ЖЕТІСТІКТЕР ЖАҢА БИІКТЕРГЕ ЖЕТЕЛЕЙДІ

1329
0
Бөлісу:
Нұр Отан логотип

«Нұр Отан» халықпен тікелей жұмыс істеп,
кезек күттірмей шешілуге тиіс мәселелерді үнемі назарда ұстап, нағыз елдік партия атанды.

(Қазақстан Республикасының Президенті, «Нұр Отан» партиясының Төрағасы
Н.Назарбаевтың партия Саяси кеңесінің кеңейтілген отырысында сөйлеген сөзінен.
3 қараша, 2017 жыл)

Тәубе, жыл өткен сайын іргеміз бекіп, елдігіміз нығайып келеді. Ер қазақтың бағына туған Елбасымыздың ерен еңбегі мен әлемдік қауымдастықтағы биік беделінің арқасында Қазақстан тауық жылын да зор табыспен аяқтап отыр. Биыл біз дүниежүзі елдерінің қызу қолдауына ие болған саяси, экономикалық және рухани жаңғыруды батыл қолға алып, жүзеге сәтті асыра білдік. XVIII қысқы Универсиада, EXPO – 2017 халықаралық мамандандырылған көрмесі сияқты ауқымды іс-шараларды да абыроймен өткіздік. Жаһанның бас ауруына айналған түйткілді мәселелердің түйінін тарқатуда да Қазақстанның үлесі мол болды. Осы ретте Мемлекет басшысы айқындап берген басым бағыттардың жемісті болуына елдегі басты саяси күш, Елбасы бастамаларының негізгі қолдаушысы – «Нұр Отан» партиясының да күш-жігерін жұмсап келе жатқанын атап өткен жөн. Соған орай партияның 2017 жылы атқарған игілікті істерінің бір парасына көз жүгіртіп өтуді жөн санадық.

Елмен етене партия
Халықпен тұрақты байланыс ор­натып, ел арасындағы өзекті мә­селелерді дер кезінде анықтау – «Нұр Отан» партиясының басым бағыты. Елбасы, партия Төрағасы Нұрсұлтан Назарбаев та бұл мә­селеге ерекше мән беріп: «Азамат­тармен тұрақты диалог – партия­мыздың халықтық қолдауының қайнар көзі» деген болатын. Соған орай «Нұр Отан» партиясы жүйелі түрде қоғамдық қабылдаулар ұйымдастырып, өткір мәселелер­дің оңтайлы шешілуіне жағдай жасап келеді. Ол үшін партияның республикалық деңгейден бастап, барлық аудан орталықтарында қоғамдық қабылдау бөлмелері жұмыс істейді. Биыл онда 210 мыңға жуық өтініш қаралып, 40 мың қабылдау өткізілді. Соның ішінде Мәжілістегі партия фрак­циясының мүшелері – 600, әкімдер мен олардың орынбасар­лары – 3,5 мың, барлық деңгейдегі мәслихат депутаттары 12 мың қабылдау өткізіп, азаматтармен бетпе-бет кездесті. Республикалық қоғамдық қабылдау бөлмесінде түрлі орталық мемлекеттік орган басшылары 69 қабылдау өткізсе, соның 24-і министрлердің қаты­суымен ұйымдастырылды. Осы қатарда партия Төрағасының Бірінші орынбасары Мұхтар Құл-Мұхаммедтің де бірнеше қабыл­дауы бар екенін айта кеткен лазым. Ең бастысы, бұл қабылдаулар нәтижесін беріп, халықты алаң­датқан мәселелер оң ше­шімін табуда. Алдағы уақытта да партия осы бағыттағы жұмысын одан әрі жандандырып, әрдайым азамат­тардың ахуалын бірінші кезекке қойып әрекет етері анық.

Игі бастамаларға үн қосу – елдіктің нышаны
Тәуелсіздіктің ширек ғасы­рында барша әлемге бірлік пен берекенің алтын бесігі ретінде танылып, дамудың өзіндік даңғыл жолын қалыптастырған Қазақ елі биыл тарихтың жаңа сатысына аяқ басқанын жоғарыда айттық. Ол – әрине, Елбасымыздың бастамасы­мен қолға алынған саяси, эконо­микалық және рухани жаңғыру. Кез келген істің табысты болуына көпшіліктің қолдауы қажет екенін ескерсек, «Нұр Отан» пар­тиясы ауыз толтырып айтар­лықтай жұмыс атқарды. Осы ретте Мем­лекет басшысының жаңа рефор­маларының мәні мен маңы­зын халыққа түсіндіруде Мәжі­лістегі нұротандық депутаттардың ең­бегін атап өтпеске болмайды. Халық қалаулылары ауыл-аймақ­ты түгел аралап, кемел келешектің кепілі болған басым бағыттарды жемісті жүзеге асыру үшін әр қа­зақстандық аянып қалмауы ке­ректігін тұрғындарға түсіндірді.
Сонымен қатар «Нұр Отан» пар­тиясы тұтас елдің назарын атал­ған тарихи бастамаларға ау­дарып, Демократиялық күштердің «Қазақстан – 2050» жалпыұлттық коалициясының жұмысын да тұрақты негізге көшірді. Соның нәтижесінде, Коалиция қолға алын­ған істерге бүкіл халықты жұ­мылдыру үшін арнайы отырыстар өткізіп, аса маңызды Үндеулер қабылдады.

Өңірлердегі оң өзгерістер басты назарда
Мемлекет басшысының әрбір бағдарламасының жүзеге асы­рылуы мен оның халыққа түсінді­рілуі де әрдайым партияның басты назарында. Соған сәйкес, партия Төрағасының Бірінші орынбасары Мұхтар Құл-Мұхаммед жыл бойы еліміздің барлық өңірінде болып, Президент тапсырмаларының орын­далу барысын өз көзімен кө­ріп қайтты. Сапар барысында ел экономикасының дамуына тың серпін берген «Нұрлы жол» және «Нұрлы жер» бағдарламалары аясындағы жұмыстарға аса мән берілді. Мемлекеттік бюджеттен бөлінген қаражаттың тиімді жұм­салуы да партия Төрағасы Бірінші орынбасарының назарынан тыс қалған жоқ. Сондай-ақ ол әр өңір­ге барған сайын еңбек ұжымдары­мен және жергілікті жастармен арнайы кездесіп, Елбасының стра­тегиялық бастамаларының маңы­зын түсіндіріп берді.
Мұхтар Құл-Мұхаммед ат ба­сын тіреген кәсіпорындардың қа­тарында «Нұрлы жол», «Нұрлы жер», мемлекеттік индустриялды-инновациялық даму бағдарлама­сы, «Бизнестің жол картасы – 2020» президенттік бағдарлама­ларының арқасында іске қосылған Павлодар облысындағы «Гиссен­хауз» алю­ми­ний өнімдерін дайын­дайтын зауыт, Атырау облысын­дағы по­лиэти­лен және металлплас­тик құбырлар мен құбыр желісіне арналған арматура шығаратын «Шеврон МұнайГаз Инк» ком­паниясы, Жамбыл облысындағы Vista International жел электр стан­сасы сияқты бірқатар маңызды нысандар бар.

Партиялық бақылаудың тиімді тетігі
Мемлекет қаржысының орын­ды жұмсалуы мен маңызды бағ­дарламалардың орындалуын партиялық қадағалау орталық деңгейде де жүйелі жүргізіліп ке­леді. Атап айтқанда, бүгінде ведомство басшыларының мемле­кеттік бағдарламалар жөнінде атқарған жұмыстары жайында партияға келіп есеп беруі дәстүрге айналды. Осыған орай партиялық тыңдаулар өткізу қолға алынды. Тек биылдың өзінде барлық нұротандықтардың қатысуымен
6 Үкімет мүшесінің есебін тың­даған партиялық тыңдаулар өткі­зілді. Онда еліміздің әрбір өңірін­дегі нұротандық депутат министр­лер мен ұлттық компания басшы­ла­рына өз сұрағын жолдауға мүм­кіндік алды. Нәтижесінде, Үкі­метке 106 ұсыныс жолданып, олар бойын­ша тиісті жұмыстар істелді. Дәл осындай нәтижелі партиялық тыңдаулар бүгінде барлық облыс­тарда қолға алынғанын атап өткен жөн.
Халықаралық байланыстың берері мол
«Нұр Отан» партиясының 2017 жылдағы басты жетістіктерінің бірі ретінде халықаралық байла­ныстың нығаюын айтуға болады. Соның ішінде жаһан көшінің алдыңғы легінде жүрген Жапония, Сингапур сияқты елдермен пар­тияаралық тығыз қарым-қатынас орнап, тың тәжірибелерге қол жет­кізілді. Партия Төрағасының Бі­рінші орынбасары аталған ел­дерге арнайы барып, екіжақты ынтымақтастықтың артуына үл­кен үлес қосты. Жапонияға сапары кезінде Мұхтар Құл-Мұхаммед осы елдің Премьер-министрі және негізгі саяси күш болып саналатын билеуші Либералды-демокра­тиялық партияның төрағасы Синдзо Абэмен кездесті. Синга­пурде елдің Премьер-министрі, жетекші Халықтық іс-әрекет партиясының бас хатшысы, мемле­кеттің негізін қалаған қайраткер – Ли Куан Юдің ұлы Ли Сянь Лунмен жүздесті.
Жалпы бейнелі түрде «Азия жолбарыстары» деп аталатын бұл Шығыс елдерінің таңдалуы тегін емес. Себебі, бүгінде бүкіл әлем бұрынғыдай тек Батысқа емес, алақандай жерде орналасса да тұ­тас дүниені аузына қаратып отыр­ған дәл осы Шығыс жауһарларына қарап бой түзей бастады.
Бұдан басқа, биыл «Нұр Отан» партиясының хатшылары мен өкілдері Германия, Ұлыбритания, Қытай, Малайзия, Финляндия елдеріне арнайы барып, сол жақ­тағы басты саяси партиялардың жұмыс тәжірибесімен танысып қайтты.

Жастарды қолдау – жарқын болашақтың кепілі
Елбасымыз қашанда жастарға ерекше қолдау көрсетіп, олардың сапалы білім алып, бәсекеге қа­білетті маман болып қалыптасуына барынша жағдай жасап келеді.
Бұл – «Нұр Отан» партиясының да басым бағыттарының бірі. Сон­дықтан партия жастар мәселесіне қай кезде де ерекше мән беріп келеді. Мемлекет басшысының тікелей тапсырмасымен қолға алынған «Сәтті қадам» партиялық жобасы аясында биыл Ұлттық бірыңғай тестілеуге қатыспаған немесе шектік деңгейден өте алмаған 55 мың түлек партия қам­қорлығына алынып, кәсіптік білім беру және жұмысқа орналастыру арқылы түгелдей еңбекпен қам­тыл­ды. Өткен жылы дәл осындай 52 мыңнан астам мектеп бітіруші партия қамқорлығына алынған болатын. Осы тектес нақты қол­дау­дың арқасында жастардың пар­тияға деген сенімі артып, нұротан­дық атанғысы келгендердің қатары көбейді. Нәтижесінде, тауық жылы 85 мыңға жуық жас азамат партия қатарына өтті.
Сондай-ақ аз қамтылған және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған қолдауға мұқтаж жастарға әлемнің алдыңғы қатарлы оқу орын­дарында білім алуға мүм­кіндік беретін «Нұр арман» жобасы да сәтті жүзеге асырылып келеді. Жас өнертапқыштар ара­сындағы «Нұр Интек» инно­вациялық байқауы да партияның жастарға көрсеткен қолдауының нәтижесі екені сөзсіз.
Сонымен қатар биыл «Нұр Отан» партиясының мұрындық болуымен Дүниежүзі қазақтары­ның V құрылтайы аясында «Рухани жаңғыру және жастар» атты Қазақ жастарының І халықаралық фору­мы өткізілді. Бұл форумға әлемнің 20 елінен келген қазақ жастары қатысып, Отанымыз – Қазақстан­ның одан әрі өсіп-өркендеуіне жас буынның қосар үлесін сөз етті.

Дамудың жаңа сатысы
Мінеки, бұл – партияның биыл атқарған жұмыстарының бір парасы ғана. Алда бұдан да зор міндеттер мен межелер тұр. Ендігі белес – дамудың келесі сатысы – партиялық жаңғыру. Оны партия Саяси кеңесінің кеңейтілген оты­рысында Елбасы, партия Төрағасы Нұрсұлтан Назарбаевтың өзі ай­қындап, тапсырма берді. Қазірдің өзінде партияда осы бағытта нақты жұмыстар қолға алынуда. Пар­тиялық жаңғыру аясында Орталық аппарат қызметкерлері түгелдей аттестациядан өткізіліп, білім мен біліктілік мәселесі пысықталды. Партия жұмысына жаңа үлгілер мен әдістерді қолданудың тетік­терін талқылау мақсатында «Жаң­ғыру мен тың идеялар арқылы жарқын болашаққа» атты Nur Otan Talks еркін пікір алаңы ұйымдас­тырылды. Одан бөлек партия қызметін жаңғыртудың нақты жос­пары жасалып, алдағы уақытта атқаратын жұмыс жоспары жүйе­леніп, жүрер жол айқын­дал­ды. Ендігі мақсат – осы жоспарды сәтті жүзеге асырып, Елбасы тап­сырмасын тыңғылықты орындау.

Еламан ҚОҢЫР

Бөлісу:

Пікір жазу


*