Таланттар танылған жыл

1466
0
Бөлісу:

Биыл – қазақтың жұлдызы жанған жыл! Қазақ елінің абыройын асқақтатып, әлемге танытқан таланттардың жеңісі – ел мерейі. Талайды тамсандырған дарындар – елдің мақтанышы. Ғылым, өнер-білімнің беткеұстары. Жүз жаңа есімнің жеңісі – көпшілікке үлгі. Жарқырап шыққан жаңа есімдер – елдің көзайымы. Олар: күллі Қытай табынған, әлем әншісі Димаш Құдайберген, балалар арасында Украинада топ жарған тастүлек Данэлия Төлешова, «Қазақтың Моцарты» Рахат-би Әбдісағын, «Шахмат аруы» Жансая Әбдімәлік, Азияның ең үздік шахматшысы Динара Сәдуақасова, мұз айдынның қарлығашы Элизабет Тұрсынбаева, калькулятордан жүйрік Ілияс Тоқтархан, вундеркинд Абзал Мырзаш…

1. Жансая Әбдімәлік – шахматтың шынары
Небәрі 14 жасында гроссмейс­тер атанған Жансая Әбдімәлік – қазақ шахматының беткеұстары. Ол – Қазақстанда Шахмат ака­демиясын ашқан бірден-бір ойыншы. Ақылына көркі сай
Жансая – шахмат әлемінің хас сұлуы. Ол биыл әлем шахматшы­лары ара­сын­да өткен Miss Chess Eurasia байқауының «Шахмат аруы» ата­ғын иеленді. 2017 жылы 17 жа­сында Италияның Тарвизио қа­ласында өткен шахмат бәсеке­сінде 20 жасқа дейінгілер арасында әлем чемпионы атанды.

2. Динара Сәдуақасова – халықаралық гроссмейстер
Ол шахмат ой­науды бес жа­сынан үйренген. 2012 жылы 16 жа­сында Қазақстанның әйелдер арасындағы ең жас гроссмейстрі атанған. Халықаралық гроссмейс­тер биыл Әл-Аинде (БАӘ) өткен Азияның шахмат саммитінде 2017 жылғы ең үздік шахматшы атанды. Asian Chess Excellence Awards сый­лығын иеленді. Қыздар арасында әлемнің төрт дүркін чемпионы.
Ол – биыл ЮНИСЕФ-тің Қазақ­стан­дағы ерікті елшісі болып сайланған тұңғыш қазақ қызы. Динара жыл сайын шахматтың қыр-сырын үйрету, жастарды кәсіби шыңдау мақсатында «Гроссмейстер Динара Сәдуақа­сова кубогы» атты шахмат тур­нирін өткізіп тұрады. Азияның ең үздік шахматшысы 16 қазан 1996 жылы Астанада өмірге келген. Жастайынан көпшілікке шахмат­ты үйретуді қолға алуы – еңбек­қорлық. 2014 жылы «Шахматтың алғашқы қадамдары» атты кітабын стипендиясына шығарған. Осы кітаппен 2016 жылдан бері қазақ­стандық оқушылар шахмат үйре­неді. «Құрмет» орденінің иегері.
3. Димаш Құдайберген – жыл әншісі
Димаштың жұлдызын жаққан – I am a Singer. Қытайдағы Hunan tv-ның музыкалық жобасында ІІ орын алған соң, әлемге танылды. Оның I am a Singer байқауында орындаған әндері бір бөлек. Витастың ең күрделі әні «Опера 2»-ні орындағаны – бір төбе. Ви­тастың дауысынан 4 модуляциямен 2 тон жоғары айтқаны музыка әлемін дүр сілкінтті. Димаштың даусы – өте сирек кездесетін контральто. Контральто – вокал өнерінде ешкім қайталай алмай­тын құбылыс. Бірнеше халықара­лық байқаулардың лауреаты Димаш – «Жылдың ең үздік ән­шісі». Қазақстанда ұшаққа аты беріл­ген екі әнші болса, бірі – аты аңызға айналған Халық Қаһар­маны Роза Бағланова. Екіншісі – Димаш Құдайберген. Оның құр­метіне TianDao мен Eastern Airlines компаниялары бірлесіп, ұшақ шығарды. Осылайша, Димашты көрерменнің қошеметі көкке көтерді. Бүгінде оның Қазақстан­нан өзге АҚШ, Жапонияда, Индо­незия, Қытай, Франция және тағы сол сияқты әлемнің әр қиырында фан-топтары бар. Күні кеше Қы­тайдың «Грэммиі» Golden mango melody awards салтанатты шара­сында «Жылдың үздік танымал әншісі» атанды.

4. Рахат-би Әбдісағын – қазақтың «Моцарты»
М.Төлебаев атындағы 7 жыл­дық музыка мектебін 4 төрт жылда үздік бітірген. 13 жасында Италия­дағы Accademia Musicale Santa Cecilia di Bergamo академиясының студент-тыңдаушысы, Құрман­ғазы атындағы Қазақ ұлттық кон­сер­ваториясының студенті атан­ған. 2016 жылы екі оқу орнын үздік бітіріп, 17 жасында Астана қала­сын­дағы Қазақ ұлттық өнер универ­ситетінің магистратурасына түскен. 18 жасында магистрлік дис­сертациясын үздік қорғаған. Оның «Қазақ рапсодиясы» атты шығармасы АҚШ-тағы XV ғасыр­дан бастап фортепиано мен ор­кестрге арналған танымал шығар­малар жинақталған Discography-ға енген. Discography-да Қазақстан­нан төрт-ақ композитор: Ғазиза Жұбанова, Тілес Қажығалиев, Серік Еркімбеков және Рахат-би Әбдісағынның ғана шығармалары бар. Аталған жинаққа ең соңғы қазақ шығармасы 1980 жылы енген екен. Үш мүшелден соң, тәуелсіз Қазақ елінен енген тұң­ғыш шығарма – «Қазақ рапсо­диясы». Ерекше дарынды Рахат-биді әлем «қазақтың Моцарты» деп таниды.

5. Данэлия Төлешова – бейбітшілік жаршысы
Украинада өткен «1+1» телеар­на­сының «Голос. Діти» жобасының жеңімпазы. Алматы қаласындағы №56 мектеп-гимназияның оқу­шы­сы. Бұған дейін «Аялаған Астана» байқауында жеңімпаз болған. Байқауда «Не твоя війна» әнін шырқағанда, көзіне жас ал­маған көрермен кемде-кем. Бей­бітшілікке шақырған Данэлияның даусына таңғалған әлем «Данэлия­ның даусы – бейбітшіліктің жаршысы» деп бағалады.

6. Денис Тен – мұз айдынның королі
2017 жыл Денис үшін – сәтті жыл. «Мұзда жеңіске жету мүмкін емес» деген сеңді бұзған, Қазақ­стан­ның намысын қорғап жүрген тұңғыш мәнерлеп сырғанаушы. Биыл мұз айдында әрбір қойылы­мын мүлтіксіз орындайтын Денис Теннің бағы жанды. «Универ­сиа­да – 2017»-де алтын медальді же­ңіп алды. Бұған дейін дүниежүзілік бәсекелерде алтын жүлде суда жүзген балықтай ұстатпайтын. Ол 1993 жылы 13 маусымда Алматыда туған. Кореяның генералы Мын Хин Гоның ұрпағы Денис Теннің арманы – Қазақстанда мәнерлеп сырғанау мектебін қалыптастыру. Өзінен кейінгі жастарға мұз ай­дын­ның қыр-сырын үйретіп жүр­ген еңбегі ерекше. Қазақстанның еңбек сіңірген спорт шебері.

7. Элизабет Тұрсынбаева – жылдың үздік жас спортшысы
«Жылдың ұлттық спорттық жүл­десі» байқауында «Жылдың үздік жас спортшысы» атанды. Биыл Минскіде өткен халықара­лық Ice Star турнирінде І орынды иеленді. Франциядағы Гран-при жарысында екі бағдарлама бойынша 200 ұпаймен рекордтық көрсеткішке қол жеткізді. Шан­хайда өткен Shanghai Trophy тур­нирінде жеке сырғанаудан күміс жүлдені иеленді. Хельсинкидегі әлем чемпионатында табысты өнер көрсетті. Қазақстандағы мә­нер­леп сырғанау тарихында әйел­дер арасында тұңғыш рет Кореяда өтетін Олимпиадаға екі лицензия­ны жеңіп алды. 14 ақпанда 2000 жылы Мәскеуде туған. Халықара­лық мәнерлеп сырғанау одағының рейтингісінде үздік он спорт­шының бірі. Әлемдік аренада ел намысын қорғап жүрген мә­нерлеп сырғанаудан халықаралық дә­режедегі спорт шебері, Қазақ­стан­ның төрт дүркін чемпионы, қысқы жасөспірімдер Олимпиада ойын­дарының және VIII қысқы Азия ойындарының қола жүл­дегері, халықаралық турнирлердің көп­дүркін жеңімпазы.

8. Зарина Дияс – WTA турнирінде жеңген тұңғыш қазақ қызы
Биыл бұған дейін бекзада спорт­тың ITF турнирлерінде 7 рет жеңіске жеткен теннисші Зарина Диас WTA-ның ересектер ара­сындағы турнирінде топ жарды. Табанды еңбек, тынымсыз жатты­ғумен қазақтан да теннисші шыға­тынын дүниежүзіне дәлелдеген – тұңғыш қазақ қызы. Күншығыс елінде жапониялық Мао Катоны жолда қалдырған Зарина үшін жеңіске толы жемісті жыл болды. Ақсүйектердің ойыны – теннис қазаққа енді таңсық емес. Бірақ бекзада өнерден бағы жанған тен­нисшілеріміз санаулы-ақ. Қазақ елінің намысын 140 жылдық та­рихы бар Уимблдонның, теннистің төрт бұрышы – Үлкен дулыға жарыстары, Австралия, АҚШ, Франция ашық біріншілігінде бақ сынаған бірден-бір спортшы. Қазақстанның бірінші ракеткасы 18 қазанда 1993 жылы Алматыда туған. Биыл Зарина Дияс «Ролан Гаррос» турнирінде спорттық жо­лында бірінші рет миллионер атанды. Заринаның жүлде қоры 1 миллион 46 мың долларға жетті. Зарина Дияс – бір ғасырдан астам уақыт Уимблдонның бас жүлдесін өзара бөлісіп, бермей келе жатқан АҚШ, Ұлыбритания, Франция, Бразилияның қатарына Қазақ­станды қосатын үкілі үмітіміз.

9. Абзал Мырзаш – вундеркинд
Оның дүниежүзінде ерекше қа­білетімен танылған вундер­киндтерден айырмашылығы – спорт, ғылым, өнер, білім – барлық салада жан-жақты қабілетті. Ерекше дарын иесі. 11 жасында 11-сыныпты бітірген. Биыл 12 жасында Қазақстан – Британ техникалық университетінің студенті атанды. 15 жасында ҚБТУ-ды бітіріп, АҚШ-тың Мас­сачусетс штатындағы Massachusetts Institute of Technology институтына түспек.

10. Ілияс Тоқтархан – «калькулятор бала»
Малайзия астанасы – Куала-Лумпурде өткен ХХІІ Бүкіләлемдік UCMAS академиясының мен­тальды арифметика жарысында Ілияс Тоқтархан гран-приді иеленді. Осылайша, математи­калық есеп шығарудан әлемдік рекорд жаңартты. Genting International Convention Centre-де 45 елден жиналған 3000-нан астам бала қатысқан.

 

P.S. Ел ішінде талант көп, танылмағандары қаншама?! Әр жылы айы оңынан туған азаматтар Қазақ елінің намысын қорғап, абыройын асқақтатады деп сенеміз.

 

Майра ЖАНЫСБАЙ

Бөлісу:

Пікір жазу


*