назарбаевтың сапарына үлкен мән беріп отыр. Себебі АҚШ жақын арада Ауғанстанға қатысты жаңа стратегияны әзірлейміз деп мәлім­деген болатын. Алайда оны әлі таныстырған жоқ. Меніңше, екі ел басшылары кездес­кенде Ауғанстан стратегиясына баса назар аударатын болады. Бүгінде Қазақстан БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің төрағасы ғана емес, аталған ұйымның бірқатар комитеттеріне де жетекшілік етеді. Соның ішінде Ау­ғанстан мен Талибан жөніндегі комитет те бар. Сол себепті, Назарбаев пен Трамптың келіссөздері кезінде Ауғанстан мәселесіне баса назар аударылады. Сондықтан да Президентіміздің АҚШ-қа жасайтын сапары – маңызды оқиға. Негізі, Дональд Трамп шетелдік көшбасшылардың ішінде Қазақстанның президентін бірінші болып Ақ үйде қарсы алады. Жалпы, алдағы сапар екі ел арасындағы ынтымақтастықтың басым бағыттарын ғана емес, АҚШ пен Орталық Азияның әріптестігін де, АҚШ-тың осы аймақтағы рөлін де анықтайды, – деді Е.Қарин.
Саясаттанушының айтуынша, бүгінде әлем қауымдастығы Қазақстанды ядролық қарусыздандырудың көшбасшысы ретінде жақсы біледі. Сондықтан Трамппен кездесу кезінде аталған мәселе де талқыға салы­нады.
Айта кетейік, осы айда Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев АҚШ-қа ресми сапармен барады. 18 қаңтарда Нью-Йоркте жаппай қырып-жою қаруларын таратпауға арналған жоғары деңгейдегі тақырыптық брифинг өтеді. Оған бірқатар елдің басшылары мен министрлері қатысады. Брифингте Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев сөз сөйлейді деген жоспар бар. Аталған шара Қазақстанның Біріккен Ұлттар Ұйымының Қауіпсіздік Кеңесіне төрағалығы аясында ұйым­дастырылады. Төрағалық 31 қаңтарға дейін жалғасады.

 

Серік ЖОЛДАСБАЙ

 

Бөлісу:

Пікір жазу


*