ЕЛ АЛДЫНДА БЕЛЕС БАР

2094
0
Бөлісу:

Қазақстан үшін әр жыл – бір белес. Былтыр EXPO-ны дуылдатып өткіздік. Биыл – Астананың 20 жылдығы! Қазақстан қаңтар айында БҰҰ Қауіпсіздік кеңесіне алғаш рет төрағалық ету мәртебесін иемденді. Үлкен саясатта еліміз бейбітшіл, бітімшіл қалыбымен танылды. Мұның бәрі зор жетістік, әрине.

Қандай саяси, мәдени, тұрмыстық оқиға болса да, соның ішінде жүретін, белсене араласатын, халықаралық және ел ішіндегі мәртебелі жиындарда көтерілетін бастамалардың қай қай­сысын да жүзеге асыратын адамдар. Яғни, сіз бен біз. Мың сан қазақ­стандық. Жыл басында барша Қазақ елінің азаматтарына бас амандық тілелік. «Аман ердің аты шығады» деген атам қазақ.

Мемлекет басшысы «Болашаққа бағ­дар: рухани жаңғыру» атты ма­қаласында: «Еліміз жаңа тарихи кезеңге аяқ басты. Мен жыл басын­дағы халыққа Жолдауымда Қазақ­станның үшінші жаңғыруы бас­талғанын жарияладым. Осылайша, біз қайта түлеудің айрықша маңызды екі процесі – саяси реформа мен эконо­мика­лық жаңғыруды қолға алдық. Біздің мақсатымыз айқын, бағытымыз белгілі, ол – әлемдегі ең дамыған 30 елдің қата­рына қосылу. Аталған екі жаңғыру процесінің де нақты мақсат-міндеттері, басым­дықтары мен оған жеткізетін жол­дары бар. Мен көздеген жұмыстарымыз­дың бәрі дер уақы­тында және барынша тиімді жүзеге асарына сенімдімін. Бірақ ойлағаны­мыз орындалу үшін мұның өзі жет­кіліксіз. Мақсатқа жету үшін біздің санамыз ісімізден озып жүруі, яғни одан бұрын жаңғырып отыруы тиіс. Бұл саяси және экономикалық жаң­ғы­руларды то­лықтырып қана қоймай, олардың өзегіне айналады» деп атап көрсетті.
Демек, ендігі салмақтың бәрі – санаға түседі. Қоғамдық сана қай кезде күшті бо­лады? Әрине, қоғамдық пікір өрісте­генде ғана! Ал қоғамдық пікірді қалып­тастырушы кім немесе не нәрсе? Бұ­қаралық ақпарат құралдары! Қазақ­стандағы БАҚ бәсекеге қабілетті болмай, сана жаңғыра ма? Сөз беделі азайып, бөз беделі арта берсе, құндылықтар қайда қалады?!.
Әркім сауатты бола алады. Саналы бола аламыз ба? Сауықшыл елде сана қайдан болады?!
ХХІ ғасырдағы қазақ баласының алдына қойылатын сауал – осы. Осындайда ата қазақтың «Е, құдайым, бала бер, бала берсең, сана бер!» деп тілек тілейтіні ойға оралады. Абай жарықтық айтқандай, «орынды қарекет» дегеннің орны ойсырап тұрғандай. Қоғамдық сананы жаңғыр­тудың орнына шу мен шоу, дабыра мен даңғыраға бейім бола берсек, ұлттың ұлы мұраты қайда қалады?
Бір сөзбен айтқанда, 2018 жыл – сана сауықтыру жылы болғай!

Нұртөре ЖҮСІП

Бөлісу:

Пікір жазу


*