Тәуелсіздік энциклопедиясы ел қолдауына ие

1548
0
Бөлісу:

Тәуелсіздік күні қарсаңында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Тәуелсіздік дәуірі» атты кітабының тұсауы кесілген болатын. Қазақ және орыс тілдерінде шыққан бұл еңбек, қоғамдық резонанс туғызып, көпшіліктің қолдауына ие болды. Жаңа басылымға «тәуелсіздік энциклопедиясы» деген баға берілді.

Егемендігімізге қол жеткен күннен бастап, осы күнге дейін жүріп өткен жолы­мыз жаңа кітапта егжей-тегжейлі жа­зылған. 26 жыл − ширек ғасырлық тарихымыз, яғни Қазақстанның осы уақыт ішіндегі қалыптасу кезеңі Елбасының өз қолымен тайға таңба басқандай жазылған.
Аталған еңбекте «1991 – 2017 жылдар­дағы тәуелсіз Қазақстанның 33 басты нәтижесі» жан-жақты айтылған, әр пунктте Елбасының сарабдал саясатының арқасында елімізде атқарылған келелі істер рет-ретімен көрсетілген. Мәселен, ондағы 1 пункте «Тәуелсіз Қазақстан – әлем қауымдастығы мойындаған реформалар мен ғаламдық бастамалар көшбасшысы, бірқатар халықаралық беделді ұйымдарға жетекшілік жасаған заманауи қуатты мемлекет. Қазақстанның жетістіктерін дамушы елдер қызығушылықпен зерттеу үстінде» делінген.
Расымен, тәуелсіздігімізге қол жет­кізгелі қаншама тың бастамалар қолға алынып, жақсы нәтижелер берді. Мысалы, еліміз Біріккен Ұлттар Ұйымына және басқа да ірі халықаралық ұйымдарға мүше болып қабылданды. Ірі мемлекеттермен тікелей саяси-экономикалық қатынас орнап, сүбелі жобалар жүзеге асты. Қазақстанның әлеуметтік-экономикалық дамуының стратегиялық жоспары айқын­далды. Соның негізінде дамыған 50 елдің қатарына ену мақсатына да қол жеткізді.
Егемендігіміз қолымызға тиген күннен бастап, әлемдік сахнада Қазақстан өзін көпұлтты, бейбіт мемлекет ретінде таны­туда. Осыған дәлел ретінде Президент Жарлығымен Қазақстан халықтары ассамблеясы құрылды. Тәуелсіздік алған жылдары 1 миллионнан астам қандасымыз атажұртына оралып, азаматтығын алды. Сонысымен Қазақстан басқа мемлекет­терге үлгі болды.
«Сырт көз сыншы» демекші, бүгінде қаншама шетелдік сарапшылар, дип­ломаттар, мемлекет басшылары Қазақ­станның дамуына оң бағасын беріп отыр. Мысалы, осыдан жеті жыл бұрын Астанада өткен ЕҚЫҰ саммитінде АҚШ-тың сол кездегі Мемлекеттік хатшысы Хиллари Клинтон «Қазақстандықтар өз мем­лекетінің тәуелсіздік алған аз ғана жылдар ішінде қол жеткізген жетістіктерін бағалап, мақтан тұтуы тиіс» деген болатын.
Мәселен, 2018 жылдың қаңтарынан бастап, Қазақстан Біріккен Ұлттар Ұйы­мының Қауіпсіздік кеңесіне төрағалық ететіні де – мемлекетіміздің бір жетістігіне татиды.
Осы сынды жетістіктер кітапта тәптіштеліп жазылған, оның ішінде: заманауи қуатты мемлекет құру, халық­аралық дәрежеде мойындалған нақты шекара, ұлтаралық және конфессияаралық келісімнің бірегей үлгісі, Семей ядролық сынақ алаңының жабылуы, нарықтық экономикаға өту, ұлттық валюта, жаңа елордамыз – Астананы салу, қуатты әрі заманауи Қарулы Күштеріміздің құрылуы, кең көлемдегі инновациялық ин­дустрияландыру, әлеуметтік жаңғыру, ЕҚЫҰ-ға және басқа да беделді халықаралық ұйымдарға төрағалық ету, «Қазақстан – 2030» стратегиясында көзделген басымдықтардың мерзімінен бұрын орындалуы және 2050 жылға дейінгі даму стратегиясы, Бес институттық реформа, ЕХРО – 2017 халықаралық көрмесін өткізу және халқымыздың мақ­танышына айналған еліміздің тағы басқа да аса маңызды жетістіктері бар.
Н.МЫРЗАХМЕТ

 

Геннадий Шиповских,
Мәжіліс депутаты:
− Бұл кітап Қазақстан халқы үшін Тәуелсіздігіміздің 26 жылдығына арналған үлкен сыйлық болып отыр. Себебі, осы жылдар ішінде қол жеткізген жетістіктеріміз, Елбасы бастамасымен қолға алынған ауқымды жобалар, соларды іске асыру уақыты, «Болашақ» бағдарламасымен жастарымызды оқыту және басқа да ауыз толтырып айтарлықтай тың істердің барлығы осы кітапта тайға таңба басқандай жазылған. Қажетті деректер мол бұл кітап көптің көңілінен шығады деген ойдамын. Елбасының бұған дейін де шыққан кітаптарымен таныспыз, алайда осы жолғы энциклопедия еліміздің ұлық мерекесі – Тәуелсіздік күніне орай шығуымен ерекше.

Үмітхан Мұңалбаева,
Ұлттық академиялық кітапхананың директоры:
− Бұл, шын мәнінде біздің тәуелсіздік энциклопедиямыз. Өкінішке қарай, біз бағалай бермейтін, кейде тіпті түсінбейтін аспектілер бар. Осы тұрғыда, «Тәуелсіздік дәуірі» кітабы санамыздағы, идеологиямыздағы кем-кетіктердің орнын толтырып тұрғандай. Өскелең ұрпақ осы күнге жету үшін қандай қиын кезеңдерді артқа тастағанымызды, Қазақстанның қалай қалыптасқанын білуі тиіс. Қазір шетелде білім алу, ақпаратқа оңай қол жеткізу және басқа да күрмеуі көп нәрселер қолжетімді бола бастады. Өмір сүруді жеңілдету үшін бар мүмкіндіктердің бәрін пайдаланудамыз. Мұның бәрі оңайлықпен келген жоқ. Елбасымыз қаншама күш-жігерін жұмсады, талай ұйқысыз түндерінің, алаңдаумен өткен күндерінің, халқына деген жанашырлығының арқасында осындай жарқын күнге жеттік. Қазақстан азаматы ретінде Мемлекет басшысы алдында басымды иемін. Бүгінде халқымыз бейбіт әрі заман ағымына сай өмір сүріп отырғанымызға риза және болашаққа сенімдері мол деген ойдамын.

Егор Каппель,
ҚХА мүшесі:
− Бүгінде қазақстандықтардың Мемлекет басшысының «Тәуелсіздік дәуірі» кітабы тиді. Тәуелсіздік энцик­лопедиясы, әсіресе, жастарымыз, келер ұрпақ үшін құнды. Мұнда мемлекетіміздің құрылуы саяси жағынан ғана емес, экономикалық тұрғысынан да рет-ретімен тиянақты жазылған. Білім саласы да, әлеуметтік бағыт та аталған. Сондықтан бұл кітап біз үшін тәуелсіздік алған жылдардағы тарихымызға көз жүгіртуге зор мүмкіндік.
Қазіргі таңда Қазақстан – бірнеше ұлтты түріне, нәсіліне қарамай, бір шаңырақ астына біріктіріп отырған көп ұлтты халық ретінде қалыптасқан ел. Мемлекеттік тіліміз, байрағымыз, мәдениетіміз бар. Ал кітапта «бірлік болмай, жетістіктерге қол жеткізе алмаймыз» делінген.

Бөлісу:

Пікір жазу


*