Жаңа төрағаны таныстырды

1293
0
Бөлісу:

Еліміздің Жоғарғы сот органы ғимаратында Президент Әкімшілігінің басшысы Әділбек Жақсыбеков судьялар мен аппарат басшылығына Жоғарғы соттың жаңа төрағасы Жақып Асановты таныстырды. Жоғарғы сотты 2013 жылдан бері басқарған Қайрат Мәми Конституциялық кеңестің төрағасы лауазымына тағайындалды.

Ә.Жақсыбеков Президенттің жаңа кадрлық тағайындаулар туралы Жарлығын оқыды. Қ.Мәми өз сөзінде Мемлекет басшысына көрсеткен сенімі үшін алғыс білдіре келе, өзіне жүктелген барлық міндеттерді толығымен атқаруға бар күш-жігерін жұмсайтындығын атап өтті. «Сот жүйесі мен үшін құдды өзімнің жанұям секілді. Ұзақ жылдар осы салада қызмет атқардым және көптеген игілікті істерді жүзеге асыруға үлес қосқанымды зор мәр­тебе санаймын. Нұрсұлтан Назарбаев­тың ұдайы қолдауының арқасында бүгінде соттардың мәртебесі артты, материалдық-техникалық жабдықтау және судьяларды әлеуметтік қамтудың барлық мәселелері шешілді. Бүгінде соттар халықаралық стан­дарттарға сәйкес, шын мәнінде, тәуелсіз», – деді ол. Қ.Мәми Ж.Асановқа, Жоғарғы соттың судьялары мен қызметкерлеріне алдағы жұмыстарына табыс тіледі.
Жақып Асанов еліміз үшін жауапты әрі маңызды жаңа саланы басқаруға сенім білдіргені үшін Мемлекет басшысына алғыс білдіре келе, бұл тағайындау өзі үшін зор абырой екендігін атап өтті. Ол бүгінде сот жүйесінде ауқымды реформалар жүргізілгенін және бұл бағыт одан әрі жалғасатынын атап өтті.
– Жоғарғы сотта еліміздің ең білгір де білікті заңгерлері жұмыс істейді. Сіздермен бірлесіп, еліміздің сот жүйесін дамыту бойынша қойылған міндеттерді шешу мақсатында одан әрі жұмыс істейтініме қуаныштымын, – деді Ж.Асанов.
Іс-шара барысында бірнеше судья сөз сөйлеп, Қ.Мәмиге бірлескен жұмысы үшін алғыстарын білдіріп, оған жаңа қызметте табыс тіледі.

Ерік ЕРДЕНОВ

Бөлісу:

Пікір жазу


*