Майк Тайсон, аңыз адам: Құндылықтың кілті – жүректе

886
0
Бөлісу:

Ең ауыр салмақтағы кәсіпқой боксшы, аты аңызға айналған Майк Тайсон Алматыға келді. 2005 жылдан бері шаршы алаңнан кеткелі бизнеспен айналысады. Iron Mike Promotions компаниясы негізін қалады. Көптеген фильмдерде эпизодтық рөлдерді, автобиографиялық фильмде өзін сомдаған. Алматы аренада өткен бизнес форумның қонағы болған темір Тайсонмен аз-кем тілдестік.   

– Боксшы Майк пен бизнесмен Майктің айырмашылығы неде?

– Бизнес те – бокс. Бокста жеңілсең – таяқ жейсің. Бизнесте де кері шегінсең – банкротқа ұшырайсың. Тек біреуі кәсіп, біреуі спорт демесең, екеуі де бір сәтке босаңсуды, қателікті кешірмейді.

– Бизнестегі басты қағидаңыз қандай?

– Өмірлік ұстанымым – ешқашан берілме! Сүріндің бе, жығылмай қайта тұруға ұмтыламын. Қиындықпен соңғы күшім сарқылғанша күресемін.

– Бала күніңізде кедейліктен көп теперіш көргеніңізді жиі айтасыз. Атақты боксшы атанып, байлыққа қол жеткізгеніңізде нені бағалай алмадыңыз?

– Бала күнімде үйде ішерге ас болмайтын. Ауыр тұрмыстан қажыған анамды аяйтынмын. Тек тоя жейтін тамақ бар болып тұрса екен деп армандайтынмын. Байлыққа қол жеткізген кезде көп қателестім. Барды бағалай алмаған сәттерімнің ащы азабын тарттым. Ең үлкен қателігім – өміріме адамгершілігі нашар адамдарды араластырғаным. Соған қатты өкінемін. Өмірде бір рет сатқындық жасаған адамға сенбеймін. Өйткені ол қастандығын қайталайды. Тасым өрге домалаған кезде қасымда жүрген төрт мың танысымнан, басымнан бағым тайғанда төрт-ақ досым қалды. Сол кезде көзім ашылды.

– Қазір ше?

– Таныстарым көп. Достарым саусақпен санарлықтай аз.

Сонда танымалдық қиындықтан құтқармай ма?

– Өмірде жақсылықты бағалай білмесең, басыңнан бағың таяды. Бақ тайған соң, бәрі көз алдыңда ғайып болады. Өмірдің ағынына қарсы тұруды үйрендім. Қиындықтар мені шыңдады. Көшеде қалғанымда қайта еңсемді тіктеуге талпындым. Жеңісімді бағалайтын ел бар. Соның арқасында халықтың ортасындамын.

– Сіз үшін өмірдің мәні неде? Қандай құндылықтар маңызды?

– Құндылықтың кілті – жүректе. Жүректің тыныштығы – баға жетпес байлық. Ислам дінін қабылдағалы жүрегімде тыныштық орнады. Дінде неге тыйым салынды? Содан бойымды аулақ ұстауға тырысамын. Мұсылман болып өмірден өтетініме тәубе деймін. Өмірімнің бар мәні – балаларым. Отбасым, бала-шағам жанымда. Үш рет үйлендім. Алты балам бар. Өмірдің ең қиын сәттерінде әйелімнің мені тастап кетпей, дос болғанын ерлікке балаймын. Қиындықты бірге жеңгендіктен құрметтеймін. Бала-шағамның болашағына жауаптымын. Атақ-даңқ, байлық – бәрі өткінші. Зерттеушілер тарихты қазбалағанда бір қатпарынан аты-жөніңді табар. Өмір тарихыңды зерттеп, жазар. ­Өмірде артыңда ұрпағың ғана мәңгілік қалады.

–Майк Тайсонмен жүздесемін деп келгендердің көптігінен Алматы аренада ине шаншар жер жоқ. Атақты адаммен кездесу өмірді өзгерте ме?

– Меніңше, әсері бар ғой деймін. Менің өмірім Мұхаммед Әлимен кездескен соң күрт өзгерген. Әлі есімде, 12 жасымда Мұхаммед Әли тәртібі қиын жасөпірімдерді түзейтін мекемеге бізбен кездесуге келді. Мұхаммед Әлидей болсам, кедей өмірден құтыламын, ешкімнен таяқ жемеймін деп ойладым. Жол көрсеткен Мұхаммедке өмір бақи қарыздармын.

– Темір Тайсонның темірдей мықтылығының құпиясы неде?

– Бала кезімде тағдырдан көп таяқ жедім. Мықты болсам әлімжеттік көрмес едім деп ойлайтынмын. Өмір бойы жеңілмеуге деген құлшыныс пайда болды. Жеңілсем бәрі мені таптап кететіндей қорқынышты сезімде өмір сүрдім. Сондықтан менде тек жеңу керек деген ой қалыптасты.

– Соңғы уақытта өтіп жүрген әлемдік бокс бәсекелері шоуға айналып кеткен жоқ па?

– Спорт та – өнер. Қиын, күрделі өнер. Мықтылардың есімі спорт тарихында, елдің жадында ұмытылмайды. Жеңілгендер жол-жөнекей қала береді. Шаршы алаңның сыртындағы эмоция, дау-дамай – бәрі уақытша дүние. Тарихта тек таланттар қалады.

– Спорттағы әділетсіздіктерге не айтасыз?

– Мықты спортшы таза жеңеді. «Ұпай санымен жеңді, техникамен ұтты» дегендер – жай ғана болжам. Көрермен – айна. Анықтап қараған адам шындықты айнадан көреді.

– Қазақ боксына қандай баға бересіз?

– Сіздерде талантты боксшылар көп. Әлемде өмір бойы жаттықса да, жеңіске жете алмайтын боксшылар көп. Қазақстан – бокстың бағы қонған ел. Қазақ боксшыларын құрметтеймін. Алматыға келгелі Головкин мен Алварестің жекпе-жегі жайлы жеке пікірімді сұрайтындар көп. Генаға бүйрегім бұрады. GGG-ның менен артықшылығы – рингте ешқашан жеңілмегендігі. Оған әлі де көп жаттығу керек деп ойлаймын. Қазақ боксшылары Генадай еңбекқор болса, жеңістің кілті – қазақ боксшыларының қолында. Тек мүмкіндікті уыстан шығарып алмау қажет.

– Сізді әлем теңдессіз боксшы деп құрметтейді. Жеңістің кілті неде?

– Еңбек. Намыс. Маған бүкіл тәжірибе, жаттығудың нәтижесін дұрыс пайдалануды өмір үйретті. Рингте қарсыласыма ең оңтайлы сәтті күтіп, дөп басып жұдырықтасқаным жеңіс әкелді. Рингке шыққанда жеңетінімді алдын ала сезетінмін. Көп білгеннен пайда жоқ. Үйренгенімді қажетіме жаратпасам, есіл еңбегім зая кетер еді. Өмірдің заңы солай. Бокс құпиясы – оңтайлы сәтті бағып, қарсыласты сұлатып салу.

– Сізде арман бар ма?

– Дүниежүзінде Майк Тайсон атындағы бокс мектептерін ашсам деймін.

–  Көп рақмет!

Сұхбаттасқан Майра ЖАНЫСБАЙ

Бөлісу:

Пікір жазу


*