Абат күнге жеткізген Азаттық

1705
0
Бөлісу:

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев барша Қазақстан халқын ұлтымыздың ұлық мерекесі – Тәуелсіздік күнімен құттықтады. Мемлекет басшысы кеше Ақордада мемлекеттік наградалар мен сыйлықтар тапсыру рәсіміне қатысқан болатын. Салтанатты шараға жиылғандарға арнаған сөзінде Нұрсұлтан Назарбаев егеменді ел ретінде дамыған жылдарымыздағы бірқатар жетістіктерді атап өтті.

Дөңгеленген дүниені ат тұяғымен дүбір­леткен даңқты бабалардың Мәңгілік ел мұра­тын қайта жалғауға мүмкіндік берген, атағы ал­ты құрлыққа жайылған абат мемлекет құру­ы­мызға жол ашқан Азаттық халқымыздың ки­е­лі құндылығына айналды. Сондықтан Қазақ­стан Прези­дентінің айтуынша, Тәуелсіздікке тәу ететін кез келген халық үшін бұдан асқан маңызды мейрам болмаса керек.

– Қадірлі қауым! Баршаңызды егеменді елі­міздің ең басты мерекесі – Тәуел­сіздік кү­ні­мен шын жүректен құт­тық­таймын. Бұл – ға­сыр­лар бойы азат­тықты аңсаған ата-баба­мыз­дың арманы болған қастерлі мей­рам. Абы­ройы асқақ, беделі биік мем­лекетіміз өзі­нің екінші ширек ға­сырлық белесіне қа­дам басты. Аз уақытта сыннан сүрінбей өтіп, береке-бірлік­тің арқасында түрлі қиын­дықтарды еңсере білдік. Қазір Қазақстан – бүкіл әлемге толық танылған халықара­лық қоғамдастықтың белді мүшесі, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Елбасының пайымдауынша, мем­лекеттік егемендікке ие болған соң ғана біз мықты әрі өркендеуші Қазақстанды құруға кірісе алдық.
Қазақстан Президенті еліміздің жетіс­тіктері мен институттық рефор­ма­ларды іске асырудағы әрбір қазақстан­дықтың рөлі мен күш-жігеріне тоқтала келе, алдыда тұрған мәртебелі мақсат-міндеттерге де бірлесе қол жеткізетінімізге сенім білдірді.
Осыдан кейін ол жыл сайынғы дәстүр бо­йын­ша ерен еңбегімен ерекшеленген азамат­тарға биік марапаттарын өз қолымен табыс етті.
– Бүгін біз Отанымыздың дамуына үле­сін қосып, еңбек сіңірген азаматтары­мызды награ­далармен және сыйлықтармен марапат­тай­мыз. Биыл «Қазақстанның Еңбек Ері» атағы Ахметжан Есімовке берілді. Ол сенімді серік­терімнің бірі ретінде тәуелсіз Қазақстанның іргесін қалауға зор үлес қосты. Үкімет бас­шы­сының орынбасары, министр, Алматының әкімі қызметінде болып, ел дамуы­на ерекше еңбек сіңірді. Өзін ел мүддесін берік ұстанатын отан­сүйгіш азамат ретінде көрсетті. Биыл бәрі­міз куә болған, елге абырой мен бедел әкелген EXPO – 2017 халықаралық мамандан­дырыл­ған көр­ме­сін табысты өткізді. Мен арт­қан бұл міндетті абыроймен орындап, Халықаралық көрмелер бюросы ұйымының жоғарғы бағасын алды, – деді Мемлекет басшысы.
Елбасы «Қазақстанның Еңбек Ері» атағы Тәуелсіздік бастауында мұнай-газ саласындағы ірі шетелдік компанияда менеджер болған алғаш­қы қазақ ин­женерінің бірі Руслан Қуатовқа берілетінін мәлім етті.
Сондай-ақ Мемлекет басшысы «Қазақ­стан­ның Еңбек Ері» атағына даңқты балуан, Олимпиада чемпионы, қазір агроөнеркәсіптік кешен саласында еңбек етіп жүрген кәсіпкер Жақсылық Үшкем­піровтің лайық екенін атады.
– Бүгінде Жақсылық Үшкемпіров ауыл ша­руа­шылығын дамытумен айналысып, ауылды өркендетуге зор үлес қосуда. Өзі басқаратын ірі шаруашылықты жоғары дәрежеге жеткізді. Ол шығаратын ет бүгінде Ресейге, Қырғызстанға, басқа елдерге сатылуда. Ел арасында абыройы үлкен. Қазір өз жұмысын ғана орындап қоймай, туған еліне адал қызмет етудің үздік үлгісін көр­се­туде: өз қаражатына спорт кешенін, бала­бақшалар, жас отба­сыларға арналған үйлер салып, ауылдас­тарының құрметі мен риза­шы­лығына бөленді, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Сөз алып, ризашылығын білдірген Жақсы­лық аға салтанатты мінберден бастама жария етті: «Менің бір арманым бар. Қазақстанда көп дегенде 5 мыңға жетер-жетпес қана ауыл болар. Соларды 5 мың бизнесмен көтеріп жіберсе, одан артық қандай бақыт керек. Мен соны ойлаймын, аға!» – деді ол. Айта кетсек, Елба­сының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласындағы «Туған жер» жобасы да абзал әрі ауқатты азаматтарды ауылды абаттандыру мен қолдауға тартуды қарастырады.
Ел Президенті «Отан» орденін табыстай отырып, Аманғос Төлеуовтің ауыл шаруа­шы­лығын дамытудағы рөлін және ІІІ дәре­желі «Барыс» орденін алған Әнес Сарайдың шығармашылық еңбегін атап өтті.
– ІІІ дәрежелі «Еңбек Даңқы» орденін Игорь Китаевқа табыс етеміз. «Қазақстан­ның еңбек сіңірген қайраткері» атағы Ел­таң­бамыздың авторы Жандарбек Мәлі­бек­ұлына беріледі, – деді Мемлекет басшысы.
Қазақстан Президенті, сондай-ақ өршіген өрт кезінде өз өміріне қауіп төнгеніне қара­мастан үш адамды, соның ішінде кішкентай баланы өлімнен құтқарып қалған Руслан Базарбаевтың ерлігін атап өтті. Ол «Ерлігі үшін» медалін алды.

– Бүгін біз өз ісінің білікті мамандары, Отанымыздың нағыз патриоттары болып саналатын қазақстандықтарға құрмет көрсетеміз. Мемлекеттік марапаттарға мәдениет пен өнер, білім беру мен денсаулық сақтау ісінің қайраткерлері, бизнес пен өндіріс саласының өкілдері, әскери қызметкерлер мен құқық қорғау органдарының қызметкерлері, соғыс және еңбек ардагерлері, спортшылар мен мемлекеттік қызметкерлер ұсынылды. Өз істеріңізге деген адалдықтың, еңбекқор­лықтың, қажыр-қайрат пен ерліктің арқасында әріптестеріңіздің құрметіне бөленіп, қоғамда зор беделге ие болды­ңыздар, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Рәсім барысында «Отан» орденімен Шығыс Қазақстан облысының әкімі Д.Ахме­тов, Ақтөбе облысының әкімі Б.Сапарбаев және Ақтөбе об­лысындағы «Степное» ЖШС директоры А.Төлеуов марапатталды. ІІІ дәрежелі «Барыс» ор­дені Қа­зақ­стан Президентінің көмекшісі Н.Онжановқа, жа­зушы Ә.Сарайға, «Каспий Құбыр Консорциумы-Қ» АҚ бас директо­рының орынбасары Қ.Қа­был­динге берілді.
Жоғарғы сот төрағасы Ж.Асанов, Ақпарат және ком­муникациялар ми­нистрі Д.Абаев, Әділет ми­нистрі М.Бе­кетаев, Ин­вестициялар және даму ми­нистрі Ж.Қа­сым­бек, М.Әуезов атын­дағы Қазақ мемле­кеттік акаде­миялық драма театрының артисі М.Өте­кешева «Парасат» орденіне ие болды.
«Құрмет» ордені белгілі ғалымдар, мәдениет қайраткерлері, өндіріс пен әлеуметтік сала өкілдеріне табыс етілді. Олардың қатарында боксшы Қ.Ислам, киноактриса Ә.Сәдуақасова, Білім және ғылым министрі Е.Сағадиев, мектепке дейінгі шағын орталығы бар Қастек орта мектебінің мұғалімі Б.Бердікенова, Павлодар облыстық балалар аурухана­сының дәрігері Т.Мүтішев бар.
«Қазақстанның еңбек сiңiрген қайраткерi» атағы «Астана Балет» театры­ның» бас балетмейстері
М.Абубахриеваға және Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлт­тық университетінің профессоры, Елтаңба авторы Ж.Мәлібекұлына тапсырылды.
Әскери және қызметтік борышын үлгілі атқар­ғаны, заңдылық пен құқықтық тәртіпті қамтамасыз ету, елдің ұлттық қауіпсіздігі мен қорғаныс қабілетін ны­ғайту кезінде көрсеткен ерлігі мен қа­жыр­лығы үшін әскери қызметкерлер мен құқық қорғау ор­гандары өкілдерінің бір тобы ІІ дәрежелі «Даңқ» орденімен, ІІ және ІІІ дәрежелі «Айбын» ордендерімен, «Ерлігі үшін» және «Жауынгерлік ерлігі үшін» медальдарымен марапатталды.
ІІ дәрежелі «Даңқ» орденіне Аумақтық қорғаныс бас басқармасының бастығы – Қазақстан Қарулы күштері аумақтық әскерлерінің бастығы С.Қа­ма­летдинов және Ұлттық ұлан «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығы қолбасшысының бірінші орынбаса­ры – штаб бастығы А.Каске­ленов ие болды. ІІ дә­режелі «Айбын» ордені Қорғаныс ми­нистрлігінің әскери бөлімінің командирі Ж.Ермұхановқа және Ұлттық қауіпсіздік комитеті­нің Тер­роризмге қарсы қызметінің, терроризмге қарсы орталы­ғының штаб бастығы Ж.Сайполдаевқа табыс етілді. ІІІ дәрежелі «Айбын» орденін Мемлекеттік күзет қызметінің президенттік «Айбын» полкі әскери бөлімінің бөлімше командирі Е.Жақаев иеленді.
Сондай-ақ Мемлекет басшысы бұл күні – Ақордада салтанатты түрде Қазақстан Респуб­ликасының әл-Фараби атындағы ғылым мен техника саласындағы 2017 жылғы мемлекеттік сыйлығын тапсырды. Елбасы еліміздің зияткерлік-инно­вациялық әлеуетінің дамуына назар аударып, бұл істегі отандық ғылым қайрат­керлерінің рөліне тоқталды.
Атап айтқанда, «Қазақстандық іргелі ғылымды әлемдегі озық жетістіктер дең­гейіне шығаруға икем­деуші нақты ғалам­ның қасиеттерін сипат­тайтын гравитация теориясын дамыту» тақы­ры­бындағы жұ­мысы үшін физика-математика ғы­лым­дарының докторы, профессор Рәтбай Мыр­зақұловқа, «Ерте және орта ғасыр­лар­дағы Қазақстандағы кенттену» тақы­ры­бындағы жұмысы үшін академик Карл Байпақовқа, «Болат өндірісінің бәсекеге қабілеттілігін арттыруды қамтамасыз ететін, төмен сапалы және техногенді шикізаттарды өңдеуге тарту бойынша әлемдік деңгей­дегі технологияларды әзірлеу және олар­ды коммерцияландыру» тақы­рыбын­дағы жұмысы үшін техника ғылымдарының кандидаты Әбілқасым Ахметовке, «Белсенді ұзақ өмір сүруді қамтамасыз етудің ғылыми дәлелденген әдістері» тақырыбындағы жұмыстар циклі үшін медицина ғылымдарының докторы Валерий Бенберинге «әл-Фараби Мемле­кеттік сыйлығы» табыс етілді.

Айхан ШӘРІП

Бөлісу:

Пікір жазу


*