Алматыда атқарылған шаралар талқыланды

940
0
Бөлісу:

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Алматы қаласының әкімі Бауыржан Байбекті қабылдады. Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі хабарлады.

Қазақстан Президентінің Алматыдағы резиденциясында өткен кездесу бары­сын­да Бауыржан Байбек Мемлекет бас­шысына қаланың әлеуметтік-эконо­ми­калық дамуы жөнінде атқарылып жатқан жұмыстар туралы баяндады.
Нұрсұлтан Назарбаев Алматының рес­­публика экономикасында маңызды рөл атқаратынын атап өтіп, қаланың даму мәселелерін ұдайы назарда ұстайтынын айтты.
– Егер қала халқы 2 миллион адамнан ас­са, ол экономикалық тұрғыдан өзін-өзі толық қамтамасыз ете алады. Қаланың дамуы жаңа мүмкіндіктер туғызып, ша­ғын және орта бизнестің ілгерілеуіне жол ашады. Мұндай қалалар шикізатсыз-ақ көркейіп, елімізді өркендетуге үлес қоса­ды, – деді Елбасы.
Қазақстан Президенті Алматыны га­з­бен қамту және оның экологиясын жақ­сарту мәселелеріне назар аударды.
– Бізге электр станциялары мен тұр­ғын үйлерді газбен қамту, қоғамдық және жеке автокөліктерді газбен жүргізуге кө­шіру бағытындағы жұмыстарды жал­ғас­тыру қажет. Келешекте біз Алматы мен Астанада тек электромобильмен жүретін жағдайға жетуіміз керек, – деді Мемлекет басшысы.
Алматы қаласының әкімі Елбасыға қа­ладағы автомобильдерге арналған үл­кен айналма жол құрылысының бас­тал­ғанын айтып, оған 1,5 миллиард АҚШ дол­лары көлемінде инвестиция тартыл­ғанын мәлімдеді.
– Бұл жоба іске асырылған кезде қала­да­ғы көлік кептелісін күніне 10 пайызға не­месе 40-60 мың автомобильге азайтуға мүм­кіндік береді. Ол қаланың эколо­гия­лық жағдайын жақсартып, Алматының кө­лік-логистика желісін «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» жүйесіне қосатын бола-
­ды, – деді Бауыржан Байбек.
Сонымен қатар кездесу барысында өнер­кәсіп кәсіпорындарын қала сыртына кө­шіру мәселелері қарастырылып, аза­мат­тардың әлеуметтік тұрғыдан осал топ­тарын тұрғын үймен қамтамасыз ету жө­нінде Алматы қаласы әкімдігі атқарып жат­қан шаралар талқыланды.
– Биыл 6 мыңға жуық жалдамалы пә­тер, оның ішінде Атлеттер қалашығынан 1 748 пәтер берілді. Осылайша, кезекте тұрған әрбір үшінші отбасы тұрғын үймен қамтамасыз етілді, – деді қала әкімі.
Кездесу соңында Нұрсұлтан Назарбаев Алматы қаласының одан ары дамуына қа­тысты бірқатар нақты тапсырма берді.
Айта кетейік, Алматы эконо­мика­сы­ның өсімі жыл қорытындысы бойынша 3 пайыз­дан жоғары болады деп күтілуде. Өнеркәсіп, құрылыс, инвестиция кө­лемінің, шағын және орта бизнес су­бъек­тілері санының өсімі 3 пайыздан, пай­далануға берілген тұрғын үйлер 2 пайыз­­дан асады. Шағын және орта биз­нес субъектілері өндірген өнімнің көлемі 20,7 пайызға өсті.
Республикалық бюджетке өткен жыл­мен салыстырғанда 6 пайыздан астам (1,3 триллион теңге), жергілікті бюджетке 10 пайыз­дан астам (372 миллиард теңге) са­лық жиналды. Бюджеттің 99,5 пайызы иге­ріліп, үнемделген қаражат 1,5 мил­лиард теңге болды. Дағдарысқа қарсы үкі­меттік бағдарламалар мен жергілікті шараларды іске асыру нәтижесінде 45 мыңға жуық жұмыс орны ашылды. Қа­ла­ның автобус паркі 2017 жылы 30 пайызға жаңартылып, 500 жаңа автобус сатып алын­ды.
Сәулет, қала құрылысы және Алматы қа­ласының бас жоспарын әзірлеу мәселе­лері жөніндегі «АлматыБасЖоспары» ғы­­лыми-зерттеу институты құрылды. Үкі­метпен бірлесе отырып, «Алатау» ин­новациялық технологиялар паркі арнайы экономикалық аймағын коммуналдық меншікке беру үдерісі басталды.
«Самұрық Қазына» ұлттық әл-ауқат қо­рымен бірлесе отырып, ЖЭО-2 ныса­нын газға көшіру мәселесі қарастырылуда. Халықаралық әуежайды кеңейту және жаңғырту үшін 3В жаңа ұшу-қону жолағы салынып, VIP терминал салу мақсатымен ескі ғимараттар бұзылды, сондай-ақ жаңа ғимараттың эскизі әзірленуде. Студенттер тұратын 93 жатақханаға жөндеу жұмыс­тары жүргізіліп, әлеуметтік-тұрмыстық жағ­дай жақсартылды. Бүгінде 2 мың орын­­ға арналған 4 жатақхананың құры­лысы аяқталуда.

Бөлісу:

Пікір жазу


*