Мемлекет пен бизнестің достығы не береді?

1806
0
Бөлісу:

Қоғамда Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев бекітіп берген бағдарламалар жүзеге асырыла бастағалы бері мемлекеттің әр саласындағы тоң жібіп, сең қозғалғандай. Мемлекеттің билік жүйесі, сот саласы, шағын және орта кәсіпкерлік сынды маңызды функциялардың қалтқысыз жұмыс істеуі үшін екі жыл бұрын тағы бір іргелі бағдарлама жариялаған. Ұлт жоспары – 5 институттық реформаны жүзеге асыру жөніндегі «100 нақты қадам» деп аталады. 2015 жылдың
20 мамырында жұрт назарына ұсынылған бағдарламада мейлінше барлық сала қамтылған.

«Ұлт жоспары – 100 нақты қадам» бағдарламасында кәсіби мемлекеттік аппарат құру, заңның үстемдігін қамтама­сыз ету, индустрияландыру және эко­номикалық өсім, біртектілік пен бірлік, есеп беретін мемлекетті қалыптастыру туралы егжей-тегжейлі айтылады. Жос­пар­дың II бөліміндегі 34-қадамда мем­лекет-жекеменшік серіктестік туралы айтылған. Біз бүгін осы тақырыпқа тоқ­тал­мақпыз. Бағдарлама негізінде пе­нитенциярлық инфрақұрылымды жаң­ғырту қажет. Сол арқылы пенитенциярлық мекемелерді салуға, ұстауға және бас­қаруға жекеменшік секторды тарту жө­нінде ұсыныстарды екшеу және ха­лықара­­лық тәжірибені зерттеу міндеттеледі.

Алдымен мемлекет-жекеменшік серік­тестік дегеніміз не дегенге қысқаша тоқталып өтелік. Оның басты мақсаты – қоғамға қатысты күллі инфрақұрылымды мемлекет пен бизнестің тәжірибесін тең қолдана отырып дамыту. Дамыту үшін мемлекет пен жекелеген секторлар қоян-қолтық әрекет етуі тиіс. Бұл ретте мем­лекет-жекеменшік серіктестік түрлі жо­баларды тікелей қаржыландырады, жөн­деуден өткізеді, қайта құрады дегендей. Яғни, бизнес өз алдына, мемлекет өз ал­дына жоспар құрып кетпей, бірігіп әрекет етеді. Сонда ғана қоғамның қай саласында «жауырды жаба тоқу» азайып, қолға алған жобаның түтіні түзу ұшпақ. Оның үстіне дәл қазіргідей мұнай бағасы құбылып, теңгенің күйі тайып тұрған өтпелі кезеңде мемлекет пен бизнесмендердің бірігуі құп­тарлық жағдай. 2015 жылдың 30 қазанында мемлекеттік-жекеменшік серік­тестік туралы заң шыққалы бері, бірқатар шаруалар атқарылды. Көбінесе жобалар білім, денсаулық, мәдениет және спорт салаларында іске асып жатыр екен.
– Қолға алып отырған маңызды шара – пенитенциярлық, яғни түзеу мекемелерін осы серіктестік арқылы салу. Қазіргі кезде мемлекет-жекеменшік се­ріктестік бойынша 139,5 миллиард тең­геге негізделген 116 келісім жасалып отыр. Бұл деректі Үкімет отырысы кезінде Ұлттық экономика министрі Тимур Сүлей­­меновтың өзі келтірген. Қазақстан бойынша серіктестік аясында салынған 53 нысан пайдалануға берілді. Олардың құны 70 млрд теңгені құрайды. Қол қойыл­­ған 116 келісімнің ішінде 45 нысан – білім саласына, 17 нысан – мәдениет және спорт саласына тиесілі. Өңірлер арасында серіктестік бойынша жоба жүзеге асыру­дан Ақтөбе, Оңтүстік Қазақстан, Қа­рағанды облыстары көш бастап келе жатыр, – дейді Қазақстандық мемлекет­тік-жекеменшік әріптестік орталығының аға консультанты Азат Құтпанбетов.
Сарапшылар іс алға басу үшін шетел­дік тәжірибені зерттеуді де ұмыт қал­дырған емес. Біздің еліміз үшін арнайы Франциямен, Германияның тәжірибелері зерделенген. Қазіргі кезде мемлекет пен жеке сектор бірлесе отырып пенитен­цияр­­­­­лық мекемелердің инфрақұрылымын жетілдіруді басты орынға қойып отыр.
– Ол үшін мемлекет атынан Ішкі істер министрі қатысуы мүмкін, жеке сектор­дың атынан отандық немесе шетелдік инвестор қатыса алады. Инвестор меке­мені салып, мемлекетке өткізеді. Өткіз­геннен кейін кетіп қалмай, инвестор мем­лекет-жекеменшік серіктестік келі­сімі бойынша тұтқындардың киімін, жататын жерін, сол жердің инфрақұры­лымын, қызметкерлердің жалақысын, тамағын мойынына алады. Бұл жерде мемлекет бақылау мен ақша бөлуді ғана реттесе, жеке кәсіпкер барлық функция­ны атқарады. Тиісінше, нысанды жақсы ұстағаны үшін жеке адам мемлекеттің алдында мәртебелі болады, соған сай марапатталып отырады, – дейді сарапшы.
Әлбетте, бұл ретте теңгерімділік ұста­нымы да ескерусіз қалмайды. Кез келген жобада тәуекелділік ұғымының салтанат құратыны белгілі. Алда-жалда эконо­ми­калық дағдарыс басталып кетсе, салынған нысан мен оның қызметіне сұраныс бол­май қалса деген секілді. Мемлекет пен жеке сектор сондай тәуекелдердің бар­лығын екіге бөледі.
Серіктестіктің бұл түрі негізінен үш тарапқа өз пайдасын толық тигізеді: қо­ғамға, мемлекетке, бизнеске. Жобалар жедел жүзеге асса, өңірлердің инвести­циялық тартымдылығы артса, жоғары технологиялық инфрақұрылым жолға қойылса, денсаулық сақтау, білім беру, әлеуметтік-мәдени сала инфрақұрылым жетілдірілсе қоғам үшін бұл нанға май жағып, оның үстіне қант сепкеннен де тәтті өмірді сыйлар еді. Оның алғашқы нәтижелерін көріп те жүрміз. Мәселен, биыл Алматы облысында 10 жоба жүзеге асқан. Панфилов ауданында асфальт зауыты салынып, мектеп жасына дейінгі бүлдіршіндерді балабақшамен қамту мә­селесі де толыққанды шешімін тапқан.

Бағдарлама мемлекетке мынадай пайдасын тигізеді:
• Жеке қаражатты пайдалану ар­қылы бюджет шығындары азаяды;
• Жұмыстар мен қызмет­тердің сапасы жоғарылайды;
• Салық және өзге де міндетті төлемдерден түсетін табыс ар­тады;
• Тарифтер төмендеп, әлеу­меттік тұрақтылық нығаяды;
Мемлекетке келер пайданың ұзын-ырғасы осындай. Енді мем­лекет-жеке­меншік серіктестік биз­неске не береді дегенді қауза­йық. Бірінші кезекте бизнес мем­лекетпен тікелей ашық диалог ор­натады, бюрократиялық ке­дер­­гі­лерді жеңе бастайды. Инвес­тициялық тәуекелді азайтып, шы­ғынды мемлекетпен бөліседі. Мұн­дай үш майданда қатар «ұрыс сала­тын», турашыл жоба біраз мә­се­ленің шешімін тауып бермек.
– Мемлекет-жекеменшік серік­тестіктің аясын кеңейту арқылы кәсіпкерлікті дамытуға болады. Бұл жерде әңгіме біраз мемлекеттік қызметтер көрсету мін­детін бизнеске беру ісіне қа­тыс­ты болып отыр. Өзім үшін осы сектордағы мемлекет-жеке­мен­шік серіктестігінің үлгісі өте ма­ңыз­ды. Бұл аса маңызды жал­пы­ұлттық міндеттердің бірі – 3-6 жас ара­лығындағы балаларды мек­теп­ке дейінгі білім берумен 2020 жыл­ға қарай жүз пайыз қамту мә­селесін мемлекет пен бизнес бір­лесе шешіп отырғанын көрсе­теді, – деген еді Президент өз Жол­дауында.
Экономист мамандардың ай­туынша, әсілінде бұрыннан келе жатқан екі түсінік бар. Бірі – ли­бе­ралды экономика. Онда биз­неске мемлекет араласпау керек, араласса оның дамуын тежейді деген ұғым қалыптасқан.
– Кейінірек кейнсиандық мектеп өкілдері шығып, олар ке­рі­сін­ше, мемлекет экономикаға ара­ласып, реттеп тұруы керек. Себебі, нарықтың өзін-өзі реттеу­ші күші жоқ деді. Әсіресе, дағда­рыс жағдайында мемлекет аралас­пайтын болса, онда ол елдің әле­уе­ті төмендеген үстіне төмен­дей бермек. Нарықтың бағаны өзі белгілеп, эконо­ми­калық заңды­лық­тардың орын­далып жатқаны жақсы, бірақ мемлекет жүйелі бағ­дарлама­лармен жол сілтеп тұрға­ны аса қажет. Осы ретте мем­лекет пен жеке сектордың бірігуі, біріге отырып бірқатар жобаларды ел игілігі үшін іске қосуы – ра­сында қуантатын жағдай, – дейді экономист Мақсат Халық.
Қазіргі кезде мемлекет-же­ке­меншік серіктестік про­це­ду­ра­ларын оңайлату үшін арнайы бағ­дарламалық жүйе қолға алы­нып жатыр екен. Мысалы, білім саласы бойын­ша балабақшалар, денсаулық сақтау сала­сында емха­налар салу – еліміздің бүкіл өңі­рінде қысы-жазы тоқтаусыз жүріп жата­тын жобалар қата­рында. Ол нысан қанша­лықты керек, маңы­зы қандай деген сауал­дарға жауап беру ұзақ уақытты алып кетіп жа­тады. Сол процедураны қысқарту үшін бағдарламалық мемлекеттік-жекеменшік әріптестік (МЖӘ) шарасы басталған. Ол үшін Қа­зақ­стандық МЖӘ орталығы алдын ала бір жобаны жасап, оны бағдарламалық МЖӘ жүйесіне енгізіп, тексеруден өткізіп, типтік жоба ретінде дайындап қояды. Іс бас­тағысы келген жеке инвестор өз сала­сына сәйкес, МЖӘ көрсетіп қойған жоба­лардың ішінен дайы­нын алады да бастап кете береді. Осы өзгерістер енгізілгеннен кейін бұрын 7 айда бітетін шаруа­ның уақыты енді
3 айға дейін қыс­қарады. Бұл өз кезегінде жұмыс өнімділігін арттырмақ.

Абай АЙМАҒАМБЕТ

Бөлісу:

Пікір жазу


*