Халықаралық құжаттар тиімділігі артады

1065
0
Бөлісу:

Ел Үкіметі экономиканың басым секторларын дамыту үшін халықаралық келісімдерге дер кезінде түзетулер енгізіп отыруы қажет. Мәжілістің жалпы отырысында палата төрағасы Нұрлан Нығматулин осыған назар аудартты. Қалаулылар Қазақстан мен Үндістан арасындағы салық қатынастары туралы ратификациялық заң жобасын қарап, мақұлдады.

Бұл жоба – Қазақстан мен Үндістан үкіметтері арасында сонау 1996 жылғы 9 желтоқсанда, Нью-Делиде жасалған «Қосарланған салық салуды болдырмау және табыс пен капиталға салынатын салықтарға қатысты салық салудан жалтаруға жол бермеу туралы конвенцияға және хаттамаға» өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы екі ел үкіметтері арасындағы хаттаманы ратификациялауды қарастырады.
Талқылау барысында депутаттар бұған дейін салық салу саласында Қазақстанның өзге мемле­кеттермен арада бекіткен 52 құжаттың мемлекетімізге және отандық бизнеске қандай тиімділік пен пайда әкелгенін сұрастырды. Осы орайда, Үндістанмен арадағы конвенцияның 20 жылдан бері жұмыс жасап тұрғанын атап өткен Мәжіліс төрағасы халықаралық құжаттарды жаңартып отыру қажеттігін баса айтты.
– Өзге шет елдермен арамызда салық салу сала­сында бекітілген барлық халықаралық келісімдердің жартысы өткен ғасырда жасалған. Содан бері өмір өз­герді. Бізде заңнама жаңғырды. Салық салу бо­йын­ша халықаралық стандарттар да өзгеріске ұшырады. Ендеше Қаржы министрлігі осыған ұқсас барлық келісімдердің тиімділігіне уақытылы талдаулар жүр­гізіп, экономиканың басым секторларын дамыту тұрғысынан маңызды құжаттарға қажетті түзетулерді енгізуге бастамашылық жасап отыруы керек. Барлық халықаралық келісімдер, әсіресе, са­лық бойынша екіжақты және көпжақты құжаттар – сауда мен инвестициялау салаларының дамуына қозғау салады. Бұл сырттан инвестиция тарту үшін де, отандық кәсіпкерлік үшін де аса маңызды, – деді Нұрлан Нығматулин.
Өз кезегінде Қаржы министрі Бақыт Сұлтанов 2009 жылдан бері 52 келісімнің шамамен отызын жаңартып шыққандарына сендірді.
– Кейінгі он жылда Қазақстанға құйылған инвестициялар көлемі жалпы алғанда 224 миллиард долларды құрады. Оның 84,5 пайызы осындай өзара салықтық конвенциялар бекітілген елдерден келді, – деді ол.
Мәжіліс ратификациялап, Сенатқа жолдаған бұл хаттама салықтық қатынастардың салыстырмалы тұрақтылығына кепілдік береді және кірістерге екі елден бірдей қосарланған салық салуды болғызбайды. Бұл мемлекеттеріміз арасындағы тығыз экономика­лық байланыстарды жолға қоюға мүмкіндік бермек.
Отырыста депутаттар «Қазақстан мен Ирландия үкіметтері арасындағы табысқа салынатын салық­тарға қатысты қосарланған салық салуды болдырмау және салық салудан жалтаруға жол бермеу» туралы конвенцияны және оған хаттаманы ратифика­циялауды көздейтін заң жобасын да қолдады. Ол құжат жоғарғы палатаға жолданады. Бұл конвен­цияның мақсаты – инвестициялар үшін қолайлы жағдайлар жасау арқылы екі ел арасындағы экономи­калық ынтымақтастықты нығайту және кеңейту.
Қалаулылар осы қатарда Қазақстан мен Әзірбай­жан үкіметтері арасындағы «Халықаралық авто­көлік қатынасы туралы келісімді ратификациялау туралы» заң жобасын мақұлдады. Аталған құжаттың негізгі мақсаты – екі ел арасындағы халықаралық автокөлік қатынасында жолаушылар мен жүктерді та­сымалдауды, олардың аумақтары арқылы үшінші елдерге транзитті жүзеге асыру үшін құқықтық негіз жасау, сондай-ақ мемлекеттер арасында сауда-экономикалық ынтымақтастықты белсенді дамыту және іскерлік байланыстарды тереңдету болып отыр.
– Қазақстан мен Әзірбайжан бұған дейін арнайы келісімсіз жұмыс жасап келді. Келісім орнына екі елдің төл автокөлік туралы заңдары жүрді. Оған сәйкес, біз Әзірбайжанмен арада жүк тасымалдау­шыларға рұқсат беруші бланкілерімен алмасамыз. Яғни, экспорттағанда, импорттағанда, сондай-ақ біздің аумақтарымыз арқылы басқа елдерге жүк транзитін өткізгенде жүк тасымалдаушыларға арнайы бланкілер таратамыз. Осы келісім ратификациялаудан өткен соң, мысалы, пошта жүктерін тасымалдағанда, әртүрлі театрлық декорацияларды, жәрмеңкелер, спорт іс-шаралары үшін қажетті жабдықтарды тасымалдағанда рұқсат бланкілерін алу қажет болмай қалады, – деді Инвестициялар және даму министрі Жеңіс Қасымбек.
Оның мәліметінше, соңғы жылдары Әзірбайжан арқылы Қазақстанға Түркиядан және Украинадан келетін транзиттік жүк ағыны арта бастаған. Министрдің түсіндіруінше, сол себепті де «осы келісім қажет болып тұр». Тұтастай алғанда, екі ел арасындағы автомобиль көлігімен жүк тасымалы биыл 16 пайызға өскен екен.
Сонымен қатар бүгінгі отырыста Мәжіліс әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекске өзге­рістер мен толықтырулар енгізу туралы заң жобасына Сенат енгізген өзгерістермен келісті.
Мәжілістің осы жалпы отырысында палата төрағасы Нұрлан Нығматулиннің ұсынысымен, бұған дейін Әділет вице-министрі болып келген З.Баймолдина және бүгінге дейін «Нұр Отан» партия­сының хатшысы болып қызмет атқарған Н.Годунова Орталық сайлау комиссиясының мүшелері болып тағайындалды. Он жылдан бері ОСК төрағасының орынбасары болып келген Владимир Фоостың және ОСК мүшесі Марат Сәрсембаевтың өкілеттігін палата мерзімінен бұрын тоқтатты. Қос азамат та зейнет жасынан асқан. Фоос мырза өткен бейсенбіде 70 жас мерейтойына жеткен екен.
Отырыс соңында бірқатар қалаулылар орталық мемлекеттік орган басшыларының атына депутаттық сауал жолдады.
Елдос СЕНБАЙ

Бөлісу:

Пікір жазу


*