АЛУАН-АЛУАН ЖҮЙРІК БАР, ӘЛІНЕ ҚАРАЙ ШАБАДЫ…

1891
0
Бөлісу:

Әдеби байқау керек пе, жоқ па деп дауласудың да қажеті шамалы. Өткен ғасырдың алғашқы жылдарында, яғни 1913 жылы Орынборда шығатын «Қазақ» газетінде Есенқұл Мамановтың қазақ романына бәйге жариялағаны туралы хабар басылады.  Хабарда: «Ардақты азаматтар!  Жаңа бас көтеріп келе жатқан әдебиетімізге бір қызмет бола ма деп басталатын ниет еді. Бұған әрқайсыңыз ниет етіп, ұлт әдебиеті құрметіне сыншылықты қабыл етулеріңізді өтінемін» деп жазылған екен. 

Қазақ романына жарияланған алғашқы бәйге қазақ әдебиетіне қызмет ету мақсатында жасалғаны анық еді. Мамановтар қуғын-сүргін көрмегенде, бұл бәйге Альфред Нобель бәйгесіндей ғұмырлы болар ма еді, кім білсін?! Ол жайында елдегі ағайындар: «Егер Есенқұл ақсақал көп жыл тірі жүрсе, швед ғалымы Нобель үлгісімен жыл сайын осындай бәйге берілер еді» дегенін де ғалымдар жазып жүр. Бастысы, романға жария­ланған сол бәйгеде Сұлтанмахмұт Торайғыровтың «Қамар сұлуы» мен Тайыр Жомартбаевтың «Қыз көрелігі» жүлде алғаны белгілі. Тарихта «Қамар сұлу» мен «Қыз көрелік» романы қалса, бұл да Есенқұл Мамановтың жеңісі. Әрине, замана желі бұл байқаудың жал­ғасын табуына мүмкіндік берген жоқ. Әгәрәки, сол жылдары түзу заман бол­ғанда, Есенқұл Мамановтай мықтылар әдебиетте мықты-мықты шығармалардың тууына мүмкіндік жасар еді. Әттеген-ай, дерсің.
Ол заман келмеске кетті. Кеңес үкіметі әдебиетке жаман жағдай жасаған жоқ. Қазақ жазушылары қомақты қаламақы алды. Әр кітабына берілген қаламақыға бір темір көлік тізгіндер еді. Өкінішке қарай, кеңестік дәуірдің де өз қиындығы, өз тосқауылы болды. Кеңестік цензура ұлттық әдебиетті тудырғанымен, әдебиеттегі кейбір дүниелерді қырқып тастап отырды. Ащы айтылған дүниелер цензурасынан қайшымен қиылып тасталды. Солай десек те, совет әдебиеті жасалды. Әдебиетке мықты-мықты тұлғалар келді. Олар өз дәуірінің үнін айта білді, оқырманға жеткізе алды.
Тәуелсіздік алғалы қаламақы қоры азайды. Қаламгердің дені кітап шығарудан кенде болмаса да, қалтасын қомпайтатын қаржы таба алған жоқ. Болар-болмас қаржыға қай жыртығын жамасын?! Өлместің күнін көріп жүрген әдебиет түрлі әдеби байқаулармен алданатыны белгілі. Соңғы жылдары байқаулардың да бәсі артты. Бәйгенің де жүлдесі қомақтана түсті. Байқаулар көбейген сайын көркем дүниенің де құны арта түсуі керек еді. Шын мәнінде солай ма? Рас, әдебиетке жаңа есімдер келді. Жыл сайын әдеби байқауларда қаламгерлердің шығар­малары озық шығып, жүлделі орындардан көрініп жүр.
Биылғы жылдың өзінде Тәуелсіздік мерекесі қарсаңында үш бірдей бәйгенің қорытындысы шықты. «Алтын тобылғы», «Ауылым – алтын тұғырым», «Рух» бәйгесінің жүлдесі де қомақты. Қомақты жүлде қоры – әдебиеттің тағдырын шеше ала ма? Жазушысының ше? Шығарма­шы­лық адамына қолдау қажет дейміз. Қолдау қай тұрғыдан болғаны дұрыс? Бәйге болған сайын, дау-дамай неге кө­бейеді? Көркем шығарманың бәсі неге төмен? Қазақ әдебиеті қалай жасалып жатыр?

Төлен ӘБДІК,
жазушы:

– Соңғы жылдары өткізіліп жүрген барлық байқауды қадағалап жүрмін деп айта алмаймын. «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында өткен «Рух» байқауында қазылар алқа­сының төрағасы болдым. Бұл байқау несімен ерекше өтті дегенге келсек, «Рухтың» берері мол. Айналдырған аз уақыт ішінде сегіз жүзден астам шығарма түсті. Оның бәрін азғантай уақыт ішінде оқып шығу да қазыларға оңай болған жоқ. Бір қуантатыны – жақсы шығармалардың көптігі. Әрі көбі жаңа шығармалар. Жастар өсіп келеді екен. Бұрын-соңды атын естімеген жас ба,лалардың шығар­маларын оқып, тәнті болдық. Проза жанрында бәйге алған Ырысбек Дәбейдің романы, Бақыт Беделханның поэмасы қай тұрғыдан алсақ та, жүлдеге лайық. Одан бөлек, жақсы шығармалар да көп болды. Жүлде екеу: бас жүлде және бірінші орын. Сондықтан кей шығармалар бәйгеден көріне алмай қалса, лайық емес деген сөз емес. Мұндай бәйгелер жастарды қанаттандырады, қуаттандырады. Әрі келешекте де жалғасын табуы тиіс. Тоқтамауы керек.

Роза МҰҚАНОВА,
жазушы-драматург:

– Әдеби байқаулар керек. Тіпті көбірек болса да, зияны жоқ. Ең әуелі жаңа шығармалар дүниеге келеді, қаламақы төленеді. Оқырманға танылады. Жаңа туындылар кітап болып жарыққа шығады. Демек, бұдан қоғам да, қаламгер де зиян шекпейді. Бұл бүгінгі қысылтаяң шақта жазушы мен ақындардың қолына қалам алып, шығармашылықпен айналысуына мүмкіндік туғызып отыр. Биылғы «Рух» халықаралық әдеби конкурсының беделі зор болды. Қаламақысы да жаман емес. Сол сияқты «Ауыл» партиясының «Ауы­лым – алтын тұғырым» байқауы әдебиет­тің барлық жанры бойынша бәйге жариялап отырғанын білеміз. Мұндай додаға үлкендер де, жастар да қосылып отыр. Бұл – дұрыс. Кейбір байқауларға жас шектеулігін қояды. Мысалы, 18-35, 18-45-ке дейінгі деген сияқты. Шығарма­шылық адамына шектеу қойған қанша­лықты дұрыс екенін білмеймін. Сонда қырық-алпыс жастағылардың кінәсі не? Мүмкін, поэзия мен прозаға шектеу қойған дұрыс та шығар. Өйткені қатысушылардың саны көбірек болып келеді. Ал драматургия жанрына жастар сирек келеді. Қалыптасқан қаламгерлер ғана драматургияға ат басын тіреп жатады. Биылғы «Рух» әдеби ортаға бір серпіліс сыйлағаны анық. Оның басы-қасында «Әде­биет» порталының басшысы, талант­ты ақын, әдебиет жанашыры Бауыржан Қарағызұлы болды. Меніңше, әдебиетті жақсы білетін, әр толқынның бетке ұстар қаламгерлерін анық таныған осындай жастардың әдебиеттің дамуына, көркейе түсуіне атсалысып жүргені құптарлық.
Бәйгеге әркім түседі. Өкпе-назы қалады. Әділқазылар алқасының жүгі ауыр, жауапкершілігі де оңай емес.
Бірі – қуанса, бірі өкпесін айтып жатады. Бұл да – заңдылық. Драматургия саласы бойынша әділқазылар алқасының мүшесі болдым. Серік Асылбекұлының «Қазақша ашылып сайрау» деген дүниесі – жаңа шығарма. Драматургияның кемеліне келіп, толысқанын көрдім. Қуанарлық жағдай. Серік Асылбекұлы үшін қуандым. Сосын жас драматургтер ішінен бір жас жігіт «Кейкінің кекірейген дүниесі» деген шығарма жазыпты. Өте жақсы жазылған. Қатты ұнады өзіме. Драматургияға жастардың қадам басқанын қолдауымыз керек. «Рухта» жеңіске жеткен шығарма­лар театр репертуарларынан орын алуы тиіс. Тек бір ғана мәселеде ойланған жөн. Драматургияға беріліп отырған екі-ақ орын аздық етеді. Басқа жанрлар сияқты көбейткен дұрыс. Бұл жанрды қолдау керек. Өйткені театрлар жақсы дүниеге зәру екені қазір жасырын емес. Тағы бір айта кететін тұс – халықаралық деген дәреженің берілуі. Халықаралық болса, міндетті түрде өзге ұлт әдебиетінің өкілдері қатысуы шарт. Қалай дегенмен де, қазақтың, мемлекетіміздің қаржысы ғой. Өзгеге бергеннен гөрі, төл әдебиеті­мізді дамыта түссек-ші. Мысалы, халық­аралық «Алаш» сыйлығы деп аталады. Өзге мемлекеттегі қазақ қаламгерлерінен қамтылған дұрыс шығар. Қазақ қаламгер­лері туралы шетелдіктердің жазылған әдебиет зерттеулеріне, сыншыларына, әдеби сынға, қазақ жазушыларын аударып, қазақ әдебиетін насихаттап жүрген шығармаларға берілуге болатын шығар. Бірақ басқа ұлттың әдебиетіне, басқа ұлттың өкіліне беру жөнінде кішкене ойлану керек сияқты. Негізі, осындай байқауларды жетілдіре түскеніміз дұрыс. Ұлттық әдебиеттің өркендеп-өсуіне тың жол ашыла түсер еді.

Бауыржан ҚАРАҒЫЗҰЛЫ,
ақын:

– Байқау болған жерде бәсеке болады. Бәсеке бар жерде сапа пайда болады. Сапа әдебиеттің деңгейін көтереді. Сондықтан әдеби байқаулардың ақын-жазушыға тигізетін пайдасы зор. Бұл – бір. Екін­шіден, азын-аулақ болса да, қаламгердің материалдық жағдайын жақсартады. Материалдық жағдайы дұрысталса, оның емін-еркін шығармашылықпен айна­лысуына мүмкіндік туады. Үшіншіден, мұндай бәйгелер оқырманның әдебиетке сұранысын арттырады. Мәселен, «Ауылым – алтын тұғырым» атты байқауға екі жүзден астам шығарма түсті. Оның жүз шақтысы – поэзия, қалғаны – проза, драматургия. Осыдан бір-екі жыл бұрын драматургия жанрында байқаулар некен-саяқ болатын. Кейінгі жылдары бұл жанрдың да бойына қан жүгіре бастады. Жастар арасында драматургияға қызығатын­дардың саны көбейді. Бұдан бұрынғы әдеби конкурстарда эссе мен сын аталымы бойынша ешқандай жүлде қойылмаған екен. Бұл жолы «Рух» халықаралық әдеби конкурсында осы екі жанрға да қолдау болды. Сынды өздеріңіз білесіздер, қазақ әдебиеті сынына еңбегі сіңген Амангелді Кеңшілікұлы мен жырынды жас сыншы Бекзат Смадияр алды. Эссе жанры бойынша бірінші орын алған Ұларбек Нұрғалымұлының «Дайағашшы» эссесін оқығанда, ата­ларымыздың асыл болмысына тағы бір тәнті болдым. Мынаны қараңызшы, есіме Алматыда өткен Қанат Исламның боксы түсті. Сонда біреулер Қанаттан жеңілген қарсыласы Алатойдың фотосын жыртып, аяғымен басып дегендей мазақ қылған бір фотоларды көріп едім. Бұл – біздің болмысқа жат дүние. Бірақ мұндай дүниелер Еуропада қалыпты әрекетке айналып кеткен нәрселер ғой. «Дайағаш­шыдағы» Зейнелқабден ақсақал қайтеді, бәйгеден келген Кертөбелдің қуанышын екінші келген ат Түйеқоңырдың иесі кеткен соң тойлайық, бүгінше бәріміз сол кісінің көңілін көтерейік деп үйіне шақырып, онымен қоймай, Түйе­қоңырдың құрметіне деп жалғыз атанын сыйлап жібереді. Міне, біз қазақтың осындай болмысын өзгеге көрсетсек, мұндай шығармалар өзге тілге аударылса, олар қазақтың бұл қасиеттеріне тәнті болары сөзсіз. Түйеқоңырдың екі күндік жолын бабына кірістіріп жіберген атбегінің шеберлігін, тұтас тұрқы жабулы тұрған аттың көзіне қарап-ақ біле қойған. Әділбек сейістің сұңғылалығын өзге түгілі бұл күнде өзіміз түйсіне алмайтын шы­ғармыз… Міне, біз түсіндіре алмай жүрген қазақтың ғажайып әлемінің бір пұшпағы. Мұндай дүниелер қазақ әдебиетінде аз емес, бірақ сол тіл, сол үрдіс үзілмей жас­тардың бойынан табылғаны қуаныш, жетістік емес пе?
«Ауылым – алтын тұғырым», «Алтын тобылғы», «Рух» байқаулары арқылы әдебиетке жаңа есімдер қосылып жатыр. Байқаудың артықшылығы – осында. Соңғы кездегі әдеби бәйгелерді жиі қадағалап жүремін. Екі байқауда да қазылар алқасының құрамында болдым. Бұған дейін кезіктірмеген, ешқайда жарияланбаған жаңа шығармалар жазылыпты. Соның куәсі болдық. Әдебиет сапына жаңа қалам иелері қосыла бастапты. Бәйгеге шабатын жас тұл­парлардың қатары көбейіп келеді. Бұл да мерейімізді өсіреді. Әрине, байқау болған соң, жеңіспен қатар, жеңіліс те болады. «Жеңілген бұрын жұдырықтайтыны» тағы бар. Әртүрлі пікірлердің болатыны сөзсіз. Кей пікірлер артық кетіп жатты. Мұның бәрі – заңдылық. Заңдылық дей тұр­ғанымызбен, бір байқағаным – бізде пікір айту мәдениеті қалыптаспаған екен. Әлеуметтік желіде түрлі сындар айтылды Жеке басқа тиіскен де пікірлер жазылды. Мұның бәрі естіген құлаққа ауыр. Мә­дениетті тұрғыда айтылған сынды қабылдау жеңіл. Сын болмай тұрмайды. Оны жеткізудің де шеберлігі бар. Әділ сын айтылса, қабылдайсың. Жалпы алғанда, әдеби байқау әдебиетті дамытады. Әдебиет дамыса, қаламгер де кедей болмайды. Сондықтан мұндай бәйгелер қалам ұстаған қауым үшін қымбат. Әрі бір жылмен тоқтап қалмауы тиіс.

Ырысбек ДӘБЕЙ,
жазушы:

– Қаламгер үшін мұндай байқаулар өте қажет. Әрине, бұл жазушыға стимул бола алмайды. Жазушының бүкіл шығар­машылығын, тағдырын бәйге шешіп тастайды деп тағы айтуға болмайды. Аздап болса да, материалдық тұрғыдан қиындықтарын шешуге септігін тигізетін болар. Жалпы, мұндай байқауларға жас ерекшелігін шектеу керек деген пікір дұрыс емес. Жас та, орта буын өкілі де, үлкен ағаларымыз да шығарма жазуға құқылы. Жақсы шығарма қай жаста да жазыла береді. Бастысы, әділ сарапқа салынса болғаны. Тынымбай ағаның соңғы жылдары жазып жүрген шығар­малары қандай керемет? Ол кісі бәйгеге қатыспау қажет деп, сызып тастай аламыз ба? Болмаса, Ұларбек Нұрғалымды алайық. Қазақ поэзиясында да өзіндік қолтаңбасын қалыптастырған жігіт. Қазір қазақ этнографиясы туралы да ерекше дүниелер жазып жүр. Ұларбекті үш бірдей бәйгеде жүлде алды деп сынап жатқандар жетерлік. Бәйгеде шығармасы озып жатса, ол – жігіттің бағы. Біз ер азаматтың бағын қызғанбауымыз керек. Шын мәнінде, Ұларбек – бүгінгі әдебиеттің жаңа кадры. Әділдік деген ұғымды бір ғана байқаудан іздеуге болмайды. Әділдік барлық жерде қажет. «Рух» байқауында Ұларбекке әділетсіз бәйге берілді деп пікір айту – тағы орынсыз. Соңғы бір жыл ішінде ол өз ісінің шебері екенін баспасөз бетінде де дәлелдеді. Сондықтан бәйгелерде озып шыққан дүниенің бәрі әділ берілген жоқ деп біржақты сын айтуға асықпайық. Биылғы бәйгеде атыңыз озып шықпаса, келесі бәйгеден озбасына кім кепіл? Жалпы, байқаудан алған жүлде жазу­шының бүкіл мәселесін шешіп таста­майды. Рас, бұл жүлде – қаламгерге қолдау. Жүлдені мен алмасам, басқа біреу алатын еді. Бастысы, әдебиетке жаңа дүние бере алсақ, соның өзі үлкен олжа. Тағы бір дүние, бір ғана романмен бүкіл қазақ әдебиетінің тағдырын шешіп тастадық деп айта алмаймыз. Бұл – қате пікір. Роман – қазақ әдебиетіне қосылған тамшыдай ғана үлес. Байқау жастарды ғана емес, үлкендерді де қанаттандырады. «Рух» байқауының уақыты тығыздау болды. Роман номинациясына көз жүгіртіп қарасам, жаңа дүниелер аздау көрінді. Қатар­ластарымнан, заман­дастарымнан жаңа дүниелер жазылатын шығар деп күттім. Сондықтан тәуекелге бел байлап, жаңа шығармамды ұсынып көрейін деп шештім. Романым бәйге алып жатса, қазылар алқасы лайық деп көрген болар. «Рух» бәйгесі бір жылмен тоқтап қалмауы тиіс. Алдағы жылдары өткізілетін бай­қауларда да жаңа тың дүниелер кездесетін шығар деген үміттеміз. Байқауға қатыс­қысы келетін қаламгер шығармасын бүгін­нен бастағаны жөн. Оның бір пайдасы, жастардың ізденуіне, жақсы бір дүние жазуына түрткі болады. Әдебиетке қолдау көрсетіліп жатқаны да шамалы ғой. Сондықтан мұндай байқаулар қаламгерге шабыт сыйлап жатса, онда сынап-мінеп, қазірден жолын кеспейік. Әдебиетке қолдау – қазақ жазушысына қолдау.

P.S

Бір ғана «Рух» байқауына қосылған сегіз жүзден астам шығарма – ненің дәлелі? Демек, әдебиетте жақсы дүние тудыру үшін қолдау қажет. Қолдау болған жерде, жақсы шығарма жазылады. Көркем әдебиетке қолдау болса, ол оның материалдық құндылығын шешіп қоймайды әрі шығармашылығына еркіндік береді, шабыт сыйлайды. Әлем әдебиеті неге өркендеп кетті? Материалдық деңгей жоғарылаған сайын, көркем әдебиеттің де бәсі арта түспек. Әдеби байқау сол үшін қажет. Ұлт әдебиетін өркендетудің алғашқы алғышарттары жасалған секілді. Кезек – қазақ қаламгерінің қолында.  Нағыз ұлттық әдебиетті жасайтын кезең жетті. Есенқұл Маманов сияқты тұлғаларымыз романға тегін бәйге жариялаған жоқ. Әдебиет ұлт тәрбиесін қалыптастыратынын түйсігімен сезді. ХХ ғасыр басында басталған бұл үрдіс ХХІ ғасыр басында жалғасып жатса, дәстүр сабақтастығы дегеніміз – осы. 

 

Гүлзина БЕКТАС

Бөлісу:

Пікір жазу


*