Еңбек нарығын қайтсек құлпыртамыз?

Дағдарыс қайдан келуі мүмкін деп ойланып көріп едік, қиялымыз қиянды шарлап жүре берді. Дүмпу тым алыстан жетіпті… сонау 90 жылдардан. Нақтырақ айтсақ, сол кездегі әлеуметтік-тұрмыстық жағдай, қазіргі күйдің бұзылуын оп-оңай «қамтамасыз» етіп тұр екен. Қазақстандық сараптама орталықтарының «еңбек нарығы «қартайып» бара жатыр деп дабыл қаққанына біраз болған. Ресми мәліметтер бойынша, еңбек нарығында атой салған жастар саны
27 пайыздан 24,6 пайызға дейін түсіп кетіпті. Қай салаға көз салсақ та орта жас пен үлкендердің үлесі басым болып тұр дейді мамандар. Бұл өз кезегінде жұмыстың сапасына да әсерін тигізері белгілі. Айтар әңгіме көп, ендеше, тақырыпты кеңінен тарқатып көрелік.
«Демографиялық ойық»
Сарапшылар еңбек нарығының «қартаюына» қатысты бірнеше себепті бөліп-жарып қарастырады. Алғашқысы – қазіргі кезде іс-тәжірибеге 1994-1996 жылдары туған ұл-қыздардың араласа бастауы. 90-жылдардың басы тобығымыздан қағып түсірген заман болды. «Менмін деген профессорлар мен оқыған-тоқыған келіншектердің өзі ала дорба арқалап, базарға шығып кеткен…» деп басталатын аңызға бергісіз ақиқат та сол дәуірге тән. Демек, ол шақта демографияның солқылдақтық танытуы заңдылық. Ғылымда мұндай уақытты «демографиялық ойық» деп атайды екен. Сарапшылардың сөзінше, алдағы жылдарда да жағдай оңала қоймайды. Өйткені енді бірер жылда іске 1997-2000 жылы туған өрендер араласа бастайтынын ескеру керек. Ол жылдарда да біздегі туу көрсеткіші көңіл көншітерліктей болған жоқ. Бұл ретте мамандар бірқатар мамандықтар бойынша мемлекеттік гранттардың игерілмей қалуына да қынжылыс білдіреді. Себебі, 16-18 жыл бұрынғы туу көрсеткішінің төмен болуы жоғары оқу орындарында білім алушылардың санының азайып кетуіне әкеліп соғатыны белгілі. Осылайша, ірі қалалардағы түрлі бизнес, кәсіпорын басқа да салалар жас мамандардың тапшылығын сезініп жатыр. Мұндай тығырықтан шығудың бірден-бір жолы ретінде сарапшылар еңбек миграциясын реттеуді ұсынады. Әлбетте, мамандар жетіспей жатқан өңірлерге еңбек күші артық аймақтардан адамдарды, жастарды әкелу керек. Алып келу үшін оларға лайықты деңгейде жағдай жасап, мотивация сыйлай алу да қажет. Онсыз болмайды. Кімнің болмасын бірден жылы орнын суытып, Қазақстанның бір түкпірінен екіншісіне сапар шеге қоюы екіталай дүние. Қазір мемлекет осы мәселеге тереңірек көңіл бөліп жатыр. Осыған қатысты Үкімет өкілдері жылдың қақ ортасында пікір білдірген. Айтуларынша, оңтүстіктен солтүстікке бағыт алатын «Ұлы көш» – «Өнімді жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту» мемлекеттік бағдарламасы аясында орындалуы тиіс екен.
– Биыл қарастырылып отырған 710 миллион теңге 288 отбасын көшіріп әкелуге жетеді. Аталған отбасыларды солтүстіктегі төрт бірдей өңір қарсы алуға дайын. Аталған қаражатқа материалдық көмек ретінде көшіп-қонуы үшін субсидия беріледі, – деген еді Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетов.
Мемлекет ішкі еңбек миграциясын реттеуді мейлінше қолға алғанымен жақын арада бәрібір шеттен келетін жұмыс күштеріне тәуелді болып қала беруіміз мүмкін екен. Біздің болжам емес, сарапшылар солай дейді. Жасыратыны жоқ, шеттен келіп кірпішімізді құйып, сарайымызды салып жүргендерге қатысты сыңарезу көзқарас жоқ емес. Мұндай пікірлердің толқыны, әсіресе, жаздағы «Әбу-Даби плаза» жұмысшыларымен болған қақтығыс кезінде тіпті өршіп кетті. Бірақ қоғамдағы күллі құрылыс атаулыны жергілікті халықтың жалғыз еңсере алмасы да белгілі.
– Қалай болғанда да сырттан келетін еңбек күшіне тәуелдіміз, зәруміз. Сол себепті, оны тоқтатып тастаймыз деп әрекеттенбей, оның пайдалы тұсын игеріп қалуға тырысқанымыз жөн. Көрші Өзбекстаннан келетін жұмысшылардың өзінің саны 1 миллионнан асып жығылады. Әрине, жабайы есеп бойынша. Жыл сайын сырттан сапарлайтын еңбек миграциясы артып келе жатыр. Олардың келуінің есебінен арзан жұмыс орындарын толықтырып, ішкі сұранысты қанағаттандыру қажет, – дейді әлеуметтанушы Серік Бейсенбаев.
«Заңсыз» еңбек жарға жығады
Сарапшылар ұсынып отырған дерек бойынша, қазір 2 миллионға жуық адам ресми емес жұмыс істейді. Келісімшартқа пысқырмайтын жұмыс берушілердің арқасында экономикалық тұрғыдан жастардың потенциалын пайдалана алмау артып барады. Бұл өз кезегінде мынадай келеңсіздіктерге ұрындырады дейді мамандар:
• Бұл жағдай әлеуметтік тұрғыдан қорғалмаған еңбеккерлер санын көбейтеді. Тиісінше, олар зейнетақы қорына ақша аудара алмайды. Несие алуға да қабілетсіз топ санатына кіреді.
• Еңбек құқықтары аяққа тапталмақ. Жұмыс барысында жұмысшы қандай да бір ыңғайсыз жағдайға душар болса, ол үшін ешкім жауап бермейді. Жалақысын беру, өтемақы төлеу, еңбек демалысына шығу іспетті заңды құқықтары орындалмайды.
Осы ретте әлеуметтанушы Серік Бейсенбаев дуалды білім беру жүйесінің пайдалы екенін атап өтті. Айтуынша, сол жүйенің арқасында білім беру мекемелері осы саладағы кәсіпорындармен біріге отырып маман дайындайды. Яғни, жас маман оқып жүріп еңбек тәжірибесін шыңдайды. Бізге қазір осы процесті жеделдете атқару қажет-ақ. Өйткені әлеуметтанушылар дәл қазір болмағанымен, алдағы он жылдықта халықтың орта өмір сүру жасы ұлғаяды деп болжап отыр. Адамдардың жаппай қалаға көше бастауы, экономикалық теңсіздіктер – бала туу көрсеткішінің азаюына соқтыруы мүмкін.
Министрлік не дейді?
Білім және ғылым министрлігі Ғылым комитетінің Әлеуметтік саясат және адам капиталының дамуы бөлімінің басшысы Сәуле Қалиева ұсынған дерекке мән берсек, 2001-2015 жылдар аралығында орта және жоғары білімі бола тұра жұмыссыз жүрген жастар саны минут сайын ержететін «Алпамысша» өсе түскен. 2001 жылы табақтай дипломына қарамастан екі қолы алдына сыймай жүргендердің үлесі 11 пайыз болса, 2015 жылы бұл көрсеткіш 41 пайызға бір-ақ қарғыған. Жағымсыз деректі ЖОО біткеннің бәріне жаба салғымыз-ақ келмейді. Бірақ басқа-басқа емес, Ғылым комитеті зерттеп ұсынған цифрлардан тағы аттап кете алмаймыз. Университеттердің еңбек нарығына сай мамандар дайындап бере алмай отырғанын көп сарапшы айтып жүр. Мүмкін, оқулық ескірді, бәлкім білім сапасы нашарлады, әлде оқушы құлықсыз ба, құлықты оятатын ұстаз әлсіз бе… бұл енді басқа тақырыптың еншісі.
Келеңсіздіктерді жою үшін жоғары, техникалық және кәсіби білім беру құрылымдарын реттеу керек. Бұл өзгеріс Қазақстан Республикасында білім беруді дамытудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы аясында жүзеге асады. Соның арқасында қоғамның және экономиканың индустриялды-инновациялық даму сұраныстарына сәйкес, техникалық және кәсіптік білім жүйесін жаңғырту, әлемдік білім беру кеңістігіне бірігуі орын алады, – деді Сәуле Қалиева.
Ресми мәліметке сүйенсек, қазіргі таңда өнер, ойын-сауық, мемлекеттік басқару, қаржы және сақтандыру, ақпарат және байланыс саласындағы жастар үлесі 30 пайыздан асады. Құрылыс пен сауда, жылжымайтын мүлік, техникалық кәсіп, жәрдем беру және әкімшілік саласындағы жастар – 26-29,9 пайыз. Жас маман тапшылығын білім беру мен денсаулық сақтау саласы қазір қатты сезініп жатыр. Еңбек нарығын өлтірмей келе жатқан – еңбек ресурсының қайнар көзі болып отырған ауыл шаруашылық саласы. Сарапшылар жастар көбіне өңдеу және тау-кен өнеркәсібі, ғылыми-техникалық, қызметтер ұсыну, транспорт салаларына түрен салса дейді. Себебі, аталған салалардың жалақысы елдегі орташа жалақыдан жоғары деңгейде.
Абай АЙМАҒАМБЕТ