Кооперативтер екі жүз мыңға артады

583
0
Бөлісу:

Ауыл шаруашылығы министрлігінде бейнеконференция байланысы режимінде облыс әкімдіктерінің қатысуымен, Үкімет басшысының орынбасары – Ауыл шаруашылығы министрі А.Мырзахметовтың төрағалығымен жиын өтті. Облыс өкілдерімен бірге, 11 айдың қорытындысы бойынша жоспарланған көрсеткіштерге қол жеткізу мәселелері талқыланды.

Отырыста хабарланғандай, биылғы 11 айда ауыл шаруашылығы өнімдерінің жалпы өнімінің көлемі 3,9 трлн теңгені құрады. Нақты индекс көлемі өткен жыл­мен салыстырғанда 102,3 пайыз бол­ды, жылдық жоспарда 102,5 пайыз көзделген. Қыркүйек және қазан айларында сәйке­сінше 1,9 пайыз және 2,1 пайызға артты.
Сонымен қатар жиын барысында ауыл шаруашылығы жерлерін әртарап­тандыру, биыл жиналған егінді өткізу, өңдеуші зауыттарды шикізатпен қамта­масыз ету мәселелері қарастырылды.
2017 жылдың 8 желтоқсанындағы көрсеткіш бойынша республика көле­мінде 777 ауыл шаруашылығы коопе­ративі (АШК) тіркелген, яғни жоспар 166 пайызға орындалған. Оның ішінде кооперативтердің 272-сі – сүт қабылдау бе­­кетін, 377-сі – мал сою бекетін, 76-сы – жеміс-көкөніс дайындау бекетін, 19-ы – қой сою және жүн дайындау бекетін ашқан. АШК-лардың 3-еуі – араларды өсіру және балды өндіріп, қаптаумен, 13-і – құсты өсіру, союмен, 8-і – қар­қынды бақшалықпен, 5-еуі түйе сүтін өндіру және қайта өңдеумен, 4-еуі – тауар­лы балық өсірумен айналысады. Сондай-ақ 114 615 ірі қара мал басына арнал­ған 7 102 отбасылық бордақылау ала­ңы құры­лыпты. 83,2 мың жеке қосал­қы шаруа­шылық пен фермер тартылды.
Кооперативтер 103,2 мың тонна сүт, 16,6 мың тонна ет, 28,1 мың тонна жеміс-көкөніс өнімдері, 162 тонна бал, 31 тонна ешкі сүті, 45,2 мың дана жұ­мыртқа өндір­ді. 9,3 мың жаңа жоба қаржыландырылып, 8 723 жеке кәсіпкер тіркелді және 13,7 мың жұмыс орны ашылды.
Алдағы 2018 жылы кооперативке тартылғандар санын 200 мыңға жеткізу, бұдан өзге 115 мың басқа арналған отбасы­лық бордақылау алаңын құру жоспарланып отыр. Етті дайындауды 28 мың тоннаға, сүтті 130,0 мың тоннаға жеткізу жоспарлануда.
Жиын барысында 2018 жылғы көк­темгі егістік жұмыстарына дайындық барысы да сөз болды. 2018 жылғы көктемгі егістік жұмыстарын несиелеуге өтінім беру басталғаны мәлімделді.
Вице-премьер жиын соңында алға қойған межеге жету үшін облыс әкім­деріне: қаралған мәселелерде бірігіп жұмыс істеуді күшейту қажеттігін баса айтып, нақты тапсырмалар берді.

 

Айхан ШӘРІП

Бөлісу:

Пікір жазу


*