Ауыл шаруашылығын қандай жетістіктер күтіп тұр?

1159
0
Бөлісу:

Алматыда Ауыл шаруашылығы министрлігі өкілдерінен бастап, қазақстандық және шетелдік ғылыми, білім беру институттарының сарапшылары, ауылшаруашылық өнімдерін өндірушілер, ғалымдар мен кәсіпкерлер тайлы-тұяғы қалмай жиналды. Олардың басын қосып отырған себеп – II Орта Азиялық агротехникалық саммиті. Жиналғандағы міндет – агробизнес мәселе­лерін мейлінше, бүге-шігесіне дейін талқылау, жаңа техноло­гиялар үлгілерін таныстыру, осы саладағы түйткілдер мен жетістіктер сырына үңілу.

Саммит барысында ауыл кәсіпкер­лері ғалымдармен, шенді тұлғалармен тікелей тілдесіп, ой бөлісіп, агроөнер­кәсіп кешеніндегі өзекті мәселелерді тілге тиек етті. Одан бөлек жиынға АҚШ, Германия, Австрия, Италия елдерінен 15 шетелдік сарапшы қатысып, ел алдында сөз сөйледі. Олардың ара­сында АҚШ-тың бұрынғы президенттері Джордш Буш пен Барак Обаманың технология бойынша кеңесшісі қызметін атқарған Томас Селлучи, Корнель университеті өсімдіктерді генетикалық зерттеу бөлімінің басшысы Дженнаро Фазио сынды мамандар бар.

Ауыл шаруашылығының қазіргі жағ­дайына әсте бей-жай қарауға болмайды. Күн тәртібінен түспей, күйіп тұрған шаруалар шаш етектен. Түйткілдер бізді ғана емес, күллі әлемді алаңдатып отыр. БҰҰ ауыл шаруашылығы және азық-түлік бөлімі ұсынған мәлімет бойынша, жер бетінде әрбір жетінші тұрғын тамақ тапшылығының зардабын тартып отыр. Дүниежүзінде жыл сайын 1 млрд 200 млн адам аш қалады.
– 2025 жылы әлем халқының саны 9 миллиардқа жетуі мүмкін. Сол кезде азық-түлікті тұтыну мүмкіндігі қазір­гіден 70 пайызға жоғарылауды талап етеді. Қазақстан жер аумағы бойынша 9-орында және бізде ауылшаруашылық өнімдерін өндіру бойынша алып держава атануға мүмкіндік бар. Ол үшін біз жер, су, еңбек ресурстарын тиімді пайдаланып, ауыл шаруашылығын техникалық жаб­дықтауды жетілдіруіміз керек. Сонымен қатар ауыл кәсіп иеле­рінің білімін арттырып, шаруашылыққа мемлекеттік қолдауды да күшейту қажет, – деп атап өтті Қазақ ұлттық аграр­лық универси­тетінің ректоры Тілектес Есполов.
Ректор өз сөзінде ауыл шаруашылығы проблемаларын шешуге атсалысу үшін оқу орны ішінде агротехнологиялық хаб құрылғанын да атап өтті. Саммитте уни­вер­ситет ғалымдары мен агрохаб қызмет­керлері жаңа технология мен білімді жедел трансферттеуге арналған цифрлық талдау орталығының жұмысымен де таныстырды.
Цифрлық талдау орталығы ұстанып отырған негізгі бағыттардың бірі – өндірісті цифрлық жүйелеуге көшіру, осы арқылы «ақылды» техника және роботтандыру» процесін қолға алу. Бұл тұрғыда біз дрондарды ауыл шаруашы­лығының қажетіне жаратуды бастап кеткен Flyworx жобасының жетекшісі Диана Душниязовамен сөйлескен едік.
– Мұндай дрондар егіс алқаптарына барлау, талдау жүргізу үшін пайдаланады. Компания алыс қашықтықтан зондпен тексеру, бақылау, ұшқышсыз ұшу аппараттарының көмегімен 3D-моделдеу және қажетті ақпараттарды тәптіштеп жинаумен айналысады. 10-300 метр биіктікте фото, видео түсіріліп, аумақтың ұсақ бөліктерін де көре алады. Осы бақылаудың арқасында алқаптың өсімдік өсіру мүмкіндіктерін біле аламыз және ол жерде қандай ауру ошағы бар, жердің құнарлығы қандай екенін де анықтаймыз, – дейді Flyworx компания­сының директоры Диана Душниязова.
Диананың бастамасы қолдауға тұ­рарлық. Себебі, қазір аграрлық нарықты терең талдау үшін түрлі құрылғылар мен жер серіктері қолдану белең ала бастады. Инновациялық технологиялар көмегі­мен алынған деректер зерттеудің басты назарына алынып жатыр. Америкалық серіктестермен жұмыс істеп жатқан компания еншісінде қазір 9 квадрокоптер бар. Диана құрылғы санын арттырумен қатар, білікті мамандарды даярлаумен де айналысуда. Саммитке қатысқан жаңа­шыл жанның бірі – Арсен Рысдәулетов. Ол – музыканттар отбасында өскен, ірі банкте жұмыс істеп көрген, кейін бәрін тастап, алма өсірумен айналысқан, Түр­кия мен Израиль елінде бақ шаруашы­лығы бойынша кәсіби білім алған.
– Өткен жылы мен алғаш рет шағын жер телімін сатып алып, сонда барлық ережелерін сақтай отыра апорт алмасын отырғыздым. Баяғы апорт алмасы туралы көп адам тамсана айтады. Сол аңызға айналған алманы қайта оралтуға қадам жасағаным үшін қуаныштымын. Алма­ларымды ішкі нарық толықтай тұтынса деп армандаймын, содан соң артылып жатса, мүмкін, шетелге экспорт­таймыз. Бұл шаруамен соңғы 5 жыл көлемінде кәсіби түрде айналысып келе жатырмын. Жыл сайын кәсібімнің аясы кеңеюде. Бақ шаруашылығы – әрдайым күтімді қа­жет ететін, мұқият зерттеу мен қар­қын­ды жұмысты талап ететін сала. Алматы облы­сындағы Шелек ауылының фермерлері­мен бірге жұмыс істеп, олар­дың жаңа технологияларды пайдалана алуы үшін жағдай жасап жатырмыз. Фермерлер кооперативтер құрып, дел­далсыз кәсіп жүргізіп, өз өнімдерін лайық­ты стандарт­тап, оларды супермар­кеттер мен нарыққа тікелей жеткізуі тиіс. Алдағы уақытта шетелмен байланысты үзбейміз, ауыл шаруашы­лығын дамытуға барынша күш саламыз, – дейді Alatau Fruits компаниясы отба­сылық алма бағы жобасының менеджері Арсен Рысдәу­летов.
Саммит барысында агроөнеркәсіптік секторды құру және оған мемлекеттің қолдау танытуы сөз болып, су тасқынын болжау жүйесі, климаттық тәуекелдерді басқару, фермерлерге арналған GIS технологиялар туралы да сөз қозғалды.

Абай АЙМАҒАМБЕТ

Бөлісу:

Пікір жазу


*