Экономикалық өрлеу қарқын алуда

1180
0
Бөлісу:

Биыл Қазақстан экономикасы 4 пайыздық өсімге қол жеткізуі мүмкін. Бұл туралы Бақытжан Сағынтаевтың төрағалығымен өткен Үкімет отырысында хабарланды. Онда Үкімет мүшелері еліміздің әлеуметтік-экономикалық даму қорытындыларын шығарып, бюджеттің игерілу барысын қарады. Сондай-ақ «Табиғи монополиялар туралы» заң жобасы, тұтынушылардың құқықтарын қорғаудың жай-күйі, өсімдік шаруашылығындағы сақтандыру тетігін жетілдіру мәселелері талқыланды.

Ұлттық экономика министрі Тимур Сүлейменовтың айтуынша, «инвести­циялық белсенділіктің жандануы және инфляциялық процестердің тұрақтануы, сондай-ақ экономика тірегі болып табы­латын барлық 6 базалық салада жағдайдың жақсаруы» арқасында биылғы қаңтар-қараша аралығында ел экономикасының өсуі 3,9 пайызды құрады.
Жыл басынан бері инфляция деңгейі белгіленген 6-8 пайыз көлемінде болды және қараша қорытындысы бойынша 7,3 пайызды құрады. Экономиканы әртарап­тандыру, агроөнеркәсіптік кешенді, кәсіпкерлікті және инфрақұрылымды дамыту, сонымен бірге, жұмыспен қамтуды қамтамасыз ету бойынша бағдарламаларды іске асыру нәтижесінде, экономиканың барлық салаларында оң серпін байқалуда.
– Нақты секторда, 6 базалық саланың ішінде ең жоғары өсу – өнеркәсіпте 7,3 пайыз деңгейінде, көлікте – 4,8 пайыз және бай­ланыста – 3,2 пайыз көлемінде тіркелді. Мұнай өндірудің 10,9 пайызға және табиғи газдың 10 пайызға, яғни қос мәнді санға өсуі арқасында кен өндіру өнеркәсібі 9,6 пайызға өсті. Өңдеу өнеркәсібінің өсімі 5,2 пайызды құрады. Өңдеу саласының өркен­деуін қамтамасыз еткен драйверлер (бұрынғыша – локомотивтер) ретінде өндірісі бірден 42,1 пайызға артқан фарма­цев­тикалық өнімдерді, өнімі 9,8 пайызға ұлғайған жиһаз өндіруді, 8,1 пайызға өскен жеңіл өнеркәсіпті, 6 пайыздық өсім көрсеткен металлургия өнеркәсібін атауға болады, – деді бас экономист.
Сонымен қатар мұнайды қайта өңдеу өнімдері 5,5 пайызға, тамақ өндірісі 4,3 па­йызға, сусындар шығару 4,1 пайызға, ма­шина жасау саласы 5,9 пайызға өсті. Ауыл шаруашылығының өсімі қаңтар-қыр­кү­йектегі 1,9 пайыздан 11 айдың қоры­тын­ды­лары бойынша 2,3 пайызға дейін жыл­дам­дады. Соның ішінде мал шаруашы­лығының өнім шығару көлемі 3,6 пайызға, өсімдік шаруашылығында – 1,4 пайызға артты. Жыл бойы көрсеткіші сан құбылған құ­рылыс секторының он бір айлық өсімі небары 0,3 пайыз болды.
Экономикалық өсім арынын тұрақты сақтаудың негізгі шарттарының бірі инвестициялардың экономикаға құйылу көлемін азайтпай, қайта ұлғайта түсу болса керек. Осы жылғы қаңтар-қарашада негізгі капиталға салынған инвестициялар көлемі 5,7 пайызға өсіп, 7,5 трлн теңгеге дейін жетіпті. Инвестициялардың негізгі өсімі ауыл шаруашылығы еншісінде. Онда өсім 27 пайыз болды. Одан кейінгі орындар сау­даға – 21,2 пайыз, құрылысқа – 6,6 пайызы және өнеркәсіпке – 3,9 пайызы тиесілі.
– Инвестициялардың негізгі көзі кәсіп­орындардың меншікті қаражаттары – 20,5 пайызға артқан. Инвестициялық белсен­діліктің өсуіне «Нұрлы жол», «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламалары мен Индус­трияландыру аясында индустриялық-инно­вациялық және инфрақұрылымдық жобаларды, сондай-ақ АӨК-ті, кәсіп­кер­лікті дамыту бағдарламаларын іске асыру септесті, – деді Тимур Мұратұлы.
Ол қазақстандық өнімдерге шетелдік нарықтарда «сұраныстың қайта жаңғыр­ғанын» айтады. Бұған қоса, жаһандық «қара базардағы» мұнай және металл бағаларының өсуі Қазақстанның сауда балансының жақсаруына әкелген. Биылғы он ай қорытындысында өсім көрсеткіші бойынша экспорттың (32,5 пайызға артты) импорттан (15,8 пайызға артты) екі есе басым болуы нәтижесінде, сауда теңгері­мінің сальдосы 71,7 пайызға дейін ұлғайды.
Сауда теңгерімінің жақсаруына сондай-ақ өңделген өнім экспортының өсуі ықпал етті. Нақтырақ айтқанда, тамақ өнеркәсі­бінде шетелге сатылған тоң майлар және майлар, дайын тағамдық майлар экспорты 86,2 пайызға, қант және кондитерлік өнімдер экспорты 55,4 пайызға, астықтан, астық тұқымдастардан, ұннан, крахмалдан және сүттен жасалған дайын тағамдардың экспорты 19,7 пайызға артқан. Отандық жеңіл өнеркәсіптің жаһандық нарықта өткізген тоқыма маталары және тоқыма бұйымдары экспорты 66,1 пайызға, жүн – 1,2 есеге, мақта талшығы – 28,1 пайызға өсті.
Жалпы алғанда, еліміздің сыртқы сауда айналымы 25,6%-ға, 62,1 млрд долларға дейін ұлғайды.
– Тұрақты макроэкономикалық жағдай аясында Қазақстанның алтын-валюта қоры өсуде. Жыл басынан бері алтын-валюта резервтері 6,6 пайызға өсіп, 1 қарашадағы жағдай бойынша 31,5 млрд долларды құра­ды. Тұтастай алғанда, елдің халықаралық резервтері 87,9 млрд долларды құрады, – деді Тимур Сүлейменов.
Оның айтуынша, биыл экономиканың тұрақты өсуі әлеуметтік көрсеткіштердің жақсаруына ықпал еткен.
«Негізгі басымдықтардың бірі – жаңа жұмыс орындарының құрылуы. Атап айтқанда, биыл 9 айда жал­дамалы жұмыс­керлер саны 53,1 мың адамға дейін өсіп, 1 қазандағы жағдай бойынша 6,4 млн адамды құрады. Бұл жұмыс­сыздықты 4,9 па­йыз деңгейінде сақтауға мүм­кін­дік ту­ғызды. 2017 жылғы қаңтар-қазанда орташа айлық жалақы номиналды мәнде 4,6 па­йызға өсіп, 146,5 мың теңге болды. Тұтастай алғанда, 11 айда Қазақстан эконо­микасы тұрақты өсу қарқынын көрсетуде. Бұл жыл қорытындысы бойын­ша ЖІӨ-нің 4 пайыз деңгейдегі өсімін күтуге мүмкіндік береді», – деп түйді бас экономист.
Өз кезегінде еліміздің бас қаржыгері «биылғы жылдың 11 айында бюджеттің барлық деңгейлері кірістерінің өсу қарқы­нының тұрақтылығы қамтамасыз етілгенін» мәлімдеді. Нәтижесінде, ел қазынасына кірістер 520 млрд теңгеге көп түсті. Мемлекеттік бюджетке барлығы 6,3 трлн теңге кіріс құйылды.
Сонымен бірге, игерілмей, ел игілігіне жаратылмай қалған қаржылар да аса қомақты болып отыр.
– Жалпы, мемлекеттік бюджеттің шығыстары 97,6 пайызға, соның ішінде республикалық бюджеттің шығыстары 98,6 пайызға, жергілікті бюджеттердің шы­ғыстары 97 пайызға игерілді. Респуб­ликалық бюджеттің шығыстары 10 трил­лион 157,6 млрд теңгеге қаржыландырылды. 148,5 млрд теңге шығындары атқарылмай қалды, оның ішінде бюджеттік қаражаттың үнемдеген қаржысы – 12,8 млрд теңгені құрайды. 135,7 млрд теңге – игерілмеген қара­жат. Игермеудің негізгі себептері, «өнім берушілердің шарт міндеттемелерін орындамауы», «өтпей қалған конкурстар», «төлемнің негізділігін растайтын құжат­тардың болмауы», «төлем бойынша құжат­тарды ұзақ келісімнен өткізу», «жұмыс­тардың жүргізу кестесінен қалып қоюы» аталады, – деді Қаржы министрі Бақыт Сұлтанов.
Оның айтуынша, «қаржы жылы» аяқталғанша 614 млрд теңге сомасында төлемдер жүргізіліп үлгеру керек.
– Біздің болжамымыз бойынша республикалық бюджет шығыстарының орындалуы жыл қорытындысы бойынша 99,8 пайыз шегінде күтіледі. Бірақ жекеле­ген бюджеттік бағдарламалар бойынша игерілмеу сомасы 10,3 млрд теңгені құрайды. Бюджет заңнамасына сәйкес, осы соманың 0,8 млрд теңгесі келесі жылы қар­жыландыруға көшіріледі. Жақында ғана республикалық бюджет нақтыланды. Сол кезде барлық бюджеттік бағдарламалар әкімшілерінде «жыл соңында игерілмей қалу қаупі бар» деген шығыстарды оңтай­лан­дыру мүмкіндігі болды. Қаржы ми­нистрлігі мемлекеттік органдардың барлық өтін­імдерін барынша ескерді. Сондықтан Бақытжан Әбдірұлы, мемлекеттік орган­дардың лауазымды тұлғаларының жауап­кершілігін қарауды ұсынамын, – деп мәселені төтесінен қойды Қаржы министрі.
Ол 11 ай ішінде 4 065 аудиторлық тексеру шаралары жүргізілгенін жеткізді. Бұл былтырғы жылмен салыстырғанда 2 есе көп. Бюджет қаражатының аудиттен өткен сомасы да 4 есеге көбейіп, 1,8 трлн теңгені құрады (2016 жылдың 11 айында 470 млрд теңге болған).
«256 млрд теңге көлемінде қаржылық бұзушылықтар анықталды. Дегенмен жұмысты атқару, қызметті көрсету, тауарды жеткізіп беру, бюджетке қайтару, есепте көрсету және оны сәйкестендіру жолымен 246 млрд теңгенің бұзушылықтары жойыл­ды. Аудит объектілеріне 2 586 ұсыныс жіберілді. Оның 2 255-сі орындалды. Камералды бақылаумен 8 трлн теңге сомасында 483 мың мемлекеттік сатып алу рәсімдері қамтылды. Мұнда жалпы көлемі 654 млрд теңгенің бұзушылықтарына жол берілмеді», – деді бас қаржыгер.
Бюджеттің орындалу барысы туралы Қорғаныс министрі Сәкен Жасұзақов, Ішкі істер министрі Қалмұханбет Қасымов, Білім және ғылым министрі Ерлан Саға­диев, Инвестициялар және даму министрі Жеңіс Қасымбек, вице-премьер – Ауыл шаруашылығы министрі Асқар Мырзах­метов, Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы баяндады. Сонымен қатар Маңғыстау облысының әкімі Е.Тоғжанов, Павлодар облысының әкімі Б.Бақауов, Алматы әкімі Б.Байбек және Астана әкімі Ә.Исекешев есеп берді.
Бұл мәселелерді талқылауды қорыт­қан Үкімет басшысы Бақытжан Сағынтаев он бір айдың нәтижелерін жоғары бағалады. Сонымен бірге, қар­қынды жоғалтып алмай, жылды жоғары нәтижемен – 4 па­йыздық өсіммен қо­рытындылау үшін бар күш-жігерді ба­ғыттау қажеттігін нықтады.
– Қаржы жылының аяқталуына да он күндей уақыт қалды. 20 желтоқсанда, келесі сәрсенбіде қаржы жылы аяқталады. Алда бірнеше күн демалыс бар. Демек, қалған екі-үш жұмыс күнін лайықты пайдаланып қалу керек. Әйтпесе, қаржы­ның игерілмеуі жөнінде өңірлерден және министрліктерден сөйлеген әріптес­теріміз төлемнің 20 желтоқсаннан кейін жаса­латынын айтып жатты. Оған үлгермейсіздер. 20 желтоқсанда «қақпа» жабылады. Қаржы министрлігімен тиісті жұмыс жүргізіңіз­-дер, – деген Премьер-министр Б.Сағынтаев өз орынбасары Е.Досаевқа қаражаттардың игерілуіне қатысты жағдайды жеке бақы­лауға алуын жүктеді.
Үкімет отырысында тұтынушылардың құқықтарын қорғау бағытында қабылданып жатқан шаралар туралы Ұлттық экономика министрі Т.Сүлейменов пен Денсаулық сақтау министрі Е.Біртанов баяндады.
Елжан Біртановтың айтуынша, халықтың санитарлық-эпидемиологиялық әл-ауқатын қамтамасыз ету, адамдардың өмірі мен денсаулығын қорғау мақсатында осы саладағы талаптарды, гигиеналық нор­мативтер мен техникалық регламенттерді бұзу деректерін анықтауға және жоюға бағытталған тексеру жүргізілуде.
– Өнімдердің қауіпсіздігіне ай сайын мониторинг жүргізу аясында жыл басынан бері азық-түлік және халық көп тұтынатын әртүрлі тауарлардың 38 мыңнан астам ата­лымы «бақылаулық сатып алумен» (кон­трольная закупка) қамтылды. Оның ішінде 9,4 пайызының талаптарға сәйкеспейтіні анықталды. Ондағы тамақ өнімдерінің үлесі 7,3 пайызды құрайды. Талдау көр­сеткеніндей, талаптарға сәйкес келмейтін өнімдердің басым көпшілігі – импорттық өнімдер, олардың үлесіне 67,3 пайызы тиесілі. 32,7 пайызы – отандық өндіру­шілердің өнімдері, – деді министр.
Ол камералдық бақылау нәтижесінде, шетелден тауар тасымалдайтын 50 адал емес компания әшкереленгенін мәлім етті. Талапқа қайшы 52 мыңнан астам әртүрлі тауарды да солар елге әкелген. Олардың арасында жеңіл өнеркәсіп өнімдері, балалар ойыншықтары, тамақ өнімдері бар. Бұл компаниялар әкімшілік жазаға тар­тылды. Оларға қатысты материалдар құқық қорғау органдарына тапсырылыпты.
– Жалпы алғанда, адамдардың өмірі мен денсаулығына қатер төндіретін 172 тоннадан астам азық-түлік өнімдері саудадан алынды және жойылды. Айрықша атап өткім келеді, балалар ойыншық­тарының 36,3 пайызы қауіпті. Олардың құрамында токсинді улар бар, сонымен бірге, балаға жарақат салуы ықтимал. Басым көпшілігінде, бұл ойыншықтар Қы­тайдан және Түркиядан тасымалдана­ды, – деді Денсаулық сақтау министрі.
Бақылаулық сатып алу тексеру қоры­тындысы бойынша: биылғы жыл басынан бері соттар 107 үкім шығарған, жалпы со­масы 21 миллион теңге айыппұл салынған.
Талқылау қорытындысы бойынша Премьер-министр Ұлттық экономика министрлігіне тұтынушылардың құқық­тарын қорғау туралы заңнаманың сақта­луын бақылау тетігін қайта қарауды тапсыр­ды. Бақытжан Сағынтаев тұтыну­шы­лардың құқықтары олардың жеткілікті ақпараттандырылмауы кесірінен бұзы­ла­тынын атап өтті. Осыған орай, Денсаулық сақ­тау министрлігіне – халықтың адам өмірі мен денсаулығына қойылатын қауіп­сіздік талаптарына сай келмейтін өнімдер туралы хабардар болуын қамтамасыз ету тапсы­рылды.

Айхан ШӘРІП

Бөлісу:

Пікір жазу


*