Астана – дамудың алтын діңгегі

1347
0
Бөлісу:

Өткен 2017 жылдың соңына қарай, 16 желтоқсан қарсаңында жарық көрген Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Тәуелсіздік дәуірі» кітабындағы Қазақстан тәуелсіз ел болғалы қол жеткізген 33 басты нәтижесінің ішінде Астананың қалыптасуын ерекше атауға болады. Себебі, кезіндегі Целиноград – бүгінде Астана аталып, мүлдем басқаша кейіпке еніп отырған, миллион халқы бар, тәуелсіз Қазақ­станның жаңа келбеті.

33 басты нәтиженің 7-тармақшасында бы­лай деп көрсетілген: «Мемлекеттің жаңа елордасы – Астана салынып, қанатын кеңге жайды, жаңа Қазақстанның символы мен мақтанышына айналып, халықтың күш-жігерін тасытты».

Елордамыздың тарихына көз жүгіртер болсақ, еліміз тәуелсіздік алғаннан кейін 1992 жылы Целиноград қаласы мен облысы қай­тадан байырғы атауымен Ақмола атан­ған болатын. 1994 жылғы 6 шілдеде Қа­зақ­стан Рсепубликасы Жоғарғы Кеңесінің ас­тананы Алматыдан Ақмолаға көшіру ту­ралы тарихи қаулысы қабылданды. 1997 жыл­ғы 20 қазанда Елбасы Н.Назарбаев «Ақ­мола қаласын Қазақстан Республика­сы­ның астанасы деп жариялау туралы» жар­л­ық шығарды. Осы құжатқа сай Ақмола Қа­зақстанның астанасы құқығына 1997 жыл­ғы 10 желтоқсаннан бастап ие болды. 1998 жылдың 6 мамырында Президент
Н.Назарбаев «Ақмола қаласының Қазақ­стан Республикасының астанасы – Астана қала­сы болып өзгертілгені туралы» жар­лық­­қа қол қойды. 2008 жылы 24 маусымдағы заң­мен 6 шілде – Астана күні, мемлекеттік ме­ре­ке болып белгілеген күннен бері бүгін­де жыл сайын тойланады.
Елбасы жаңа кітабында «Жас мем­ле­кет­ке міндетті түрде жаңа, заманауи астана қа­жет екенін тәуелсіздіктің бірінші күнінен-ақ ойландым. 1992 жылдың өзінде-ақ Ақ­молаға жұмыс сапарымен келгенде, аста­наны осында ауыстыру туралы ойға келдім. Астананы көшіру бірқатар өзекті мәселе­лерді шешуге ықпал ететінін, соның нәти­жесінде, Қазақстан халқын ұлттық идеяларға ұйыс­тыратын жаңа саяси орталық құруға бо­латынын, аймақтардың бір-бірімен ық­палдасуы күшейіп, ел дамуының алтын дің­гегіне айналатын тың қозғаушы күштің туа­тынын түсіндім. Солардың ішінде саяси-сим­воликалық идеяның маңызы өте жо­ғары болды» дейді.
Расында, елордамыз санаулы жылдар ішінде көрікті, заманауи шаһарға, нағыз урбанистік жауһарға айналып шыға келді. Көкпен таласқан жаңа үлгідегі ғимараттар бой көтерді. Әртүрлі дизайнмен салынған жаңа сәулет ғимараттары кімнің болмасын көз тартары анық. Осыдан он жыл бұрын Елбасының: «Сәулет өнері шеберлерінің шығармашылық соны ізденістерінен туған өзіндік сипаты ерекше әсем ғимараттары арқасында Қазақстанның енді ғана бой көтерген астанасы қайталанбас келбетке ие болады» деп айтқаны келді.
Астананың Сарыарқаның төсінен таң­далуының да өзіндік себебі бар. «Тәуелсіздік дәуірі» кітабында «Менің жеке тапсырмам бойынша астана болуға лайық қалалар с­арапқа салынды. Үміткер қаланың геог­ра­фиялық жағдайы да, табиғаты мен кли­маты да, әлеуметтік-экономикалық, әске­ри-ст­р­а­т­егиялық, көлік және инженерлік инф­рақұрылым, құрылыстық, демог­ра­фиялық, ғылыми және мәдени даму мүм­кіндіктері де астанаға қойылатын талаптарға сай келуі тиіс еді. Жан-жақты талдай кел­ген­де, астана болуға ең лайығы Ақмола бо­лып шық­ты» дейді Елбасы.
Мәселен, Астана сәулет кешенінің күре­­тамыры іспетті түзу сызықтың бойында орналасқан «Хан Шатыр» − «Бәйтерек» − «Ақорда» − «Бейбітшілік және келісім са­райы» − «Қазақ елі» монументіне қарап, Ұлы дала дәстүрлерімен сабақтастық идея­сын аңғаруға болады.
Астанада бүгінде пайдасы елімізге тие­тін небір ірі жобалар бастау алып, әлемдік деңгейдегі басқосулар мен саммиттер ұйым­дастырылып, ауқымды шаралар өткі­зі­ліп тұратын бас қала болып отырғанын ауыз толтырып айтуға негіз бар. Мысалы, алдымызда Астананы халықаралық қаржы ор­талығына айналдыру міндеті тұр. Сондай айтулы оқиғалардың бірі − күзде ғана еліміз абы­роймен атқарған EXPO – 2017 халы­қ­аралық көрмесі. Бұл да тәуелсіз Қазақ­стан­ның абыройын асқақтатқан айрықша же­тіс­тіктердің бірі болды.

Ауыт МҰҚИБЕК, ақын:

ЕЛБАСЫМЫЗДЫҢ ТӨЛ ПЕРЗЕНТІ
– Құдайға тәубе, Астана – шын мә­нін­дегі арман қалаға айналды. Оның барлық бітім-болмысы, есейіп осы халге келуі көз алдымда тұр. Соңғы бес жылдан бері Ас­танада тұрамын. Отбасымызбен көшіп келіп, алғашқы атбасын тіреген жеріміз Алматы көшесінің бойы болатын. Сол кезде Керей-Жәнібек хандар көшесі қаланың ең шеткі көшесі болып есептелетін.
Ал қазір ше?
Қазір ол көше шаһардың ең орталық кө­шесінің біріне айналып, қала іргесі ай­наласы 5-6 жылдың ішінде жылжи-жылжи әуе­жайға дейін созылып, тіпті тұтасайын деп қалды. Қысқасы, Астананың өсуі мен өр­кендеуі – «Алпамыс батыр» ертегісін еске са­лады. Қолым қалт ете қалған сәтте Есілге қарай жүгірем. Есіл бойын жағалап, серуен құрып, демалып жүрген жұрттың қарасы қы­сы-жазы таусылмайды. Арасында шет­елдіктердің де өріп жүргенін байқап қалам. Со­ларға қарап, кеудемді бір мақтаныш се­зімі кернеп кетеді. Астана – өте көрікті қа­ла. Оның көркін асырып тұрған бір ке­ре­мет болса, ол – осы Есіл өзені.
Жұртымыздың «Астана – Елбасы­мыз­дың төл перзенті» деуіне толықтай қо­сы­ла­мын. 1990 жылы 25 қазанда Қазақстан Еге­мендік туралы декларация қабылдап, бү­гінде Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Президент атанған күннен бастап есептесек, Астана шындығында, то­ғыз жыл толғатып барып, дүниеге келген қа­ла.
Қазақы ырыммен айтсақ, Астана – жо­лы болғыш, ниеті ақ қала. Әлемдік жарыстар мен татулық іздеген жиналыстардың осын­да жиі-жиі өтуі – соның дәлелі.
Қысқасы, Нұрсұлтан Назарбаев қазаққа ға­на астана салып берген жоқ, әлемдік қа­лалардың қатарына жұлдызы жарқыраған жаңа бір есім қосты.
Ол – біздің Астана!

Нұрсұлу Мырзахмет

Бөлісу:

Пікір жазу


*