Ынтымақтастық жолға қойылды

1098
0
Бөлісу:

Қазақстан EXPO – 2017 кезінде шың елінің саяхатшылары үшін қолданған 72 сағаттық визасыз режимді енді үндістандық және ирандық туристерге де ұсынатын болды. Бұл туралы Мәжілісте өткен Үкімет сағатында жария етілді. Жиында Cыртқы істер министрі, сондай-ақ өзге де жауапты Мемлекеттік органдар өкілдері депутаттарға Қазақстанның Азия бағытындағы сыртқы саясаты жайында баяндады.

Сөз басында сыртқы саясат ведомс­тво­­сының басшысы Қ.Әбдірахманов Елбасының өз құрлығымыздағы елдерге сапарларын ұйымдастыру жұмысының қорытындысын шығарды. Атап айт­қанда, Қазақстан Президенті 2016 және 2017 жылдары ҚХР-ға екі рет, сондай-ақ Жапонияға, Оңтүстік Кореяға, Иранға, Түркияға, Біріккен Араб Әмірліктеріне, Сауд Арабиясына сапар шеккен екен. Сонымен бірге, 12 азиялық мемлекеттің басшысы Қазақстанға келіп-қайтқан.
– Ел ішіндегі әлеуметтік және саяси қайта құрулар үшін сыртқы қолайлы жағ­дайлар жасау, халықаралық аренада ұлттық мүдделерді қорғау – СІМ жұмы­сының негізгі басымдықтары болып отыр. Біз «100 нақты қадам» Ұлт жос­пары, Қазақстанның Үшінші жаңғыруы және рухани жаңғыру стратегиясы аясында Отанымыздың дамуына үлес қосудамыз, – деді министр.
Оның айтуынша, қазіргі заманғы Азия «әлемнің саяси және экономикалық орталықтарының біріне» айналуда. Жер тұрғындарының 4 миллиарды Азияны мекен етеді. Қазірдің өзінде азиялық 7 мемлекет ғаламшардағы ең ірі экономи­калардың «жиырмалығына» кіреді. Сарапшылар бұл ғасыр «Азияның дәуір­лейтін кезеңі» болатынын болжайды.
Қ.Әбдірахманов бұл байламмен келісетінін және Азия әлем бейнесін өзгертуі мүмкіндігін айтады.
– Азия шығыстық менталдылыққа негізделген жаһандық дамудың жаңа моделін ұсынуда. «Истернизация» (eas­tern – шығыс­тық) атты геосаяси термин Шығысқа тән бірлесе дамуды және коллективизмді қарас­тырады, – деді ол. Сондықтан Қазақстан төл құрлығымыз­дағы белді мемлекеттермен тығыз ынтымақтастықты да өрістетуде.
Ұзақмерзімді осы жұмыс алғашқы жемістерін де беруде. Мысалға, Қа­зақстанның азиялық елдермен өзара сауда көлемі өткен жылғы ұқсас мерзім­мен салыстырғанда, биылғы қаңтар-қыркүйек аралығында 23 пайызға өсіп, 13,3 миллиард долларға жетті.
– Бірінші кезекте, Қазақстан Қытаймен жан-жақты стратегиялық әріптестікті дамы­туға үлкен мән береді. Біз сындарлы ынты­мақтастық динами­касын оң бағалаймыз. Арамызда сенім мен тату көршіліктің жо­ғарғы деңгейі сақталуда. Бүгінде Қытай геосаяси ықпалы өсіп келе жатқан қуатты, эко­номикалық әлеуетті, ауқымды қаржылық және технологиялық мүмкіндіктері бар мемлекет. Бейжің он жыл мерзім ішінде елі­мізге 14 миллиард доллардан астам инвес­тиция салды. Ол – Қазақстанның негізгі шетелдік инвесторларының бірі, – деді министр.
Көрші екі ел «жоғары деңгейде қарқынды диалогты сақтап отыр». ҚХР төрағасы болып сайланғалы бері Си Цзиньпин Қазақстанға 3 рет сапарлады. Елбасы осы кезеңде Қытайға 5 рет барған. Қазір Қазақстан «Нұрлы жол» бағдарламасын қытайлық «Бір белдеу. Бір жол» бастамасымен ұштастыруда. Айтқандай, бұл жаһандық бастамасын Си Цзиньпин 2013 жылы «Назарбаев университетіндегі» дәрісі кезінде алғаш жария еткен.
«Қазақстан «Бір белдеу. Бір жол» бойын­дағы бірінші ел болғандықтан, Еуропаның Қытаймен негізгі байла­нысының буыны және еуразиялық континенттік көпірдің басты бөлігі сана­лады. Қытаймен арада эконо­миканың түрлі салаларында жалпы со­масы 26 миллиард доллар болатын елуден ас­там бірлескен өндіріс жобала­рының тізімі бе­кітілген. Оның бес жобасы іске қосылды», – деді Қайрат Әбдірахманов.
Оның мәліметінше, Ұлы дала елі Күн­шығыс елімен де жан-жақты ынты­мақ­тас­тықты жолға қоюда. Қазақ елі мен Жапония 2016 жылдан бері стратегиялық серіктестер. Көлік, мұнай химиясы, қар­жы және атом энергетикасы салаларында шамамен 1,2 миллиард доллар көле­міндегі 13 екіжақты коммер­циялық құжатқа қол қойылған.
Ол кейінгі он жыл ішінде араб елдерінен қазақ еліне келген инвести­циялардың жалпы ауқымы 2,5 миллиард долларды құрағанын айтты. Қайрат Құдайбергенұлы Моңғолияда үлкен қазақ диаспорасының болуына орай бұл ел де Қазақстанның сыртқы саясатында маңызды орын алатынын жеткізді. Бұл ретте Баян-Өлгей аймағында консулдық бекет ашу, елімізді Моңғолиямен бай­ланыстыратын автокөлік жолын салу екіжақты ынтымақ­тастықтың басым­дықты мәселелері болып есептелетіні мәлімделді.
– Оңтүстік Корея – өнеркәсіпті дамыту және ұлттық экономиканы әртараптандыру бойынша біздің негізгі әріптестеріміздің бірі. Он жыл ішінде «Таңғы самал елінің» Қа­зақстан эко­номикасына инвестициясы 4,6 миллиард долларды құрады. Елбасының 2016 жылғы қарашадағы Кореяға мем­лекеттік сапары барысында стратегиялық серіктестікті одан әрі тереңдету туралы бірлескен декларацияға және 640 миллион доллар сомасындағы 18 келі­сімге қол қойылды, – деді СІМ басшысы.
Солтүстік Кореямен арада алаңдаушы­лықтан басқа ештеңе жоқ. «КХДР-дың ядролық зымыран бағ­дарламасы Азиядағы қауіп-қатерлердің бірі болып саналады. Бұл ел тек 2017 жылы ғана 14 баллистикалық зымыран ұшырды және алтыншы ядролық сынағының сәтті өткенін мәлімдеді. Біз Пхеньянның ядролық қарусыз бола­шақты қамтамасыз етуге бағытталған ұжымдық күш-жігерге нұқсан келтіретін жауапсыз саясатына қатысты жалпы айыптауларға қосыламыз!» – деді Қайрат Әбдірахманов.
Депутаттар сұрақтарына жауабында Сыртқы істер министрі дипломатиялық төлқұжат иелерін визадан босату туралы Қазақстанның 66 елмен және халықа­ралық ұйымдармен келісімі барлығын, ал қызметтік паспорт иелері үшін 44 мемлекетпен арамыз­да визасыз режим орнатылғанын хабарлады. Биыл Біріккен Араб Әмірліктерімен арамызда барлық паспорт иелері үшін визасыз сапарлар туралы келісім бекітілген.
«Демалыс маусымында Әмірліктерге қашан визасыз баруымызға жол ашы­латыны туралы қазақстандықтар бізге жиі сұрау салады. Қазақстан өз тара­пынан бұл үшін қажетті барлық жұмыс­тарды жүргізді. Тиісті мемле­кетаралық келісімді ратификациялады. Енді БАӘ-ге кіретін барлық әмірліктер жақында бұл келісімді ратификациялап шығады және ол туралы бізді құлағдар етеді деп кү­тілуде. Бұл барлық қа­зақстандық ту­рис­тер үшін үлкен жаңа­лық болады!» – деді Қ.Әбдірахманов. Ол осыған ұқсас келісім Таиланд Корольдігімен арада да бекітілгенін мәлім етті.
Өз кезегінде Мәдениет және спорт ми­нистр­лігінің Туризм индустриясы комите­тінің төрайымы Майнюра Мурзамадиева визалық және көші-қон режимін жеңілдету мәселелерімен енді өз комитеті айналыса­тынын және бұл бағытта СІМ-мен белсенді жұмыс жасап жатқандарын айтты.
– Қазіргі уақытта Қазақстан 66 ел­мен арада визасыз режим орнатты. Бұл ретте елімізден 4-5 сағаттық ұшу қашық­ты­ғын­да орналасқан елдермен визалық жә­не мигра­циялық режимді жеңілдету бойынша жұмыс жасалуда. Өйткені бұл – ту­ризм тұрғысынан біздің басым­дықты аймағымыз және оған Ресей, Қытай, Үндістан, Иран және Парсы шығанағы елдері кіреді, – деді ол.
Комитет төрайымы EXPO – 2017 халықаралық көрмесі кезінде тек Қытай азаматтарына арналған және Алматы мен Астана әуежайларында ғана жұмыс жа­саған «72 сағаттық визасыз транзит» пи­лот­тық жобасы сынақтан өткізілгенін еске салды.
Соның арқасында көрме өткен үш айлық мерзім ішінде ҚХР-дан бізге 4,5 мың турист ұшып келді. Біздің есебіміз бойынша олар осы мерзім ішінде елімізде 1,5 миллион доллар қалдырды. Сондықтан Қытайға арналған бұл режим 2018 жылдың аяғына дейін ұзартылды. Бүгінде Үндістан мен Иран азаматтары үшін де дәл осындай 72 сағаттық визасыз режим енгізгелі отырмыз» деген М.Мур­зама­диева туристер ағынын ар­ттыру бағы­тында басқа да жобалар мен бас­та­­малар жүзеге асырылатынын мәлімдеді.
Үкіметтік сағат қорытындысы бойын­ша Мәжіліс депутаттары Қа­зақстан­ның азиялық бағыт бойынша сыртқы саясатын жүзеге асыру жұмыс­тарының тиімділігін арттыру жөнінде Мемлекеттік органдарға ұсынымдар қабыл­дады. Ұсынымдар Үкіметке жіберіледі.

 

Айхан ШӘРІП

Бөлісу:

Пікір жазу


*