Ұлттық асханамыз қайда?

1144
0
Бөлісу:

Қазақстанда гастрономиялық туризмді дамытудың мүмкіндіктері қандай және еуропалық асхана, мейрамханалармен салыстырғанда біздегі ахуалға көңіліңіз тола ма?
Бұл сұрақ кез келген жұртты қызықтыра бермейді.
«Ас – адамның арқауы» деген қағиданы ұстанған ұлтымыз үшін жеңсік тағамға әуестік әу баста жоқ. Өйткені біз ұлттық тағамдарымызды бұрыннан пір тұтатын ұрпақпыз. Алайда нарықтың келуі талғамы бөлек, асты таңдап жейтін қазақ қауымына тамақтану үрдісін өзгертуге тура келді. Бұл орайда, әлемнің бір бөлігі асқазаны не қаласа, соны іздеп табуға бейім болып кетті. Мұның өзі гастрономиялық туризмнің тез дамуына түрткі болды.

Гастрономиялық туризм де­ге­ні­міз не? Ең алдымен, осы сауал­ға жауап іздеп көрелік. Бұл –
туризм­нің бір түрі. Оның басты мақсаты – са­пар­­лап барған елдің ұлттық ас мәзірлері­мен танысу, дәм тату. Яғни, тамақтану мәде­ниет категориясына айналды. Мұны біз асхана дәстүрі деумен қатар, оның арғы жағында діни, экономикалық, саяси ерекшеліктермен бірге, аңыз бен дәстүрлерге толы факторлар да барын баса айтқымыз келеді.
Мұсылман қауымында «халал» деген сөз бар. Ислам дініне берік ұлттардан құралған елдерде астың адал болғаны – ең басты мәселе. Харам асты ешкім ішпейді. Мәселен, малды бауыздамай тұрып, етін ешкім жіліктемейді. Тіпті бұл әдіс қазір мал бордақылау орындарында да қалыптасқан қағида. Көптеген дамыған елдерде, өзге де аймақтарда халал сөзіне қарамайтындар, маңыз бермейтіндер жеткілікті. Сондықтан да шет елдерге шыққан қандастарымыз гастрономиялық туризмнің осындай осал тұстарына көңілдері толмайтыны анық.
Есесіне, Қазақстанға ат басын бұрған Құдайы қонақтардың ешқайсысында реніш болмасы анық. Өйткені қазақ дастарқаны тек халал астан тұратынын мақтанышпен айтуға болады.
Екінші мәселе әрі маңыздысы – тағамдардың түрлері. Енді бұл жағынан алғанда көптеген проблемалар алдымыздан шығады. Қазір «дегустация» деген ұғым пайда болды. Яғни, астың дәмін көру. Мұны біз жаңа шыққан тамақ түріне қатысты деп ойлап қалуымыз мүмкін. Шетелдік азаматтар үшін қазақ жеріне табан тіреген соң, ас ішіп көру – дегустацияның көкесі деуге болады. «Дос – басқа, дұшпан аяққа қарайды» деген қазақы мақалдың мәні кетіп, дос та, дұшпан да дастарқанға қарайтын заман келді. Өкінішке қарай, Алматының өзінен таза ұлттық ас мәзірін әзірлейтін асханалар мен мейрамханаларды табу қиын. Әрі кетсе, қуырдақ пен қазақша етке тапсырыс бере аласыз. Өз ұлтымызға ғана тән жеңсік астардың жүздеген түрін қайда қоямыз? Оларды тек Наурыз мерекесінде жекелеген дастарқан басынан көретін болдық. Осының барлығы – елімізде гастрономиялық туризм­ге мән бермеуіміздің салдары.
Тіпті туризмді қалалықтар мен ауылдықтар деп бөліп қарайтын болсақ, қалада жұрт ащы-тұщыны көбірек жесе, ауылда майлы тағамдар ұсынылады. Елдімекендегілер экологиялық таза тағам жеуімен ерекшеленеді. Айталық олар жеміс-жидекті, көкөністі, тіпті сүт тағамдарын да таза күйінде жеп, іше алады. Қалалықтар мұндай өнімдерді жартылай цехтар мен зауыттарда, фабрикаларда өңделгеннен кейін ғана ауыз тиеді. Десек те, салалық бағыттағы туризм бізде мүлде жоқтығын айтқанымыз дұрыс. Мәселен, Алматының апорты туралы, оның Қазақстаннан таралғанын көп айтамыз. Бірақ жұрт назарын аударатын бірде-бір шара ұйымдастыра алмаймыз. Мұндай мәселе көптеген елдерде туристердің құралына айналған. Айталық француз және болгар шарабы, голландия, швейцария және итальян сырлары, немістің, австриялық, чехтар мен бельгиялықтардың сырасының өз мейрамдары бар және мәдени шараларды көл-көсір тойға айналдырған. Сол елдің дәмінен ауыз тию үшін жүздеген мың туристер арнайы барады. Елдің бюджетіне осылайша миллиондаған доллар пайда түседі.
Қазіргі заманғы саяхат қо­нақжайлылық пен әдемі жерлерге ғана тіреліп қал­майды. Сұлулыққа сұқ­тан­ғандардың көңілін жай­ландырып, басын айналдыратын – тамаша тағамдар. Бұл салаға дәл қазіргідей ешкім де көңіл бөлмегені ақиқат. Кез келген елдің шекарасынан өткеннен кейін жағалауда жатып, дүкен аралап, бар­лық рахатты көрдім де­сеңіз де, көңіл түпкірінде жүре­тін мәселе – тамақ. Осын­дай ерекшелігімен елді тартып тұратын жерлер әлемнің әр шалғайында кездеседі. Соның бірнешеуіне назар аударып көрелікші:

Италия
Тоскана – Италияның жұрт жиі баратын аймағы. Италияндық ғажайыптар да осында пайда болған деседі. Тоскананың таңғажайып табиғаты, көңілді жайландыратын атмосферасымен бірге, жергілікті асханасы адамдардың аңсарын аудармай тұрмайды. Ол ежелгі дәстүрлерге негізделген. Мұнда балықтан, көкөністерден жасалған тағамдар жеңсік астар қатарынан саналады. Шипасы мол осы астан дәм тату үшін қонақтар мұхит асып та келеді.
Бұзаудың бұқтырылған еті, оған қосылатын неше түрлі дәмдеуіштер мен тұздықтарды санағанда саусақ жетпейді.

Франция
Прованс асханасы да әлемде мақтанышқа айналған. «Күн асханасы» атауын иемденген қаладан нағыз шеберлер әзірлеген ас мәзірін көресіз. Мұнда бәрі бар. Дегенмен француздардың «классикалық» асханасынан айырмашылығы әр тағамның үйде жасалатын шынайы асқа жақындығы. Әсіресе, көкөніске көбірек мән беріледі. Ол ыстық аста да, салқын тағамдарда да кездеседі. Аңызға айналған Прованстың дәмі тіл үйіреді.

Италия
Пьемонт – Италияның тағы бір аймағы. Бұл жер туристерді табиғатымен қатар, асымен де қызықтырады. Осында атаулы тағамдардың жасалу, пісірудің өзіндік дәстүрі қалыптасқан. Саңырауқұлақтан жасалатын қайталанбас астар да жеткілікті. Оның сыр араластырып пісірілген түрлері әлемнің өзге аймақтарында ұшыраса бермейді.
Шараптың 45 түрі өндірілетін аймақ жер шарының еш жерінде жоқ. Олардың атағы жер жарған ащы сусындар да кездеседі. Мұны айтып отырған себебіміз, дәм татушылар осы аймаққа арнайы сапарлар ұйымдастыруды әдетке айналдырған.

Испания
Каталония асханасын «теңіз бен тау асханасы» деушілер де бар. Бұл атау жай беріле салмаған. Каталония асханасы Испанияның шынайы дәстүрлеріне бай. Аймақтың тең жартысын тау алып жатыр. Ол жерлерде еттен жасалатын ас көп. Тіпті екі қазақтың бірі дәм татпаған тағамдар баршылық.

Голландия
Амстердам – гастрономиялық туризмнің ең дамыған жері. Атақты сыра зауыттарының жұмысын көріп, сыраның дәмін тату үшін жүздеген мың адам арнайы барады. «Сары судың» 30 түрін өндіретін кәсіпорындар жұртты өзіне қаратудың барлық амалдарын жасап келеді.

Грузия
Грузия – жер жаннатының бірі де бірегейі. Таудың таза ауасын жұтып, дәмді асынан ауыз тию үшін осы елдің табалдырығын аттайтындар өте көп. Әсіресе, соңғы жылдары қонақтар қабылдаудан басы айналған сыңайлы. Тарихи орындары, бұрын әйгілі кинолар түсірілген жерлерді көруге ағылатындардың арасында қазақтар да жиі ұшырасады. Әсіресе, грузиндердің ұлттық асынан дәм тату – қайталанбас оқиға. Неше түрлі дәмдеуіштерді жиі пайдаланатын грузин аспаздары ұлттық дастарқанды жайнатып, қонақ күтуден пайда табатын елге айналды.
Елде сыр өндіру бәсекеге айналған. Тіпті әр аймақ өз сырымен мақтанатын құбылыс қалыптасқан. Оны ретімен асқа қосу да тағамды дәмді ете түседі.

Марокко
Марокка асханасы да дүниежүзінің назарын аударғалы біраз болды. Бұл елдің дастарқаны Еуропа мен Шығыс тағамдарының басын біріктіріп жіберген. Тағамдардан араб, бербер, мавритан, Таяу шығыс елдерінің ас мәзірінің толықтырылған түрлерін көріп жатсаңыз, оған таңдануға болмайды. Тіпті жерорта теңізі, африкалықтар, ибериялықтар, еврей тағамдары да ел өміріне сіңісті болып кеткен.
Марокконың таджині мен кускусын қазір әлем таниды. Алайда олардың мұндай деңгейге қалай жеткенін ешкім зерттемеген.

Қазақстанда бірнеше жүздеген туристік фирмалар жұмыс істейді. Оның 83 пайызы халықаралық туризммен айналысады. Осы мекемелердің қазақстандықтарды шетелге екі мақсатпен жіберетіні анық. Оның бірі –демалу, екіншісі сауда-саттықпен баратындар. Ас ішіп, арқаны кеңге салып жүретіндей сапарлар өте сирек. Керісінше, елімізге келіп жүрген шетелдіктердің дені сауда үшін емес, жер көру үшін келетіні анық. Оларды біздегі ас мәзірлерімен таңғалдыру мүмкін емес. Біздегі тағам түрлері адамды шаршатып жібереді. Бірін бірі қайталайтын санаулы тағам жиі ұсынылады. Елімізде ұйғыр асханасынан дәм тататындар көш бастап тұр. Одан басқа, дұңған, қытай, кәріс, грузин, орыс мейрамханаларына да жұрт көп барады. Таза қазақ асханасы атауымен жоқ.
Шындығында, елімізге келетін қонақтар негізінен «қазақ асханасын көрейік» деп айта қоймасы анық. Өйткені өзіміз көпұлттылығымызды пайдаланып, өзге ұлт асханаларының дамуына жол ашу арқылы ұлттық асты екінші қатарға қосып қойдық. Осыған қарап отырып туризм бағыттарын екшелеп алмағанымызды байқаймыз. Оның басында ұлттық асханамызды ұлықтау тұруы тиіс еді. Сондықтан осы мәселеге мән беріп, маңызды шара ретінде ел деңгейінде қарастыратын уақыт келді.
Туризм – табыс көзі. Тамақ мәзірін көбейту, оның ішінде ұлттық тағамдарға мән беру арқылы да ел бюджетін еселеп қайтарып алуға болады. Алайда біздегі жағдай…
Қазір қазақ жеріне келушілерден «қарныңыз аш емес пе?» деп сұраудың өзі ыңғайсыз. Өйткені баспана мен асханадан қысылмайтын қонақтар тек ұлттық асқа келгенде тосылып қалады. Осы саланы дамыта алмай отырғанымыз өкінішті.

Дина ӘШІМХАНОВА, Қазақ туризм және спорт академиясының студенті

Бөлісу:

Пікір жазу


*