Үкімет жылжабар отырысын өткізді

1419
0
Бөлісу:

Шетелдік ұйымдардың филиалдары қа­зақстандық компаниялармен енді тек теңге­де есеп айырысуға міндеттеледі. Бұл – ұлттық мүдделер мен ұлттық валютаға қосымша қол­дау болмақ. Бұл жаңалық ел Үкіметінің биылғы жылжабар соңғы отырысында жария етілді. Жиында Үкімет мүшелері қысқы жылу беру маусымының өту барысын қарады.

Астанадағы EXPO – 2017 халықаралық көрмесінде паш етілген технологияларды елімізде өндіру, «Ақылды қалалар» жобаларын іске асыру мәселелері талқыға салынды. Бұдан бөлек валютаны реттеу және валютаны бақылау туралы заңнаманы жетілдіруге бағытталған жаңа заң жобасы мақұлданды. Ел Үкіметі 2018 жылға ар­налған өзінің «заң жобалау жұ­мыстары жоспарының» жобасын пысық­тап, жаңа жылда Парламентке қандай құжаттарды енгізетіндерін айқындап алды.
Бірінші мәселе, бас энер­гетиктің айтуынша, қазақстандық тұтыну­шылар электр және жылу қуатымен толық көлемде қамтамасыз етілген.
– Электр стансаларында биылғы жылға жоспарланған жөндеу жұмыстары аяқтал­ды. 8 энергетикалық блок, 57 қазандық, 35 турбина, сондай-ақ 24 мың шақырым электр желісі жөнделді, – деді Энергетика министрі Қ.Бозымбаев.
Жалпы алғанда, отандық электр стансаларының отын қоймаларында 4,3 млн тоннадан астам көмір және 111 мың тонна мазут қордаланған. Бұл «бекітілген нормаларға сәйкес келеді» деп бағаланды. Орталықтандырылған жылумен қамту аумақтарының қазандықтарында көмір қоры 792,4 мың тоннаны (норматив – 442,7 мың тонна), мазут қоры – 108 мың тоннаны (норматив – 83,6 мың тонна) құрайды. Министр 2017-2018 жылғы күзгі-қысқы кезең басталғалы бері «Бірыңғай электр энергетикалық жүйе» елеулі технологиялық бұзушылықтарсыз жұмыс істеп тұрғанын жеткізді.
Сонымен бірге, Қанат Бозымбаев бұл бағытта орын алып отырған олқылықтарға да тоқталды.
– Кейбір жерлерде жөндеу жұмыстары кешіктірілуде. Мысалы, 2015 жылы басталған Шардара су электр стансасында 2 гидрогенераторды жаңарту осы күнге дейін аяқталмаған. Осыған байланысты стансада су мақсатсыз, бос ағып жатыр. Оның жұмыстарын аяқтау тек келесі жылға жоспарланған. Су ресурстарын тиімді пайдалану мақсатында «Самұрық-Энерго» акционерлік қоғамы қайта қалпына келтіру жұмыстарын жеделдету үшін қосымша шаралар қабылдауы қажет, – деп ұсыныс енгізді Энергетика министрі.
Оның мәліметінше, «МАЭК-Қазатом­өнеркәсіп» ЖШС-нің №2 жылу орталы­ғында 28 және 30 қараша күндерді авто­мат­тық реттеу жүйесі жұмысының тұр­ақ­­­сыз­дануы салдарынан биыл ғана жөн­­­деу­ден өткен 6 және 9-турбиналарда апат­­тық жағдайлар орын алыпты. Бұл Маң­ғыстау және басқа елдімекендердің тұтыну қабілетінің шектелуіне әкеліп соққан.
Осы «МАЭК-Қазатомөнеркәсіптің» №1-жылу электр стансасының 1-энерге­тикалық блогында ротордың ауыстырылуы әлі күнге аяқталмаған көрінеді. Сондықтан бас энергетик «Қазатомөнеркәсіп» ұлттық компаниясына Маңғыстау облысы әкімді­гімен бірлесіп, «МАЭК Қазатомөнер­кәсіптің» электр стансаларының тұрақты жұмысын қамтамасыз ету үшін тиісті шараларды дереу қабылдауды ұсынды.
Ол бұдан бөлек, кейбір қалаларда тұтас аудандар мен көшелерді электр қуатынан уақытша ажырату фактілері тіркеліп отырғанын хабарлады.
– Жылыту маусымы басталғалы бері дәл аяз қысқан шақта жылу желілерінің температуралық кестені сақтамауының 37 фактісі тіркелуде. Бұл өткен жылғыдан 3 еседей аз. Бұл фактілердің ең көп көлеміне Көкшетау аудандық қазандығында жол берілген. Сонымен бірге, электр энергия­сын ағытып тастау, тұтынушыларға шектеу енгізу деректері кездесуде. Атап айтқанда, Астана қаласында оның – 21 оқиғасы, Алматы қаласында – 19, Алматы облысын­да – 7, сондай-ақ Петропавл қаласының жылу желілерінде – 17, Павлодар облысын­да 2 оқиғасы тіркелді, – деді Қ.Бозымбаев.
Өз кезегінде Инвестициялар және даму министрі Жеңіс Қасымбек көмір тасы­малдауға қатысты жағдайды тілге тиек етті. Бүгінде Қазақстанда көмір жеткізуге арнал­ған ашық вагондар саны 50 мыңнан асады. Дегенмен шетелден қосымша вагондар алғызуға тура келіпті. Дәлірек айт­қанда, Ресейдің жеке оператор-компанияларынан 7 мың және Грузин теміржолынан 314 ша­ғын вагон тартылды. Нәтижесінде, жылыту маусымына дайын­дық басталған 1 мамыр­дан бері 43,5 млн тоннадан астам көмір тасымалданған. Бұл жоспардың 98 пайызын құрайды.
– Тасымалдауды толық қамтамасыз ету үшін жүк жөнелтушілер, жүк алушылар мен тасымалдаушы арасында ішкі республика­лық қатынаста жүк жөнелту бойынша тіке­лей әрі ұзақмерзімді келісімшарттар жасал­ды. Осы арқылы жазғы уақытта көмір тасу кө­лемінің біркелкі түрде тең бөлінуі қамта­ма­сыз етілді, – деп сендірді Жеңіс Қасымбек.
Оның мәлімдеуінше, биыл жылыту мау­сымы барлық өңірде тұрақты түрде жүріп жатыр. Министрлік жылу беру, сумен жабдықтау және кәріз желілерінде техно­логиялық ақауларды болдырмау мақ­сатында­ жылу беру маусымының барысына мони­торинг жүргізіп, қадағалап отырған көрінеді.
– Жылу беру маусымы басталғалы, тіршілікті қамтамасыз етуші коммуналдық жүйелерде 45 технологиялық ақау тіркелді. Оның 11-і жылумен жабдықтау желілері үлесіне келеді. Өңірлер бойынша айтсақ, СҚО-да – 5, Павлодар облысында – 3, Алматы қаласында, ШҚО және Қарағанды облыстарында бір-бірден оқиға тіркелді. Сумен жабдықтау желілерінде 34 ақау болды, соның ішінде Астана қаласында – 26, Қостанай облысында – 3, Павлодар облысында – 2, Қарағанды, ШҚО, Атырау өңірлерінде бір-бірден тіркелді. Әкімдіктер аталған бұзушылықтарды қысқа мерзімде жөндеді, – деді министр.
Ол әкімдіктер тіршілікті қамтамасыз ету жүйелерінің үздіксіз жұмыс істеуіне бақылауды күшейтулері және ақауларды жедел жоюлары керектігін айтты. Сондай-ақ­­ алдағы жаңа жылдық мереке күндері жауап­­ты тұлғалардың тәулік бойғы кезек­шілігін ұйымдастыруды ұсынды.
Ж.Қасымбектің дерегі бойынша жы­лыту маусымының басында тұтыну­шылардың коммуналдық қызметтерге берешегі 14,5 млрд теңгені құраған. Қазір бұл сома 11 пайызға төмендепті.
«Бүгінде қарыз 12,9 млрд теңгені құрай­ды. Яғни, 1,6 млрд теңгеге төмендеді. Қа­рыз­дың ең көп мөлшері Астана (2,2 мил­лиард теңге) және Алматы қалаларында (1,8 миллиард) Оңтүстік Қазақстан (2,7 миллиард), Маңғыстау (1,6 миллиард), Ақтөбе (1,1 миллиард), Қарағанды (880 миллион) облыстарында сақталып отыр» деді ол.
Жылыту маусымы бойынша биылғы жағдай туралы облыс әкімдері және Алматы мен Астана қалаларының әкімдері баяндады.
Премьер-министр Бақытжан Сағынтаев мәселені қарау қорытындысы бойынша жауапты министрліктер мен жергілікті атқарушы органдарға жылу беру маусы­мының өту барысын тұрақты бақылауда ұстауды тапсырды.
«Өздеріңіз көріп отырғандай, биыл қатты аяз жоқ. Дегенмен жылыту маусымын тұрақты бақылауда ұстауға тиіспіз. Алда мерекелік күндер келе жатыр» деген Бақыт­жан Сағынтаев әкімдерге «Жаңа жыл» мейрамында кезекшілік етіп, коммуналдық қызметтер желілерінде апаттар болмауына жауап беретін тұлғалардың кестелерін аяқтауды жүктеді.
Үкімет отырысында ЕХРО – 2017 көрмесінде көрсетілген технологияларды енді елімізде енгізу мәселелері бойынша энергетика министрі Қ.Бозымбаев пен Білім және ғылым министрі Е.Саға­диевтің есептері тыңдалды. Энергетика министр­лігінің сараптамалық жұмыс тобы 4 бағыт бойынша ЕХРО-дағы шетелдік павильон­дарда ұсынылған 105 шетелдік және 28 отандық технологияны іріктеп алыпты. Оның ішінде 27 тех­нология – мұнай және газ саласына, 7 технология – көмір өнер­кәсібіне, 63-і – электр энергетикасына, энергияны үнемдеу және жаңғыратын энергия көздеріне, 36-сы – қалдықтарды басқару, су тазалау, ауа сапасын бақылау секілді экология салаларына қатысты.
Бұл тізім ұлттық және жекеменшік компанияларға, сондай-ақ әкімдіктерге «технологияларды қарастыру және іріктеу» үшін жіберілді. Мұның сыртында, барынша ақпараттандыру мақсатында технологиялар тізімі байланыс ақпараттарымен қоса, Энергетика министрлігінің сайтында жарияланды.
«Әкімдіктер қазіргі уақытта енгізу үшін 40 технологияны іріктеп алды, оның төртеуі 2018 жылы енгізіледі. Ұлттық компаниялар ендіру мақсатында 15 технологияны іріктеп алды, оның екеуі 2018 жылы іске қосы­лады», – деді Қанат Бозымбаев. Мысалға, Қостанай облысының әкімдігі «СГК-510 газ талдау қондырғысы» неміс техно­логиясын 2018 жылы енгізуді жоспарлауда. Нәтижесінде, газды тұтыну азайып, жы­лына 40 млн теңгеге жуық қаржы үнем­делмек.
«Электр энергетикасы» бағыты бойын­ша әкімдіктер 26 технологияны таңдаған. Солардың бірі – «Ұялы телефондарға арналған тегін қуаттаудың (зарядтау) автономдық стансалары» қытайлық тех­нологиясы 2018 жылы Солтүстік Қазақстан облысында енгізіледі. Бұл технология тұ­тынылған электр энергиясына жұмсалатын шығындарды және қоршаған ортаға жүктемені азайтуға мүмкіндік береді. Қазіргі уақытта әкімдік қытайлық Shenzhen компаниясымен жабдықтарды жеткізу туралы келісімге келді.
Мәселені талқылауды түйіндеген Үкімет басшысы Б.Сағынтаев облыстар әкімдіктеріне жаңа технологияларды енгізу кезеңіне көшу бойынша жұмысты жалғастыруды тапсырды.
Үкімет отырысында Ақпарат және коммуникациялар министрі Дәурен Абаев Қазақстанда «Ақылды қалалар» жобаларын іске асыру бойынша қабылданып жатқан шаралар туралы хабардар етті. Smart City тұжырымдамасы барлық қалалық қыз­меттердің тиімділігін арттыруға бағыт­талған. Бұл ретте «Ақылды қаланың» негізгі сипаттамалары – жайлылық, қауіпсіздік, тиімділік және қоршаған ортаға зиянды төмендету.
– «Цифрлы Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасының негізгі көрсеткіштерінің бірі – еліміздің бес ірі қаласында Smart Astana, Smart Karagandy, Smart Ontystuk, Smart Almaty, Smart Aktobe секілді Smart City-ді дамыту, – деді Д.Абаев.
Аталған жобалардың басты орындау­шылары – өңірлер әкімдіктері. «Ақылды қаланы» дамыту тұрғысынан олардың жұмысының негізгі басымдықтары «өңір тұрғындарының өмір сапасын жақсарту», «электронды түрдегі мемлекеттік қызмет­тердің үлесін ұлғайту», «Қазақстан аймақ­тарының Smart сity халықаралық рей­тингтеріне кіруі», «жергілікті атқарушы органдар архитектурасын дамыту», «Smart city тұжырымдамасына сәйкес бастамалық жобаларды іске асыру», «G2G, B2B және G2B сегменттерінде қағазсыз өзара әрекеттестікті ынталандыру» болмақ.
Министр мемлекеттік бағдарлама ая­сында «ақылды қалалардың» типтік тұжырымдамасы әзірленгенін жеткізді. Онда интернет заттар, жасанды интеллект және басқа да алдыңғы қатарлы технология­ларды қолданатын жобалардың тізімі кел­тірілген. Сондай-ақ құжат Smart City технологияларын енгізудің негізгі қағида­ларын, тәсілдерін, мақсаттарын, басым­дықтары мен міндеттерін анықтайды.
Халықаралық стандарттарға сүйене отырып, Қазақстанда Smart City сала­сындағы ұлттық стандарттар әзірленіп, бекітілді. Олар энергия үнемдеу, ТКШ, көлік, білім беру, денсаулық сақтау, қоршаған ортаны қорғау және ақпараттық технологиялар саласындағы инновациялық шешімдер арқасында қауіпсіздік пен қызмет көрсетудің жоғары деңгейін, қалалық процестерді орталықтандырылған басқарудың түбегейлі жаңа мүмкіндіктерін, біртұтас талаптарды реттейді. Сонымен қатар Smart City-ді енгізу деңгейіне байланысты қалаларды бағалау жұмыстары жүргізілмек. Яғни, өзіндік бір рейтингі айқындалады.
Үкімет отырысында Астана қала­сының әкімі Әсет Исекешев, Алматы әкімі Бауыржан Байбек және Қарағанды облысының әкімі Ерлан Қошанов Smart City жобаларын енгізудің төл тәжірибелері мен іске асырылу барысы туралы баян етті.
Осы күнгі жиында Үкімет валютаны реттеу және валютаны бақылау саласындағы заң жобасын мақұлдады. Ұлттық банк төра­ғасы Данияр Ақышевтың түсін­діруінше, бұл құжатта шетелдік ұйымдар филиал­дарының қазақстандық контра­генттерімен есеп айырысуларын теңгеге ауыстыру ұсынылады. Әйтпесе, қазіргі кезде шетелдік компаниялардың еліміздегі бөлімшелері қазақстандық компания­лармен шетелдік валютада есеп айырыса береді.
«Мәселен, былтырғы 2016 жылы шетелдік компаниялар филиалдары Қазақстанның резиденттерімен шетелдік валютада жасасқан операцияларының көлемі 2,5 миллиард долларды құрады. Қазақстан ДСҰ-ға кіргеннен кейін ондай филиалдар мен өкілдіктер санының одан ары өсуі күтіледі. Бұл ел ішіндегі шетел валютасындағы төлемдердің ұлғаюына әкеледі. Бұл ұлттық мүдделерге сәйкес келмейді», – деді Данияр Ақышев.
Заң жобасы, егер Парламент қабылдап, Елбасы қол қойса, 2019 жылдың 1 шілде­сінен бастап күшіне енетін болды.

 

Айхан ШӘРІП

Бөлісу:

Пікір жазу


*