Стандарттау селқостықты көтермейді

1197
0
Бөлісу:

Нұрлан Нығматулиннің төрағалығымен өткен Мәжілістің жалпы отырысында депутаттар «Стандарттау туралы» заң жобасын ілеспе түзетулерімен бірге бірінші оқылымда мақұлдады. Талқылау барысында қалаулылар бірқатар мәселелерге алаңдаушылық білдіріп, жобадағы түйткілді тұстарға Үкімет мүшелерінің назарын аударды.

Парламентшілер стандарттау жө­ніндегі ұлттық органмен қатар, жеке және заңды тұлғаларға да стандарттарды та­ратуға рұқсат ететін норманың (14-бап) орындылығына шәк келтірді. Себебі, соның арқасында делдалдар тобы пайда болады. Депутаттардың байламынша, бұл мемлекет пен тұтынушылар арасындағы делдалдар санының өсуіне және стан­дарттарға қол жеткізу бойынша қызмет­тердің қымбаттауына соқтыруы мүмкін.
Заң жобасында стандарттау жөніндегі ұлттық органмен келісімшарт жасасу арқылы стандарттарды қайта сатумен ай­налыса алатын заңды және жеке тұл­ғаларға қойылатын нақты критерийлер мен талаптардың көрсетілмегеніне де назар аударылды. Осы орайда Мәжіліс төрағасы нормативтік, техникалық құжаттардың бірыңғай мемлекеттік қорын мемлекетке қарасты ұлттық стан­дарттау органы қалыптастыратынын, жүргізетінін және сүйемелдейтінін еске салды.
– Бұл ақпараттық жүйені жалпыға ортақ қолжетімді етуге не кедергі? Әрине, стандарттау институты одан түскен қар­жыға ақпараттық жүйені жүргізу шы­ғындарын жабатыны тү­сінікті. Алайда стандарттарды тарату үшін қандай да бір делдалдарды жа­саудың не қажеті бар? Оның үстіне заң жобасында оларды таңдау бойынша да, олардың қызмет құ­нын қалыптастыру бойынша да, тіпті ақ­п­араттардың шы­найылығына жауап­кер­шілік тұрғысынан да ешқандай өлшем­шарттар, талап-ережелер белгі­ленбеген. Әркім ойына келгенін істейді ғой, – деп сын айтты Нұрлан Нығматулин.
Оның айтуынша, жобаның үкіметтік нұсқасындағы бұл норма «делдалдар үшін қарапайым жемсау жасап беретін» болады. Сондықтан Палата төрағасы бұл құқықты тек стандарттау жөніндегі ұлт­тық органға бекітуді, оның жауапкер­шілігін анықтауды және қазіргі кезде стан­дарттарды заңсыз таратумен айна­лысатындарды алып тастауды ұсынды. Заң жобасын әзірлеушілер атынан сөй­леген Инвестициялар және даму министрі Жеңіс Қасымбек екінші оқылымға дейін даулы бапты қайта қарап, ескертпелерді ескере отырып, өзгертуге сөз берді.
Мәжіліс депутаттары мемлекеттік сатып алулардағы «үкіметтік емес стан­дарттарды» қолдану түйткілдеріне де назар аудартты. Олар коммерциялық емес ұйымға біріккен кәсіпкерлердің шағын тобы өзара ымыраласуы және бәсекелестерін басып тастау үшін төл стандарттарын бекітуі ықтимал деп қауіптенеді. Депутаттар мұның адал бәсе­келестікті шектеу үшін шарттар туғы­затынын және сыбайлас жемқорлық тә­уекелдерін тудыратынын айтады. Бұл пікірге үн қосқан Нұрлан Зайроллаұлы Қаржы министрлігінің ережелеріне сәйкес, мемлекеттік сатып алулар кезінде ешкім бақылауға алмайтын үкіметтік емес стандарттар қолданылатынын түсін­дірді.
– Мемлекет тарапынан бекітілмеген стандарттар жағдайында адал емес, жо­сықсыз тапсырыс берушілер конкурс­тық талаптар мен құжаттамаларды өздері жеңуін қалайтын белгілі бір жеткізу­шілердің қалыбына сай құруы мүмкін. Осылайша, өздері қалаған жеткізу­ші­леріне заңсыз артықшылықтар ұсы­нады. Адал емес бәсекелестіктің негізін де осы құрайды. Ендеше, бұл тәжірибеге тоқтау салар кез келді деп санаймын. Мемле­кеттік сатып алулар жүйесінде және квазимемлекеттік секторда тендерлер тек мемлекет бекіткен стандарттар бойынша ғана өткізілуге тиіс! – деп қадап айтқан Мәжіліс төрағасы Үкімет мүшелеріне қайы­рылып, «үкіметтік емес стандарт­тарды» мемлекеттік сатып алулар ереже­лерінен шығарып тастауды ұсынды.
Қалаулылар мемлекеттік метроло­гиялық бақылау саласына қатысты өлшем түрлерін анықтау туралы норманы да екінші оқылымға дейін қайта пысықтауға жіберді. Өйткені бір жағынан, мемлекет­тік реттеуді талап ететін қандай да бір өлшем түрлері мемлекеттік метрология­лық бақылауға ілікпей қалуы мүмкін. Екінші жағынан, тек бизнестің өзіне және ішкі өндірістік процестерге ғана керекті өл­шемдерді мемлекеттік реттеуге енгізіп қою жағдайлары кездесуде, салда­рынан қаптаған тексерушілер бизнестің ішкі процесін реттеуге талаптануда.
Осыған байланысты Нұрлан Нығматулин шет-шегі жоқ тексерістер салдарынан кәсіпорындар да, сондай-ақ тұтастай алғанда, мемлекеттік бюджет те зардап шегетініне екпін түсірді.
– Әрине, тексеру керек. Бірақ өнді­рістік-технологиялық процесіне аралас­пай, ақырғы өнімді тексерген қисынды болады. Бизнес өзінің ішкі рәсімдерін өзі айқындап алады және солай болуы да тиіс. Бизнеске кедергі жасаудың қажеті жоқ. Бизнеске проблема емес, жағдай туғызуымыз керек, – деген Мәжіліс бас­шысы өз сөзін нақты мысалмен дәйектей кетті.
Депутаттарға мұнай өндіру сала­сын­дағы кәсіпорын өкілдері жүгініпті. Олар өз кәсіпорындарында үздіксіз өндіріс циклы көзделгенін айтады. Сонымен бірге, бұл кәсіпорын өз қызметінде температура датчиктері, монометрлер, шығысты есептеуіштер және басқа да техникалық өлшем құралдарын пайда­ланады. Тиісінше, жыл сайын осы өлшем аспаптарын мемлекеттік бақылауға тап­сырады екен. Нәтижесінде, компанияға сол үшін өнім өндірісін тоқтатуға тура келетін көрінеді. Салдарынан, олар жыл сайын шамамен 150 миллиард теңге шы­ғын шегетініне шағымданады. Енді бұл мәселе де тиісті шешімін табады деп күтілуде.
Инвестициялар және даму министрі Жеңіс Қасымбектің пайымдауынша, қазіргі уақытта стандарттауды «техни­калық реттеу жүйесінен» «қоғамдық қа­тынастың жекелеген саласына» кешенді түрде көшіру талап етіледі.
– Техникалық реттеу мен стандарт­тау – әкімшілік құрал ретінде әртүрлі заңнамалық актілермен регламенттелуге тиіс. Атап айтқанда, міндетті саласы – «Техникалық реттеу туралы» заңы арқы­лы, ал ерікті саласы аталған «Стандарттау туралы» заңы арқылы реттелуі қажет. Біз қазақстандық моделді «мемлекет-бизнес-тұтынушы» тең құқылы қатынастары бар ұлттық стандарттау жүйесін құру арқылы үйлестірмекпіз, – деді ол.
Министр алдағы үш жыл ішінде Қазақстанның кеңес кезінен қалған «ГОСТ»-тар мен «СНиП»-терден (құрылыс нормалары мен ережелерінен) бас тартатынын мәлімдеді. Осы мақсатта «100 нақты қадам» Ұлт жоспарында айтылған «еурокодтарды» ендіру бо­йын­ша бірнеше жылдан бері жұмыс жүргізілуде екен. Ол үш кезеңге бөлініпті. Соның ішінде бірінші «дайындық» кезеңі барысында заңнамалық база талдаудан өткен, содан кейін еурокодтарды енгізу ісі басталған.
«Бүгінде 58 еурокод бойынша шешім қабылданды. Олар стандарттардан да биік тұрады. Тиісінше, осы еурокодтар аясында шамамен, 1 мыңдай ұлттық стандарттар бекітілді. Екінші кезең 2015-2020 жылдар аралығын қамтымақ. Бұл кезеңде кеңестен көшкен және 1992 жылдан кейін қайта бекітілген «ГОСТ»-тар мен «СНиП»-тер еурокодтармен қатар қолданыста болады. 2020 жылдан бастап, Қазақстанда тек еурокодтар ғана жұмыс жасайды. Барлық «ГОСТ»-тар мен «СНиП»-тер жойылады», – деді министр Ж.Қасымбек.
Осы күнгі отырыста Мәжіліс Салық кодексіне және оған ілеспе заң жоба­ларына Сенат енгізген өзгерістермен келісіп, Жоғарғы палатаға кері жолдады.

 

Айхан ШӘРІП

Бөлісу:

Пікір жазу


*