Президент бекіткен алғашқы заң

1383
0
Бөлісу:

Қазақстан парламентаризмі тарихында жалғыз қазақ тілінде жазылған бір ғана заң бар. Осынау мемлекетіміздің мүддесі үшін қызмет еткен «Халықтың көші-қоны туралы» заңына 13 желтоқсанда 20 жыл толып отыр. Бұл ресми тілде Үкімет дайындаған жобадан басым түскен балама заң болатын. Ол қалың бұқараның, зиялы қауымның зор қолдауына ие болған еді.
Бұл бүкілхалықтық талқылауға ұсынған және ең ұзақ тал­қыланған заң жобасы ретінде белгілі. Жылға жуық қызу, теке­тірес талқылауда Ә.Ысқақ өз заң жобасын қайраткерлікпен қорғап, дәлелдей білді. Нәтижесінде, арада 11 ай өткен уақытта, ел астанасы Ақмолаға көшкенде, яғни 1997 жылдың 13 жел­тоқсанында Елбасы заң жобасына қол қойды. Бұл Мемлекет басшысының елорда төріндегі алғашқы қол қойған заңы болатын. Бұл – тәуелсіздігіміздің де, Астана қаласының да тарихына алтын әріппен жазылған күннің бірі.
Осы заңның негізінде елімізде Көші-қон және демография жөніндегі агенттік, облыстарда көші-қон басқармалары құ­рылды. Қазақ халқына қымбат көрінетін осынау құжаттың ар­қасында алыс және жақын шет елдерден елімізге 1 миллионнан аса қандастарымыз оралды.
– 1997 жылы 23 қаңтарда Үкімет дайындаған «Көші-қон туралы» заңның жобасы Мәжіліске келіп түсті. Мен осы заң­ның жобасына жетекші болып тағайындалдым. Жобаны оқып таңғалдым. Онда: біріншіден, Қазақстанға көшіп келген адам­дарға мемлекеттік бюджеттен қаржы бөлу қарастырылмапты. Оларды қаржыландыру тетігін жергілікті бюджетке лақтырып тастаған. Ол кезде жергілікті жерлердегі бюджеттің жағдайы ауыр болатын және оны қаржыландыру да мүмкін емес еді. Екіншіден, Қазақстаннан сыртқа қоныс аударатындарға ерекше қамқорлық жасалған, яғни арнайы қаржылық көмек көрсету туралы бап енгізіліпті. Оны республикалық бюджеттен қаржыландыру көзделген. Бұл мемлекетті тонау емес пе?! Түсіне білген жанға бұл Мемлекет басшысы Н.Назарбаевтың жүргізіп отырған көші-қон саясатына қарсы шығу ғой. Бұдан да сорақысы, босқындар мен Отанына көшіп келетіндерді біріктіріп жіберген. Зерттеп көрсем, бұл жобаның іске асыру тетіктерінің бәрі ойластырылып, тек заңдастыру ғана қалған екен.

Сол себепті, баламалы заң жобасын жасау қажет екенін түсініп, Үкімет жобасының жұмыс тобының жетекшісі болудан бас тарттым, – дейді Әкім Ысқақ.
Сол кезде елімізде көші-қонның бас­талғанына 5 жыл өтсе де, әлі шешілмеген дүниелер шаш етектен еді. Мәселен, 1994 жылы Үкімет көші-қонға 10 миллион теңге бөлген. Осының 1 миллионы әзер түскен. 1995 жылы 23,5 миллион теңге жоспарланған екен, осының 10 миллионы ғана берілген. 1996 жылы осы салаға 25 мил­лион теңге қаржы жоспарланған болса, соның 8 миллионы ғана бөлінген. Осындай жағдайлардан кейін мыңдаған оралман баспанасыз босып кеткен, жан-жаққа көшу етек алған, кейбірі амалсыз келген жағына қайта қайтуға мәжбүр болған. Елбасы осынау қордаланған мә­селені оңтайлы шешу жөнінен Үкімет бас­шысына 1994 жылдың 14 желтоқ­са­нында және 1995 жылдың 31 мамы­рында екі рет нақты тапсырма берсе де, көз­ге түсерлік жұмыс жасалмаған бола­тын.
1996 жылдың қазан айында Еңбек министрлігі мен Әлеуметтік қамсыз­дандыру министрліктері қосылып жа­ңадан Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі пайда болады. Оның басшысы министр ханым келе сала жаңадан дайындалып жатқан «Көші-қон» заңымен танысып, ондағы «Көші-қон қорын құру» туралы бапты сызып тастайды. Онымен қоймай, Көші-қон департаментін жойып, оның мәртебесін төмендетіп, қатардағы басқармаға ай­налдырып жібереді. Басқарманың бірдеңе шештіндей ешқандай қауқары жоқ болатын.
Алдымен осы саладағы болып жатқан оқиғаларды толық түсініп алған Әкім Ысқақ жұмысты Отанына оралған азаматтардың мұң-мұқтажын білуден бастайды. Әрі осы азаматтардың потен­циялын пайдалануды қажет деп тауып, алдымен оқыған-тоқыған, көзі қарақты оралман азаматтардың басын қосады. Ішінен екі адамды таңдап алып, Парла­менттегі жұмыс тобына кіргізеді.
Моңғолиядан келген Қайрат Бодау­хан­ұлы мен Қытайдан келген Алмас Ахметбекұлы балама заң жобасының ресми жұмыс тобының мүшесі және екеуі Әкім Ысқақтың көмекшісі болды. Тынымсыз ізденістің арқасында Үкіметке балама жоба жасалынды. Дегенмен мұны жоба деп айту әлі ерте еді. Себебі, оны Пар­ламентке ұсыну үшін бірнеше ғы­лыми-зерттеу институттарынан, кейбір министрліктерден дұрыс қорытынды алу керек. Нақты дәлелді аргументің болмаса, ешкім де Үкіметке қарсы тірлік жасауы мүмкін емес. Әрбір бапты талдап, оның астарындағы жайттарға терең үңіле түсуге тура келді. Осының арқасында тіпті Үкіметтік жобаны ұсынушы Еңбек және әлеуметтік қорғау министрлігіне қарасты Еңбек проблемалары және жұмыспен қамту ғылыми-зерттеу институты «Көші-қонның барлық түрі қамтылған жоба» деген баға берді.
Заң жобасын талқылаудағы кедергі­лер аз болмаған. Себебі, заң жобасы тек қана қазақ тілінде жазылған, орыс тіліндегі нұсқасы жоқ. Тек қазақ тілінде жазылған заңды талқылау бұған дейін Парламент тәжірибесінде болып көр­меген. Орыс тіліндегі нұсқасынсыз тал­қы­лауға жібе­ріл­мейтін болды. Осыдан кейін жобаны орыс тіліне аударту мәселесі туындады. Парламентте орыс тілінен қа­зақша аударатын адамдар бар да, қа­зақшадан орысша аударатын мамандар жоқ болып шықты. Бұған дейін жан-жақ­тан Парла­ментке келетін барлық құжат­тар тек орыс тілінде келіп, қажет жағдайда ғана қа­зақша аударылатын жүйе қалып­тасқан…
Осы заң Мәжілісте қаралмас бұрын «Егемен Қазақстан», «Қазақ елі» газеттері арқылы бүкілхалықтық талқылауға ұсынылды. Одан кейін 1997 жылдың
2 с­ә­уір күні Президенттің жанындағы мемлекеттік саясат жөніндегі Ұлттық кеңесте қаралды. Кенес төрағасының орынбасары, Мемлекеттік хатшы Әбіш Кекілбай жетекшілік етті. Өте қызу талқылау болды. Кенес мүшелерінің барлығы дерлік балама жобаны қолдап сөйледі. Нәтижесінде, Ұлттық кеңестің хаттамасын Мәжіліске ұсынды. Әсіресе, осы талқылау барысында заңгер, академик Салық Зиманов өте белсенділік танытты. Онымен қоймай, Мәжіліс ски­періне 7 сәуір күні өз атынан ресми хат жолдап, осы жобаның қабылдануын сұ­рады. Хатында: «Үкімет ұсынған заң шикі әрі құқықтық мәртебесі өте төмен, заман талабына сай емес», – деп көрсеткен.
Әкім Ысқақ ұсынған жобада тек Елбасына бағынатын Көші-қон агенттігін құру туралы мәселе көтерілген, сол меке­ме Елбасының Жарлығымен ҚР Үкі­метінің құрамына кірмейтін орталық атқарушы орган ретінде 1997 жылы 8 желтоқсанда құрылды. Осы Жарлықта: «Агенттіктің міндеті – көші-қон процесін басқару және халық санының өсуі жөніндегі саясатты қамтамасыз ету», – делінген. Барлық облыстарда көші-қон жөнінде басқармалар құрылды. Барлығы республикалық бюджет есебінен күні бүгінге дейін қаржыланып отыр.
Екіншіден, квота мәселесі және орал­ман кім, босқын кім, көшіп келуші кім, көшіп кетуші кім, ішкі көші-қон дегеніміз не, осының бәрі заң жүзінде нақтыланды. 1997 жылдары көші-қонға республикалық бюджеттен 20-30 миллион теңге көле­мінде қаржы бөлініп келсе, қазір 12 млрд теңгеге жеткен. Бүгінгі таңдағы мә­ліметке жүгінсек, атамекеніне 1 мил­лионнан аса қазақ оралыпты.

Төреғали ТӘШЕН

 

Бөлісу:

Пікір жазу


*