ОПЕК+ келісімі кімге тиімді?

1316
0
Бөлісу:

Егер базарда нан көп болса, оның бағасы қымбат болмайды. Кім «ас атасын» қымбат бағаласа, соның саудасы жүрмейтіні де бесенеден белгілі. Өнім көп тұрып қалмай сатылып кету үшін, мөлшері көптен төмен, аздан жоғары болғаны абзал. Әлемдік мұнайдың құлағын ұстап отырған мырзалар да осыны ойлайды. Мұнай көп болса, кім байиды? Одан да өнімнің аз, соған сай сауданың да қыж-қыж қайнап жатқаны жөн емес пе?! Қашан жағдай реттеліп кеткенше…
ОПЕК+ деген келісім бар: Мұнай экс­порттаушы елдерге мұнай өндірісін шек­теуді міндеттейтін қитұрқылау жоба. Көп­тің көңіліне жаға бермейтін, бірақ жоғары­да айтқандай, сауданың жүріп, мұнай ба­ға­сы­ның өсуі үшін жасалып отырған жағдай. «Келісім өз міндетін мүлтіксіз атқарған болса, әлем бойынша танкерлер мен мұнай қоймасындағы қара алтын едәуір сарқылып қалушы еді ғой» дейді кей мамандар. Келісуге болатын секілді, ақ-қарасын кім білген? Енді біраз күннен бері әлемдік мұнай нарығында ірі мұнай экспорттаушы елдердің ОПЕК+ келісімінен шығуы ту­ралы алып-қашпа әңгіме көбейді. Келісімге мүше елдер мұнай шығаруды азайтуын азайтты, бірақ бастапқыда уәде бергендей емес. Енді ОПЕК елдері мен мұнай көлемін қысқар­туға мүдделі өзге де қатысушылар 2018 жылдың соңына дейін келісімнен шығуды жаппай талқылап жатыр.
ОПЕК және ұйымға мүше емес бір­қатар елдер 2016 жылдың соңында тәу­лігіне 1,8 миллион баррель мұнай өндіру ту­ралы келісімге келген. Келісім 2017 жыл­дың бірінші жартысында ресми жария­ланып, сосын 2018 жылдың наурыз айына дейін ұзартылған. 1 желтоқсанда ОПЕК және ұйымға кірмейтін елдер аталған келісімді 2018 жылдың соңына дейін созып тастау туралы уағдаласты. Венада қабыл­данған шешімді Сауд Ара­биясының энер­гетика министрі Халид әл-Фалих, Ресей энергетика министрі Александр Новак және ОПЕК бас хатшысы Мұхаммед Бар­киндо баспасөз мәслихатында жария еткен. Сонымен бірге, 2018 жылы мұнай шы­ғаруды қыс­қарту туралы келісімге Ливия мен Ни­герия да қосылатын болды. Енді екі ел де мұнай шығару көлемін 2017 жылғы көр­сет­кіштен асырмай ұстап тұруға міндетті. ОПЕК+ келісімінің кезекті оты­рысы 2018 жылдың жазына жоспарланған.
– Сол кезде келісімді ары қарай соза­мыз ба, әлде толыққанды аяқтаймыз ба де­ген сауалға жауап табылатын секілді. Бір жағынан келісім ұзартылмауы да мүмкін. Өйткені 2019 жылы нарықтағы тепе-теңдік пайда болады деп күтіліп отыр, – дейді Энер­гетика министрінің орын­басары Мағзұм Мырзағалиев.
ОПЕК мұнай өндірісін қысқартсақ де­ген ниетті бұған дейін де бірнеше рет бай­қатқан. 2014 жылдың қараша айында Сол­түстік Америкада сланцтық мұнай өндірісі басталып кетіп, ОПЕК діттеген мақсатына қол жеткізе алмады. Бұл кезде мұнай бар­релі 27 долларға төмендеп, «қара алтын­ның» қадір-құты қашып кеткен. Тек ұйым мүшелері 2016 жылдың аяғында келісімге келіп, санкциядан әбден қалжыраған Иран мен терроризм дүмпуін сезіне бастаған Ливия мен Нигерия үшін арнайы мұнай өндірудің шартын ұсынды. Кейін мұнай өндірісін күніне 300 мың баррельге дейін қысқарту міндетін мойнына алған Ресей, кейінірек Қазақстан, Әзірбайжан, Оман, Бахрейн елдері де ОПЕК бастамасына қосылды.
Энергетика министрі Қанат Бозымбаев­тың мәлімдеуінше, Қазақстанның қанша жерден күш-қуаты тасыса да, келісімді сақ­тауға мәжбүр. Яғни 2018 жылдың соңына дейін белгіленген шектен мұнай өндіруді асырмайды. «ОПЕК пен олардың серіктес­тері келісімді созбағанда, мұнай бағасы төмен түсуші еді» дейді ол.
– Себебі, барреліне 62-63 доллар деген баға өте қолайлы. Бұл мұнайшылар үшін ғана емес, кен орнында жұмыс істеп, қаржы салып жатқан инвесторлар үшін де ың­ғайлы болушы еді. Дегенмен біз өз тарапымыздан ереже бұзушылыққа жол бермей, барлық талаптарды орындауға тырысамыз, – дейді министр.
Бірақ талапты орындау қиынға соқса немесе қосымша мұнай көлеміне деген қандай да бір қажеттілік туындаса, Қа­зақ­стан кез келген уақытта серіктестермен келісімді талқылай алады. Қай тұрғыдан алғанда да Қазақстан үшін мұнай өндірісін шектеп тастау тиімсіз. Өйткені мұнай – Қазақстанға табыс әкеліп отырған бірден-бір шикізат көзі. Рас, сонау 2006-2008 жылдардағыдай бақуатты заман орнатпаса да (ол кезде теңге бағамы да құлдырай қоймаған), біреуден ілгері, біреуден кейін өмір сүруге мүмкіндік беріп тұрған – осы «қара алтынымыз». Қазақстан мұнай экс­портын дағдарысқа дейінгі қалыпқа келті­руге тырысып бағуда. Биыл 9 айда 50,7 миллион тонна шикі мұнай және шикі мұнай өнім­дері экспортталған. Ақпаратты Finprom.kz порталы таратты. Қазақстан, не­гізінен, Еуропа бойынша Италия, Ни­дер­ланды, Франция, Швейцария, Испания елдеріне тасымалдайды. Үкімет отыры­сында сөй­леген Ұлттық экономика ми­нистрі Тимур Сүлейменовты тыңдап, Қа­зақстанның өндірісті қысқартуға аса құ­лық­ты емес еке­нін байқар едік. Айтуынша, Қашағандағы мұнай өндірісі жылдық жоспардан 46 пайыз­ға асып түскен.
– Қашағандағы тұрақты мұнай өнді­рудің арқасында өңірлерде өнеркәсіпте, ауыл шаруашылығында және құрылыста қарқынды жұмыстың нәтижелері байқал­ды, – дейді министр. Негізі, еліміздің жос­пары бойынша, 2020 жылы Қашаған
13 миллион тонна мұнай өндіретіндей деңгейге жетуі тиіс екен. Ай басында Kazakhstan Global Investment Roundtable форумына қатысқан Бозымбаев, 2030 – 2040 жылдары Қазақстан мұнай өндіру көлемін 100 млн тоннаға дейін арттырады дегенді айтты. Әрине, жаңа инновация, «жасыл энергия» – біз тез арада арқа сүйеу­ге тиіс басым салалар. Алайда министрдің сөзіне қарап, Қазақстанның шикізат нарығын, оның ішінде мұнай өндіруді ел экономикасының басты көзірі ете беретінін аңғарамыз.
Қазақстанның Энергетика министрлігі таратқан ресми ақпаратқа сүйенсек, биыл еліміз жылдың соңын 85 миллион тонна мұнаймен тәмамдайды.
– Қараша айында жақсы жұмыс істедік, желтоқсанда да жаман емес. Қазанда аздап қиындықтар болды. Оның алдында тамыз кезінде Теңіз бен Қарашығанақта күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілген. Қа­ша­ған болса, мұнай шығарудағы тұрақ­тылықты сақтай алмады біраз. Былтыр 78 миллион тонна өндірілгенін ескерсек, биыл біраз алға жылжыдық, – деген еді біраз бұрын Энергетика министрі Қанат Бозымбаев.

P.S. Күні кеше Brent маркалы мұнайдың құны барреліне 65 доллардан асып, екі жыл бұрынғы көрсеткішті еске салды. Соңғы рет 2015 жылдың 24 маусымында дәл осындай көрсеткіш тіркелген. Сарапшылардың сөзінше, мұнай бағасының көтерілуі Солтүстік теңіздегі Forties құбырының уақытша тоқтатылуымен байланысты болуы мүмкін. Себебі, тәулік сайын 85 кен орнынан алынған 450 мың баррель мұнай сол құбыр арқылы тасымалданатын. Мұнай бағасының көтерілгені бір жағынан бізге де тиімді… Бір жағынан ОПЕК+ келісімі бойынша бар мұнайды қысып ұстап отыру қисынсыз.

 

Абай АЙМАҒАМБЕТ

 

Бөлісу:

Пікір жазу


*