Төтенше саммитте сөз сөйледі

1296
0
Бөлісу:

Таяу Шығыстағы ахуалдың шиеленісуіне байланысты Түркия президенті, ИЫҰ-ның қазіргі төрағасы Реджеп Тайып Ердоғанның бастамасымен шақырылған Ислам ынтымақтастығы ұйымының төтенше саммитіне Елбасы тапсырмасымен Сенат төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаев қатысты. Ыстамбұл саммиттінде талқыланған басты тақырып Иерусалим қаласының мәртебесі туралы мәселе болды.

Өз сөзінде Қазақстан Президентінің «Әлем. XXI ғасыр» манифесі туралы айтқан Қ.Тоқаев еліміздің Таяу Шығыстағы бейбіт диалогты дамытуға және қауіпсіздікті нығайтуға қосқан үлесіне тоқталды. Парламенттің Жоғарғы палатасының басшысы Президент Н.Назарбаевтың бастама­сымен Астанада өткен Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңес пен Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбас­шылары съезінің және Сирия жөніндегі келіссөздердің осы процестегі елеулі рөлін атап өтті.
Қасым-Жомарт Кемелұлы өткен жылдың сәуір айында Қазақстан мен Түркия көшбасшыларының Ыстамбұлда көтерген ислам бітістіру бастамасына саммитке қатысушылардың назарын аударды. Ол тиісті деңгейінде жүзеге асатын болса, мұсылман үмбетінің бірлігі мен ынтымақтастығының алаңына айнала алады.
«Ислам қоғамдастығындағы мемле­кеттер мен діндер арасындағы айырма­шылықтарды еңсеру оның бейбітшілік, тұрақтылық пен табысты даму аймағына айналуының шешуші факторы болар еді» деді Сенат төрағасы.
Қ.Тоқаев Қазақстан «Шығыс Иеру­салимнің Палестина мемлекетінің ажырамас бөлігі ретіндегі мәртебесіне қатысты БҰҰ Бас ассамблеясы мен Қауіпсіздік кеңесінің белгілі қарарын барлық елдердің қатаң сақтауын жақ­тайтынын» нықтады. Оның айтуынша, БҰҰ – баламасыз ұйым. Сондықтан оның шешімі әлемдік қоғамдастықта құрметпен жүзеге асырылуға тиіс. Сенат басшысы Қазақстан араб-израиль қақтығысын түпкілікті шешу және аймақта жалпыға бірдей бейбітшілік орнатуға бағытталған бітімгершілік жө­ніндегі күш-жігердің бәрін қолдайтынын айтты.
– Ұлы Иерусалим шаһары қашанда негізгі үш діннің басты киелері тоғысқан жер болып қала бермек. Осы қалаға жекеше иелік етуге бағытталған орта ға­сырлық соғыстардың зұлмат дәстүр­лерін жалғастырып келе жатқан қақты­ғыс­тардың одан ары жалғасуына жол бермеу қажет. Иерусалим – барлық адамзаттың құндылығы болып табылатынын есте ұстаған абзал. Адамдар осынау киелі мекенде татулық пен өзара түсіністікте өмір сүруге құқылы. Бұл ретте Қазақстан БҰҰ анықтаған Әл-Құдыс (Иерусалим) қаласының ашық мәртебесін сақтауды қолдайды. Біз Таяу Шығыстағы бейбіт­шілікті нығайтуға мүдделі барлық мемле­кеттердің күшін біріктіру қажет деген ұстанымдамыз, – деді Қазақстан Сенатының төрағасы.
Қ.Тоқаев сөзін қорытындылай келе, екіжақты палестин-израиль үлгісінде, сондай-ақ Таяу Шығыс «квартеті» (Ресей, АҚШ, Еуропалық одақ және БҰҰ) шеңберінде «екі халық үшін екі мемлекет» қағидатына сәйкес, Таяу Шығыс мәсе­лесін реттеу бойынша келіссөздер про­цесін жедел жандандыру қажет екенін айтты.

 

Айхан ШӘРІП

Бөлісу:

Пікір жазу


*

Оқуға кеңес береміз