Әл-Фараби сыйлығы берілді

1158
0
Бөлісу:

Ақордада Мемлекеттік хатшы Гүлшара Әбдіқалықова мемлекеттік марапаттар және әл-Фараби атындағы ғылым мен техника саласындағы мемлекеттік сыйлықтарды тапсыру рәсімін өткізді.

Мемлекеттік хатшы ұлттық мереке – Тәуелсіздік күні қарсаңында ел дамуына сіңірген ерекше еңбегі және жеке үлесі үшін Мемлекет басшысы тарапынан атап өтілген қазақстандықтарға мемлекеттік марапаттар мен сыйлықтар тапсыру игі дәстүрге айналғанын айтты.
Рәсім соңында Мемлекеттік хатшы Гүлшара Әбдіқалықова қатысушыларды алда келе жатқан Тәуелсіздік күнімен құттықтап, мықты денсаулық, отбасылық бақ-береке және зор табыс тіледі.
Салтанатты рәсім барысында Мемле­кеттік хатшы Қазақстан Жазушылар одағының басқарма төрағасы Нұрлан Оразалинге ІІІ дәрежелі «Барыс» орденін табыстады. «Парасат» ордені Қазақстан халқы ассамблеясы төрағасының орын­басары Дархан Мыңбайға, Астана әкімінің орынбасары Ермек Аманшаевқа, Ғ.Мү­сірепов атындағы қазақ мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театрының актрисасы Роза Әшірбековаға, «Құрмет» ордені Президент хаттамасының бастығы Мәди Атамқұловқа берілді.
Әнші, Ұлттық ұланның 5573 әскери бөлімі ән және би ансамблінің музыканты Маржан Арапбаева, әнші Жұбаныш Жексенұлы, сондай-ақ EXPO–2017 ха­лықаралық мамандандырылған көрмесінің комиссары болған Рәпіл Жошыбаев «Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері» құрметті атағымен марапатталды.
Сонымен қатар Мемлекеттік хатшы әл-Фараби атындағы ғылым мен техника саласындағы 2017 жылғы мемлекеттік сыйлықты тапсырды. Бұл сыйлыққа «Ж.Әбішев атындағы химия-металлургия институты» филиалының Кендерді байыту зертханасының меңгерушісі Айдархан Мұхтар, Мәжіліс депутаты Альберт Рау, «Минералдық шикізатты кешенді ұқсату жөніндегі ұлттық орталықтың» Астана филиалының директоры Баймахан Сәтбаев, сондай-ақ «Президент іс басқар­масы медициналық орталығы аурухана­сының» директоры Әмір Әхетов және осы кәсіпорынның жетекші консультанттары Алмагүл Құшұғұлова мен Талғат Нұрғожин және бас маманы Ертай Сәрсебеков, «Орталық клиникалық аурухана» бас дәрігерінің орынбасары Гүлнұр Танбаева иеленді.

Айхан ШӘРІП

Бөлісу:

Пікір жазу


*