«Нұрлы жер» өркен жаюда

985
0
Бөлісу:

Үкімет үйінде Премьер-министр Бақытжан Сағынтаев «Нұрлы жер» тұрғын үй құрылысы бағдарламасын іске асыру мәселелері жөнінде кеңес өткізді. Жиын барысында оның іске асыру тетіктерін жетілдіру және ипотекалық несиелендіруге ынталандыру шараларын кеңейтуі талқыланды. 

«Нұрлы жер» бағдарламасы елімізде 2017 жылдың 1 қаңтарынан бастап іске асырылуда. 2017 жылы бағдарлама бойынша барлығы 10,1 млн шаршы метр немесе 99 мыңға жуық тұрғын үйді пайдалануға беру көзделген. Оның ішінде мемлекеттік инвестициялар есебінен 22 545 пәтер немесе шамамен 1,5 млн шаршы метр іске қосылмақ. Бүгінде «Нұрлы жер» бағдарламасының жылдық жоспары 87,1 пайызға орындалған: 8,8 млн шаршы метр немесе 77 мың тұрғын үй пайдалануға берілді. Осы жылдың 10 айының қорытындысы бойынша тұрғын үй құрылысы саласында тұрақты өсу қарқыны байқалуда.
Барлығы республика бойынша 76 743 тұрғын үй, соның ішінде: 24 075 ЖТҚ (3,7 млн шаршы метр) және КПТК-де 56 668 тұрғын үй (5,1 млн шаршы метр) пайдалануға берілген. Барлық көздерден тұрғын үй құры­лысына 744,8 млрд теңге инвестиция салынған, бұл 2016 жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 15,9 пайыз жоғары, оның 120 млрд теңгесі – мемлекеттік инвестициялар.
Сондай-ақ Бақытжан Сағынтаев EXPO – 2017 халықаралық көрмесінде ұсынылған жаңа технологияларды енгізу мәселелері жөнінде кеңес өткізді. Онда EXPO – 2017 жаңа техноло­гияларын ғылым, ауыл шаруашылығы, ақпарат және коммуникациялар, темір­жол саласында, тұрғын үй–коммунал­дық шаруашылығы, азаматтық авиация, сондай-ақ қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібінде қолдану мәселелері талқыланды. Білім және ғылым ми­нистрлігі мен Энергетика министр­лігінің жүргізген жұмыстары туралы ақпарат тыңдалды. Барлық салалар бойынша ұсынылған жаңа технология­лардың деректер базасы құрылған. Ынтымақтастық туралы тиісті меморан­думдарға қол қойылған және жеке авторлармен және инвестор­лармен бірлескен жобалар пысықталып жатыр.
Энергетика министрлігі ұлттық компаниялардан сарапшыларды тарту арқылы жұмыс тобын құрған. Көрмеден 105 шетелдік және 28 отандық технологиялар іріктеліп алынған. Ұлттық компаниялар 25 технологияны, өңірлердің әкімдіктері 85 технологияны таңдап алды. Арнайы жол карталары әзірленіп, бекітілген. Мұнай және газ саласында 25 жобаны, электр энер­гетикасында – 24, көмір саласында – 5 және экология саласында – 36 жобаны іске асыру жоспарда бар.
Осы күні Үкімет басшысы Бақытжан Сағынтаев цифрландыру мәселелері жөнінде кеңес өткізді. Кеңес барысында «Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы жобасының негізгі бағыттары талқыланды. Атап айтқанда, экономиканы цифрландыру аясында мемлекеттік-жекешелік әріптестікті дамыту мәселелері қаралды. «Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарлама­сының пысықталған жобасы биылғы жылғы 4 желтоқсандағы Үкімет отыры­сында қаралды. Жоба цифрлық экожүйені сапалы дамыту арқылы азаматтардың өмір сүру сапасын арттыруды және отандық экономи­каның бәсекеге қабілеттігінің өсуін көздейді.

Ерік Ерденов

Бөлісу:

Пікір жазу


*