Ассамблеяның алар орны ерекше

778
0
Бөлісу:

Елбасының «Тәуелсіздік дәуірі» ат­ты еңбегінде 1991 жылдан 2017 жыл­ға дейінгі 33 басты нәтиже еліміз­дің негізгі жетістігі ретінде бағалан­ған. Соның 4 пункінде Қазақстан хал­қы ассамблеясының мәні мен маңызы туралы жан-жақты жазылған. Сон­дай-ақ аталған бөлімде әлемдік және дәстүрлі діндер басшыларының төрт бірдей сьезі ұйымдастырылғаны назардан тыс қалмаған.
1991 жылдары «Қазақ елінің тәуелсіз ел болып, тұрақты мемлекетке айналуы күмәнді» деп ойлайтын азаматтар басым болды. Өйткені мемлекет құрушы ұлттың үлес салмағы аз болғандықтан, көп­шіліктің ойында теріс пікірдің болғаны жасырын емес. Оның үстіне, ол кезде еліміздегі диаспоралардың жан саны қазақтардан қарағанда әлдеқайда басым болатын. Мұндай жағдайда Тәуелсіз елдің іргетасын қалау қыл көпірден өткеннен бетер қауіпті еді. Әйтсе де, еліміздегі тұрақтылықтың сақталуына 1995 жылы құрылған Қазақстан халқы ассамблеясы зор үлес қосты.
Сондықтан болса керек, кітапта «Қазақстан тек қазақтардың ғана емес, 140 этнос пен 17 конфессия өкілінің ортақ шаңырағына, Қазақстан халқы ассамблеясы Еуразия көлеміндегі мәдениеттер үйле­сімділігінің үлгісіне айналды. Қазақстан 2013 жылы Президент Н.Назарбаевтың баста­ма­сымен ғаламдық дінаралық сұхбат­тастықтың орталығы болды. Қазақ жерінде әлемдік және дәстүрлі діндер басшыларының төрт бірдей съезі өткізілді. Елімізде азаматтық татулық пен тұрақ­тылық берік орнықты. Қазақстан халықаралық терроризмге берік қалқан орнатты» деп жазылған.
Қазақстан халқы ассамблеясы ғана емес, сонымен қатар Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының съезі де еліміз үшін ерекше бастама болды. Өйт­кені аталған съезге бір-бірімен қы­рықпышақ болып жататын дін өкілдері қатысып, ортақ мәмілеге келуге әрекет етті. Бұрын өзара алауыз болып кел­ген азаматтардың бір үстелдің ба­сын­да бас қосып, құрылтайға қатысуының өзі таңғаларлық жағдай болатын. Міне, осы таңғажайып оқиға Алаштың Аста­насында ұйымдастырылған съезде көрініс тапты.
Иә, Қазақстан халқы ассамблеясы мен Әлемдік және дәстүрлі діндер көш­бас­шы­ларының съезі адамдарды ұлтына, дініне қарамастан бірлікте болуға шақырады. Себебі, бүгінде әлемде нәсіл­дік және діни себептерге байланысты жанжал туындап, оның арты соғысқа алып келіп жатқан оқиғалар жетерлік. Еліміз бұл мәселені алдын алғандықтан қауіпті беті сейіліп, соның арқасында бейбіт елге айналдық.

 

Серік ЖОЛДАСБАЙ


Шерзод ПУЛАТОВ,
Өзбек этномәдени орталығының төрағасы:
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Тәуелсіздік дәуірі» деп аталатын жаңа кітабы – Қазақстанды танып-білгісі келетіндер үшін таптырмас еңбек. Өйткені бұл туындыда еліміздің тәуелсіздік жылдарындағы басты жетістіктері мен қалыптасу кезеңі толықтай қамтылған. Менің ойымша, аталған кітапты жазып шығудың өзі үлкен жұмыс. Қажырлы еңбекті талап етеді. Онда Қазақстанның қалыптасуының барлық кезеңдері көрініс тапқан. Соның ішінде елде конфес­сияаралық, этносаралық келісімдердің қалай сәтті жолға қойылғандығын атап өткім келеді. Бұл еңбек – біздің елде Нұрсұлтан Әбішұлының басшылығымен жүргізілген дана саясаттың жемісі. Әлемнің әр түкпірінде соғыс оты тұтанып, бүлік туып жатқан кезде біздің елде бірліктің арқасында тұрақтылық пен бейбітшілік сақталды. Қазақ елін осы ауызбіршіліктен айырмасын деймін. Бұл ретте Қазақстан халқы ассамблеясының рөлі ерекше екенін ешкім жоққа шығара қоймас.
Исламбек ДАСТАН,
Жамбыл облысы жастар ұйымдары қауымдастығының президенті:
Қандайда бір мемлекеттің дамып, өсіп өркендеуі үшін тұрақтылық болуы керек. Өйткені тұрақтылығынан айырылған мемлекет дамуын тоқтатып, ондаған, тіпті жүздеген жылдарға артқа кетеді. Сондықтан да бұл мәселенің маңызын Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Тәуелсіздік алған алғашқы күннен бастап жете түсініп, нақты әрекет жасады. Мәселен, 1995 жылы Қазақстан халқы ассамблеясын құрып, еліміздегі диаспораларды бір шаңырақтың астына біріктірді. Бүгінде елімізде қандайда бір келіспеушіліктер орын алса, аталған ұйым ең бірінші болып әрекет етеді. Осы ассамблеяның арқасында Алаштың бірлігі сақталып, соның арқасында экономикалық тұрғыдан дамып келе жатырмыз.
Әлемдік және дәстүрлі діндер басшы­ларының съезі туралы айтар болсам, мұның да еліміз үшін маңызы ерекше. Өйткені әлемнің кейбір елдерінде дін үшін қырқысып жатқан халық баршылық. Міне, осы азаматтардың басын біріктіріп, арнайы мәмілеге шақыру оңай шаруа емес. Алайда Елбасы бастамасының арқасында бұл шаруалар қолға алынып, үлкен жетістікке жеттік.

Бөлісу:

Пікір жазу


*