Маңызды қаулыларды қарады

1007
0
Бөлісу:

Жоғарғы сот төрағасы Жақып Асанов Жоғарғы сот органының кезекті жалпы отырысын өткізді. Оның жұмысына Жоғарғы соттың алқа төрағалары мен судьялары, ғылыми-консультативтік кеңес мүшелері, сондай-ақ Конституциялық кеңестің, Бас прокуратураның, Ұлттық қауіпсіздік комитетінің, Ішкі істер, Әділет министрліктерінің, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі ұлттық бюроның, сондай-ақ Мемлекеттік кірістер комитетінің өкілдері қатысты.

Күн тәртібіне сәйкес, Жоғарғы сот органының екі нормативтік қаулысының жобасы талқыланды. Жоғарғы сот төрағасы өз сөзінде Жоғарғы соттың «Қылмыстық жаза тағайындаудың кейбір мәселелері туралы» 2015 жылғы 25 маусымдағы №4 нормативтік қаулысына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» нормативтік қаулының жобасына назар аударта келе, енгізілетін түзетулер қосымша жаза таға­йын­дау кезінде туындайтын мәселелерді шешуге мүмкіндік беретінін атап өтті.
Жоғарғы сот судьясы Мейрам Жаң­ғұттинов аталған жобаны таныстыра келе, жоба Қылмыстық кодекстің 48, 49, 50 және 55-ші баптарын қолдану кезінде бірыңғай сот практикасын қамтамасыз етуге бағыт­талғанын айтты. Жобада «сот талқы­лауының шегі айыптау актісінде көр­се­тілген негіздемелермен шектелетіндігі», кәмелетке толмағандарға тағайындалатын жаза мерзімін есептеу тәртібі, мүлікті тәркілеу, белгiлi бiр лауазымдарды атқару немесе белгiлi бiр қызметпен айналысу құқығынан айыру, наградалардан, атақ­тардан, сыныптық шеннен, диплома­тиялық дәрежеден немесе бiлiктiлiк сы­ныбынан айыру секілді қосымша жаза түрлерін тағайындау мәселелері регла­менттелген.
Жоғарғы сот судьясы Нұрия Сисенова Жоғарғы соттың «Қазақстан соттарының азаматтық істер бойынша сот шығындары туралы заңдарды қолдануы туралы» 2006 жылғы 25 желтоқсандағы №9 нормативтік қаулысына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» нормативтік қаулының жобасын таныстыра келе, оның өзекті­лігіне тоқталды. Оның пікірінше, норма­тивтік қаулы жаңадан қабылданған Азаматтық процестік кодекстің нормала­рын қолдану барысында соттарға талап арыз бен сот шығыс­тарының бағасына қатысты практикалық көмек көрсетеді.
Жоғарғы сот органы судьяларын Жо­ғарғы соттың жалпы отырысы төралқасына жіберу мәселесі де қаралды. «Сот жүйесі және судьялардың мәртебесі туралы» конституциялық заңның нормаларына сәйкес, 2018 жылдың қаңтарында Жоғарғы соттың үш судьясының жалпы отырыс төралқасындағы екі жылдық өкілеттік мерзімі аяқталады.
Алқалық органның қатысушылары жалпы отырыстың төралқа құрамына Жоғарғы сот судьялары Гүлжан Әлмағам­бетова, Ақылтай Қасымов пен Ұлбосын Сүлейменованы қабылдау туралы Ж.Асановтың ұсынысына дауыс берді.

 Айхан ШӘРІП

Бөлісу:

Пікір жазу


*