Болашаққа жол ашқан тұлға!

1315
0
Бөлісу:

Елбасы Тәуелсіздігіміздің 26 жылында Қазақ елін бір ғасырдың еншісіне де сыя қоймастай тарихи жолдан алып өтті. Қазақ елі дүниенің төрт бұрышына ең әуелі Назарбаев есімімен, Назарбаев келбетімен танылды. Назарбаев қазақ елі үшін Әлемге, Ғарышқа, Болашаққа жол ашып берді! 

Елбасының «Ұлы Дала ұлағаттары» тол­ғауын қазақтың Тәуелсіздігін алып берген, сол Тәуелсіздіктің ұлы жүгі – ел мұратын тарихтың аса бір күрделі кезеңі­нің қайнап жатқан тұрлаусыз саясатының салқынына ұрындырып алмай, дауылы мен дауына түтетпей, оғына алдырмай, қасын дос етіп, жауын жанынан тап­қы­зып, ұлтын ұлықтап, еңсесін көте­ріп, есікте қалған басын төрге сүй­реп, өлгенін тірілтіп, өшкенін жағып, сөнген сананы жаңғыртып, түлетіп әлемге, ғарышқа, болашаққа жол ашып берген және де өз халқының бағына біткен Нұрсұлтан Назарбаев сынды адамзаттың асып туған бір перзентінің саясаткер ретіндегі ғана емес, адами парасаттылы­ғы­ның ұлағаты деп таны­дық та, сол түйген ойымыздың бір парасын қағаз бетіне түсірдік.

«УАҚЫТТЫҢ БЕТІНЕ ҰЯЛМАЙ ТУРА ҚАРАЙ АЛАМЫЗ!»
Бірақ ең үлкен күш қару емес – тату­лық. Татулықты сұрап та, сатып та ала алмайсың. Оны саяси көрегендікпен ғана қалыптастыруға болады. Тәуелсіздігін енді ғана алып, өшкені жанып, өлгені тірі­ліп отырған алагеуім шақта ел ішіндегі тыныш­тықты біз осылай қалыптастырдық. Демек, біз татулық, бірлік атты бірегей жасампаздыққа сүйенген елміз.
Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ,
(«Ұлы Дала ұлағаттары» ой-толғауы кітабынан, 66-бет).

Елбасы ел Тәуелсіздігінің 25 жылында көп­этносты мемлекет қалыптастырып, қазақ­стан­дықтар бір мақсат, бір мүдде үшін бірлік пен ынтымақты жағдайда өмір сүріп, еңбек етуді үйреніп, әлемге үлгі көр­се­тіп отырған елміз.
Даралап айтар болсақ, Тұңғыш Прези­дентіміз «саясаттың ең басты ұста­нымы – бірлік» бола алатындығын зерделі зейінімен көкейіне тоқи білді де, Қазақстанның ішкі саясатын ынтымаққа ыңғайландырды. «Бір­лігі жеткен ел оза­ды, бірлігі кеткен ел тозады» деген сөз­дің сорабын дөп басып айтқан халқымыз. Бірлік – біздің барлық жеңістеріміздің қайнар көзі. Бірлік бар жерде – тірлік бар. Осыны әрдайым жады­мызда ұстауы­мыз керек. Ата тарихымыздың тұжырым­да­рын есте ұстап, шежіре болып айтылар ұлттық ұлағатты, тарихи ақиқатты жас ұрпақтың жадына мықтап сіңіруіміз қажет. Жас ұрпақ жүрегіне сонда жол табамыз, сонда ғана болашағына бағдар бере аламыз», – деген Н.Назарбаев­тың бұл пайымында біздің ел­дің бола­шағының тағдыры ұштасып жатыр дер едік.
«Менің бар тілегім де, зар тілегім де – елдің бірлігі мен тыныштығы» деп Тәуел­сіз мемлекет құрудың алғашқы күні­нен бастап, бірлік атты адами ұғымды бар­лық қазақстандықтардың санасына сіңіре білген Елбасы сол бірлікті алып бас қамал деп таныды. Солайы – солай. Бізді бүгінгі биігімізге де, бүгінгі абыройымызға да Ел­ба­сының осы бірлік атты ұстанымы жеткізді.
1992 жылы Тәуелсіздігіміздің бір жыл­дығына арналып өткізілген Қазақ­стан хал­қы форумында Елбасы Қазақ­стан халқы ассам­блеясын құру мәселесін айта келіп, аяғын енді-енді баса бастаған азаттығы­мыздың тағдыршешті бір қада­мын жасаған да болатын. Міне, сол ассам­блея Нұрсұлтан Назарбаевтың 1995 жылғы 1 наурыздағы Жар­лығымен Президент жанындағы кеңес құрылып, ол ақылдасушы бір жүйеге айнал­ды. Бұл қазіргі уақытта көпэтносты мемле­кет құрудың әлемдік тәжірибесіне айналып отыр және де ассамблея қабылдаған «Қазақ­станның ел бірлігі» доктрина­сы­ның тарихи мәні өзінің құндылығын еш­қа­шан жоймақ та емес.
Алматы – Елбасының мәңгілік жүрек әні! Алматы – Елбасының әрдайым жанын жылытып, көңілін тербеп тұрар талбесігі! Өзіңнің туған елің мен туған жеріңді сүюдің тамаша ғибратындай болып естілер «Біз Алатаудың бауырын­да­ғы Алматыға сыя алмай емес, Алматы­ны қия алмай кетіп бара­мыз» деген Елба­сының осы бір ауыз сөзінде ел Тәуел­­­сіздіктің талбесігіне айналған Ал­ма­тыны ардақтаумен бірге, сан ғасырлар бойы арман болған Тәуелсіздігі­міздің бүгінгі және болашақтағы тағдыры үшін астананы Сарыарқаның сайын даласын­да­ғы Есілдің бойына әкелу керек еді. Тәуелсіздіктің тағдыры – халқымыздың тағдыры! Алайда қирап та күйреп қалған экономикасы бар сол кездегі Қазақстан­ның жағдайында ел аста­насын көшірудің өзі ақылға да сыймағаны анық. Елбасы көңіл түйсігіне салды. Ойлан­ды, толған­ды. Ақыры таласты сан алуан пі­кір­лерге де қарамастан батыл қадам жасады. «Бораны ұлыған, аязы қақаған Арқаға барсын, өзі де кейін қайтып келер» деген сәуегейлердің айтқаны кел­меді. Назарбаев­тың айтқаны айна-қатесіз бол­ды да, бүгінгі Астана орнықты, төрт­күл дүние сүйсініп отырған бүгінгі жаңа қала – Астана салынды.
«Елорданы Отанымыздың орталық бөлі­гіне көшірудің аса маңызды страте­гия­лық, саяси-әлеуметтік, қоғамдық-ру­ха­нияттық маңызы дау туғызбайтын шын­­дық еді» және де «Астананы көшіру – қалыптасқан тарихты заман талабына сай жаңаша жазып, бұрынғы ұстанымға басқаша тың парақтар қосу деген сөз». Ел­басының осы бір пайым­ды пікірі ой­ла­ған жанға енді айту жеңілірек шы­ғар. Астананы көшіру мен жаңадан салу басталған сонау 1997 мен 1998 жылдар ел тағдыры қыл үстінде тұрды дейтіндей өте бір қиын да ауыр кезең болғандығы ұмы­ты­ла да қоймас. Елбасы көреген де ба­тыл, ерік пен жігері мол, қайтпас қай­сар­лығымен Қазақ­станның шынайы бас­­­шысы бола білді. Та­рих­тың сан ауда­ры­лып түскен шаңының астына көміліп, ғасырлар бойы үні шықпай келе жатқан қазақты әлемдік тарих сахна­сына алып шықты. Астананы құр салып қа­на қой­май, Нұрсұлтан Назарбаев тәуелсіз Қазақ­станның Астанасын ХХІ ғасырдың әлемдік тарихын жасаушы Астанаға ай­налдырды! Оған куә – 2010 жыл! Еуро­па­да­ғы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйы­мының (ЕҚЫҰ) Астана саммиті әлем­нің 56 дамыған мемлекеттерінің ба­сын қосса, бұл Тәуелсіз Қазақстанның абы­ройын аспан­датып, асқақтатты. Әрине, әлемде саммит өткізуге әбден жа­рап та тұрған небір әйдік астаналар көп те, небір астаналар да бар! Бірақ әлем­де Назарбаев біреу ғана! Ол – қазақ­тың маңдайына жазған, бағына біткен бізде ғана бар Назарбаев! Иә, әлемде өзге де президенттер бар! Алайда Ұлы дала­ның бір ұлы перзенті Н.Назар­баев адамзаттың жаңа дәуірінің саяси дүниесі мен келбетінің түбірінен өзгеруі­не өз үлесін қоса келген және де Нұрсұл­тан Назарбаев бір ұлттың, бір мемле­кет­тің мүдделері аясында ғана шектеліп қал­май, жалпы адамзаттың мүд­десін ойлай келген, өзінің адал ниетті дана­лы­ғы­мен даралана келген планетарлық Тұлға болатын!
Бір ғана қазақ даласына қырық жыл бойы қырғын салған, бүкіл адамзатты үрей мен қауіптің уысында ұстап келген Семей ядролық атом полигонын жабуы және де Назарбаевтың ядролық қарусыз әлем құрудағы батыл әрі адами баста­масы қазір «Әлем. XXI ғасыр» манифе­сі­не ұласып, ол Біріккен ұлттар ұйымының Қауіпсіздік кеңесінің бас құжаты ретінде басшылыққа алынса, Елбасының «Уақыт­тың бетіне ұял­май тура қарай ала­мыз!» деуі – әбден орынды!
Еліміздің де, оның бүгінгі де, келер ұрпақ­тарының да әлем алдындағы жүзі ашық та жарқын болғанға не жетсін?! Елбасы әлемге де, болашаққа да барар жолымызды сабырлы саясатымен салып берді. Біздің әрқайсымыз сол уақыттың бетіне ұялмай тура қарай алатын­ды­ғы­мыз­бен бақыттымыз!

«АЛЛА – АДАЛ НИЕТТЕ, ЖҮРЕГІҢДІ ТАЗА ҰСТА!»
Алла да, иман да – жүректе. Ең алды­мен, жастар жүрегін таза ұстауы қажет… Жас­­тарымызға айтарымыз: өз дініңді қа­дір тұт, өгей дінге бас ұрма. Әрине, жас кез­д­е еліктеу басым болады. Бірақ жат діни ағымға еліктеу, елігу қауіпті екенін ұмытпаған жөн!
Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ,
(«Ұлы дала ұлағаттары» кітабынан, 114-бет).

Елбасы ел Тәуелсіздігінің 25 жылында Астана қаласында 2003 жыл-дан бастап, бес рет адам баласының өзі де, оның діні де жаралғалы сол әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің фору­мын өткізіп, өркениеттер тоғысы кезінде жаһандық жаңа қатерлер бой көтере бастаған тұста түрлі діндердің ізгілігі мен жасампаздығын, ғасырлар бойғы Құдай сөзін бітімгершілік пен келісімнің пәр­мен­ді де ықпалды құралы ретінде пайда­ла­нуға жасаған сауапты ісі адамзат тарихының ұлы оқиғаларының бірі еді.
Аласапыран заманның өкпек желі бізді де бетімізден қақпай қалып тұрған жоқ. Әлемнің әр түкпірін үрейде ұстап отыр­ған түрлі радикалды діни жат ағым­дар­дың ықпалы бізге де келіп жеткендей болып тұр. Тіпті лаңкестік әрекеттер жасауға барып та қалғандар кездесті. Мұны діннен емес, сол дінді білместіктен көру керек. Елбасы бізге осыны айтумен, осыны ұғындырумен келеді.
Діни наным мен сенім бостандығы бізге тәуелсіздікпен келді. Бұл орайдағы әркімнің ерікті құқы Конституциямызда көрініс тапты. Кешегі коммунистік жүйе Құдайға сыйынуға тыйым салып тастаған болатын. Алайда соған қарамастан, өзі­міз көрген жарықтық аталарымыз бен әжелеріміз жасырынып жүріп, намазда­рын оқыды, оразаларын ұстады, иман­ды­лықты жүрек­терінде сақтады.
«Кеңестік кезеңдегі қызыл террордың халықтарды қуғын-сүргінге ұшырату­дағы зорлық-зомбылығын өз өміріндегі тұрмыстық тауқыметтермен бірге бөліс­кен қазақ халқының сол кездегі жан дүниесіндегі үнсіз қарсылығы болатын. Қазақтардың босып келген халықтарды паналатуы мен адамгершілік қолын созуы сол нәубетке іштей қарсылығы бол­ған шығар? Қара күшке қарсы қара­па­йым ақыл-парасатты қолдану ұлы күрес, имани майдан. Демек, біздің халқымыз – зайырлы жиһадтың үздік үлгісін көрсеткен жұрт. Бұл біздің бүгінгі ұр­пақ үшін мәңгілік мақтан, өмірлік өнеге болса керек», – деген Елбасының бұл айтқандарында адам баласына жақ­сы­­лық жасау жиһадтың имандысы деген ұғымды алға тартады.
Дінді білместіктен адасып жатқан­дай­мыз. Бұл үшін кешегі Құдайсыз қоғамнан шыққандарды жазғыра беруге де болмас. Тәуелсіздік алғаннан кейін мешіттер ашылып, жаңадан салына да бастады. Жастарымыз да, тіпті мектеп оқу­шыларына дейін мешіттерге бара бас­тады, намазға жығылды. Құран сүре­лерін жаттай бастады. Қуандық! «Ана көшенің бұрыш-бұрышында қаптап тұрған сыраханаларға бармаса болды» деп маскүнемдіктен ығыр бола баста­ған­дықтан, «балаларымыз мешітке барып жүрсе, әйтеуір, арақ ішпес» деп ойладық. Діннің де жат пиғылдысы болатынын білмедік. Оның үстіне, шет елдерден ислам дінін уағыздаушылар келіп, шари­ғатқа сусап қалған халқымыз олардың айтқандарына имандай сенді, ұйыды, иланды. Олар ғасырлар бойғы халықтық кейбір салтымыз бен қалпы­мыз­дан шариғатқа қарсы жайларды тауып, соларды айта бастады. Тіпті домбыра тартып, ән айтуға да болмайды екен! Дүниеден өткен ата-бабаларымыздың аруағына арнап, Құран да оқуға болмайды екен! Сөйтіп, ең әуелі дін­бұзарлар кө­бейіп кетті де, мұның соңы бас­бұзар­лыққа әкеле бастады.
Елбасының «Ұлы дала ұлағаттары» ой-толғауы кітабының «Дін мен дәстүр» деп аталатын бір парасындағы айты­ла­тын пікірлер мен өсиеттерді біздің Қазақстан мұсылмандарының діни басқармасы өз уағыздарына енгізулері керек болар. Мемлекет басшысының дін мен дәстүр сабақтастығына қатысты ойлары, әсіресе, жастар арасында кеңі­нен насихатталуы қажет. Өйткені Президен­тіміз айтып отырған біздің қоғамның «діни сауаттың аздығы, діни орындардың таза дінді жалған діннен ажырату бағытындағы дәрменсіз жұмыс­тарына» жетекші әрі көмекші құрал бола алары даусыз мәселе.– Аруақты құрмет­теу, бейіт басына барып, дұға бағыштау­дың, Наурызды қуана қарсы алып, жаңа туған аймен амандасудың дін алдында ешқандай да айыбы жоқ, – деп отырған Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың осы бір аталы сөзіне тоқтағанымыз жөн.
Елба­сының осы аталық пікірін ата-баба­мыз­дың сан ғасырлық салты мен дәс­түрін, әдеті мен ғұрпын мансұқ етіп жүр­гендерге сабырмен жеткізіп, сана­сына сіңіру міндет болса керек.
Ислам дінінің қасиеті мен ізгілігін қорғауға келгенде Назарбаевтай белсене кірісіп, Назарбаевтай кесімді ойы мен пікірін айтып жүрген әлем мемлекет­те­рі­нің де, тіпті Араб елдері басшыларының арасынан да ешкім шыға қойған жоқ. 2011 жылдың 11-қыркүйегіндегі Амери­ка­дағы сауда үйі мен Пентагонға жасалған шабуылдан кейінгі ислам фундаментализмі дүниеге қатер төндіре бастады деп даурығулар басталған кезде Нұрсұлтан Назарбаевтың «Ислам әлемге емес, әлем ислам әлеміне қауіп төндіріп тұр» деуі және де Елбасының 2006 жыл­дың қыркүйек айының 12-13-тері аралығында Астанада өткен Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің II съезінде: «Құдайды іздеу» пердесін жамы­лып, барша ұлы ұстаздар айып­тай­тын шын мәніндегі үрейлі әрекеттер жа­салуда. Екінші жағынан, белгілі бір дін­ді агрессияшыл деп айыптаудың біржақты әдеті айқын әлпетке көшті», – дей келіп, осы заманғы саяси және экономикалық мүдделер діни қағидаттардан жоғары қойылып отырғанды­ғына алаңдаушылық білдіргені де есімізде.
Міне, Елбасының ислам және өзге де дәстүрлі барлық ұлы діндердің «рух­сыз­дық пен қанағатсыздықтың алдына қойылған ең берік қамалдардың бірі» деп тұжырым жасауы және де қасиетті қазақ топырағында, Астана қаласында 2003 жылдан бастап, әр үш жыл сайын, 2006, 2009, 2012, 2015 жылдары бес рет өткізілген шараны «діндер арасындағы дипломатияның тілі ізгілік пен иманды­лық екенін түсіндіруге барынша әрекет жасадық» деп байламды ой айтуы адам баласының ниетін түзеу мен жүрегін ізгілендіруге жасалған сауапты бір қадам болатын.
«Қазақстан – өзінің Ата заңында ашық жазылғанындай, зайырлы мем­ле­кет. Дін мен мемлекет бір-бірінен тәуелсіз. Бірақ қандай дін болмасын, ол сол аймақтағы мемлекеттің дамуына өзі­нің теріс әсерін тигізетін болса, біз бұған жол бере алмаймыз. Біз үшін мемлекеттің тұрақ­тылығы, тыныштығы, береке-бір­лігі – ең басты құндылық», – деді Елбасы осы «Ұлы дала ұлағаттарында».
Мемлекеттік мүддені, тәуел­сіз­ді­гі­міздің тағдырын бәрінен жоғары қойып отыр. Ел тағдыры мен тәуелсіздік тағ­дыры жолында бірлік пен ынтымақ бәрі­нен де жоғары, бәрінен де қасиетті болуы керек деген Нұрсұлтан Назарбаев­тың ұстанымы қазақстандық­тар­дың басты ұстанымы болса етті деп ойлаймыз. Ақыл мен парасатқа жүгінейік. Тір­ші­лі­гіміздегі сауапты ісіміз көп болсын, сол тіршілікке қиянат жасап, обалға қалып жүрмейік. Елба­сының бізге айтар ғибраты да – осы! Жүрегіңді таза ұста!..
«ӨЗ ОТАНЫНА ӨЗ БАЛАСЫ РЕНЖИ МЕ ЕКЕН?!.»
Ел тірлігі, көпұлтты Қазақстанның бірлігі мен тыныштығы жатсам-тұрсам көкейімнен кетпейтін маған жалғасып жатқан қазақ көшінің тағдыры тіпті де оңай сезіліп тұрмағанын айтқым келеді. Жы­рақ­тағы жұртың туған жерге жаутаң­дап қарап отырса, кісінің жаны қалай жай табады?!
Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ,
(«Ұлы дала ұлағаттары» ой толғауы кітабынан, 126-бет).
Елбасы ел Тәуелсіздігінің 25 жылында тағ­д­ырдың қилы-қилы кезеңдерінде көз­де­рінен қанды жастарын сыға отырып, өз туған жерлерінен ауа көшіп, қиыр жай­лап, тарыдай шашылып кеткен өз бауыр­ла­ры­мызды өз атажұртымызға қоныстандырып, қазақтың қайырлы ұлы көшін бастады!
Бұл Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бір сауапты ісі болатын! Олай деуіміздің негізгі бір себебі, ұлы көштің алғашқы легі­мен келген ақ сақалды ағалары­мыз­дың әуежайдан түсе салып, көздеріне парлаған жастарын тыя алмай, қазақ жерінің топырағына маңдайларын ти­гі­зіп, сол қасиетті топырақты сүйген­де­рін де, табандарының өз атажұртына тиген­дік­тері үшін бір Аллаға шүкіршілік айтып, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевқа жан жүректерінен шыққан ақ алғыста­рын айтып, ақ баталарын берген адам жанын толғанысқа салар жайды да көзі­міз көрген болатын.
«Елге ел қосылса – құт» деп білген халқымыздың қасиетті қағидасын және қазақтың қасиетті топырағын басқызбай қойған зұлым саясаттың құрбаны болып, ішқұса болып жүрген қазақтардың шері мен мұңын ұға білген Елбасы тіпті Тәуел­сіздігіміздің елең-алаң сәтінің өзінде, яғни 1991 жылдың 31 желтоқсаны күні Қазақ радиосы арқылы шет елдер­дегі қандастарымызға үн қатып, сөз сөйледі. «Ол сөз жан жүрегімнен қайнап шыққан еді» деген Елбасының туған халқына деген таза да мейірімді жүрегінің айнасы болатын. Сонан соң іле 1992 жылы Дүние­жүзі қазақтарының бірінші құрыл­тайы өткізіліп, сол Ұлы жиында Нұрсұл­тан Назарбаев тағы да тебіреністі сөз сөйлеп:
– Тәуелсіз Қазақстан дәулетіне сәуле­ті сай қуатты мемлекетке айналар. Қазақ халқы әлемдік өркениетке қазіргі­ден гөрі қомақты үлес қосар. Даламызда да, қаламызда да шадыман тұрмыс, шат тірлік орнар. Бұйыртса, бүгінгі құрыл­тай­­ға қатысқан қадірменді қонақ­та­ры­мыз­дың өзі туған Қазақстанымыздың өсіп-өркенде­геніне таяу жылдарда-ақ куә болады деп кәміл сенемін! – дегенді айтып еді.
Елбасының дуалы аузынан шыққан осы бірауыз сөздің тарихи ақиқатқа айнал­ғандығын енді көз көріп, көңіл илана білді. Тәуелсіздіктің 25 жылында Қазақстанға 1 миллионға жуық бауыр­ла­ры­­мыз оралды. Ел ішінде «өзіміз жары­май отырғанда бауырсынып, соларды шақырып неміз бар еді?» деген қаңқу сөз де айтылмай қалмады. Алайда Елбасы қандастарымызды өз атажұрттарына орна­ластыруды мемлекеттік саясат деңгейіне көтеріп, шынайы қамқорлық пен жанашырлық жасады, әлі де жасап келеді. «Әрине, жаңадан жерсіну, бей­та­ныс ортаға бірден бейімделу оңай болмас. Кейде қиырдан келген қандас­та­ры­­мызды жайлы орналастыруда жеке­ле­ген жауапты адамдардың тарапы­нан болып жататын бойкүйездік пен тоғы­шар­лық, жаныашымастық пен жағдайды бағалай алмаушылық кездесіп қала­ты­нын жасыруға болмайды. Мұн­дағы түйткілдер – мем­лекеттің қатесі емес, кейбір шенеуніктердің төрешіл­ді­гіне бай­­ланысты жағдайлар. Біз бұлар­дың бәрі­не сын көзбен қарап, түзетіп, көңілге түс­кен қаяуды жоюға күш салатын бола­мыз» деген Елбасының осы айт­қандарын зерделі көңілмен саралай білейік.
«Көңілге түскен қаяуды» дейді Ел­ба­сы! Мұны кім айта алар?! Мұны кім және де не үшін айтып отыр?! Атасы мен діні бас­қаларды бауырымызға басып, жылы­та білсек те, өзіміздің қандаста­рымызға кел­генде тарылып, тасбүйрек бола қал­ға­нымыз да кездес­пей қалған жоқ. Кездесті, болды. Сонда да алыстан арып-ашып, атажұртым деп келгендердің көңіліне қаяу түсірдік-ау дегенді ойладық па?! Елбасы сол біз түсірген қаяуды бі­ліп, соған жаны ауырып отыр. «Көңілге түс­кен қаяуды жоюға күш салатын боламыз» дейді тағы да! Осындай өз еліңнен, осыны айтқан өз Елбасыңнан айналсаң болмай ма?! «Адалдық – жан тазалығы! Біздің Президентіміздің туған халқы мен қазақ жерін мекендеп отырған барша ұлттар мен ұлыстарға деген жан тазалығы, адал сөйлейтін пейілі мен адал көңілі – елдің бағы» деген бұдан біраз жыл бұрын айтқан бір пікіріміздің қайы­рар­дан бір ойға оралғаны болды.
Жасыратыны жоқ, ішкі және сыртқы кейбір әсерлерден көштің біразырақ тоқтап қала жаздаған сәті де болды. Мұны да жасырмаймыз. Атажұртқа орал­­ғандарға Қазақстан азаматтығын беру­дің мерзімін созып алдық. Әйтеуір, бөгесіннің бола бергені анық. Кейін Елбасының айтуымен Парламент депу­тат­тары бұл мәселені заңды түрде реттеді. Қазір азаматтық алуда еш бөгесін болып отырған жоқ. Бір түскен қаяу түзетілді, тігісі жатқызылды.
Сондай бір кезеңдерде, нақтылап айтар болсақ, 2014 жылы Көкшетауда Баят Жанатұлы деген аса қадірлі жазушы ақсақалымыз қайтыс болып, марқұмды жерлеуге Моңғолиядағы ағайындары мен жекжаттары келді. Қарсы алдық, күттік. Алыстағы қандастарымыздың жағ­дайларын сұрастырып, әңгіме-дүкен құрдық.
– Шеттегі ағайындар Қазақстан көшті тоқтатып тастады деп ренжіп жат­қан жоқсыздар ма? – деді сол арада әлдекім.
– Жоқ, шырағым! Ол не дегенің? Өз Отанына өз баласы ренжи ме екен?! – деген салиқалы ақсақалдың аталы сөзіне риза болдым. Кеңінен танысып, ныспы­сын сұрап, қойын дәптеріме аты-жөнін де, «Өз Отанына өз баласы ренжи ме екен?» деген сөзін де жазып қойған едім. Осы бір аталы сөзді айтқан адам – Моңғо­лия азаматы, қазақ Қызмет Оңғышұлы!
«Ағайынға арнап, көп нәрсені айтқым-ақ келеді. Алайда іштегінің бәрі сыртқа шыға бермейді ғой» деген Елбасының осы бір жүрек түкпіріндегі жан сырын өзіміз саралайтын, өзіміз зерделейтін, өзіміз түсіне алатын жасқа жеттік. Ел Тәуелсіз­дігінің 26 жылында жақ­сыны да, жаманды да таныдық, көзі­міз ашылды, көңілге көп жайды түй­дік. Ол ең әуелі ел бірлігін сақтау! Жер­дің тұтастығын сақтау! Алауыздықты қойып, бір ауызды болып, Мәңгілік ел болуды ойлау! Ұлымыз намыссыз, қызы­мыз қылықсыз қалмасын дегенді ойлау! Тіліміз бен дінімізді таза ұстау! Ерінбей еңбек етіп, білім мен ғылымды меңгеру және де Қазақстанды әлемнің дамыған отыз мемлекетінің қатарына тұрғызу! Бұл дүниенің төрт бұрышында жүрген әр қазақ перзентінің ойында болуы керек.
Әлемдегі бар қазақ – бір қазақ! Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Ұлы дала ұлағат­тарында» айтқан осы бір ауыз сөзі ұлттың ұраны, Мәңгілік ел болуды мұрат етіп отырған халқымыздың бүгінгі де, келер ұрпақтарының да саналарында сайрап, жүректерінде жазылып тұруға тиісті болмақ керек!
«Әлемдегі бар қазақ – бір қазақ!..» Елбасының бұл ұлағаты дөңгеленген дүниенің жұмыр жерін басып жүрген әр қазақ баласының санасында сайрап тұрар сөзі болуы керек.

Жабал ЕРҒАЛИЕВ,
Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері

Бөлісу:

Пікір жазу


*