Мемлекеттік тіл – мәртебеміз

1331
0
Бөлісу:

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Тәуелсіздік дәуірі» кітабы Қазақ елі егемендігін алғаннан бастап, осы күнге дейін жүріп өткен жолдарымызды қазақ жұртының тағы бір есіне салған басылым болды. Елбасының жаңа еңбегі көпшілік тарапынан қолдау тапты. Себебі, ол әрбір қазақстандыққа қиын да, ауыртпалы кезеңдер мен мақтанарлық сәттерімізге бір көз жүгірткізбек, есіне салмақ. 

1991-2017 жылдардағы басты нәтижелеріміз белгіленген 33 нәти­женің 3-тармағында «Мем­лекет құрушы ұлтқа қа­тысты та­рихи әділеттілік қал­пына келті­рілді – қазақ тілі мем­ле­кеттік тіл болды, қазақ мек­теп­терінің саны қарқынды өсуде, қазақтар ел хал­қының көп­шілігіне айналды: олардың үлес салмағы 60 пайыз­дан асты» деп жазылған.
Расымен, 1989 жылы Тіл ту­ралы заң қабылданып, қазақ тілі мемлекеттік тіл мәртебесін алып, 1993 жылғы Консти­туцияда бекітілгенде, яғни 1990 жылдан бері қазақ тілі заңды түрде Қазақстан Республика­сының Мемле­кеттік тілі болып санала бастағанда қазақ халқы шексіз қуанышқа бөленген еді. Бұл да – бір ауыз толтырып ай­тарлық тарихи сәт.
Бүгін ше? Қаракөздеріміздің саны­ның көбейгені, толерант­тылық үлгісін көрсетіп отырған Қазақстанда тұрып жатқан өзге ұлттардың қазақ тілін меңгеріп, еркін сөйлей бастағаны – осы тәуелсіздігімізге қол жеткіз­гені­міз­дің, содан бергі осы уақытқа дейін атқарылған Елбасының адал еңбегінің арқасы.
Еліміз тәуелсіздік алғаннан кейін қазақ мектептерінің қа­тары көбейді. Егер егемендік алған жылдардың басында мектептердің 30 пайызы ғана қазақ тілінде оқытса, қазіргі таңда қазақ тілінде білім беретін мектептер саны 70 пайыздан асып жығылады. Бүгінде қазақ тілінде басылып жатқан оқулық­тар саны да бірнеше есеге артты. Мысалы, қазірдің өзінде «Бола­шаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында «Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық» жо­басы бойынша әлемнің фило­софия, әлеуметтану, психология, мәдениеттану, дінтану, тіл білімі, эко­номика, менеджмент пен кәсіпкерлік салаларының ең үздік оқулықтары қа­зақ тіліне аударылып жатыр.
Мәселен, Елбасы «Қазақ­стан – 2050» Стратегиясы – қа­лып­тасқан мем­лекеттің жаңа саяси бағыты» Қазақстан хал­қына арналған Жолдауында, 2025 жылға қарай қазақстан­дықтардың 95 пайызы қазақ тілін білуі тиіс деп атап көр­сеткен.
Сондай-ақ қазақ тілінің дамуы жай­лы Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Ақордада журналистермен кездесуінде де «Қазір­дің өзінде қа­зақтың саны 70 пайызға жа­қын­дап келеді. 2025 жылға дейін дайындалып, қазақтың тілін барлық жерде енгізуге жұмыс жасаймыз» деген болатын.

Талғат ҚАЛИЕВ,
«Жастар» ғылыми-зерттеу орталығының директоры, саясат ғылымының кандидаты:
− Адам жігері мұқалмас үшін жаман нәрсені ұмытып, жақсыны ғана есіне ала бергісі келеді. Мысалы, қазір 90-жылдары қандай қиындықтарды бастан кешкеніміз бәрінің бірдей есінде емес. Кейде біздің өзіміздің де есімізден ұмыт болып жатады. Қазір қол жеткізіп отыр­ғанымыздың бәрі заңды, солай болуы тиіс дүниедей көрінеді. Шын мәнінде, тәуелсіздігімізге бастапқы қиын-қыстау кезеңде қазір қол жеткізіп отырғанның барлығын үйренуіміз, меңгеруіміз, сынап көруіміз керек болды. Қаншама қателіктер мен қиындықтарға ұрыну қаупі тұрды. Өйткені ешқайсымыз нарықтың не екенін, капитализмді, онымен қалай айналысуы керектігін түсіне бермедік. Осыны адамдарға оқытып, түсіндіріп, үйрету керек болды. Министрліктегілерге де, Үкіметтегілерге де, ғалымдарға да қайта түсіндіру керек болды. Себебі, бәрі де капитализм, жекеменшік бұрыс, социализм дұрыс деп
түсінді.
Қазіргі таңда тәуелсіздігімізге 26 жыл толып отыр, тәуелсіздігімізді енді ғана алған шақта қазіргі жас буынның ең үлкені 2 жаста ғана болды. Олар саналы өмірін егемен еліміздің жарқын күндерінде өткізді. Алғашқы қиын болған онжылдықта тәтті балалық кезеңдері өтті, ештеңе түсінген де жоқ. Сондықтан осы жастарымыз үшін Елбасының «Тәуелсіздік дәуірі» атты кітабы ауадай қажет деп санаймын. Жаңа басылым жас ұрпаққа еліміздің тарихи сәттерімен танысуға, білуге мүмкіндік бермек.
Еліміз үшін мұндай маңызды тарихи шешімдерді сырт көздердің емес, сол реформалар авторының қолымен жазылғаны қуантады. Себебі, осы деректер ертеңгі күні құндылығын жоғалтпайды.

Максим СПОТКАЙ, ҚХА мүшесі:
− Елбасының жақында жарық көрген «Тәуелсіздік дәуірі» ең­бегінде жалпы Қазақстан халқының Тәуелсіздік алған күннен бастап, барлық кереметі мен машақаты, салып келе жатқан сара да, даңғыл жолы көрініс тапқан.
Мемлекет құру ісінің қа­жыр­лығы мен ауқымдығы, өзіндік бағдармен болашаққа бет алуы, ел басқарудың әлемдік жаңа үлгісі − бәрі де ғажап суреттелген.
Өз кезегінде ерекше тоқта­латын бөлім – Қазақстан халқы ассам­­блеясының құрылуы. Ассам­блея – мемлекеттік құры­лым­дар арасындағы күллі дүние­жүзін­де баламасы жоқ, бірегей ұйым. Бүгінде осы ассамблеяның қоғам­дық келісім мен ұлтаралық татулықтың, ұлт болып ұйысудың, ел болып елдесудің, халық болып бірлесудің аясында атқарып келе жатқан жұмысы өзге елдер мен мемлекеттерге үлгі әрі өнеге болмақ.
Жоғарыда аталған жайттар кітаптың өзектілігіне әрі өмір­шеңдігіне арқау боларына сеніміміз кәміл.

Нұрсұлу МЫРЗАХМЕТ

Бөлісу:

Пікір жазу


*