Жақсы адамдар аз емес

951
0
Бөлісу:

Өмір – үлкен күрес. Адам баласы шыр етіп дүние есігін ашқаннан кейін маңдайына жазылған түрлі сынақты басынан өткереді. Бабаларымыз Қазақ хандығын құрып, сол ұлы шаңырақтың керегесін кеңейтіп, көсегесін көгертуді ниет қылып, сол жолда талай қанды шайқаста арпалысты. Бертінде ата-анамыз Кеңес Одағының боданынан босап, еңселі егемендікке қол жеткізу үшін күресті.

Атам – Тұрдықожа Қабенов өз жұртына еңбегі сіңген молда кісі болған. Ақсақалдан Жұмахан, Бурахан, Ысқақ, Әбдікәрім есімді төрт ұл, Майсан дейтін жалғыз қызы тараған. Тұңғышы Жұмахан біраз жыл болыс болған адам. Ерте жасынан мезгілсіз дүние салады. Атам сол уақытта Әбді­кәрім бойдақ жүрген соң, жеңгесін әменгерлікпен кенже ұлына үйлендіреді. Олардан Камис есімді шекесі торсықтай ұл туды. Уақыт өте, Әбдікәрім жең­гесін үлкенсініп, мектеп дирек­торы болған тұсында Мақып­жамал есімді мұғалімге ғашық болып, соған үйленеді. Қарияның бұдан өзге ұлы – Бурахан да өмірден ерте озды. Оның Пойыз, Хамит есімді екі баласы Екінші дүниежүзілік соғыста мерт болды. Ысқақ Омбыда дәрігерлік оқу оқыды. Шығысқа қарасты Семей, Тарбағай, Ақсуат өңірлерінен шыққан тұңғыш дәрігер. Омбыда жүргенде Сейфуллин, Төгісов­термен бірге «Үш жүз» партиясын құрып, жау қолынан қаза тапты. «Тар жол, тайғақ кешу» кітабында осы туралы жазылады. Бірде Әбдікәрім жұбайымен Сәкен Сейфуллинге жолығып, хал-жағдай сұрау үшін Жантікейден Алматыға арнайы келеді. Осы уақытта Әбдікәрімге айып тағылып, Қиыр шығысқа жер аударады. Қай жерде қалғанын да білмей қалдық. Қуғын-сүргінді көп көрген Қызыл есік ауылының тумасы Серікбай Тәкібаев елге аман-есен оралды. Кейін біз көрші тұрдық. Осы кісі Қиыр шығыста Әбдікәріммен бірге болыпты. Анам бізге қыдырып келген сайын, Серікбай атаға арнайы амандаса баратын. Нұрмұхамбет Асылханұлы дейтін ағасы Сталинге қайта-қайта хат жазып жүріп, ақталған. Бірақ елге оралмаған күйі дүниеден өтті. Ол кісіні Серікбай ата жерлеген екен. Соңғы уақытта «Мақсұт баламды сағындым, итжейдесін жіберің­дерші» дейді екен. Сол баласы қырқынан шықпай тұрып, өмірден өтті. Мұның барлығын естияр жасымызға дейін білмей де келдік. Бала күнімізде анам жан күйзелісінің ұшқыны балаларына тиіп кетпесін деп, бізге айтпаған болуы керек. Құрсақтағы кезімнен-ақ, анам­ның жүрегіне жүк, көңіліне кірбің түсірген осы қиыншылық пен ауырпалықтың зілді салмағын сезгендеймін. Әлі күнге дейін көңілім босайды да тұрады. Көк базардың маңайында қол жайған адамдарды көрсем, жылап аламын. Көмектесуге, жәрдем көрсетуге тырысамын. Бұл пен­делер де пешенесіне жазған сынақты басынан өткеріп, өмір атты алып толқынмен арпалысып жүр-ау.
Мектепте үздік оқыдым. Әлі есімде, суретім мектептегі қабырға қағазында ілулі тұратын. Орта білім аяқтап, Семейдегі мұғалімдік оқуға түстім. Сөйтіп, ұстаздық қызмет атқардым. Мұғалім болу – өте жауапты әрі сауапты іс. Оқытушы болып жүр­ген жылдары өскелең ұрпаққа жақсы тәлім-тәрбие беру мақса­тында көп іздендік, бірқатар жұмыс атқардық. Жас ізденім­паздардың көкейіне тиіттей де болсын сапалы білім мен көңіліне болашаққа бағдар берер кішкене үміт бере алған болсам, бұл мамандықты таңдағаным үшін еш өкінген емеспін. Кейін тұрмыс құрдым. Жолдасым – Найман елінен алғаш Меккеге барып, парызын өтеген Шал қажының төртінші ұрпағы. Келіндік, аналық міндетімді атқарып жүріп те, ұстаздық қызметімді ұмыт қалдырғам жоқ.
Бұл дүниенің алай-дүлейге толы екенін айттым ғой. Расында, қазіргі тіршіліктің бұралаң жолдары қашан басталып, қалай аяқталатыны тек Аллаға аян. Өмірдің ауыр соққысы біреуге қаймықпауды үйретсе, енді біре­уін есеңгіретіп тастайтыны жасы­рын емес. Осы «тар жол, тайғақ кешер» тайталаста адамға үміт бере­тін дүние – айналаңның жа­сай­тын жақсылығы. Әке қам­қорлығы, ана мейірімі, достың адалдығы, құрбы-құрдас пен көр­ші-қолаңның асылзатқа бергісіз жақсы қарым-қатынасы, бөтен біреудің қайтарымсыз жасаған жақсылығы – «өмір» атты үлкен бәсекеде оңбай жеңілген кісінің көңіліне медеу беретіні айқын. Қарапайым ұшаққа кешіккен сәтіңде зыр жүгіріп көмектесетін әуежайдың қыздары, кешқұрым автобус тоқтап қалғанда, қалта­сынан ақша төлеп, таксиге мінгізіп жіберетін бейтаныс адам, әлеуметтік-тұрмыстық мәсе­лелеріңді шеше алмай дал болып жүргенде, жағдайыңды түсініп, көмек қолын созатын құзыреттік мекеме өкілдерінің жақсылығын көп кезіктірдім. «Жаныңда жүр жақсы адам» демекші, қысылған сәттерде жәрдемдескен жомарт кісілер аз болған емес. Азды-көпті көрген адам ретінде түсінгенім, қызығы мен қиындығы қатар бұл дүниенің негізгі қағидасы – жан-жағыңа жақсылық жасай берсең, сауап іс қылудан аянып қалмасаң, өмірдің өзі жақсы адамдармен жолықтыра бермек. Өйткені бұл күнкөрісте жаны жайсаң, мінезі жомарт кісілер біз ойлағаннан көп.
Бәтес БӘЙКЕНОВА

Бөлісу:

Пікір жазу


*