Eлорданы Астанаға көшірген күн

1338
0
Бөлісу:

Ыстамбұлдан Анкараға (Түркия), Самарқандтан Ташкентке (Өзбекстан), Харьковтан Киевке (Украина) ауысқан астана туралы мысалдарды тізбелей беруге болады. Біз де қарап қалмаппыз… Еліміздің саяси орталығын ал­ды­мен, Орынбордан Қызылор­да­ға, кейін Қызылордадан Алматыға көшірген едік. Бірақ жылы оңтүстіктен аязды Арқаға қоныс аудару – өзіміз өз, еліміз егемен болып, ешкімге жалтақтамай қабылдаған бірегей шешім болды. 1997 жылдың 10 желтоқсаны – Қазақстан үшін қастерлі уақыт. Сол күні астанамыз ресми түрде Ақмолаға ауысты. Бұл күнде Арқа төрі – қазақ елі үшін абыройлы мекен. Елорда жүрегі Сарыарқа төсінде соққан сол уақыттан бері Астана айшықталып, ұлы арман-мұраттардың шаһарына айналды. 
Алматы – қай жағынан да жайлы қала. Елдің саяси, экономикалық, мә­дени һәм әлеуметтік мүдделері бір арнада тоғысқан, күллі Қазақстанның жүрегіне айналған жұмақ мекен десе де болғандай. Алайда ендігі кезекте бұл жер егемен елдің астанасы болғандықтан, артылар жүк тіпті ауырлай түспек. Елбасы Н.Назарбаев осыны ерте аңғарды. Әлі де болса, буынымыз бекіп, бұғанамыз қатпай тұрған елең-алаң шақта елорданы ауыстыру туралы шешім қабылданды. Биліктің бұл әбжіл әрекеті өз-өзін ақтады деуге толық негіз бар. Астана болған соң шаһарда жаңа мемлекеттік органдар пайда болады, сан түрлі салтанатты шара­лар күн құрғатпай атқарылады. Соған сәйкес, қонақтың бірі келіп, бірі кетіп абыр-сабыр орнайды. Осының бәрі онсыз да халық саны көбейіп келе жатқан қаланың тынысын тарылтатыны анық еді. Оның үстіне, ақыры тәуекел етіп, тәуелсіздікке жеткен соң, елдің жаңа тарихын жаңа астанамен жазғанның да жөні бөлек емес пе?! Бұл тұрғыдан ал­ған­да, тарихи шешім қай фактормен бол­масын тоқайласып, орайласып тұр. Мем­лекет астанасын Алматыдан Астанаға көшіру туралы ресми шешім алғаш рет 1994 жы­лы 6 шілдеде қабылданған. Шешімді шы­ғар­ған – Қазақстан Жоғарғы Кеңесі бола­тын. Ресми түрде 1997 жылдың 10 желтоқ­санында Астанаға қарай Елбасы бастаған көш-керуен бет алды. Келесі жы­лы, яғни 1998 жылдың 6 мамырында Прези­дент Жарлығымен Ақмоланың атауы Астана деп өзгертіліп, жаңа астана­ның тұсаукесер тойы 10 маусымда аталып өткен еді.
– Бұдан былай және ғасырдан-ға­сыр­ға, осында, ұлан-байтақ елдің кіндігінде халық тағдыры үшін өміршең маңызы бар шешімдер қабылданады. Бұл жерде енді Отанымыздың жүрегі соғуда. Осы жерде бүгін Қазақстан, үшінші мыңжыл­дықтың табалдырығында өзінің тарихи тағдырын айқындайтын болады, – деген еді Мем­лекет Басшысы сол кезде.
Ақмолалық қариялардың Елбасына елорда кілтін табыстап, азат елдің астана­сының абыройын аманаттағаны да тарих жадынамасында сайрап тұр. Соның бәрі – бүгін тарих, бүгін естелік. Атқан оқтай, шапқан аттай зулаған уақыт Астананы ай келбетті, күн сәулелі көркем қалаға ай­нал­дырды. Алпауыт елдердің басшылары келіп, Елбасымен жүздесті, жаһанды тол­ғандырған мәселелер Арқа төрінде шеші­мін тауып жатты. Мұндай әлемдік маңызы бар процестер әлі күнге жалғасып келеді.
Әлбетте, астананы ауыстырар ал­дын­да Президенттің жеті рет емес-ау, жетпіс жеті рет өлшеп, бір рет кескеніне еш күмән жоқ. Өйткені Астана – сан мың­да­ған талаптарға жауап беретін, қай тұрғы­дан да елдегі басқа мекендерден бір бас артық тұруға тиіс қала болуы керек. Бұл ретте Елбасы әлеуметтік және экономи­калық көрсеткіштер, климат, ландшафт, сейсмологиялық жағдай, табиғат, инже­нерлік және көлік ин­фрақұрылымы деген секілді толағай өлшемдерге сүйенді. Бұл орайда Аста­наның құшағы кең, тынысы ашық, тамыры тереңде еді. Астананың артық­шылығын мына дерек­термен де жалғай аламыз: Қала Еуразия­ның кінді­гінде, яғни Еуропа мен Азия­ның шекте­сер белдеуінде орын тепкен. Демек, геосая­си тұрғыдан аса қолайлы деген сөз. Бұл қадам – ұлттық қауіпсіздік мәселесі тұрғысынан да ұтқыр шешім болғанына келісеміз. Себебі, ел аста­насының мей­лін­ше, сыртқы шекара­лардан қашық бол­ғаны да абзал. Елбасы өзінің «Еуразия жүрегінде» атты кіта­бында «Астананы құрамы жағынан көпұлт­ты өңiрге көшiре отырып, бiз тұрақ­­ты саяси-этностық мемлекет құру, Қа­­зақстанды мекендеген этностар ара­сын­­дағы достықты сақтау мен байыту, дiн­­дер мен конфессиялардың қақтығыс­сыз тату өмiр сүруiн қамтамасыз ету жөнiн­­­дегi бағытымызға адал екенi­мiздi та­ғы бiр дәлелдедiк» деп жазады.

– Астананы ауыстыру – сөзсіз тосын да сирек оқиға. Әрине, бір адамның ғұмыры­ның шеңберінде. Мемлекет ауқымында бұл әдеттен тыс болса да, соншалықты бас шайқап таңғалғандай құбылыс емес, – деп жазады Елбасы өз кітабында.
1997 жылы Астана халқының саны 290 мың адам болған. Қазіргі дерек бойынша бас қалада миллион тұрғын бар.
– Бізде 1 миллион 10 мың адам ресми түрде тіркелген. Ал 205 мың адам уақытша тіркеуге ғана тұрған. Демек, Астананы миллионер қала деп нық сеніммен айта ала­мыз, – деген еді биыл қала әкімі Әсет Исеке­шев облыстық мәслихат сессиясында.
Бұл қазақстандықтардың елордаға деген махаббатының еселене түскенін, тағдыр жолын Астанаға бұрғанын, қаншама халық­тың осы бір өлкенде барақат тапқанын айқын­дайды. Осыған қарап отырып, белгілі бір деңгейде 20 жыл бұрынғы абыр-сабыр мен аласапыран уақыттың жаймашуақ, бейбіт, берекелі шаққа ауысқанын аңдайсыз. Елбасының да, елдің де күткені осы еді. Президенттің кітабын парақтай отырып, тағы бір қызық дерекке көз тоқтатқанбыз. Қазақ­станның бас қаласы елдің орталы­ғын­да, анау-мынау емес, ол не Қарағанды, не Ақмола болуы керек деген ойды әйгілі академик, ғалым Қаныш Сәтбаев та білдір­ген екен.
– Қазақстан Компартиясы Орталық комитетінің бірінші хатшысы кезімде менің қолыма академик Қаныш Сәтбаевтың баянхатының түскені бар. Ол анау-мынау емес, Қазақ КСР-нің астанасын Қазақстан­ның географиялық орталығы Қарағандыға не Целиноградқа көшіруді ұсыныпты. Ардақты ғалым, ардагер қайраткер өз дәлел­інің бірі ретінде осындай байтақ рес­публиканың астанасы елдің әлдебір түкпірінде болмауы тиістігін келтірген. Оның үстіне арадағы қарым-қатынас сол уақытта нашарлап тұрған Қытай Халық Республикасымен шекара да тым іргеде. Есімде қалған: осы елеулі мәні бар баянхат Мәскеуге жіберілген екен. Мұндай мәсе­ле­лер Мәскеусіз шешілмек түгілі, қолға да алын­байтын еді ғой. Мәскеу: «Басқа істей­тін істерің жоқ па?» – деп, келте кесіпті, – дейді Елбасы.
Астана қазір жүрісі тайпалған жорғадай дамудың даңғыл жолына түскен. Күн санап көркі кіріп, ай санап абыройы жоғарылап келеді. Елордаға келген қарапайым турис­тен бастап әлемдік тұлғаларға дейін кішкен­тай әрі әдемі қаланың ерекше тарты­лыс күші, баурап алар ғажайып сиқыры бар екенін айтып таңырқайды. Бұл тегін емес. Астананың сәулет өнері мен қазақи құнды­лық­тар өзара үйлесім тапқан. Тіпті сол жағалаудағы бірқатар көшелер мен шағын аудандарға «Сарайшық», «Сауран», «Орынбор», «Сығанақ», «Түркістан» сынды тарихи атаулар берілген.
Қалада Л.Гумилев атындағы Еуразиялық ұлттық университеті, Қазақ ұлттық өнер университеті, Назарбаев университеті, С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехни­ка­лық уни­верситеті, М.Ломоносов атындағы Мәс­кеу мемлекеттік университетінің филиа­­лы, Астана медициналық универси­теті сынды беделді оқу орындары, Астана арена сияқты әлемдегі бірегей стадион, Пирамида үлгісін­дегі Бейбітшілік және келісім сарайы орна­лас­қан. Басқа да ғажа­йып архитектуралық дизайндағы ғимараттар мен нысандардан көз сүрінеді. Шаһардың мәдени орындарының да саны артып келеді. Бұл күндері Астана – қазақ елінің қара ша­ңы­ра­ғы. Әлем елдері санасатын, жоғары бағалайтын шаһарлар санатында. Елбасы идеясымен әсем қалаға айналып, қазақ экономикасы мен саяси элитасының күре тамырына айналған өлке қазаққа құт болғай!

Абай АЙМАҒАМБЕТ

 

Бөлісу:

Пікір жазу


*