Мемлекет басшысын құттықтады

1293
0
Бөлісу:

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың атына ұлттық мерекеміз – Қазақстан Республикасының Тәуелсіздік күніне орай хаттар мен жеделхаттар келіп түсті.

Нұрсұлтан Назарбаевтың атына Қа­зақстан Республикасының Тәуелсіздігі күніне орай шет мемлекеттердің басшы­ларынан және халықаралық ұйымның жетекшісінен құттықтау жеделхаттар ке­ліп түсті.
Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас хат­шысы Антониу Гутерриш Нұрсұлтан Назарбаевтың атына жолдаған жеделха­тында: «Сіз үшін ерекше осы күні мен еліңіздің Біріккен Ұлттар Ұйымын ны­ғайтуға және баршамыз үшін бейбіт­шілікті, даму мен адам құқығын қам­тамасыз ету жөніндегі ортақ ісімізді ілгерілетуге белсенді атсалысатынына және ықпал ететініне сенімдімін» деп жазған.
Германия Федеративтік Республи­касының президенті Франк-Вальтер Штайнмайер өзінің құттықтау жеделха­тында: «Дипломатиялық қатынастар орнаған сәттен бергі ширек ғасыр ішінде елдеріміздің арасындағы саяси, эконо­микалық, қоғамдық және мәдени бай­ланыстар көп салалы әрі серпінді даму жолына түсті. Германия алдағы уақытта да демократия мен заң үстемдігін нығайту ісінде Қазақстанның сенімді серіктесі болып қала бермек» деп атап өткен.
Канаданың Генерал-губернаторы Жули Пайетт өзінің құттықтау хатында Қазақстанның ядролық қаруды таратпау жөніндегі бастамасына қолдау көрсете­тінін атап өтіп, еліміздің бітімгершілік ұстанымы мен өңірді әрі қарай дамыту үшін қолға алып жатқан шаралары жөнінде айтқан.
Өзінің жеделхатында Қырғыз Респуб­ликасының президенті Сооронбай Жээн­беков Қазақстан – Қырғызстан қарым-қатынасы әрі қарай да одақтастық пен стратегиялық серіктестік рухында ны­ғайып, дами беретініне сенім білдірген.
Сондай-ақ Мемлекет басшысына және Қазақстан халқына бақ-береке мен өсіп-өркендеуіне ниеттестік білдірген жеделхаттарды Жапония Императоры Акихито, Сингапур Республикасының президенті Халима Якоб, Австрия Республикасының президенті Александр Ван дер Беллен, Мексика президенті Энрике Пенья Ньето, Нидерланд Королі Виллем-Александр, Куба Республикасы Мемлекеттік кеңесінің және Министрлер кеңесінің Төрағасы Рауль Кастро Рус жолдаған.

Бөлісу:

Пікір жазу


*