Тәуелсіздігіміздің басты құндылығы – азаматтар

1328
0
Бөлісу:

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Астанадағы Тәуелсіздік сарайында өткен Қазақстан Республикасының Тәуелсіздік күніне арналған салтанатты қабылдауға қатысты. Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі хабарлады.

Мемлекет басшысы жиынға қатысу­шыларды жә­не Қазақстан халқын ұлттық мерекеміз – Тәуелсіздік күнімен құт­тықтады.
– Бұл күні уақыт өлшеміне бағына қоймайтын мақ­таныш, қуаныш пен толқыныс өзара үйлесім тауып, ерекше сезімге бөлейді, – деді Қазақстан Президенті.
Елбасы тәуелсіздік жылдарында Қазақстан жыл­дам өсуге қол жеткізіп қана қоймай, алдағы уақытта орнықты даму үшін берік негіз қалағанын айтты.
– Бұған дейін тарихымызда болмаған кәсіпкерлер шоғыры қалыптасты. 1,2 миллионнан астам қазақ­стандық жеке кәсібін жүргізіп, барлық ұлттық кірістің төрттен бірін қамтамасыз етіп отыр, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Мемлекет басшысы «Нұрлы жол» бағдарламасы келешектің инфрақұры­лымдық дайындығын қамта­масыз еткен әрі дағдарысқа қарсы шешім болғанын атап өтті.
Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстанның халық­аралық аренадағы жетістіктеріне жеке тоқталды.
– Елордамызда ЕХРО халықаралық мамандан­ды­рылған көрмесі өткізілді. Биылдың өзінде Қа­зақстан Дүниежүзілік Универсиаданы, Шанхай ынты­мақтастық ұйымының тарихи саммитін, Ислам ынты­мақтастығы ұйы­мының Ғылым және техноло­гиялар жөніндегі бірін­ші саммитін, Сириядағы жағдайды бейбіт реттеуге арналған келіс­сөздерді өткізді. Ал 2018 жылғы қаңтар айында еліміз БҰҰ Қауіпсіздік кеңесіне төрағалық етеді, – деді Мемлекет басшысы.
Қазақстан Президенті «100 жаңа есім» жобасына қатысушылармен кездесу өткізгеніне тоқ­талып, Тәуелсіз­дігіміздің басты құндылығы азаматтар екенін атап өтті.
– Бұлардың ұстанатын өмірлік қағидасы – мем­ле­кеттен талап ете бермей, оған өзінің идеяларын, шығармашылық энергиясын, қажырлы еңбегін ар­нау. Міне, біз қол жеткізген табыстың нағыз шынайы манифесі – осы! Тәуелсіздіктің ұрпағы – осылар, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Мемлекет басшысы озық дамыған 30 елдің қата­рына қосылу үшін сан жағынан өсуден сапалық өзгерістерге көшудің маңызды талап екенін айқын­дап берді.
– Қазақстанды қалыптасқан мемлекет ретінде нығайтып, біз бүкілін қамтитын жаңғыруға, Тәуелсіз Қа­зақ­станның жаңа тұрпатын жасауға кірістік. Сол үшін саяси, экономикалық және рухани жаңғыру үде­рісін бастап кеттік, – деді Қазақстан Президенті.
Нұрсұлтан Назарбаев «Рухани жаң­ғыру» қоғам­дық сананы жаңғырту бағдарламасын іске асыру мәселесіне тоқталды.
– Биыл ел болып Алашорданың 100 жылдығын атап өттік. Қазақ әліпбиінің латын графикасына өтуі жөніндегі аса маңызды шешім қабылдадық. Латын қарпіне көшудің терең тарихи қисыны бар. Бұл – ата-баба арманының орындалуы ғана емес, келер ұр­пақты болашаққа бастайтын жол, – деді Мемлекет басшысы.
Соңында Президент қатысушылардың бәрін Тәуелсіздік күнімен тағы да құттықтап, саяси тұрақ­тылық, қоғам мен халқымыздың бірлігі үшін жүр­гі­зіліп жатқан саясатқа толық қолдау көрсету – елі­міз­дің табысты болуының басты кепілі екенін атап өтті.

Бөлісу:

Пікір жазу


*