Тұрақтылық – болашағымыздың кепілі

1113
0
Бөлісу:

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстанның бас мүфтиі Серікбай қажы Оразды қабылдады. Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі хабарлады.

Кездесу барысында Нұрсұлтан Назарбаев Серікбай қажы Оразды Қазақ­станның бас мүфтиі лауазымына сай­лануымен құттықтады.
– Мен Тәуелсіздік күні қарсаңында сізді осындай жоғары лауазымға сайлан­уыңызбен құттықтау үшін шақырдым. Тәуелсіздіктің арқасында дәстүрімізді қайта жаңғыртып, ата-бабамыздың дінін ұстану мүмкіндігіне ие болдық. Мемлекет тарапынан кез келген азаматтың діни бостандығын қамтамасыз ету үшін барлық жағдай жасалды, – деді Қазақстан Президенті.
Елбасы Дін істері және азаматтық қоғам министрлігі арқылы діни қатынастар саласын реттеуде мемлекет ерекше рөл атқаратынын айтты.
– Қазақстан – зайырлы мемлекет. Министрлік дінге қандай да бір шектеу қою үшін құрылған жоқ. Министрлік дін саласында тәртіп орнатып, дін жолындағы адамдар бір-бірінің құқығын бұзбауын қамтамасыз ету үшін құрылған, – деді Мемлекет басшысы.
Сондай-ақ Нұрсұлтан Назарбаев әзірленіп жатқан діни қызмет туралы заңның негізгі ережелерін кең ауқымда түсіндіріп, халыққа жеткізу жөнінде бірлесе жұмыс жүргізудің қажеттігіне назар аударды.
Бұдан бөлек, Мемлекет басшысы Қазақстан мұсылмандары діни басқар­масының өкілдерімен биылғы сәуірдегі кездесуіне тоқталып, онда сананы жаңғыртып, еліміздің тарихи және рухани байлығын сақтау қажеттігі талқыланғанын атап өтті.
– Патриотизм, отанды сүю, еліміздегі және өңірдегі тұрақтылық – біздің болашағымыздың кепілі. Сол үшін біз бірлесе жұмыс істеуіміз керек, – деді Елбасы.
Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан мұсылмандары үшін ханафи мазхабының дәстүрлі сипатына назар аударып, бұл ағымның мәнін ұғындыру қажеттігін айтты.
– Дін жолындағы адамдардың арасында жастар да бар. Мешіттерге сән үшін бара­тындар да бар, шалбарының балақтарын қысқартып, сақал қойған діндарлар да бар. Солардың бәріне ислам дінінің негізін түсіндіру керек, – деді Қазақстан Президенті.
Сондай-ақ Мемлекет басшысы радикалды діни ағымдарды ұстанушы­лармен арнайы түсіндіру жұмыстарын жүргізу қажеттігіне назар аударды.
– Дәстүрлі ханафи мазхабының қағидаларын және оның теріс пиғылды діни ағымдардан айырмашылығын түсіндіру үшін Құран мен хадистерді білетін білікті имамдарды тарту қажет, – деді Мемлекет басшысы.
Сонымен қатар Елбасы мұқтаж жандарға әлеуметтік көмек көрсету үшін ғана емес, сондай-ақ ғылыми-зерттеулер мен конференциялар өткізіп, ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүргізу үшін де меценаттықты дамытудың маңыздылығын атап өтті.
Қазақстанның бас мүфтиі жылы қабылдағаны үшін Мемлекет басшысына алғыс айтты.
– Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының алдында тарихи тұрғыдан қалыптасқан дәстүрлі діни мектепті қайта жаңғыртуға байланысты үлкен міндеттер тұр, – деді Серікбай қажы Ораз.
– Сіз «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақалаңызда жаңа үрдістер мен әлемдегі өзгерістерге бет бұру қа­жеттігі туралы айттыңыз. Бүгінде біздің имамдар жаңа әдебиеттерді зерттеп, уағыз айту мен мінажат ету барысында осы білімдерін қолдануда, – деді бас мүфти.
Кездесу соңында Нұрсұлтан Назарбаев пен Серікбай қажы Ораз еліміздегі діни білім беру мәселесін талқылады.

Бөлісу:

Пікір жазу


*